Министр: 2040 жылдан кейін мемлекеттің тарапынан тағайындалатын зейнетақыға шығатын адамдар болмайды
Министр: 2040 жылдан кейін мемлекеттің тарапынан тағайындалатын зейнетақыға шығатын адамдар болмайды
214
оқылды

«Спутник Қазақстанның» жазуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы жинағын пайдалану бойынша бір шешімге келе алмаудың себебін айтты.

«Бүгінде министрлік пен Үкіметтің жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған. Сол жерде көптеген ұсыныс қарап жатырмыз. Біздің жоспарымыз бойынша алдағы желтоқсан айында бір ұстанымға келіп, жұмыс тобының атынан Президентке ұсыныс жасауымыз керек. Әзірге, бір шешімге келген жоқпыз», – деді Нұрымбетов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде зейнетақы қорында 10 миллионға жуық есепшот бар. Ал салымшылардың жалпы жинағы – 10 триллион теңге.

«Расында, есептеп келгенде салымшылардың 70 проценті 1 миллион теңгеге дейін ғана ақша жинаған болып шығады. Сондықтан бұл мәселенің қиындығы бар. Ал зейнетақы қорындағы жиналған жарналардың негізгі мақсаты – біздің зейнетақымызды қамтамасыз ету. Негізі, мемлекет тарапынан төленетін зейнетақының ынтымақтастық жүйесі жылдан-жылға жабылып келеді. 2040 жылдан кейін тіпті мемлекеттің тарапынан тағайындалатын зейнетақыға шығатын адамдар болмайды», – деді министр.

Бұған дейін Президент зейнетақы жинақтарын баспананы сатып алу, білім алуға жұмсауға болатынын айтқан еді.