«Елдің жағдайын, өткен күндерді, өзімнің ортамды, замандастарымды жазып жүрмін. Сол себепті «Келмес күндер елесіне» отырдым. Нені жазам деп қиналмаймын. Тақырып таппай, сенделіп жүру менде болған емес. «Қалай жазам» деп ойланып жүрем» деген еді көзі тірісінде жазушы Қалихан Ысқақ. Міне, сол кітаптың қызықты оқиғаларымен бөлісуді жөн көрдік...
...Мәскеуден таңғы елең-алаңда шығып едік. Қаланың қылыштай ғимараттары ырсиып-ырсиып артта қалған. Алдымызды ала мысық кесіп өтіп еді, кейде ырымшыл, жоққа сенгіш, кейде ырым-жырымды қаперіне де алмай кешіп жүре беретін ағамыз такси тоқтатып кері қайттық.
МәскеуАла мысықтың кесірінен бір күн кешігіп шығып, күтуден күпті болған ағайынға тағы да сүйкімсіз боп қалып едік. Мәскеудің қоқыс тарпыған тентіремесіндей емес Созақтың мысықтары үйір-үйірімен өреді екен, ауылдың аласы болсын, қарасы болсын, әйтеуір, ағайынсүрей ғой, алдыңнан мың мысықтың өзені ақпақ түгіліесек тұрса да ағамыз аттап кететін сияқты.
Ақ көйлектің жағасын шұбар галстукпен қылғындыра буындырып, шымқай қара кәстөмді Құмкенттің ала шаңына салып ұрып келеді. Қырық градустық ыстықта сол галстукті босатқан жоқ, сол кәстөмді шешкен жоқ. Совхоздың бөлім меңгерушісі Жүсіптің атшаптырым ауласында, жүзімнен желек бүркенген, ел көшіп қонса тарлық қылмайтын кең сәкінің қақ төрінде төбедей боп отырды да қойды.
Отағасы кесек адам екен. Саркідір тартқан шақтағы сарғыш жүзіне түскен сызат пен самайының ағы болмаса жігіттің нары дерлік. Жүріс-тұрысы нық, сөзі санаулы, санасы шайдай, бетіңе қасқайып қарайтын отырысының өзі-ақ көңілге сенім ұялататын кесек мінезді танытқандай. Отағасы орнықты адам екен.
Көлеңке басы ұзарып, көкжиектің қызыл мұнарты қоюланып, күн қонақтауға бет алған. Жарқын жүз, жайдары отырыстан ба, біраздан бері бітеліп қалған ағамыздың көмейі де ептеп ашылайын деген. Шай құйып отырған ұзын бойлы ақсары қыздың сүйріктей саусағынан, қаймақтан сүзген ірімшіктей сүйкімді де тәтті жүзінен көз алмастан отағасынан арғы-бергінің өтті-кетті әңгімесін суыртпақтап тарта бастады. Жүсекең де келгеннен бері ағамыздың бас-аяғына сынай қараған секілді еді, күтпеген жерден: – Сен әкеңнің неден қайтыс болғанын білемісің?– деді. Әлде сұрақ төтесінен болды ма, әлде есінде жоқ па, ағамыздың танадай көзі шынадай қатып, тосылып қалды.Содан қайтар жолда әкең марқұм шанаға етпетімен жатып алып ал кеп жыласын. Бар айтары: мынау ит заман, сұм заман не болып барады?! Содан жылай-жылай, өкси-өкси, үйге жеткен соң да өксігін баса алмай, өкісіктің аяғы ықылыққа айналды да ықылықтан ішегі түйіліп дүниеден қайтты. Азаматтың арысы еді, амал қанша, ел күйігіне шыдай алмай кетті ғой...Аулаға ымырт қонақтап қалған екен. Бір-біріміздің жүзімізді көре алмай, көруге дәтіміз жетпей сонау отызыншы жылдардыңаштығы мен аязына біз кәнілідей тұқырайып тым-тырыс отырып қалдық. Содан шам жанғанша отырдық. – Әкеңе қарызым көп еді, – деді отағасы кұрсініп. – Жетелеп жүріп жеткізіп, сүйрелеп жүріп санатқа қосты. Сені көрген сайын аруақ алдындағы қарызым есіме түседі де өзімнен өзім қысыламын. Жас болса келіп қалды, сол қарызымнан құтылсам деп жүруші едім, оңтайымен келіпсің, анау гаражда ақ "Волга" тұр, ертең мініп кетесің, қыз міне отыр,басына жаулықты осы үйден өзім салып жіберемін!.. Қарағым, мен екі сөйлемейтін адам едім, екі сөйлетпейтін