Біздің елде супермаркеттер арасында біртүрлі «соғыс» жүріп жатыр. Атысып-шабысатын емес, баға саясаты арқылы нарықтан ысыратын ымырасыз соғыс. Бұл – сауда саласындағы соғыстың классикалық тәсілі. Бұл соғыстың солдаты – маркетолог, жеңімпазы – тұтынушы. Әзірге жеңіс туы Magnum дүкендер желісіне өткендей. Жеңіс туын тұрақты желбірету тынымсыз еңбек пен бәсекелестерден басым тұруды талап етеді. Өйтпеген жағдайда Ramstore желісінің кебін киеді.
Бизнес заңы: біреулер келеді, біреулер кетеді...
Иә, еліміздегі Ramstore дүкендер желісі жабылып жатыр, бұл ақпарат тұтынушыларды елең еткізбей қоймады. Себебі «қабағынан қар жауған» дүкеншінің алдында именіп сауда жасап келген тұтынушыларды өркениетке бір табан жақындатқан осы Ramstore желісі еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында батыс үлгісіндегі инфрақұрылымы бар алғашқы сауда орталығы ретінде ашылған Ramstore супермаркеттер желісі тұтынушы талғамын өсіруге ықпал етті. Алайда соңғы жылдары тұтынушымен арасы алшақтап кетті, кесірінен сатылым азайды. Ramstore желісінің иесі – түріктің Migros ticaret A.Ş. компаниясы супермаркеттердегі сатылымды сараптап, желіні жабу туралы шешім қабылдады. Өйткені осы жылдың алғашқы жартысында біздің елдегі сатылымы Migros Ticaret A.Ş. компанияның жалпы сатылымының 0,8%-ын ғана құраған. Сарапшылар Ramstore желісінің жабылуынан саяси астар іздеудің қажеті жоқ екенін айтады. Қазақстан франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Кисиковтің пікірінше, Ramstore супермаркеттерінің жабылуына азық-түлік бөлшек сауда нарығындағы бәсекенің күшеюі себеп, бары сол. – Көп жыл бойы алдыңғы шепте болған бұл желіге бәсекелес форматтар пайда болды. Сәтті бәсеке дегеніміз не? Бұл – өзгеру және өзгерген жағдайға бейімделу қабілеті. Ал Ramstore өзгеруге ұмтылмады, – дейді ол. Консалтинг компанияның бас директоры Лев Тетин Ramstore желісінің жабылатыны 5 жыл бұрын белгілі болған деп отыр. Ramstore супермаркеттер желісін басқарушы компания сол кезден бері сатып алушы іздей бастаған, бірқатар келіссөз болғанымен, бірде-бір сатып алушымен келісім жасалмапты. Себебі желі бағасын тым қымбатқа бағалаған. Салдарынан уақыттан ұтылған топ-менеджерлер жауапкершілігі төмендеді. Оның үстіне, жаңа супермаркеттер ашу тоқтап, айналымдағы қаражат азайған. Маркетологтердің пайымынша, бұл желінің жабылуы қазақстандық нарыққа еш әсер етпейді. Себебі оның орнын басқа ритейлер басады, желінің тұрақты клиенттері жаңа өнім мен жақсы ассортименті бар оператордың тұтынушысына айналады. Енді өзге супермаркеттер Ramstore тұтынушылары үшін күреседі. Бұл ретте жылына 20-30 супермаркет пен гипермаркет ашып жатқан Magnum-ның бәсі артық тұр. Жылына бұл желі арқылы 3 миллионнан астам адам сауда жасайды екен. Еліміздің 9 өңірінде 85 филиалын ашып үлгерген компания негізі қаланған 13 жылдың ішінде бюджетке 38 млрд теңге салық төлепті. Жыл сайын төлеген салығы көбейіп келеді. Мысалы, биылдың өзінде бюджетке 9 млрд теңге құйған. Маркетолог Нұржан Әбдіразақтың айтуынша, Қазақстанда супермаркеттер нарығы қалыптасты. – Бірақ атап өтер нәрсе бар, бұл нарықта әр өңірдің өз лидері мен монополистері бар. Алматыда Magnum, Ақтөбе мен Орал қалаларында «Дина» мен «Анвар» супермаркеттері. Бірақ бұл брендтер тұтынушы талабын зерделеп отырмаса, ғұмыры ұзаққа бармайды. Себебі кез келген бизнестің даму кезеңі болады. Ramstore баға саясаты мен маркетингті босаңсытып, бәсекеге төтеп бере алмады. Magnum секілді супермаркеттер алдын орап кетті», – дейді.Ramstore-дың орнын қай ритейлер басады?
