«Әлем барысына» қандай жүлде тігіліп отыр?
«Әлем барысына» қандай жүлде тігіліп отыр?
175
оқылды

2 желтоқсан күні Алматыдағы «Балуан Шолақ» спорт сарайында өтетін «Әлем барысы» чемпионатының жеңімпазына 10 млн теңге табыс етіледі. Бұл туралы Qazaqstan Barysy қазақ күресін дамыту және қолдау қорының баспасөз қызметі хабарлады.

Төртінші рет өтетін бәсекеге 30 елден 33 балуан қатысады. «Әлем барысы» атануға АҚШ, Австралия, Әзербайжан, Бразилия, Греция, Грузия, Үндістан, Иран, Испания, Италия, Камерун, Конго, Корея, Куба, Қырғызстан, Литва, Моңғолия, Нидерланды, Пәкістан, Польша, Ресей, Словения, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия, Өзбекстан, Украина, Эстония, Жапониядан балуандар келеді.    

Бұл сында ел намысын А.Нұғымаров (ШҚО), Р.Әбдіразақов (Алматы қаласы), А.Сейтен (Нұр-Сұлтан қаласы), Н.Жарылғапов (Маңғыстау облысы) сынды балуандар қорғайды.

Чемпионаттың биылғы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды. Жеңімпаз атанған балуан 10 млн теңге және алтын белбеумен, екінші орын иегері 6 млн теңге және үшінші орын иегері 3 млн теңге, сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталады. Ал, «Көрермен көзайымы» атанған спортшыға 1 млн теңге беріледі.

Жылдағы дәстүрге сай жанкүйерлер арасында автокөлік ойнатылады. Билеттер zakazbiletov.kz сайтында сатылып жатыр, билет бағасы 500-2000 теңге аралығында.