Өмір энергиясы
Өмір энергиясы
413
оқылды
«XXI ғасыр энергетика саласындағы серпінді шешімдер дәуірі болуы қажет. Бұл тек энергетика саласының даму векторын ғана емес, планетамыздың алдағы мыңдаған жылдардағы тағ­дырын анықтайтын кезең болуға тиіс».

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мерекені атап өту дәстүрі Кеңес үкіметі кезінен бастау алады. Бұл күн ең алғаш кәсіби мереке ретінде 1966 жылы ГОЭЛРО-ның (Ресейдің электрлендірудің мемле­кеттік жоспары) елдің электри­фикациясының құрметіне бекітілген. Аталған жоспар 1920 жылы 22 желтоқсанда қабылданып, ХХ ғасырдың 20-30-жылдары КСРО-да жүзеге асырылған ауқымды жобалардың бірі болды. Содан бері «Энергетик күнін» мерекелеу күні 22 желтоқсан болып белгіленді.

Әлемдік дипломатияның бір бөлігі

Халықтың өсуі мен өмір сүру деңгейінің артуына байланысты адамзаттың энергияға сұранысы жыл сайын артып келеді. Яғни, адамзаттың электр қуатына тәуелділігі уақыт өткен сайын артпаса, еш кеміген емес. Бұл сала – үйлерді жылытып, көлік жүйесін отынмен қамтамасыз етіп, бүкіл өмірімізді жарықпен қамтамасыз ететін салалардың қозғаушы күші. Энергияға деген жаһандық сұраныс халықтың өсуі мен өмір сүру деңгейінің жоғарылауына байланысты бірте-бірте артып келеді. 2050 жылға қарай Жер шарының халқы 9 миллиардқа дейін жетеді деп болжануда. Бұл – қазіргіден 2 миллиард адамға көп. Дамушы елдердегі халықтың басым бөлігінің өмір сүру деңгейі көтеріліп, орташа деңгейге жетеді. Сөйтіп, олардың тұрмыстық техниканы, компьютер, тағы сол сияқты энергияны көп тұтынатын басқа да құрылғыларды сатып алуға сұранысы артады. Осылайша, халықтың өмір сүру ортасы, мемлекеттің экономика­сы энергия көздеріне тікелей байланысты болады. Бұл ретте оның өсіп, дамуы үшін энергия көздерінің үздіксіз жеткізіліп, қолжетімді болуы маңызды.

Еңбекқорлық – қанымызға сіңген қасиет

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жаңадан құрылған әрбір тәуелсіз мемлекет өздерінің Энергетиктер күнін белгіледі (Ресейде 22 желтоқсан). Біздің елде энергетика өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жыл сайын желтоқсанның үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Кеңес дәуірінде құрылған мықты энергетика желісі Қазақстан энергетика­сының берік базалық негізін құрды. Алайда уақыт бір орында тұрмайды. Энергия жабдықтарын, желілер мен қосалқы стан­саларды, ЖЭС, ЖЭО, ГЭС-ті жаңғырту үшін бірқатар шаралар қабылданып, қаражат бөлінді, электр энергиясы мен жылу энергиясын тұтынуды есепке алудың, оны ұтымды пайдалану мен үнемдеудің жаңа технологиялары енгізілді. Тек генерациялау ғана емес, сонымен бірге ауқымды жоспарларды жүзеге асыру қабілеті – КСРО дәуірінен бастау алған Қазақстан энергетикасының бойына сіңген ерекше бір қасиеті. Бұған респуб­ликаның аты аңызға айналған атақты энергетиктерінің өмір жолы дәлел бола алады. Олардың еңбектері Қазақстан мен КСРО-ның алып энергетика саласының ондаған жылдарға жететін даму векторын анықтап берді. Олардың тұжырымдары, тұшымды ойлары бүгінгі күнге дейін талқылануда. Атақты геолог, Лениндік сыйлықтың лауреаты және Қазақ КСР Геология министрі Шахмардан Есенов мұнай мен газға мол Маңғыстау түбегін Қазақстан құрамына енгізу қажетін айтқан болатын. Тіпті, республикамыздың осы өңірді да­мытып, игеруі үшін ғылыми әрі өндірістік әлеуеті жеткілікті екенін дәлел­деп кеткен еді. Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтының негізін қалаған әрі оның тұңғыш директоры болған Шапық Шөкин Қазақстанның энергетика ғылымының негізін қалаушылардың бірі. Сонымен қатар ол Ертістегі Шүлбі мен Семейдегі ГЭС-ті жобалау мен оның құрылысының бастамашысы бола білді. Академик Ш.Шөкин Ұлы Отан соғысы жылдарында танысқан  аңыз адам әрі ГОЭЛРО-ның жоспар жетекшісі Глеб Кржижановскийді өзінің тәлімгері және ұстазы болғанын еске алады. Машина жасау кәсіпорындарының КСРО-ның еуропалық бөлігінен Қазақстанға көшірілуі электр энергиясына деген қажеттілікті көтерді, республиканың энергетика сала­сын дамытуға септігін тигізген оқиғаның бірі болды. Лениннің досы болған Глеб Кржижановский  қазақстандық ғалымның Ертісте Бұқтырма СЭС-ін, Өскемен мен Қапшағайда су электр стансаларын, Алматыда СЭС каскадасын салу идеяларын құптаған еді. Бұл жұмыстар ГОЭЛРО-ның жоспарында да бар еді.

