Ұшақ апатына айыптылар анықталды

Ұшақ апатына айыптылар анықталды
© коллаж: Елдар Қаба

12 адамның өмірін қиған жан­түршігерлік апаттан кейін бірден мемлекеттік комиссия құрылып, істің ақ-қарасын айыруға кірісіп кеткен болатын. Сол екі арада ұшақ соғылған үйдің иесі Решет Қали­бекке «Заңсыз жер алып, үй салды» деп айып та тағылды. Өз бетінше баспана тұрғызып алатындай бұл үй «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» емес, қаланың іргесінде, елді­мекеннің шетінде-ақ орналасқан. Оның үстіне, сол кезде көптің көкейінде «Жердің құжаты болмаса, жергілікті билік үй салуға неге рұқсат берген?» деген күмәнді ой да болды. Үй иесі «Мен ол жерді 2014 жылы Өмірғазиева Гүлнәр есімді азаматшадан сатып алдым. Ортада делдал болды. Ол жердің барлық құжаты заңды. ХҚКО-да ресми түрде маған тіркелді» деп көпші­ліктен араша сұраған. Сол кезде вице-премьер Роман Скляр Талғар ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары 2015-2019 жылдары қо­сал­қы шаруашылықпен айналысу үшін (арасында тұрғын үй құрылысы да бар) жер телімдерін заңсыз үлес­тіргенін айтып, «Ережеге сәйкес, ұшу-қону жолағынан төрт шақы­рымға дейінгі аралықта нысан салу үшін әуежай комиссиясының келі­сімі керек, алайда (жер телімінің иелері) мұндай келісімнен өтпеген. Барлық бұзушылық анықталып, дәлелденсе, кінәлілер заң бойынша жазаланады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Аяқталғаннан кейін тиісті шешім шығарылады» деген болатын.

Таяуда Алматы облысында Bek Air ұшағының апатқа ұшырауына байланысты іс бойынша бұрынғы шенеуніктерге қатысты сот оты­рысы өтті. Сотталушылар қала әуе­жайына жақын жерді заңсыз беруіне байла­нысты айыпты деп танылды. Олар бұрынғы бес мемлекеттік қыз­мет­кер – Талғар аудандық жер қаты­настары бөлімінің бұрынғы бастығы Рустам Тұрысбеков, Жер кадастры ғылыми-өндірістік орта­лығының Талғар аудандық бөлім­шесінің бұрынғы басшысы Жарас Мәшім­баев, сол орган басшысының мін­детін атқарушы Медеу Қалы­беков, Талғар аудандық «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орта­лығы» бө­лім­­шесінің жерге орна­ластыру сек­торы басшысының мін­­детін атқа­рушы Берік Абдуллаев және сол ауданның жер қатынастары бөлімі­нің бұрынғы бастығы Қайрат Ал­тынбекұлы. Оларға қызмет ба­бын асыра пайдаланды деген айып та­ғылып отыр. Экс-мемлекеттік қыз­меткерлер сотта өз кінәсін мо­йын­дады.

Экс-шенеуніктер мен жер сатып алушыларды байла­ныс­ты­рып, ара­да делдал болған риэлтор Нұ­райым Ал­даныштың да ісі қа­ралуда. Алай­да ол өз кінәсін мойын­дамай отыр. Істі Талғар аудандық сотының судья­­сы Айдос Байғалиев қарайды. Риэлтордың адвокаттары соттың барлық құра­мына қарсылық білдір­ді. Олар бұрынғы бес шенеунік пен олардың туыстары судьялармен та­ныс болуы мүмкін деп санайды, себебі бар­лығы Талғарда тұрады, ал айып­­талушылар бір кездері мемле­кеттік органдарда басшылық қыз­мет­тер атқарған. Мысал ретінде адво­­каттар судья Еркебұлан Келем­сейітовті келтірді. Ол сотталу­шы­лардың бірі Жарас Мәшім­баевпен таныс болғандықтан, өзді­гінен бас тартуға мәжбүр болды. Алайда Тал­ғар аудандық сотының барлық құра­мы қарсылық білдіру­ден бас тартты.

«Қарсылық білдірушілерді қа­рай­тын судьялар Талғар аудандық соты судьяларының осы қылмыстық іс бойынша мүдделілігі байқал­май­ды, өйткені адвокат Керімова Р.В. судьялардың бұл іске жеке не­месе жанама түрде мүдделі екені туралы сенімді дәлелдер ұсын­бады», – деп жазылған сот шеші­мінде.

 

ГүлнарГүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

 

 

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.