Ramstore шетелдік бренд болатын. Түрік компаниясының бастамасымен жұмыс істеді. Сатылым азайып еді, жаба салды. Ал шет мемлекеттердегі белгілі сауда желілері жарты ғасыр бұрын құрылған. Мысал ретінде француздың Auchan Holding корпорациясының Auchan азық-түлік гипермаркет желісін айтуға болады. Auchan Holding әлемнің 17 мемлекетінде 4 мыңға жуық дүкен ашқан. Бұл желіде 350 мыңнан астам адам еңбек етеді. Соның 2,5 мыңнан астамы холдинг акционерлері саналады. 2017 жылы жылдық айналымы 52 млрд еуроны құраған желі Қазақстанға келген емес. Көрші Ресейде алғашқы гипермаркетін 2002 жылы ашып, бүгінде оның санын 109 гипермаркет, 191 супермаркетке жеткізген. Ресейдің 41 мыңнан астам азаматын жұмыспен қамтып отыр. Ал Қазақстандағы Ramstore желісі жабылған соң жүздеген адамның жұмыссыз қалғаны анық. Кезінде сол желі қазақстандықтарды жұмыспен қамту үшін ашылды емес пе? Оның үстіне, ол еліміздегі алғашқы супермаркет желісі болғандықтан, ашылуына сол кездегі Президент, бүгінгі Елбасы қатысқан еді... Айтқандай, 2007 жылы әлгі француздың Auchan холдингі түріктің Enka компаниясымен келісім жасап, бір гипермаркеті мен 13 дүкенді ұзақмерзімді жалға алады. Мәміледен кейін ребрендинг жасап, Enka компаниясының Ramstore дүкендерін Auchan Citi етіп өзгертіп жібереді. Біз мұны неге айтып отырмыз? Қазақстандағы Ramstore супермаркеттерінің орнына салмақты ритейлердің келетіні айтылып жатыр. Алайда атауы құпия күйінде тұр. Сол ритейлер Auchan болуы мүмкін бе? Жауабы әзірге белгісіз. Ресейлік «Пятерочка» желісі келеді деген ақпарат тарап еді, ол да бос сөз болып шықты. Қазақстан нарығына қай ритейлер келсе де ұтылмайды, себебі карантин кезінде табысының көп бөлігін азық-түлікке жұмсайтындардың көшін біз бастадық. Жалпы, біздің елде супермаркеттер нарығына қатысты ақпарат аз. Супермаркеттердің ресми сайты сатылымдағы тауар мен өткізілетін акциялар мен жеңілдіктердің жарнамасына ғана толып тұр. Ал шет мемлекеттердегі ірі супермаркеттер желісінің иелері мен табысы туралы мәліметті ашық дереккөзден жылдам табасыз. Біздің мысалымыздағы Auchan сауда желісінің қожайыны кім, табысы қанша, қанша салық төлейді, бәрі-бәрі белгілі. Ал Қазақстандағы супермаркеттердің қожайыны туралы мардымды ақпарат жоқ. Мысалы, Magnum-ның иесі туралы ақпарат әртүрлі. Ашық деректерді ақтара келе, Magnum Cash & Carry-дің негізін қалаған Александр Гарбер екенін білдік, бірақ бүгінде оның қолында бұл желінің бірде-бір акциясы қалмаған. Forbes Kazakhstan-ның Қазақстанның 50 бай бизнесмені рейтингінен орын тиген ол Prima Distribution, Prima балмұздақ, Prima Outlet Group, Prima Brand-тің және Magnum желісінің жеткізушілері саналатын TG Trade, Tea House иесі. Гарбер негізін қалаған брендтің бүгінгі иесі басқа – Caspian Trading Investment Co. Ltd еншілес компаниясы. Айтқандай, Magnum желісіне KaspiBank құрылтайшысы Вячеслав Кимнің де қатысы бар. Ол өзінің банктегі акцияларының бір бөлігін сатып, одан түскен қаражатты Magnum Cash & Carry акцияларын сатып алуға жұмсаған. Сөйтіп, Magnum-ның 35% акциясының иесі атанды. Түптеп келгенде, қарапайым тұтынушы үшін Magnum-ның да, басқаның да иесі кім екені маңызды емес. Маңыздысы – сапалы әрі арзан өнімге қол жеткізу. Өкінішке қарай, соңғы кезде супермаркеттер сөресінен мерзімі өткен, құрттаған өнімнің шыққаны туралы жазылып жүр. Сондықтан супермаркеттің қожайыны кім болса да, сапалы өнім ұсынуға тырысқаны жөн. Әйтпесе, нарықтағы орнын басқаға босатуына тура келеді... Сөйтіп, супермаркеттер «соғысында» жеңіліске ұшырайды.Халима БҰҚАРҚЫЗЫ