Жұма күні Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов өзінің Instagram парақшасында тікелей эфирге шығып, қала тұрғындарын мазалаған сауалдарға жауап берген-ді. Жұртшылықты толғандырған мәселе көп. Кейбірі «Төлем» картасы жүйесіне қапалы, ал кейбірі қоғамдық көліктердің ескіргенін айтады. «Нұрсәтте» табиғи газ жоқ, «Жаңа-Шахардағы» аспалы көпірдің де шикілігі бар. Интернеттің сапасы сын көтермейді, жаңа мектеп тағы қажет. Әкімге қойылған сауал көп, жауабы бар ма?
Еліміздегі эпидемиялық ахуал бойынша Шымкент қаласы «жасыл аймақ» қатарына жатады. Қалада осы уақытқа дейін вирус жұқтырған 5 417 адам тіркелген. 5 254 адам емделіп шығып, өкінішке қарай 78 жан бақилық болыпты. Өткен бір тәулікте 7 адам тіркеліп, бүгінде қала емханаларында 85 адам емделіп жатыр. Әкімдік қорында дәрі-дәрмек жеткілікті. Айтқандай, Шымкент қаласы бас санитарының қаулысы бойынша азық-түлік дүкендері және базарлар, сауда, ойын-сауық орталықтарының жұмысы, кинотеатрлар мен қоғамдық көліктердің жұмыс уақыты ұзарды. Енді базарлар мен сауда, ойын-сауық орталықтары шектеу шаралары арқылы демалыс күні де жұмысын жалғастыратын болды. Кинотеатрларға келушілердің саны 50 пайыздан аспау сағат 9.00-ден 23.00-ге дейін ұзартуға шешім қабылданды. Алайда әлі де той-жиын, ұжымдық корпоратив, банкеттерге рұқсат жоқ. Осындай мәліметтерді жеткізген шаһар басшысына тікелей эфирге қатысып отырған тұрғындар тарапынан да түрлі сауал қойылды. Қала әкіміне қойылған сауалдардың басым бөлігі қарашада қолданысқа енген «Төлем» электронды жүйесіне қатысты болды. Қолданысқа енгеніне 1 айдан асса да, әлі күнге дейін шикі тұстары көп «Төлемнің» жыры бітер емес. Күн сайын қоғамдық көлікке мінсеңіз де, осы мәселеге тап келесіз. Қашан көрсеңіз, кондуктор мен жолаушылардың бір-бірімен ұрсысып жатқаны. Тұрғындардың бірі «Төлем картасы қашан реттеледі? Күнде жұмысқа барамыз, халықтың 90 пайызында төлем картасы бар. Картаны алып, халықты үйреттіңіздер. Енді неге өздеріңіз толыққанды дұрыс жұмыс істемейсіздер? Мәселен, таңертең жұмысқа бара жатқанда жолақыны картамен төлейміз, кешке автобустардың төлем қабылдайтын картасы істемей қалады, қолма-қол ақы төлеуімізді талап етеді. Одан бөлек, кешке кептеліс дейді де, өздеріне ыңғайлы, қолайлы көшелермен жүріп бағытты өзгерте салады» деп ашынды. Одан кейін тағы бірі: «Төлем картамыз жоқ болса немесе картада ақшамыз таусылып қалса, 100 теңге төлеуімізді талап етеді. Алайда автобустарда үнемі валидаторлар істен шығып қалады. Жолаушылар тарапынан кеткен қателік кешірілмейді де, өздеріне келгенде барлығы кешірімді ме? Бұл қашан реттеледі, әкім мырза?» деп сауал тастады. Кейбіреулер қалтасындағы соңғы тиынына дейін «Төлем» картасына аударып қоятынын, соған сеніп қоғамдық көлікке мінгенде кондукторлардың «валидатор жұмыс істемей тұр» деп, қолма-қол ақша талап ететініне шағымданды. Әйтенов бұл сауалдарға жаңа жүйе енгізілгенде алғашқы кездері қиындықтың болатынын, бәрі реттелгенше шыдамдылық таныту қажет екенін айтты. Шыны керек, қоғамдық көліктердегі осынау «қақтығыс» қашанға созылатыны белгісіз. Алғашқы күндері «Төлем» картасының тұрғындарға жетпей, таусылып қала беретіні шу болса, енді төлем аппараттарының істемей тұратыны дауға айналған. Кондукторлардың өздері «валидатордың істемей қалуынан шаршадық» дейді. Алайда біз жасырын сөйлескен №65 бағыттағы кондуктордың айтуынша, барлық төлем картасы жұмыс істеп тұр. Қоғамдық көлік иелері өздеріне ақша түспей жатқандықтан, осындай қулыққа барады. «Біз күн сайын өз есебімізден 12 мың теңгеге жанар-жағармай құюымыз керек. Қазір ондай ақша болмаған соң таңнан бері 2 000 теңгеге, одан соң 1 000 теңгеге бөліп-бөліп май құямыз. Бұрын 12 мың теңгеге бірден толтырып алатынбыз. «Төлемдегі» күндік жоспар – 15 мың теңге. Егер осыған жеткізе алмасақ, қалтамыздан төлейміз. Көптеген автобустың төлем аппараты істемей тұр дейтіні содан. Тіпті, біразында аппараттың қуаттағышы жоқ болғандықтан да, уақытша істен шығып қалады», – дейді ол. Тұрғындар тікелей эфирде миллион тұрғыны бар үшінші мегаполистің қоғамдық көліктерінің ескіргеніне, ластығына, тарлығына және бір бағыттағы автобустардың жүру уақытының тым ұзақтығына қынжылыс білдірді. Әкімге қойылған сауалдардың тағы бір өзектісі – тұрғын үй кезегінің жылжымауы. Кейбіреулер кезектің жылжымақ түгілі, кері қарай шегініп жатқанын айтып ашынады. Мұнда жемқорлықтың көп екені, қатаң қадағалау қажет екені де ескертілді. Арендалық тұрғын үй кезегіне қол жеткізе алмай жүрген бірнеше мүмкіндігі шектеулі азамат пен жалғызбасты ана қатты күйінетінін айтты. Сондай-ақ жылу мәселесінің де кезек күттірмейтін тұстары айтылды. Тұран және Қайнарбұлақ шағынаудандарынан хабарласқандар су мен газдың, жол мен жарықтың қашан болатынын сұрады. Ал «Ынтымақ-3» елді мекен тұрғындары су, жарық, жол және ең бастысы мектеп қажет екенін еске салған. Үлкен жолдың бойында орналасқан елді мекен тұсына бағдаршам да керек. «Шымкенттің түбінде тұрып, көштен қалып отырмыз. Қашан ел қатарлы өмір сүреміз?», – дейді. Ал «Нұрсәтте» тұратындардың біразында әлі табиғи газ жоқ. Қызылжар шағынауданының тұрғындары «қолқаны қабатын иістен тұншығатын болдық» деген базынасын жеткізіпті. Еңбекші ауданына қарасты «Шаңырақ» елді мекені тұрғындары көшені жарықтандыруға барлық құжаттың жасалып қойғанын, алайда уәде етілген жарықтандыруды бір жылдан бері күтіп шаршағанын айтады. Шаңырақтықтар балалар мен қарттардың қараңғы көшеде жүргеніне алаңдайды. Тағы бір тыңдарман интернет сапасының төмендігінен бір аптадан бері дәрігерге жолдама ала алмай отырғанына налиды. Медицина саласының да қиындықтарын жасырмады. Ал қаланың қақ ортасындағы сақалды көпір атанып, 10 жылға таяу уақытта бітіп, пайдалануға берілген «Жаңа-Шахар» ауданы аумағындағы аспалы көпірдің де бір шикілігі шығыпты. Қала тұрғыны осынау көпірдің өте биік, баспалдақтарының тар екенін, лифтінің тек мүгедектерге арналғаны, ал қариялар мен денсаулығы дімкәс жандардың жолдың келесі бетіндегі дәріханалар мен аялдамаларға өтуге мүмкіндігі бола бермейтінін айтады. Уәде етілген эскалаторды сапалы етіп, ертерек құрып беруін сұрайды. Алайда 160 сауал қалдырған тұрғындардың жанына батқан сұрақтардың ешқайсысына да қала басшысы тарапынан жауап берілмеген. Тіпті, біреулері «сауалымызға жауап бермесеңіз, несіне жеке парақша аштыңыз, мұның бәрі көзбояушылық па?» дегендей сенімсіздік білдіріпті.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы