Алматы қаласының учаскелік инспекторлары көпбалалы отбасыны өрттен құтқарды. Бұл туралы Aikyn.kz Алматы қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Мен әріптесім, полиция аға лейтенанты Самат Нұровпен таңертең жұмысқа бара жаттым. Жансүгірова көшесінің бойымен келе жатып, жеке сектордан шыққан түтін бұлттарын көрдік. Кері қарай бұрылып, 657 үйге жүгірдік. Монша өртеніп жатыр екен, өрт үйге қарай тарап үлгерген. Ішінде адамдар болды. Қатты ұйықтап жатқандықтан, отты сезбеді. Оларды үйден терезе арқылы алып шыға бастадық. Алдымен балаларды, содан кейін ересектерге көмектестік. Отағасы арғы бөлмеден әжені шығарды, біз оны терезе алдында күтіп алдық. Сонымен қатар, көмекті де шақырдық. Патрульдік экипаж келіп, жақын маңдағы үйлердің тұрғындарын эвакуациялай бастады. Өрттің бір-біріне жақын орналасқан басқа тұрғын үйлерге таралу қаупі болды. Құдайға шүкір, ешкім зардап шеккен жоқ », – дейді Түрксіб аудандық полиция Басқармасының учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты Жайнат Молдағали.
Көпбалалы ана да көмекке келген полицейлерге алғысын айтты.
«Мен полицияға өте ризамын. Егер олар болмаса, біз бәріміз, бүкіл отбасы өртеніп кетер едік. Жанымыздан өтіп кетпей бізге көмектескендеріңіз үшін көп рақмет », – дейді ол.