Жаңа талаптар

Электр энергетикасы – экономиканың негізгі салаларының бірі. Оның негізгі индикаторы – индустрияландырудың өсіп келе жатқан қажеттіліктері, халықты үздік­сіз энергиямен жабдықтау, елдің энер­гетикалық тәуелсіздігі мен қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету. Жаңа өнеркәсіптік және ауыл шаруа­шылығы қожалықтарын құру, шағын және орта бизнесті дамыту, халықтың әл-ауқа­тын арттыру – Қазақстан экономикасында электр энергиясын өндірудің қосымша көлемін талап етеді. Ол үшін заңнамалық, бағдарламалық және практикалық сипаттағы шаралар кешенін әзірлеп, оны жүзеге асыру қажет. Бұл шаралардың негізгі міндеттері: қоғам­дағы энергия ресурстарына деген көз­қарасты өзгерту, энергиятиімді салалар мен секторларға баса назар аудара отырып, экономиканы қайта құру, ескірген техно­логиялар мен жабдықтары бар жұмыс істеп тұрған өндірістерді іс жүзінде жаңарту. Бұл үшін өңірлерде, тұтастай алғанда ел эко­номикасын дамыту бағыттарының ба­сымдығында ұзақмерзімді саясатты ай­қындау керек. Мысал ретінде 2012 жылдың қаңтар айында Алматы энергоаумағында Мойнақ ГЭС-і бірегей су электр стансасының іске қосылғанын айтуға болады. Стансаның қуаты – 300 МВт. Мойнақ ГЭС-і Алматы қаласы мен облыс тұтынушыларын энер­гиямен қамтамасыз ету әлеуетін едәуір жақ­сартты. Стансаның бірегейлігі оның жоғары қуаттылығында ғана емес, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы тұты­нушылардың энергияны суару жүйесінде пайдалануында жатыр. Қазақстан көмірсутек шикізатының ірі қоры жинақталған 15 елдің қатарына кіреді. Яғни, Ресей мен Норвегиядан кейін ОПЕК-ке мүше емес елдерден Еуропаға энергия тасымалдаушылардың үшінші ірі жеткізушісі. «Жалпы, біздің энергетикалық стра­тегиямыз әртараптандырылған, теңдес­тірілген, ұтымды әрі прагматикалық. Бұл тек біздің халқымыздың ғана емес, басқа ел халықтарының да мүддесіне сай келеді», – деп атап өтті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен бірге ел экономикасы мен халқының электр энергиясына қажеттілігін қамтамасыз етудің озық үлгісі қажет. Бұл ретте электр энергетикасы саласын дамы­тудың басымдықтарын нақты айқындау қажет. Ол үшін мына мәселелер көрсетіліп,  ескерілуі тиіс: Қазақстанның және оның өңірлерінің экономикалық дамуы, елдің географиялық жағдайы (ау­мақтың ауқымдылығы және оның орна­ласуының әркелкілігі), электр энергетика­сының жай-күйі, саланың отын базасы, ел өңірлері мен шектес мемлекеттер арасында энергетикалық байланыстың болуы, энер­гия үнемдеу және қоршаған ортаны қорғау саясаты, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, энергия объектілері құрылысы құнының өзгеруіндегі әлемдік үрдістер, тарифтік саясат, кадр дайындау. Қазақстанда энергетиканы дамытуға болатын мына шараларды жатқызуға болады: отын-энергетикалық ресурстар­дың елеулі қорларының болуы; жаңар­тылатын энергияның елеулі әлеуеті; электр энергиясын экспорттаудың транзиттік әлеуеті мен мүмкіндіктерінің болуы; энер­гия үнемдеу және энергия тиімділігі бо­йынша резервтер. Көрсетілген мәселелерді шешу үшін қазіргі заманғы тиімділігі жоғары және экологиялық таза технологиялар базасында ПӘК-і жоғары генерациялау секторын дамыту, экономикалық және экологиялық аспектілерді ескере отырып, генерация­лайтын қуаттар құрылымын оңтайландыру қажет.

