2020 жылдың басты оқиғалары
2020 жылдың басты оқиғалары
479
оқылды
2020 жыл Бұл вирус былтыр анықталғанымен, біздің елде 13 наурыз күні тіркелді. Сол күні Алматы қаласында коронавирусты жұқтырған алғашқы адамдар анықталды. Германиядан ұшып келген екі Қазақстан азаматынан (1974 жылғы ер адам мен 1984 жылғы әйел адамнан) COVID-19 табылды. Олардың біреуі елге 10 наурызда, екіншісі 12 наурызда ұшып келгені мәлім болды. 13 наурыз күні тағы да бір жағдай расталды. 23 желтоқсандағы жағдай бойынша, елімізде барлығы 193 мың адам аталған инфекцияны жұқтырды. 2020 жыл (1)

Жылдың «атақты» мәлімдемесі

10 наурызда БАҚ өкілдерімен болған конференцияда сол кездегі елдің бас санитарлық дәрігері болған Жандарбек Бекшин COVID-19 індеті Қазақстанда 11-16 наурыз аралығында пайда болуы мүмкін деген болжамын жариялады. «Коронавирус әйтеуір біздің елде пайда болуы мүмкін» деген сөзімен есте қалған Бекшин 20 наурызда қызметінен босатылды. 18 сәуірден бастап Ж. Бекшин Алматы қаласының бас санитар дәрігері болып тағайындалды. 2020 жыл

Жылдың басты шектеуі  - карантин

Коронавирус індетіне байланысты Қазақстанда 16 наурыздан төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол 15 сәуірге дейін созылады. Ал 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылды. Екі мегаполисте ең көп науқас саны тіркелді. Нұр-Сұлтан және Алматыда 30 наурыз бен 5 сәуірде орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау ұйымдары, БАҚ, азық-түлік дүкендері, дәріханаларды қоспағанда кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Толық тізім қалалардың әкімдіктерімен келісе отырып анықталады. Бірқатары қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. 55 жастан асқан адамдар жұмысқа шыққан жоқ. Нұр-Сұлтан мен Алматыда кәмелеттік жасқа толмағандардың ересектерсіз сыртта жүруіне тыйым салынды. Балалар үйде отыруға міндеттелді. Саябақтар, скверлер, жаяу жүретін көшелер, жағалаулар, ойын алаңдары және тағы басқа халық көп жиналатын орындар жабылды. Карантин кезінде тек азық-түлік дүкендері, ашық базарлар, ашық аспан астындағы тамақтану орындары, дәріхана, медицина орталықтары ғана жұмыс істеді. 2020 жыл (3)

Жыл қаһармандары − дәрігерлер

     COVID-19 пандемиясы белең алған кезден бастап бұл дертпен бетпе-бет келіп, күрескен дәрігерлердің еңбегі орасан. Карантин кезінде күндіз түні жұмыс істеген медицина қызметкерінің ішінде вирус жұқтырғандар саны − 13 172.  Бұл 2020 жылғы 20 желтоқсандағы тіркелген жағдай. Оның ішінде 3829 дәрігердің COVID-19 белгілері бар пневмонияны жұқтырғаны анықталып отыр. 110 медициналық қызметкер коронавирус инфекциясынан қайтыс болады. Бүгінгі күні вирус жұқтырған 9300 медицина қызметкері мемлекеттен өтемақы алды. Ал вирус жұқтырып қайтыс болған 215 медицина қызметкерінің отбасына өтемақы тағайындалды. 2020 жыл (2)

Жыл жәрдемақысы − 42 500 теңге

  Мемлекет карантин кезінде ешқандай кіріс көзінсіз қалған азаматтарға 42500 теңге жәрдемақы төледі. Бұған дейін екі мәрте берілген жәрдемақыны мемлекет үшінші рет қайта тағайындады.   Бірінші кезеңде 4,6 миллион адамға әлеуметтік төлем тағайындалды. Оның ішінде 40 пайызы - жалдамалы қызметкерлер, 400 мыңға жуық жеке кәсіпкер, сондай-ақ бірыңғай жиынтық төлем төлегендер, жеке кәсіппен айналысатындар және келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндер. Екінші рет 3,8 млн адам алды. Үшінші рет ресми мәлімет бойынша 2,4 млн азамат 42 500 теңге алған. Оның 2 млн 384 мыңы тамыз айында карантин шараларының ұзартылуына байланысты 42 500 теңгенің жартысын, яғни 21 250 мың теңге алды. Шілдеде 42 500 теңге тағайындалған қазақстандықтарға карантин режимінің ұзартылуына сәйкес, 21 250 теңге автоматты түрде түсті. Ал тамыз айында алғаш рет өтінім жібергендерге 63 750 теңге (42 500 + 21 250 теңге) төленді.  width=

Жылдың атышулы жобасы − «Астана LRT»

Осы күзде жеңіл рельсті көлік жобасын іске асыру кезінде 5,8 миллиард теңгені жымқыру фактісі бойынша астана әкімдігінің, «Астана LRT» ЖШС және басқалардың лауазымды адамдарына қатысты қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолдады. Қазына ақшасын қалтаға басу схемасын қала әкімінің орынбасары болған Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» жетекшісі Талғат Ардан шет елдік және қазақстандық компаниялардың көмегімен жүзеге асырғаны мәлім болды. Басты күдіктілермен бірге мердігер мекемелердің бірінің басшысы да халықаралық іздеуде. Сонымен қатар бұл тізімде әкімдіктің басқарма басшылары Р.Аманжолов, Ж.Нұрпейісов те бар. Бұл жоба мемлекетке 5 млрд теңгеден артық соммаға шығын келтірілді. 2020 жыл

Жылдың «жемқорлық ісі»

Жылдың ату шулы жемқорлық оқиғаларының бірі − бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ұсталуы. Қазіргі ақпарат бойынша, экс-министр цифрландыруға бөлінген 526 млн теңгеге жуық қаражат жымқырды деген күдікке ілінген. Сонымен қатар тамыз айының басында Денсаулық сақтау вице-министрі қызметін атқарған Олжас Әбішев ұсталды. Үйқамақта отырған бұрынғы вице-министрге 500 миллион теңгені талан-таражға салды деген айып тағылуда. 2020 жыл

Жұрттың ашуын туғызған оқиға

23 шілде күні 21.00-де Жезқазған қаласының тұрғыны Сәтбаев қаласы полиция бөліміне жүгініп, 5 жасар қызының жоғалғанын хабарлады. Полиция бөлімінің жеке құрамы мен еріктілер қатысқан іздестіру шараларының нәтижесінде бала көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінен табылды. Аталған жерге лезде жиналған жергілікті тұрғындар ұсталған күдіктіні беруді талап етіп, өздері жазалайтындарын айтты. 7 қазанда Қарағанды ​​қаласының уақытша ұстау изоляторында 5 жасар қызды ұрлап әкетіп, зорлады деп күдікке алынған 62 жастағы күдіктінің денесі табылғаны туралы хабарланды. Қазіргі мәлімет бойынша,  күдікті өз-өзіне қол салған.  

Жылдың қымбат валютасы

Елімізде наурыз айының 16-сынан бастап қарантин шаралары күшейтілді. Ертеңінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының айырбастау орындарында көк қағаз 439,5-440 теңгеге сатылды. Биыл доллар құны 440 теңгеден асқан жағдай да тіркелді. Бұған дейін сарапшылар карантин жағдайына байланысты доллар бағамы 450 теңгеге дейін барады деп болжам жасаған еді.

Жылдың «туристік жобасы» - Бозжыра

Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалына қонақ үй салу жобасына қоғам қарсы шықты. 7 қарашада әлеуметтік желілер мен жергілікті ақпарат құралдарында Бозжырада құрылыс техникасы тұрғаны жөнінде ақпарат тарады. Көп ұзамай Маңғыстау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі «әлі ешқандай құрылыс басталмағанын», алайда Бозжыра шатқалына қонақ үй салу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалында қонақ үйін салу жобасына қатысты пікір білдірді. Президент Маңғыстау облысындағы ерекше қорғалатын Бозжыра табиғат қорығының аумағына салынатын жаңа қонақүйдің құрылысына қатысты қоғамның теріс пікірін ескере отырып, Үкіметке осы жобаны қайта қарау жөнінде тапсырма берді.   2020 жыл

Жылдың «жауы» - «Борат»

  Күзде «Борат» фильмінің жалғасы шықты. Amazon Prime Video сервисі YouTube желісіне «Борат-2» комедиясының бірінші трейлерін жариялады. Фильмде басты рольде британдық комик Саша Барон Коэн ойнайды. Оның алдында Аустралияның Сидней қаласындағы «Bondi beach» жағажайында «Бораттар» шеруі өтті. Оған британ актері Саша Барон Коэнның фильмдегі образы - Борат бейнесіндегі 40 шақты ер адам қатысқан және олардың жанында Қазақстанның бірнеше Мемлекеттік туы ілініп тұрған. Жағажайдағы тырдай жалаңаш адамдардың жанында қазақтың көк байрағының ілініп тұрғаны әлеуметтік желі қолданушыларының ашу-ызасын тудырды. Бұл жағдайдан кейін қазақстандықтар «Мен туымды мақтан етемін» акциясын бастады. Желі қолданушылары соның ішінде танымал блогер, спортшы, белсенділер еліміздің туы бар суреттер мен видеоларды жариялады. Instagram-да #Ментуымдымақтанетемін хэштегімен 1300-ден аса жарияланым жиналды. 2020 жыл

Жылдың қызу талқыланған видеосы

Қазан айында әлеуметтік желіде балаларын аяусыз ұрған әкенің видеосы қызу талқыға түсті. Кейін анықталғандай, Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Қызылқия ауылының тұрғыны мас күйінде бала-шағасына зәбір көрсетіп келе жатқанына бірнеше жыл болыпты. Келіншегі осыған дейін полицияға екі рет арызданған. «Әке-шешем солай мені тәрбиелеген. Мен ұлдарымды ұрып, таяқпен тәрбиелеймін. Қалай тәрбиелесем де, өзім білемін. Ешкімнің шатағы болмасын», − деген бала-шағасын жұдырықтаған  әкенің мәлімдемесі әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын туғызды.