Ауылдағы спорт жаңаша қолдау табады
Ауылдағы спорт жаңаша қолдау табады
218
оқылды

Алдағы жылдары ауылда бұқаралық спорт­тың дамуына соны серпін берілмек. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында бұқаралық спортқа және дене тәрбиесіне басымдық беру қажет екенін ерекше атап өткені мәлім. Осы орайда, Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында се­наторлар заңнамаға мәдениет, денешы­нық­­тыру және спорт мәселелері бойынша тү­зе­тулер енгізетін заңды қабылдады.

– Бұл заң балалардың жан-жақты дамуына ықпал ететін спорт және шығармашылық бағыттағы мем­ле­кеттік тапсырыстарды тиімді ұйымдастыруға мүм­кіндік береді. Бұдан былай мемлекет қаржы­ландыратын спорт­­­тық және шығармашылық үйірмелер мемлекеттік сатып алу қорытындысына қарай емес, спорттың өзінің рей­­­тингіне, сондай-ақ оған деген халықтың сұранысына қа­рай анықталады. Осы заңға мүмкіндігі шектеулі жан­дар үшін тұрғылықты жерде және демалыс орын­да­рында спортпен шұғылдануға жағдай жасау норма­­лары да енгізілді. Соған сәйкес бұл жұмыс енді жер­гілікті ат­қарушы органдардың міндеті болып есептеледі. Соны­мен қатар бұл құжатта ұлттық спорт түрлерін да­мы­ту, олар­­ды жас буынға мектеп кезі­нен бастап наси­­­­хаттау мәселелеріне ерекше назар аударылған, – деді Мәулен Әшімбаев. Отырыс кезінде сенаторлар «Техникалық реттеу туралы» заңды қабылдады. Бұл құжат отандық тауар өндірушілердің бәсекелестік басымдығын іске асыруға арналған. Сондай-ақ депутаттар «Техникалық реттеу, кәсіпкерлік, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және төлемдер мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бірден екі оқылымда қарап, құптады. –Ішкі нарықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұлттық сертификаттау жүйесін дамыту қажет. Ұлттық стандарттардың беделі мен оларға деген сенімді арт­тыру мәселесі маңызды. Бүгін қабылданған заңдар осы мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған. Олар техни­калық реттеу саласындағы бақылау-қадағалау қыз­метінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ете­ді. Сол арқылы өнімнің тиісті сапасына және оның тұ­тынушылар үшін қауіпсіз болуына ықпал етеді, – деді Сенат Төрағасы. Бұдан бөлек, жоғарғы палата депутаттары «Кедендік реттеу және кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңды да екі оқылымда қабыл­­дады. Бұл заңға депутаттар бастамашы болған. Спи­кердің айтуынша, бұл заң кедендік рәсімдерді өткізу мерзімдері мен тәртібін оңтайландыруға, кедендік реттеуді жетілдіруге және бизнес ахуалды жақсартуға бағытталған. «Осы заң адамның қатысуын барынша азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және құжат айналымын азайту үшін кедендік ақпараттық базаның қызметі мен «Бірыңғай терезе» жүйесін жетіл­діруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ сыртқы экономи­калық қызметке қатысушылардың өтініштерін қарау және сол бойынша шешім қабылдау мерзімдерін қыс­қартуға жағдай жасайды. Сонымен қатар камералық және көшпелі кедендік тексеріс жүргізу рәсімі қайта қаралады. Алдағы уақытта заң кедендік реттеуді жетіл­діруге үлесін қосады деп сенеміз», – деді М.Әшімбаев. Сонымен қатар сенаторлар арабтармен елшілік салу үшін жер алмасуға мүмкіндік беретін құжатты – «Қазақстанның БАӘ-дегі елшілігінің және БАӘ-нің Қазақстандағы елшілігінің қажеттіліктеріне Астана қаласында және Әбу Даби қаласында жер учаскелерін өтеусіз пайдалануға өзара беру туралы келісімді» ра­тификациялады.

Елдос СЕНБАЙ