Өткен жылдың 27 желтоқсанында Алматы қаласы маңында болған жантүршігерлік ұшақ апатын ел әлі ұмыта қойған жоқ. Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air әуе компаниясының рейсі апатқа ұшырап, қайғылы жағдайдан 12 адам көз жұмып, 49 адам ауруханаға жеткізілді. Ал әуе компаниясының қызметі тоқтатылып, лицензиясы кері қайтарылды.
Ұшақ апаты болғанына санаулы күндерден кейін жыл толады. Сонша уақыттан бері апатқа кім кінәлі екеніне әлі нүкте қойылмай келеді. Жасыратыны жоқ, Bek Air компаниясы апат болғалы бері ұшақ соқтығысқан үй иесі Решет Қалибекті «Алматы әуежайы маңында заңсыз үй салды» деп айыптап, «егер сол жер ашық алаң болса, мұндай қайғылы оқиға болмас еді» деуден танбай келеді. Компания құрылысты заңсыз деп тану туралы бірнеше рет сотқа шағымданды. «Үй еш рұқсат құжатынсыз, заңсыз салынған. Ол тиісті органдардың барлық хатымен расталады. Үй иесі құрылысты өз бетімен рұқсатсыз жүргізген. Азаматтық кодекстің 244-бабына сай, өз бетімен салынған құрылыс бұзылуы керек. Бұдан бөлек, біз өткен сот отырысында Решет Қалибектің үйді өз еркімен бұзуына өтініш түсіргенбіз. Бірақ өтінішіміз орындалмады. Ұшақ соғылған үйдің бір қабырғасы мен іргетасы әлі де тұр. Заңға сәйкес, әуежайдың қорғау аймағында 4 шақырымға дейін бірде-бір құрылыс болмауы тиіс. Сондықтан ұшақтардың қауіпсіздігіне кедергі келтірмес үшін үйді бұзуды талап етеміз», – деді Bek Air компаниясының өкілі. Әйтсе де, таяуда Алматы облысы Талғар аудандық соты Bek Air компаниясының талап-арызын тағы да қараусыз қалдырды. WhatsApp арқылы онлайн тәртібінде өткен сотта судья Қарлығаш Есәлинова Талғар ауданында, соның ішінде ұшақ құлаған Гүлдала елді мекенінде жер телімдерін заңсыз сатты деген күдікке ілінген екі қылмыстық топқа қатысты іс тергеліп жатқанын, бұл істерге қатысты процессуалдық шешім қабылданбай, кінәлі тұлғаларды анықтау мүмкін емесін айтты. Сондықтан Bek Air компаниясының талап-арызы негізсіз деп танылған. «Bek Air АҚ-ның азамат Решет Қалибекке, үшінші заңды тұлғалар – Талғар ауданы сәулет және қала құрылыс бөлімі, Талғар аудандық жер қатынастары бөлімі, Талғар аудандық әділет бөліміне бағытталған үйді өз еркімен салып алғаны жөніндегі шешімдерді анықтау туралы талап-арызын қараусыз қалдыруға қаулы етемін. ҚР ӘҚБтК-нің 79-бабы негізінде 1 320 теңге баж салығы Bek Air компаниясының есепшотына қайтарылсын. Қаулыға келіспеген тараптар 10 жұмыс күні ішінде Алматы облыстық сотына шағымдануға құқылы», – деді сот қазысы. Биыл 21 ақпанда Bek Air компаниясы басшылығы Алматы әуежайының маңында заңсыз салынды делінген үйдің иесі Решет Қалибекті сотқа берген болатын. Компания иесі Нұрлан Жұмасұлтанов Алматы облысы Талғар аудандық сотында әуе компаниясына тиесілі ұшақ соғылған ғимарат құрылысын заңсыз деп тану жөнінде шағымданған. Көп ұзамай жер иесі Решет Қалибек те әуе компаниясына қарсы арыз беріп, екі ай қаралған талап-арызды сот 7 сәуірде тоқтатты. Байқап отырғандарыңыздай, бұл жанжал әлі де жалғасып келеді. Апатқа себепкер болды деген нысан бүгінде бұзылған. Мұны үй иесі Решет Қалибек те растайды. «Ұшақ үйге соғылғаннан 3 күннен соң әкімдік қызметкерлері үйді жартылай бұзып, бастаған істерін аяқсыз тастап кетті. Одан кейін адамдар кірпіші мен есік-терезесін ұрлай бастады. Сосын апаттық жағдайда тұрған соң біреуді басып қалмасын деп өзім барып қалғанын бұзып тастадым. Ол жерде қазір үй де, үйдің іргетасы да жоқ. Аздаған құрылыс қалдықтары ғана қалды, олар ешнәрсеге кедергі келтірмейді», – деді үй иесі Решет Қалибек. Негізі, тап осы құрылыс нысаны орналасқан маңда бұл үйден бөлек 14 үй мен коттедж қалашығы бар екен. Решет Қалибектің айтуынша, Гүлдаланы тексерсе, әуежайдың қоршауын жағалай салынған мыңдаған үй бар. Олардың 80 пайызының рұқсат құжаты жоқ. Осы сөзге қарағанда, бір жылдан бері «заңсыз үй салып алды» деп айып тағылып келе жатқан Решет Қалибектің шырылдайтындай жөні бар. Бұл жерде қағаз ісіне салғырттығымызды да мойындамасқа лаж жоқ. «Талғар ауданында заңсыз жер сатқандардың үстінен 2 қылмыстық іс қозғалған болатын, солардың ісі қалай бітеді, мен солай дүние-мүлкімді қайта қалпына келтіруге әрекеттенемін. Себебі оны таза еңбегіммен алған болатынмын. 14 мың АҚШ долларына жер алдым, 12 млн теңгені үй салуға жұмсадым. Қайтыс болған 12 адамның кінәсін маған артып қоймай, кінәлілер шынайы жазасын алса екен», – дейді Решет Қалибек. Шынында да, құзырлы мекемелердің арнайы рұқсатынсыз ешкім өздігінен баспана тұрғыза алмайды. Негізі, апатты жағдай бола салысымен Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр Алматы облысының Талғар ауданында заңсыз жер берген лауазымды тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген болатын. Оның «2015-2019 жылдар аралығында Талғар ауданының лауазымды тұлғалары қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып, әуежайдың санитарлық қорғау аумағында жеке қосалқы учаскелері, соның ішінде тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру туралы заңсыз шешім қабылдағаны анықталды» деген сөзін ел ұмыта қойған жоқ. Тағы бір айта кетер жайт, Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев жыл басында халыққа есеп беру жиынында әуежай маңындағы жерлерді қала меншігіне қайтару мәселесіне тоқталған болатын. Шаһар әкімі: «Бұған дейін «Казкоммерцбанк» кепілге берген 383 гектар жер күрделі несиелер қорына берілген еді. Енді бұл жер қала әкімдігіне қайтарылады. Біз бұл туралы Елбасына өтініш жазғанбыз. Үкімет бізді қолдады. Жаңа жылға дейін 383 гектар жер қайтарылды. Енді 185 гектар жер қалды. Бұл әуежай аумағына тиесілі. Осы мәселе бойынша қазір Үкіметпен келіссөз жүргізіп жатырмыз» дей келіп, Талғар аудандық әкімдігінің лауазымды тұлғаларының қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланып, әуежайдың санитарлық қорғау аймағындағы жеке қосалқы учаскелері, соның ішінде тұрғын үй салуға жер бергені үшін заңсыз шешімдер қабылдағаны анықталғанын айтып өткен. Сонымен қатар қала әкімі Алматы әуежайы маңындағы жер учаскелерін заңсыз беру бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқанына тоқталған. Осы жайттарды саралай келе, «Басты кілтипан жер учаскелерін заңсыз берген лауазымды тұлғаларда тұрған жоқ па?» деген ой келеді. Мәселе айдан анық болса, «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, жеке тұлға Решет Қалибекке нақақтан жала жабылып отырған жоқ па? Ал бұл жағдайда Bek Air жауапкер ме, әлде жәбірленуші ме? Қалай дегенде де, істің ақ-қарасын анықтау әлі де болса құзыретті органдардың еншісінде.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