Чемпион сыры
Чемпион сыры
323
оқылды

Осыдан 30-40 жыл бұрын өнер көрсеткен спортшы мен қазіргі спортшыны салыстыру қиын. Олардың жаттығу әдіс­тері, көрсеткіштері, табысы, тіп­ті тамағы да басқаша. Қазір кейбір белгілі спортшылардың жаттығуын, денсаулығын, алаң­­дағы әдіс-тәсілін бақы­лау­­ға үлкен команда жұмыс іс­тейді. Оған қоса, қазіргі жаңа тех­нологиялар адамның фи­зи­калық көрсеткіштерін жетіл­діру­ге көп көмегін тигізіп жатыр.

1960 жылы Римде және 2016 жылы Рио-де-Жанейрода жазғы Олимпиада ойындары өтті. Екі оқиғаның арасын 56 жыл бөліп тұр. Егер ХХ ғасырдың бел ортасындағы спортшылардың өнері таспаланған видеоны көрсек, әдепті сақтап, айырмашылық мол деп қысқа қайыруға тура келеді. Мәселен, гим­настшылар 2 сальто секіріп, меда­льға қол жеткізген. Ал 2016 жылғы Олимпиадада Симона Байлз секілді спортшылар әуеде бірнеше рет айналуына және жерде тағы да сан сальто жасауына тура келген. Мұндай өнердің өзі қазір алтын не күміс алқаны алуға кепілдік емес. Бәсеке жоғары. Бұдан бөлек, 100м, 200м, 5000м қашықтыққа жүгіруде жеңімпаз атанғандардың уақыт көрсеткіші басқа. Айталық, 1960 жылы 100 метрге жүгіріп, алтын медальға қол жеткізген Армин Хари мен соңғы Олимпиадада қарсы­ластарын шаң қаптырған Усейн Болттың жылдамдықтары әртүрлі. Мұндай айырмашылықты АҚШ-тағы баскетбол ойын­шы­ларынан да байқауға болады. Мә­селен, 1950-60 жылдары баскетбол­шылардың орташа бойының ұзын­дығы 6,4 фут (182 см) болса, 2010 жыл­дары 6,7 футқа (213 см) жет­кен. Олардың орташа салмағы да артқан. Айталық, өткен ғасырдың ортасында бір баскетболшының орташа салмағы 90 келі болса, заманауи NBA ойыншысы 100 келіге жуық. Неге дерсіз? Адам эволюциясы жалғасып жатыр ма, әлде спортшы­ларға қойылатын талаптар жоға­рылап келе ме? Дөп басып айту қиын. Себебі мұнда бірнеше фак­торды ескеру керек. Адамдардың жейтін тамағы өзгерді, қатардағы адамның бойы ұзарды, салмағы артты. Ал спорттың көптеген түрі құны бірнеше миллиард долларды құрайтын алып индустрияға ай­налды. Спорт медицинасы өз ал­дына үлкен сала болып дамып келеді. Осы және өзге де факторлар спортшылардың көрсеткіштеріне оң ықпалын тигізеді. Мәселен, АҚШ-тың астрофизигі Этан Зи­гельдің пікірінше, жеңіл атлеттер 1968 жылдан бері 100 метр қашық­тық­қа жүгіру көрсеткішін әр 10 жыл сайын 0,05 секундқа жақсар­тып отырған. Алайда Усейн Болт үздік нәтижені 1 жыл 3 айда 0,14 се­кунд­қа «жылдамдатып» жібе­ріпті. Яғни, ол 2009 жылы қол жет­кізген 9,58 секунд әлем рекордын спорт­шылар жоғарыдағы есеп бо­йын­ша тек 2039 жылы ғана көрсетуі тиіс еді. Кейде тума таланттар тұ­рақ­ты әрі кәсіби жаттығудың арқа­сында заманынан оза жетістіктерге жетіп жатады. Әр спортшының жеңіске жету жолы әртүрлі. Мәселен, ағайын­ды Кличколар тек қара күшке сүйен­бей, ой қабілетін де арт­тырумен айналысқан. Бос уақы­тында қос боксшы да шахмат ойнаған. Қазір Киев қаласының мэрі қызметін ат­қа­ратын Ви­талий Кличко ара-тұра әлі де шахмат чемпиондарымен тақ­таның басында кез­десіп тұрады. Ұйқының орны бөлек. Ұйқысына ерекше мән беретіндер де аз емес. Мәселен, белгілі теннисші, Уим­­билдон турнирін 8 рет жеңген Род­жер Федерер мен атақты бас­кет­болшы, биылғы NBA чемпионы Леброн Джеймс тәулігіне 12 сағат ұйықтайды екен. Вело­сипедші Рейн Таарамяэ, жеңіл атлет Усейн Болт, теннисші Винус Уильямс, Мария Шараповалардың ұйқысы 10 сағатқа созы­лады екен. Неге? Өйткені адам ұйық­тағанда ағза өсу гормонын бөледі. Ол бұлшық етті өсіруге, ауыр жаттығулардан соң денені қа­лыпқа келтіруге көмектеседі. Бұдан бөлек, жаттығудағы жаңа әдістер де ұйқы барысында жатталады екен. Ұзақ ұйықтамаған адам жиі шаршап, ашушаң болатыны бұрын­нан мәлім. Ал ұйқының жетіс­пеушілігі спортшылардың көрсет­кішіне бірден кері әсер етеді екен. Мәселен, ұйқы процесін зерттеген NASA-ның бұрынғы қызметкері Марк Розекинд спортшы 8 сағат ұйықтаудың орнына 6 сағат мызғып алса, мүмкіндіктері бірден төмен­дейтінін анықтаған. Мысалы, егер баскет­болшы 9 сағаттан кем көз ілсе, 11 пайызға ертерек шаршап, 4,3 пайызға баяу қимылдай бастайды екен. Сондай-ақ спортшы 4 күн қатарынан дұрыс ұйық­тамаса, оның ауыр салмақ көтеру қабілеті 9 келіге кемиді. Бұл статистика алаңда, кортта ағзасының фи­зикалық мүмкіндігін барынша қолда­натын спорт­шылар үшін көп ұйықтау қанша­лықты маңызды екенін дәлелдейді. Спорт-дерек. Бүгін техно­ло­­­гиялық прог­рестің жетістігін спорт саласында да кеңінен қолданады. Мәселен, әлемнің үздік футбол клуб­тарының ойыншылары кейде жат­тығуда, кейде ойын барысында кеу­десіне әйелдердің іш киіміне ұқсас қара киім киіп жүгіретінін көпшілік байқаған. Алыстан қа­рағанда ер адам үшін ерсіздеу көрі­неді. Шын мәнінде, бұл ойын­шы­­ның барлық физикалық көр­сеткіші туралы ақпаратты жинайтын ап­­парат (Viper pod) тағылған киім. Девайстың өзі ойыншының екі жауы­­рынының ортасында тұрады. Әлгі киім аппарат қозғалмауы үшін киіледі. Viper pod ойыншының қанша метр жүгіргенін, алаңда қай позицияда болғанын, салмақты қай аяққа көбірек сал­­ғанын, қанша рет жыл­дамдығын арттырғанын, қан та­мырының соғуын, қаншалықты шар­шағанын және басқа да көр­сет­кіштері туралы дерек жи­найды. Ол мәліметтер бірден клуб жат­тықтырушылары мен арнайы ма­ман­дардың ноутбугына келіп түседі. Деректердің не­гізінде жаттығу тәртібі түзіледі. Бұл ап­парат – ир­ландиялық STATSports ком­па­ниясының өнімі. Бүгінде бұл де­вайсты «Арсенал», «Манчестер Сити», «Манчестер Юнайтед», «Ливерпуль», «Ювентус», «Рома» секілді футбол клубтары, «Хорнетс», «Уизардс», «Гриззлис» секілді бас­кетбол клубтары қол­данады. Ком­панияның өнімін қолданған бір клуб бір жыл ішінде жарақат санын 44-тен 22-ге төмендетіпті. Яғни, нақты деректер спортшылар мен клуб­тардың көрсеткіштерін арттыруға көмектеседі. Дерек пен болжам. Бұл ауа райына қа­тысты ұғымдар емес. Бүгінде АҚШ-тың Peak Performance Project (P3) зертханасының қыз­меткерлері NBA баскет­­бол­шылары мен кол­­леджде жүрген әуесқой студент-ойын­шылардың дене қимылы тура­лы мәліметті жинайды. Ол үшін атлеттер жүгіреді, се­кіреді, доп лақтырады. Қорға түскен ақ­парат негізінде кәсіби спорт­шылардың көр­сеткішін жетілдіру жолдары ізделсе, ал студент-спортшылардың келешектегі кә­сіби спорттағы карьерасына болжам жасалады. Кім үздік атанады, кім орта жолдан қайтады, қай студентті сатып алған абзал? Бұл сұрақ­тардың жауабын P3 зертханасының өкілдері түрлі девайс, дат­чиктер жинаған дерекке қарап береді. Осылайша, цифрлық спорттық сараптама да­мып келеді. Келер жылы бұл са­ланың нары­ғындағы ақша ай­налымы 4,7 млрд долларға жетуі мүмкін деген болжам бар. Себебі табысы жүздеген миллион дол­ларды құрайтын спорт клубтары енді тек жат­тықтыру­шыларға үміт артып отыра ал­майды, олар нақты дерекке сүйеніп, жеңіске жеткісі келеді. Ол үшін мил­лион­дарын жұм­сауға даяр екені белгілі. «Ауру – астан, дау – қа­рын­дастан» дейді қазақ. Спорт­шылар үшін артық салмақ та, төмен көр­сеткіш те астан болуы мүмкін. Кезінде Уэйн Руни, бразилиялық Роналдо 30-дан асқан шағында семіріп, спорттағы жұлдызы тез сөнгенін көзіміз көрді. Сон­дықтан жылдық табысы бірнеше миллион доллар кәсіби спортшылар ас мәзі­­ріне келгенде мамандардың кеңесі­не құлақ түреді. Мәселен, Криш­тиану Роналду құрамында қанты көп тамақтан, арақ-ша­раптан бас тартқан. Кешкі асқа жеміс-жидек пен теңіз тағамын таңдайды. Өзге спортшылар секілді тауық етін көбірек тұтынады. Бәл­кім осындай қатаң диета мен ауыр жаттығу­­лардың оның ағ­засындағы майдың үлесін 7 пайызға төмен­деткен шы­ғар. Мұны «Ювентус» клубының дәрі­герлері анықтап, таңғалған. Ал ережесіз жекпе-жекте жеңіліп көр­­меген Хабиб Нурмагомедов үшін ас пен салмақ ұғымы егіз секілді. Өйткені UFC-де төбелес ал­дында белгілі салмақтан асып кетпеу қажет деген талап бар. Ол үшін Хабиб тауық еті, жүзім, жаңғақ және судан тұратын қатаң диетаға көшеді. Себебі 70,3 келіден артық салмақ жинауға болмайды. Салмақ өл­шейтін күн жақын­да­ғанда тәу­лігіне 8-10 литр су іше бас­­тайды екен, кейін бірден кілт үзеді. Көп көлемдегі суға үй­ренген ағза адам бойындағы бүкіл суды сорып ала­ды. Ал тө­белестен кейін қа­­лыпты диетаға көшкенде Хабиб әдет­­­те 10-15 кг салмақ қосуы мүм­кін. Алайда қатаң диетаны барлық спортшы сақтамайды. Қайта әдейі көбірек калория тұтынған спорт­шылар да болған. Мысалы, 23 дүр­кін Олимпиада чемпионы атанған Майкл Фелпстың саналы ғұмыры бас­сейндегі суда өткен соң оның көп тамақ же­гені белгілі. Дие­толог­тар оның дене біті­мін (бойы – 193 см, қолдарының ұзын­дығы – 203 см), суда жүзу ұзақтығын есеп­теп, оның өзіне арнайы тәу­лігіне 12 мың калорияны құ­райтын ас мәзірін даярлаған. Қатардағы ере­сек адам күніне 3 000 кал­лория тұтынса, семіріп шығуы бек мүм­кін. Енді 12 мың калория ағза үшін қаншалықты көп екенін есептей беріңіз. Бірақ Фелпс үшін емес. Өйткені ол спорттағы карье­расын аяқтамай тұрғанда таңғы асқа жұ­мырт­қа, құймақ, үш сэндвич жесе, түске таман жарты келі паста мен тағы бірнеше сэндвич, энер­гетик сусын тұтынып отырған. Кеш­ке осы асты қайталап, қо­сым­ша пиц­ца жеген. Әркімнің чемпиондыққа жетер жолы әртүрлі. Ортақ формула жоқ. Жыл сайын спорттағы көрсет­­кіштер жетіліп келе жат­қанын сарапшылар да, жанкүйерлер да байқап отыр. Алайда технология, мамандар, инвестиция маңызды фактор десек те, барлығы спорт­шының өз ерік-жігері, ең­бек­қорлығына байланысты дегің-ақ келеді. Бұл тұжырымды «Милан» құрамында 24 ойында 20 гол салған 39 жастағы Златан Ибрагимович дәлелдеп жүр.

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА