Елімізде тегін билет алу мүмкіндігі SCAT әуе компаниясында қарастырылған. Компания бір жылда бір рет 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға ақысыз билет ұсынады.
Аталмыш билеттерді Қазақстан азаматтығы жоқ балаларға да алуға болады.
Билет алу бойынша бірқатар шарттар бар. Біріншісі – мүмкіндігі шектеулі бала ұшаққа міндетті түрде ата-анасымен немесе өзге ересек адаммен отыруы керек. Алайда тегін ұшақ билетін тек балаға рәсімдеуге болады. Екіншісі – балаға билет аларда бару және қайту уақытын анықтап, екі бағытқа да билетті тегін алуға болады. Десе де, бұл ретте құжат бір бланкіде болуы керек екенін ескеру керек. Сол себепті билетті екі бағытқа алу үшін алдын ала уақытты жоспарлаған абзал.
Мүгедек балаға тегін билетті SCAT әуе компаниясының сату бөлімінен алуға болады. Ескере кететін жайт, баланың құжатымен бірге мүгедектігін растайтын анықтама ұсынылуы керек. Аталмыш билеттерді қайтаруға, ауыстыруға мүмкіндік бар.