Ақтоты Райымқұлова: «Қазақфильмді» жекешелендіруге жол бермедік»
Ақтоты Райымқұлова: «Қазақфильмді» жекешелендіруге жол бермедік»
176
оқылды

Ақтоты Рахметоллақызы, жақында Мемлекет басшысы «Мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл заң мәдениет саласындағы өзекті мәселелерге нүкте қоя алды ма?

– Бұлай кесіп айтуға келмейді. Себебі бір ғана заңның шешімімен барлық түйткілдің түйінін түбегейлі тарқату әсте мүмкін емес. Сол себепті аталған заңмен мәдениет саласындағы өзекті мәселелерге нүкте қойылды деп айту қисынсыз. Десек те, бірқатар проблеманың шешімін табуға септігін тигізгені рас. Айталық, осы заңмен «Мәдениет туралы» заңға кітапхана және баспа ісі, мәдени-бұқаралық іс-шаралар, шығар­машылық одақтарды қолдау және басқа да мәселелерге өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді. Соның ішінде музы­калық шығармаларды орындау­шылардың фонограммаларды пайда­лануы жөнінде көрерменге хабарлау нормасы енгізіліп отыр. Осы орайда, қолдану практикасында бұл норманы бұзу фактілерінің саны артқан жағдайда әкімшілік жауапкершілік шараларын енгізу жөнінде мәселені уәкілетті орган – Әділет министрлігімен бірге  қарастырады. «Мәдениет туралы» заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар бойынша қол жеткізген басты жетістігіміз әрі жеңісіміз мемлекеттік мәдени нысандар ешуақытта жекешелендіруге жатпайды. Мысалы, «Қазақфильм» ғимаратын жеке­шелендіруден сақтап қалдық. Сон­дай-ақ осы заңның  21-бабына сәйкес, бірқатар мәдениет ұйымына «Ұлттық» мәртебесі берілді. Олар: Құрманғазы атын­дағы Қазақ мемлекеттік академиялық ха­лық аспаптар оркестрі, М.ƏӘуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Қазақстанның Ұлттық кітап­ханасы бар. Күні кеше Алматы қаласында болып, аталған ұйымдардың ұжымымен кездесіп қайттым. Олар бұл жаңалықты зор қуанышпен қабылдады. – Жаңа заңға сәйкес, бұдан былай бар­лық жарнамалық өнімде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайда­лану бойынша хабарлама берілуі тиіс. Бұл шектеу әншілердің фонограммамен ән айтуына түбегейлі шектеу қоя ала ма? – Иә, іс жүзінде заңда ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйым­дастырушылар орындаушылардың фоно­грамманы қолданатыны туралы көрер­менді алдын ала хабардар етуге міндетті. Фонограммаларды пайдалану тәртібі заңға сәйкес арнайы актімен айқын­далады, құжатта фонограмманы пайда­ланылатыны туралы көрерменді хабардар етудің тиісті ережелері бекітіледі. Актінің жобасы әзірленді, онда фонограмманы пайдалану туралы ақпарат барлық жар­намалық өнімде көзделеді деп көрсетіліп отыр. Осылайша, музыкалық туын­дыларды орындаушылардың ойын-сауық қызметтерін көрсету кезінде фоно­граммаларды пайдалануы туралы нұсқау афишаларда, сөз сөйлеу бағдар­лама­ларында, жарнамалық проспектілерде және басқа да баспа ақпаратында қамтылады, сондай-ақ теле және радио жарнамаларында және жарнамалық роликтерде белгіленеді. Сонымен қатар тиісті ақпарат касса жанындағы аймақ­тарда да орналас­тырылуы керек. Көрерменнің құқығын қорғау мен талғампаз тыңдарманның шынайы өнер­ді бағалауына жол ашу деген осыдан бас­талады. Өйткені көрерменге фонограмма қолданылатын концертке ақы төлеу немесе одан бас тартуға еркіндік беріледі, бұл билеттің бағасына да әсер етеді. Әлгінде айтқанымыздай, аталған нор­ма алғаш рет енгізіліп отыр, сондықтан нәтижеге қарай шешім шығарамыз. Егер осы норма бойынша құқықбұзушылықтар көп тіркелсе, министрлік ӘҚБтК-де жауапкершілік нормасын енгізу