Білім және ғылым министрлігі жалған марапаттарды оңды-солды сатып алып жатқан педагогтерге ескерту жасады: ақылы конкурстардың марапаттары ұстаздарды аттестаттау кезінде назарға алынбайды. Бұл – алаяқтық.
«Қазақстанда жеке тұлғалар педагогтерге арнап жалған наградалар жасап, оңды-солды сатып жатыр. Күмәнді ақылы конкурстарға қатысу нәтижесінде алынған наградалар мен дипломдар педагогтерді аттестаттаудан өткізу кезінде ескерілмейді. Жалған ақылы наградалардың дизайны мен безендірілуі ресми ведомстволық наградаларға ұқсатып жасалған. Кейбір мұғалімдер білмегендіктен, кейбірі біле тұра күмәнді ақылы жарыстарға қатысады. Сатып алынған марапат – марапат емес. Егер бұл қоғамдық марапат болса, ол ақылы болмауы тиіс. Осы ақпаратты көпшілікке жеткізу керек!», – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Оның айтуынша, министрлік тек «Ы. Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» төсбелгілерін, «Құрмет грамотасын» және «Алғыс» грамоталарын ресми марапат деп таниды. Пандемия күмәнді ақылы онлайн конкурстар мен олимпиадалардың көбеюіне әсер етті. Мұғалімдер мен оқушылар жеке ұйымдар ұйымдастырған іс-шараға онлайн да, барып та белсенді түрде қатысып жатыр. БҒМ педагогтерді, ата-аналарды жеке тұлғалардың алдауына ермеуге шақырды: «Олардың көздегені заңсыз ақша жинау және бұл қаржылық алаяқтық болып есептеледі». «Бөгде тұлғалар ұйымдастыратын оқушылар мен педагогтер арасындағы ақылы олимпиадалар және конкурстар ресми түрде танылмайды. Күмәнді ақылы конкурстардың марапаттары мен грамоталары педагог пен білім беру ұйымының беделіне нұқсан келтіреді», – деді Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова. Білім және ғылым министрлігі ата-аналарды ақылы негізде өткізілетін конкурстар мен олимпиадаларды таңдауда мұқият болуға үндеді. Мектептерде ақылы олимпиадалар өткізуге қатаң тыйым салынған. Алайда көптеген мектеп директоры мен мұғалімдер ақылы конкурстарды ата-аналар арасында өздері жарнамалап жүретіні де жасырын емес.Е.СЕНБАЙ