Жаңартылатын көздер

Жуырда заңнамаға жаңартылатын энергия көздері мен электр энергетикасын пайдалануды қолдау мәселелері бойынша өзгерістер қабылданды. Құжатта маневрлік қуаттардың көлемін және елдің энергия теңгеріміндегі ЖЭК үлесін ұлғайту үшін жағдай жасау көзделген. «Бұрын оларға тек дамыған елдер ғана қол жеткізе алатын. Олар жаңа энерго­технологияларда білім мен техникалық тәжірибені жинақтауды қамтамасыз етті. Қазір дамушы елдердің осы үдеріске қосылу уақыты келді», – деп атап өтті Елбасы. Бұдан өзге құжат келісімдерін орындау мемлекеттің Электр энергетикасы саласы­ның тұрақты әрі нақты жұмыс істеуін, Қазақ­станның электр энергетикасы жү­йесі­нің сыртқы көздерге тәуелділігін төмен­детуді қамтамасыз етеді. Қазақ­стандағы жаңартылатын энергия көздері секторының инвестициялық тартым­дылығын арттырады. Қазіргі энергетиканың басым бағыт­тарының бірі – электр көлігін дамыту. Қазақстан көліктің жаңа түрін енгізу бойынша көшбасшы топқа кіреді. Жаһандық болжам бойынша 20 жылдан кейін қалалық автобустардың үштен екісі электр қуатымен жүретін болады. 2019 жылы Еуропада электроавтобустар қала­лық автобустарды сатып алудың барлық көлемінің 10 пайызын иеленді. 2020 жылы олардың үлесі 20-ға дейін артады. Қазақстанда электр автобусы өн­дірісінің серпінді дамуын экологиялық жо­ба­лар негізінде шетелдік инвес­тицияларды тарту арқылы қамтамасыз етуге болады. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ – Ал­маты қаласы мен облысының 2,5 мил­лионнан астам тұрғынын электр энер­гиясымен қамтамасыз етіп отырған, сон­дай-ақ өндірістік кәсіпорындар мен мем­­лекеттік мекемелерге және ауыл шаруа­шылығы қожалықтарына электр қуатын жеткізумен, таратумен айналысатын рес­публика оңтүстігіндегі ең ірі энергетикалық жүйе. «АЖК» АҚ-ның жалғыз акционері – «Самұрық-Энерго» АҚ. «АЖК» АҚ-ның иелігінде барлығы 220/110/35 кВ 209 қосалқы станса,  7000 ТП, РП 220/110/35/10/6/0, 4 кВ 30 мың шақырымнан астам электр желілері, 850 000 астам электр энергиясын тұтынушылар бар. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Жер шары экваторының ұзындығы шамамен 40 мың шақырым. Жылдан-жылға электр қуатына деген сұраныс артып келеді. Біздің міндетіміз – халықты сапалы әрі үзіліссіз электр қуаты­мен қамтамасыз ету. Бұл ретте Алматы энергетиктері электр энергиясының жеткілікті мөлшерін қамтамасыз етуге ғана емес, оның сапасына да ерекше мән береді. Халықтың үмітін ақтап, оларға қолай­сыздық тудырмау үшін «АЖК» АҚ-ның энергетиктері, электр стансаларының энер­гетиктері, KEGOC АҚ Ұлттық электр желісінің энергетиктері күн демей, түн демей еңбек етуде. Мереке құтты болсын! Үйлерді, кеңселер, аурухана мен емханаларды, мектеп пен балабақшаларды, кәсіпорындарды жарықпен қамтамасыз етуші мамандар – энергетиктер.  Бұл – солардың қажырлы еңбегі.  Жыл сайын мереке қарсаңында елімізде Энергетиктер күніне арналған түрлі іс-шаралар өтеді. Атап айтқанда, мерекелік концерттер, энергетикалық компаниялардың команда­лары арасындағы спорт жарыстары ұйым­дастырылады. Іс-шарада сала ардагер­леріне, жұмысын абыроймен атқарған қызметкерлерге түрлі наградалар мен бағалы сыйлықтар табыс етіледі. Мемлекет энергетика саласының қызмет­керлерін барынша қолдайды. Қызметкер­лердің отбасыларына да қолдау көрсетіп, кәсіпорында нәтижелі еңбек етуіне ба­рынша жағдай жасауға атсалысады. Электр энергетикасы – ел экономика­сының тамырына қан жүгіртіп, бойына нәр, тәніне қайрат беретін бірден-бір сала.  Халыққа жылу мен жарық сыйлайтын бұл мамандық иелерін 100 жылдық мерей­тойымен құттықтаймын. Жауапкершілігі мол мамандық иелеріне сәттілік тілеймін.

Мұхит ӘБІКЕҰЛЫ, «АЖК» АҚ Басқарма төрағасы