бойынша жұмыстарды бастайды. Бұл ретте ӘҚБтК-не жекелеген дербес заң жобасымен түзетулер енгізілетінін ескеру қажет және бұл жағдайда министрлік мәселені уәкілетті орган – Әділет министрлігімен пысықтайды. Заң жобасын әзірлеу барысында, яғни норманы енгізбес бұрын біз мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде фонограммаға тыйым салу мәселесін пысықтадық. Бұл үшін халықаралық тәжірибе де, кәсіби сарапшылардың, орындаушылар, продюсерлер, ұйым­дастырушылардың, ивент компа­ниялар қауымдастығы мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің пікірлері де ескерілді, нәтижесінде бүгінгі жағдайда фонограмманы пайдалану туралы кө­рерменді міндетті түрде хабардар ету мәселесі ең қолайлы шешім болды. Бұл да өте тиімді құрал екеніне сенімдіміз, сөзсіз оң нәтиже береді және плюстық фонограмманы қолданатын орындаушылар санының азаюына ықпал етеді. Себебі әртістер тыңдарман тарту үшін жанды дауыста орындауға жанын салары хақ. Сонымен қатар мәселені пысықтау кезінде өңірлердің техникалық мүмкіндіктері ескерілді, біздің нарық бүгінде фонограммадан толық бас тартуға дайын емес. Осыған байланысты шектеу шараларын кезең-кезеңімен енгізу көзделіп отыр. – Пандемия мәдениетке де кесірін тигізбей қойған жоқ. Жоспарда бекітілген фильмдер биыл жарыққа шыға алмады. Бұл кино саласына шығын әкелмеді ме? – Коронавирус пандемиясы күнделікті өмір салтымызды сап тыйып, оқшаулануға мәжбүрлегені рас. Соның ішінде спорт пен мәдениет саласына да кесірін тигізді. Дегенмен осындай сындарлы кезеңде де мәдениет пен спорт саңлақтары, қайрат­керлері халықтың еңсесін көтеруге тіке­лей атсалысып, жаңа форматта жұмыс істеуге жол ашты. Яғни, пандемия кезінде мәдениет саласында жұмыс бір сәтке де тоқтаған жоқ. Білім беру ұйымдарында сабақ, дәрістер онлайн форматта өтті. Оркестр, театрлар да өз өнерін көрерменге онлайн форматта ұсынды. Өзге мемле­кеттерде театрлары жабылып, оркестрлер тарап жатқанда елімізде жаңа өнер ошақтары құрылғанын өздеріңіз ес­тідіңіздер. Ал сіз айтқан кинематография саласы расында шығынға ұшырап, коронавирус індеті киноиндустрияны тұралатып тастағаны рас, себебі барлық фильмнің түсіру жұмыстары тоқтатылды. Кино­театрлардың жабылуы, премьералардың белгісіз уақытқа шегерілуі  бәрімізге оңайға соқпады, тіпті жылдар бойы жасалған прокаттау схемалары бір мезетте бұзылды. Кино түсіруге кеткен ақшаның басым бөлігі кинотеатр арқылы ғана кері қайтарылады. Ал оқшауланған кезде бұл процесс тұрғындар денсаулығына қауіп төндіретінін ескеруіміз керек. Алайда бұл тұста да бірқатар жұмыс атқарылды. Министрлік «Қазақфильм» қорындағы фильмдерді республикалық телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы көрсетіп жатыр. Киногерлер түсірілім алаңында жұмыс істей алмағанымен, шығарма­шылық жұмыс жалғасып жатты. Бірі – фильм сценарийін, бірі жұмыс кестесін рет­теумен айналысты. Қазір жалпы 49  киножоба өндірісте екенін және өндіріс барысында қатаң санитарлық талаптардың сақталып жат­қа­нын атап өткім келеді. 2020 жылы ре­жис­сер Жаңабек Жетіруовтың «Шыңы­рау», жапон киногерлерімен бір­лесіп тү­сір­ген (режиссерлері Ерлан Нұр­мұхам­бетов пен жапондық режиссер Лиза Такеба) «Барымташылар. Уақыт жолдары» атты көркем фильмдерді прокат­қа шы­ғару жоспарланған болатын. Өздеріңіз білетіндей, елімізде каран­тин жарияланған күннен бастап бірінші болып жабылған кинотеатрлар енді ғана қайта іске қосылып, белгіленген талаптар бойынша көрермендерді қабылдап жатыр. Алайда қазір кинотеатрлардың болашақтағы қызметі туралы бір нәрсе айту қиын болып тұр. Соған қарамастан жоғарыда айтылған фильмдер келесі жылы үлкен экранға шығады деп үміт­тенеміз. – Әртістер қауымы көбіне өздерін-өздері көтеріп жүр. Ал сол мәдениет пен спорт саласының қызметкерлерін мем­лекеттік деңгейде қолдау мәселесі қалай жүзеге асуда? – Мәдениет және спорт қызмет­керлерін қолдау –жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі. Қолдау бойынша істеліп жатқан жұмыстар да аз емес. Мы­салы, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде орта есеппен  50%-ға дейін, өңірлерде 35%-ға дейін өсті. Жалпы, мұндай өсім шамамен 34 мың адамды қамтыды. 2020 жылдың басынан бастап кәсіптік қызметін тоқтатқан және кәсіби еңбек өтілі кемінде 20 жыл болатын балет әртістеріне ай сайын соңғы 3 жылдық орташа жала­қысының 60%-ға дейінгі мөлшерінде төлемақы берілетін болды. Республиканың құрметті атақтары мен мемлекеттік наградаларына ие болған шығармашылық және мәдениет қызметкерлерін, сондай-ақ Қазақ­станның мәдениетін құруға, сақтауға, дамытуға зор үлес қосқан дарынды жас шығармашыл жандарды мемлекеттік тұрғыда қолдау үшін жыл сайын 75 адамға Тұңғыш Президент – Елбасының мә­дениет саласындағы стипендиясы 240-тан 660 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Жыл сайын ғылым, мә­дениет және өнер саласындағы дарынды жастар Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының лауреаты атанып келеді.

Кино­театрлардың жабылуы, премьералардың белгісіз уақытқа шегерілуі бәрімізге оңайға соқпады, тіпті жылдар бойы жасалған прокаттау схемалары бір мезетте бұзылды. Кино түсіруге кеткен ақшаның басым бөлігі кинотеатр арқылы ғана кері қайтарылады. Ал оқшауланған кезде бұл процесс тұрғындар денсаулығына қауіп төндіретінін ескеруіміз керек.

Ерекше мәртебесі бар мәдениет және өнер саласындағы жоғары оқу орындары­ның профессор-оқытушыларының ла­уазымдық жалақыларының 1,75 коэф­фициенті сақталған. 2020 жылғы 1 қаң­тар­дан бастап мәдениет және спорт са­ласындағы мамандандырылған мектеп және колледж педагогтерінің жалақысы жыл сайын 2023 жылға дейін 25%-ға ұлғайып отырады (2020 жылы – 25%, 2021 жылы – 50%, 2022 жылы – 75%, 2023 жылы – 100%). Спорт саласындағы жат­тық­тырушы-оқытушылар, мұғалімдер, 4 мектеп-интернат, колледж бен спорт кол­леджі тәрбиешілерінің, балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жат­тықтырушы-оқытушыларының жа­лақысы көтеріледі. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтеріне сабақ­тан тыс спорт жаттығуларын жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақының 100% мөлшерінде қосымша ақы беріледі. Бұдан бөлек, спортшылардың до­пингке қарсы зертханасының, Ұлттық допингке қарсы орталықтың қызмет­керлеріне, денешынықтыру және спорт жөніндегі республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының, Спортты дамыту дирекциясының қызметкерлері мен жаттықтырушыларына лауазымдық жалақының 100% мөлшерінде жаңа қосымша ақы белгіленді. Осылайша, олардың жалақысы 2 есеге артты. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Сала қыз­меткерлерін әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі дамытуды, жұмыстың ерек­шеліктері бар мамандар үшін төлем мә­селесін пысықтауды жоспарлап отырмыз. Бұл мамандықтың беделін арттырып қана қоймай, салаға білікті кадрлардың келуіне ықпал етеді. Осы орайда, барлық облыс басшыларымен арнайы меморандумға қол қойғанымызды да айта кеткім келеді. Өңір басшылары осы меморандум не­гізінде және заңға сәйкес жас педа­гогтер мен дәрігерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдауды мәдениет, өнер және спорт саласындағы мамандарға да көр­сететін болады. Әр әкімдікпен келіссөздер жүргізіп, мәдениет, өнер, спорт саласы өкілдерінің тұрғын үймен қамтамасыз етуі, балаларының балабақшаға алынуы­нан бастап барлық әлеуметтік мәселелерін шешуге көмек қолын созуы керек деген шешімге келдік. – Мәдениет пен спорт – мемлекеттің сыртқы имиджін қалыптастыратын күш. Осы екі салада жаңа жарық жұлдыздар шығару бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Дұрыс айтасыз, ел мәдениеті мен спортының жетістіктері Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройын асқақтататыны айқын. Еліміздің мә­дениетінде де, спортында да ауыз тол­тырып айтарлықтай жетістіктер бар. Қазақ өнері қазақстандық ауқымнан шығып, ғаламдық масштабтарға бағыт түзеп отыр. Мәселен, таяуда Павлодар облысы Ақсу қаласының тұрғыны Иманбек Зейкеновтың америкалық орындаушы Saint JHN-тің Roses әніне ремиксі Billboard музыкаға арналған журналының жыл қорытындысы бо­йынша бірінші орынға  көтеріліп, жылдың үздік би әні деп танылды. Ал «Балалар еуровидениесі» байқауында жеңімпаз атанып, екінші орын алған жас әнші Қарақат Башанованың талантына бүкіл әлем қол соқты. Өздеріңізге белгілі, жақында талантты боксшымыз Данияр Елеусінов Американың беделді промоутерлік ұйымының белдігіне ие болды. Негізі, мұхит асып, қазақ спортын әлемге танытып жүрген спортшыларымыз баршылық. Жәнібек Әлімханұлы – өзінің бағын кәсіби бокстан іздеп жүрген талантты жастарымыздың бірі. Күні кеше ғана IBF және IBO титулдарын қорғап, жойқын жеңісімен жанкүйерлерін қуантқан Геннадий Головкин бар. Бүгінде қазақ боксшылары әуесқой, кәсіпқой бокста болсын, бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп, өзін әлемдік деңгейде мойын­датты. Сонымен қатар олимпиадалық спорт түрлерінде таланттар өсіп келеді. Қазақстандық каратэші Дархан Асадилов Токио Олимпиадасына тарихи лицен­зияны иеленді. Себебі бұған дейін каратэ олимпиада ойындарының бағдар­ламасына енбеген еді. Бұған қоса, Дархан өз салмағында әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Ал гимнаст Нариман Құрбанов жуырда ғана Венгрияда өткен Әлем кубогінің жеңімпазы атанды. Милад Карими деген жас гимнасттан да көп үміт күтеміз. Жалпы, ел спортының мықты резерві қалыптасып келеді. Спорт түрлері бойынша ұлттық құраманың әлеуеті жоғары. Дарынды балаларды әр өңірден тауып, оларды мәдениет және спорт саласында арнайы мамандандырылған орта және жоғары оқу орындарында оқытып, сонымен қатар түрлі халық­аралық спорт жарысы мен өнер байқауына қатыстырып, шеберлігін шыңдасақ, болашақта солардан еліміздің халық­аралық аренадағы абыройын асқақ­тататын жарық жұлдыздар шығады деген сенімдемін. – Халықтың саулығы – басты мәселе. Спорт – халықаралық жарыстарда елдің әлеуетін әйгілейтін сала. Пандемия жағ­дайында бұқаралық спортты дамытуға ба­ғытталған қандай тың бастамаларыңыз бар? – Спорт – денсаулық кепілі, саламатты өмір салты дегеніміз – дені сау азамат, дені сау ұрпақ. Ұлт саулығын, ұлт сапасын ойласақ, бұқаралық спортты назардан тыс қалдыра алмаймыз. Ми­нистрлік тарапынан бастама жетерлік.  Оларды денешынықтыру және спорт мәселесіне қатысты заң жобасына енгізіп, Парламентке тапсырдық. Бұл заңда көп мәселе шешімін тапқалы отыр.  