шығарсың, – деп отағасы сөзін нығыздап бітірді. Қыз қып-қызыл боп өртеніп барады екен. Ыдыс-аяқты жиған боп тұрып кетті. Содан қайтып үйден шыққан жоқ. Қонақасыны көршінің әйелі келіп жасады. Ағамызға қарасам әлі міз бақпаған сияқты. Елудегі бойдақ ол емес, мен қуанып отырмын. Ол емес, мен ойланып отырғандаймын... Қонақкәдесін жасауға қырға шықтық. Іргеден басталатын жүгерінің егісі қарақұрық. Әудем жер озып кеткен ағамыз жүгеріден де сорайып, төбесі көкжиекті түртіп тұр екен. – Шал, енді қайттік? – дедім. – Жас қой, обал ғой! – деді. – Он сегіздегі қыздың несі жас? Мен әлі де үмітімді үзген жоқ едім... Таудың көкшағыр сағымынан ба, түн баласында Алтайдың аспаны кілегейсіз боз шығармақ болушы еді. қаратаудың аспаны жұлдаздан басқа жылты жоқ мінсіз қара екен. Масасы мазасыз, шегірткесі ұйықтамайтын заржақ. Төбең аласа, іргең тынымсыз болған соң,ұйқы да қашаған. Сәкінің жүзім шатыры үф еткен желді де сүзіп қалғандай тұншықтырып тұр. Ағамыз тым-тырыс, отағасы да тым-тырыс. Мен ертеңгі күнді ойлап жатырмын. Кірпік ілмесек те таң атқанша бүлк етпейтін шығармыз деп едім.
Есек дауысынан Жүсекеңнің әңгімесі жұлым-жұлым болып кетті де ақырған мен бақырғанның әредігінде ұстап қалғаным: қыс қатты болған жылдары Арқаның жылқысы Қаратауға ауып келеді екен де жаз шыға елге қайтқанда бүкіл Созақ мал тұяғынан қара топырақ боп қалатын көрінді. Мал иесі тебін майына жер иесіне бір үйірден жылқы тастап кетеді екен. Тәкен ағамыздың атасы бір жылы ұйір жылқының орнына ақбоз айғырды қалапты да бодауына жалғыз қызын қалыңсыз ұзатып жіберіпті. Ағамыз жазған "Ақбоз аттың" шын тарихы осылай болып шықты.
Әңгіме тағы да қыза келіп тірелген соң Тәкең одан әрмен отағасын қажаған жоқ. Қаратаудың меңсіз қара аспанынан Ақбоз ат пен Көкбоз атты іздеп едім, бала күнімде шешем марқұм қолымен байлап, саусағымен түртіп көрсетіп кеткен екі аттың бірін де таба алмадым. Жердегі атқа қол жетпей жүргенде аспандағы ат қайдан ұстатсын... Кетерде Жүсекең гараждың қақпасын ашты. Ақ "Волганы" айдап шықты да қасқайып Тәкеңе қарады. Тәкен ағамыздың өмірі кесіп сөйлегені осы шығар: – Жүсеке, – деді. – Астыңыздағы жалғыз ақбозыңызды аударып мінгендей болмайын. Бәрібір мұны Мәскеуге алып кетпеспін. Бірақ, мені мінді деп есептеңіз, мен міндіп деп ойлайын... Ал, баланың бағын байламаңыз. Оның да өз теңі бар шығар.Осымен, Алла рұқсат етсе, аруақ алдындағы қарызыңызды мен кештім....Тұман да емес, жаңбыр да емес, не аспаны жоқ, не Алатауы жоқ астананың саңлаусыз, есте қалмайтын, білінбей жылжып бара жатқан ен-таңбасыз белгісіз күні еді. Асқар бар, Әкім бар, Ағамыз бар, басқасы менің есімде жоқ. Ағамыз қажып отырды. Қажып отырып:
– Кетік бала, сонымыз бекер-ақ болды-ау ә! –деді. – Кім білсін, өлмейтін бе еді... мен де өлмей жүре тұратын ба едім... Үшеуіміз бірдей селк еттік. Мұндайда Әкімнен көрі сөзге шапшаң Асқар: – Әй, Ысқақтың алакөзі, мына шалың не деп отыр?! –деп маған қарады. – Еще пятнадцать дней, и конец! – деп жауапты ағамыз өзі берді де орнынан тұрды. – Қой, мен тамыма барайын, – деді. Аспаны да жоқ, Алатауы да жоқ ақ шаңыт терезеге әшейін қарап отырып айта салған. Қайтып келмейтін, қайтып көрмейтін, мынау ақ шаңыт терезесекілді беймағлұм дүниенің ар жағына сағыныштай сіңіп бара жатыр еді. Он бес күннен соң неден құтылатынын айтқан жоқ.