– Бердібек Машбекұлы, ел егемендігіне Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында қол жеткізгені даусыз. Тарихқа шегініс жасап, сол жылдарды еске бір түсірсек. Ата-бабаларымыз армандаған Тәуелсіздіктің ақ таңы атқанда қандай сезімде болдыңыздар?
– Тәуелсіздік қазақтың сан мың жылдар бойғы арманы болды. Жасыратыны жоқ, еліміз азаттыққа елең-алаң шақта, қым-қиғаш қиындықтар мен қайшылықтарға толы уақытта қол жеткізді. Тәуелсіздік алған жылдары елімізде тұратын қазақтардың үлесі 40 пайыздың ар жақ, бер жағында болғанын ойласаңыз, қандай ұлы іске тәуекел етіп, қандай ұлы ерлікке барғанымызды анық аңғаратын едіңіз. Міне, Нұрсұлтан Әбішұлы қазақты сан мың жыл бойғы арманына жеткізді. Тәуелсіз мемлекет орнатты. Сол 90-жылдардың басында Қазақстан егемен, тәуелсіз, өз алдына еркін ел болып кетеді дегенге сенбейтіндердің қатары көп болғанына еш күмәнім жоқ. Алайда біз азаттықтың алғашқы жылдарындағы қиын шақтан абыройлы өте алдық. Бабамыздың қанымен, анамыздың жасымен жеткен осынау құндылықтың бағасын парықтай білу – бүгінгі біздің мерейлі міндетіміз. Осыдан дәл 29 жыл бұрын азаттыққа қолы жеткен жас мемлекетіміз содан бері сан соқпақтан сүрінбей өтіп, еңсесін тіктеп, ертеңіне нық қадам басып келеді. Азаттықтың алғашқы жылдары әлі есімде. Бәріміз ерекше толқынысты, тебіреністі әсерді бастан өткердік. Рас, бұл күйді тілмен айтып жеткізе алмаймыз. Бірақ өз еліміз, өз жеріміз, тәуелсіз мемлекетіміз үшін өгіз қара күшімізді жұмсайтын күн туғанын анық түсіндім. Сол үшін де уақыттың әр минутын осындай ортақ мұратқа жұмсауға бел байладық. Бұл бүкіл ел, ұлт үшін мақтаныш сезім, болашаққа үлкен үміт сыйлаған кезең болатын. – Сол тұста өзіңіз министрлік пен Президент аппаратында қызмет еттіңіз. Сол жылдардағы жылы естеліктермен бөліссеңіз. Елбасының сіздің өміріңізде алар орны қандай? – Нұрсұлтан Әбішұлының менің еңбек жолымда алар орны бөлек. 1993-1994 жылдары Қазақстан Президенті және Қазақстан Министрлер кабинеті аппаратының қаржы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып еңбек еттім. Бір жолы басшылар телеарнаға барып, шахтерлердің ереуіл кезінде талап етіп қойған мәселелері бойынша жауап беруімді тапсырды. Менің бағыма орай сол сұхбатты Елбасының өзі көріп, менің сөз саптасымды, жауаптарымды ұнатыпты. Кейін Үкіметтің аппарат басшылығына тағайындалғанымда сол сұхбат туралы өзіме айтып бергені бар. Нұрсұлтан Әбішұлы 1990 жылы Үкіметті басқарған кезде мені Білім министрінің орынбасары етіп тағайындады. Бұл мен үшін күтпеген жаңалық, тосын тағайындау болғаны рас. Бір жағы бұл тағайындау маған үлкен сенім, жауапкершілік жүктеді. Содан Елбасының сенімін ақтауға бар күш-жігерімді салдым. 90-жылдардың аяғында Нұрсұлтан Әбішұлы Германия мемлекетіне іссапарлап, делегация құрамында мен де болдым. Ол кезде Германияның астанасы Бонн қаласы болатын. Канцлер Г.Кольдің қатысуымен Бундестагта депутаттармен кездесу өтті. Сол жиында бұрынғы Сыртқы істер министрі, белгілі қайраткер Г.Геншер: «Құрметті, Президент мырза! Біз немістер астанамызды Боннан Берлинге ауыстыруға ойланып, қорқып жүрміз. Сіз әдемі, әсем Алматыдан белгісіз Сарыарқада орналасқан Ақмолаға ауыстыруға шешім қабылдадыңыз. Осындай сіздің жүректілігіңізге қайран қалдық, үйрену қажет», – деген еді. – «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» деген қанатты сөз бүгінгінің ұранына айналды. Десе де, бұқара Тұңғыш Президенттің еңбегін толықтай бағалай алды ма? – Егемендік жылдарындағы әрбір елеулі сәттер, атқарылған сансыз шаруалар Елбасының ерен еңбегін паш етіп тұрғаны анық. Біз келер жылы тарихи датаны, яғни тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Иә, осыдан 29 жыл бұрын әлем картасында тәуелсіз жас Қазақстан Республикасы деген мемлекет пайда болды. Еліміз осы аз ғана мерзім ішінде бірнеше ғасырға татитын жолды жүріп өтті. Бүгінгі Қазақстан — әлем таныған, аяққа нық тұрып, экономикасы қарыштап дамыған, қуатты мемлекет. Бұл ең алдымен сол қиын-қыстау сәтте ел тізгінін ұстап, экономикалық тығырықтан шығарып қана қоймай, барша қазақстандықты бір мақсатқа жұмылдыра білген Нұрсұлтан Әбішұлының орасан зор еңбегінің, сарабдал саясатының арқасы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өте ауыр болғаны бәрімізге мәлім. Сол кездің өзінде мемлекетіміздің болашағы жарқын болатынына жұртты сендіре білген Елбасымыз өзі үлгі көрсете жүріп, халықтың сана-сезімін жаңа дәуірге сай өзгертіп, бәсекеге қабілетті етіп сомдай білді. Бүгінгі ұрпақ осыны жете түсініп, саналарына сіңіруі тиіс. «Тәуелсіздікті сақтап қалу, оны алудан да қиын» деп Нұрсұлтан Әбішұлы өзі айтқандай, азаттыққа қол жеткенімен, бүгінгідей еңселі елге айналу жолында талай толарсақтан саз кешіп, сан соқпақтан өткеніміз белгілі. Бұл тұрғыда Елбасының ерең еңбегін ұғынып, оны лайықты бағалау – мерейлі міндетіміз. Әлбетте, солай боларына сенемін! – Бүгінгі ұрпақ осындай бейнетпен жеткен Тәуелсіздігіміздің, жетістіктеріміздің қадіріне жете алып жүр ме? Сіздіңше, Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген ең басты табысымыз қайсы? – Жасыратыны жоқ, қазір Тәуелсіздіктің, берекелі де бейбіт өміріміздің қадіріне жете алмай жүрген жандар көп. Неге? Жәй ғана айналамызға зер сала қарайықшы. Әрине, еліміздің әрбір тұрғыны бай-бақуатты өмір сүруді армандайды. Яғни, жаңа заманға сай өмір сүргісі келеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Алдымен экономика, содан соң саясат» деуі бекер емес. Ал мемлекет өз азаматтарының әл-ауқатын көтеру үшін барлық жағдайды жасауда. Қазір кәсіп игеріп, тірлік істеймін деген жандарға берілетін несиенің түр-түрі бар. Бұған ауылдағы ағайын да, қаладағы тұрғындар да қол жеткізе алады. Былайша айтқанда, кәсіп бастаймын деген адамға ешқандай кедергі жоқ. Мемлекет «Еңбек ет, тіршілік жаса, қалталы бол» деп отыр. Бірақ адамдар әлі де болса сенбейді, тәуекел етпейді, жүрексінеді. Сосын алдарына нақты жоспар, мақсат қоя білмейді. Негізі, мемлекеттің қолдауын ел тұрғындары тиімді пайдалануы тиіс. Адамның еркі мен еңбегі ғана небір кереметтерді жасайды. Өздері жасай алмаған соң әртүрлі әңгімелерге, пікірлерге ерік беретіні бар. Яғни, баяғы ескі сана әлі де болса кей адамдардың кең қанат жаюына мүмкіндік бермеуде. Осы ел, осынау тәуелсіздік өзіміздікі екенін ұғына алмай жүргендейміз. Содан соң қадірін қайдан білеміз?! Бабаларымыздың арман-мұратына айналған Тәуелсіздіктің қадірін нақты ісімізбен, нәтижелі әрекетімізбен көрсетсек деймін. Әркім өзі үшін аянбай тер төксе, елге қызмет еткені болар еді. Сондықтан біз еңбек етуді, кәсіп меңгеруді насихаттауды бір сәт те тоқтатпауымыз қажет. – Егемендік жылдарындағы Тұңғыш Президенттің ең айтулы жобалары деп нелерді айтар едіңіз? – Нұрсұлтан Әбішұлының айтулы жобаларының бірі әрі батыл да сәтті шешімі деп астанамыздың Алматыдан сол кездегі Ақмолаға көшірілуін айтар едім. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы атанып, сән-салтанаты жарасқан шырайлы шаһарға қарап Елбасының бір кездегі тәуекел еткен шешімі нағыз көрегендік екеніне көзіміз жетеді. Бұдан басқа да, еліміздегі көптеген ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында топтастырған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, Ядролық қарудан бас тартуы сынды ол кісінің тарихи шешімдері бар. Тағы бір ерекшелеп айтатын еңбегі тарихымызда бірінші рет шекараны халықаралық шарттармен құжаттап бекіткені болды. Жасыратыны жоқ, шекараны шегендеп алу мәселесін ертеңге ысыра беріп, уақыт өткізіп алып, бүгінде бармағын тістеп отырған мемлекеттер аз емес. Кешегі Кеңес Одағының шекпенінен шыққан тәуелсіз мемлекеттердің арасында шекара үшін соғысып жатқандары да бар. Аллаға шүкіршілік, бұл жағынан Қазақстан бәрінен ертерек қамданды. Тұңғыш Президентіміз әлемдік аренада да қазақ елінің беделіне оң әсер еткен баянды бастамаларымен таныла білді. Осы орайда оған дәлел ретінде Семей ядролық сынақ полигонын жабу, Қазақстанды ядролық қаруды таратпау ісінде көшбасшы мемлекетке айналдыру, халықаралық, өңірлік ұйымдардың құрылуына ұйытқы болу, көптен тоқырауда тұрған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін қайта жандандыру, Сирия шиелісін шешуге ұмтылу, түркі жұртын ортақ идея төңірегінде топтастыру бағытында атқарған ерен еңбегін айрықша атап өтуге болады. – Бүгінде Жамбыл облысын басқарып отырсыз. Тәуелсіздік жылдарында Жамбыл өңірі қаншалықты өзгерді? Аймақтың болашағын қалай елестетесіз? – Тәуелсіздік жылдары мемлекет қамқорлығымен еліміздің барлық өңірінде жарқын жобалар қолға алынып, өз жемісін беруде. Тәуелсіздікті нығайтуға барша қазақстандықпен бірге Жамбыл облысының тұрғындары да лайықты үлес қосты десек артық айтпаймыз. Бүгінде Әулиеата өңірі серпінді даму жолына түсіп, өзінің әлеуетін тиімді пайдаланып келеді. Көрсеткіштер жыл сайын өсіп, халықтың жағдайы жақсарып келе жатқанын аңғаруға болады. Биылдың өзінде үш тоқсанның қорытындысымен облыстың экономикалық өсімі 2,3 пайыз болды. Сондай-ақ осы жылдың үш тоқсанында 433,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді десек, бұл жоспардан 9,5 пайызға жоғары. Бұдан бөлек, 230,3 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 8,2 пайызға жетті. Биыл өңірде 257,6 шақырым жолды салу мен қайта жаңартуға 8,3 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде, биыл облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 90 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы, Тәуелсіздік жылдары өңірде барлығы 300-ден астам білім, 217 денсаулық сақтау нысаны бой көтерсе, 500-ден аса спорттық нысандар салынды. Ауызсу және көгілдір отынмен қамту шаралары да қарқынды жүзеге асып жатыр. Айталық, облыстағы төрт қалада 394 мың тұрғын немесе 88 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Ал облыстың ауылдық елді мекендеріндегі тұрғындардың 75 пайыздан астамы орталықтандырылған ауызсуға қосылған. Биыл 50 ауызсумен жабдықтау нысанының құрылысына 17 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда ауызсумен қамту саласындағы жұмыстардың көлемі 2,5 есеге артып отыр. 30 елді мекенде жаңа ауызсу құбырлары салынып, 10 ауылда қолданыстағы су құбырлары жөнделуде. Жыл соңына дейін ауыл тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамту деңгейі 75,2-ден 82,8 пайызға жететін болады. Жалпы, өңірлік жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін облыстағы қала және ауыл тұрғындарын 100 пайыз ауызсумен қамту көзделуде. Сондай-ақ бүгінгі таңда облыстағы 371 елді мекеннің тек 192-сі газдандырылып, барлығы 900 мыңға жуық тұрғын газбен қамтамасыз етілген. 2020-2027 жылдары қалған 179 елді мекен газбен қамтылады деп жоспарлануда. Биыл 42 елді мекенге газ беру жоспарланған. Оның нәтижесінде облыстың тағы 94 мың тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізбек. Қазір облыста жалпы қуаттылығы 268,7 МВт құрайтын 12 нысан жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы электр энергиясын өндіруде, бұл республикалық көрсеткіштің 19 пайызы. Жамбыл өңірі жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан алдыңғы қатарда екенін айрықша атап өткім келеді. – Биыл Қордай ауданы айрықша жаңғырып, түлеп жатқанынан баршамыз хабардармыз. Ондағы құрылыс, жөндеу жұмыстары ауқымды. Сол туралы айтып өтсеңіз? – Биыл Қордай ауданы алып құрылыс алаңына айналды. Алғаш рет ауданды жеке дамытуға қосымша 35 миллиардтан астам теңге бағытталды. Қарастырылған қаржыға ауданда биыл 392 жоба бойынша жұмыстар қолға алынды. Жобалар «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары аясында жүзеге асырылуда. Мектептер, тұрғын үйлер, мәдени және спорт мекемелері, денсаулық сақтау нысандары, жолдар салынуда, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар тартылып, ауылдар газ және су жүйелеріне қосылуда. Баспана мәселесі де шешімін тауып жатыр. Аудан бойынша 1 524 тұрғын үй кезегінде тұр десек, бес көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Тағы екі үйдің құрылысы аяқталуға жақын. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 15 үй салынуда. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысының қолдауының арқасында қордайлық әлеуметтің әлеуеті айтарлықтай артты. Аудан тұрғындарының 95 пайызынан астамы газбен қамтамасыз етілсе, 88 пайызы орталықтандырылған таза ауызсуға қол жеткізді және жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі үлесі 90 пайызға жетті. Ең бастысы – ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтауда қыруар тірлік атқарылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді. – Уақыт бөліп, өткен күннен естеліктер айтып, сұхбат бергеніңізге рақмет!Сұхбаттасқан Саятхан САТЫЛҒАН