Мәселен, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спорт­қа қолжетімділігі артатын болады. Олар тұратын тұрғын үй кешенінен бас­тап спорт сарайлары мен жаттығу зал­дарында жүріп тұруға жағдай жасалады. Ауыл аймақтарда  денешынықтырумен айналысу деңгейін арттыру міндетін қойып отырмыз. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңей­тілді. Спорт үйірмелері мен секция­ларын, балалар мен жас­өспірім­дердің дене­шынықтыру клубтарын ұйымдастыруға енді әкімдіктер де жұмыл­дырылады. Бала денсаулығының мықты болуы, дұрыс жетілуі мектепке дейінгі кезеңде қалыптасады. Бұл орайда біз ұлттық ойындарға үлкен көңіл бөліп отырмыз. Ұлттық спорт түрлерін денешынықтыру бағдарламасына енгізуді заң жүзінде бекіттік. Министрлік барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада, ірі аудан орталықтарында балалар үйірмелерінің қызметін қайта жаңғыртуға бағытталатын ақшалай қара­жатты қайта бағдарлау шараларын іске асыруда. Халықты бұқаралық спортпен ай­налысуға тартудың маңызды ком­поненттерінің бірі – саламатты өмір сал­тын насихаттау. Министрлік қабыл­даған кешенді жоспарға сәйкес, теле­визиялық сюжеттер, фильмдер, бейне­роликтер, акциялар, мастер-кластар, флешмобтар, ашық есік күндері, әртүрлі конкурстарды іске асыру қарастырылған. Жалпы, барлық жас санаттары арасында денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын халықты қамтуды 2025 жылға қарай 45 пайызға немесе 7,5 млн адамға жеткізуді көздеп отырмыз. – Қазақ өнері қай деңгейде? Қамшы басатын тұсымыз, қолға алар ісіміз қайсы? – Қазақ өнері өзіне лайықты биігінде тұр. Мен мұны өнердің кез келген саласындағы саңлақтар, әлемдік арена­ларда алдыңғы орындардан ойып тұрып орын алған азаматтарымыз, талайдың таңдайын қақтырған таланттарымыз арқылы дәлелдей аламын. Өнер неге өз биігінде? Әлбетте, өнердің деңгейі тек жарыстардағы жетістіктермен өлшен­бейді. Оған «Ел іші – өнер кеніші» дейтін халқымыздың өнерге бір табан жақын және өнерліні көкке көтеретін кісілік қасиеті де негіз болады. Дегенмен қай нәр­сенің де жүйесі болмаса, бекер. Мә­селен, өнер адамдарының кәсіби тұрғыда маман болып қалыптасу жолдары (өнер мектептері, колледждер, университеттер, ЖОО-дан кейінгі біліммен) жүйеленген, талаптының шеберлігін шыңдайтын, кейін сол адамнан маман даярлайтын оқу орындары да жетерлік. Ал ел экономикасы мен сыртқы иммиджінің төте туннелі саналатын туризм саласында білікті кадрлар тапшы. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Орталық Азияның ежелгі қалаларының бірінде – Түркістан қала­сында Халықаралық туризм және спорт университетін ашуды қолға алдық. Уни­верситет Орталық Азиядағы осы саладағы алдыңғы қатардағы жоғары оқу орны болмақ. Аталған жаңа ЖОО туризм сала­сының ғана емес, спорт және қолөнер және қалпына келтіру бағыттары бо­йынша жоғары бәсекеге қабілетті ма­мандар даярлайтын болады. Қазір бұқара­лық спортты дамытамыз деп жанталасып жатырмыз ғой, ал оны да алға сүйрей­тін – кәсіби кадрлар, яғни спорт жаттық­тырушылары. Дәл осы маман да қазір қат болып тұр. Сондықтан алда ашылатын университетке артар үміт орасан. Бірақ жоғары оқу орнында жаттықтырушы болуды таңдайтын талапкерлер көп болуы үшін жас ұрпақты спортқа баулу керек. Бұл үшін біз үйірмелер жұмысын жандандыруды қолға алып жатырмыз. Сондықтан алдағы уақытта спорт саң­лақтарының саны артып, мықты бап­кер­лер қатары толығады деген сенімдемін. Мә­дениет және спорт саласындағы же­тістіктерді үнемі бақылап, назардан тыс қалдырмайтын тілші қауымға да алғысым шексіз. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС