Биыл көрнекті қоғам қайраткері, қазақтың біртуар азаматтарының бірі Мұстафа Шоқайдың 130 жылдығы. Ел тәуелсіздігінің тарихында ерекше орны бар тұлғаның ерлігі мен еңбегі бізге де, бізден кейінгі ұрпаққа да – үлгі. Күллі қазақ халқының болашағы үшін жанын берген ұлы тұлға туралы қанша айтылып, жазылса да артық емес.
Мұстафаның мұраты
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай да қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дүйім жұртының азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының беткеұстар мақтанышы болып келген», – дейді. Дүйім жұрттың баласы деген атаққа әбден лайық азаматтың бірі де бірегейі — Мұстафа Шоқай. Осыдан 130 жыл бұрын 25 желтоқсанда сол кездегі Сырдария губерниясы Ақмешіт уезі Наршоқы ауылында, қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келген. Мұстафаның өмір сүрген уақытында хат танып, беделді жерде білім алу сирек болған. Алдымен Сұлутөбе стансасындағы орыс мектебінің бастауыш сыныбында оқып, кейін Ташкенттегі гимназияға түседі. Оны үздік бітірген болашақ қайраткер Санкт-Петербор университетінің заң факультетіне оқуға мүмкіндік алады. Міне, білімге құштар, саналы, көзі ашық болатыны сол кезден-ақ байқалса керек. Оның қайраткерлігі сонау университет қабырғасынан басталған. Себебі студент шағынан түркі-мұсылман студент жастарының қозғалысына қатысады. 1917 жылы сәуірдің 16-21-і аралығында Ташкентте өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының І съезіне қатысып, оның төралқасына мүше болып сайланды. «Бірлік туы» газетінің негізін қалап, оның алғашқы редакторы болады. Түркістан өлкесіндегі жергілікті халық мүддесін қорғауды мақсат еткен қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметін үйлестіру үшін құрылған «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесіне» төрағалық етті. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысып, Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылады. Ол аздай, университет бітірген кезде, 1917 жылы Түркістан өлкесі мұсылмандарының төтенше IV съезінің төралқасына басшылық етіп, осы съезд шешімімен құрылған Түркістан (Қоқан) автономиясының 54 адамнан тұратын Уақытша халық кеңесі құрамына сайланды және жаңа Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі болады. Уақытша үкіметтің төрағасы М.Тынышбаев қызметінен кеткеннен кейін оның орнына Мұстафа Шоқай сайланған. Сол кезден кейін Шоқай белсенді түрде бел буып кірісіп, біртұтас автономия құру мәселесін көтереді. Осы қадамдарына байланысты ол қудаланып, шетелге эмиграцияға кетуге мәжбүр болады. Қанша қиындық көрсе де, табандылық соңына дейін күресті. 1940 жылы Парижге неміс әскері кіргенде, Мұстафа Шоқай тұтқынға алынып, бірнеше ай концлагерьде отырып шығады. Көп ұзамай Мұстафа Шоқай Берлиндегі «Виктория» ауруханасында күмәнді жағдайда көз жұмып, қаладағы мұсылмандар зиратына жерленді.Мұстафа Шоқай туралы деректер
- Ата-бабасы қыпшақ руының белді әулетінің адамдары болған. Атасы Торғай датқа Сырдария облысындағы бірнеше ауылды басқарған, ал әкесі ауыл-аймаққа белгілі әділ би болған. Туыстары да талай қудалау көрген. Торғай датқадан – Шоқай, Шоқайдан – Сыздық, Мұстафа, Нұртаза туады. Інісі Нұртаза мен Торғай датқаның тағы бір ұлы Қалымбеттің Мырзеке атты ұлы 1937 жылдың аяғында Шымкентте атылып кетеді. Шоқаймен бірге туған Әліш, Қалымбет, Оспандардың балалары да қасіретке толы 1937 жылдың тауқыметін көп тартқан. Туған ағасы Сыздықтың екі ұлы Мүсілім мен Ерғали ІІ дүниежүзілік соғыста қаза тапқан. Қазір Қызылорда облысында Сыздық, Әліш, Қалымбеттен тараған ұрпақтар бар.
- Мұстафа Шоқай ана тілінен бөлек, бірнеше тілде сөйлей алатын полиглот болған. Атап айтқанда, ағылшын, француз, түрік, өзбек, орыс тілдерінде еркін сөйлеген.
- Қоқан қаласында құрылған «Түркістан автономиясын» большевиктер «заңсыз» үкімет деп жариялаған соң, оның басшыларын тұтқындау туралы қаулы шығады. Автономия басшысы болған Мұстафа Шоқайдың басы үшін 1 000 сом сыйлық тағайындалған.
- Қайраткердің екі әйелі болған. Біріншісінен ұрпақ сүймеген. Екінші әйелі Мәрия Шоқайдан екі қыз, үш ұлы болған. Мәрия Яковлевна-Шоқай жары туралы былай деген екен: «Ол әрдайым: біздің Түркістан үшін ең қорқыныштысы – халықтың бірлігінің болмауы. Мен өзіміздің әлсіз екенімізді жақсы білемін. Мен халқымның тыныштығын және бірлігін қалаймын. Сондықтан да Швейцария мемлекетінің үлгісімен федерациялық мемлекет құрғым келеді» дейтін.
- Эмиграцияда жүріп «Таймс», «Шафак», Journal of Royal Central Asian Society сынды белді ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынаста болған. «Жаңа Түркістан», «Жас Түркістан» атты басылымдарды шығарып тұрған.
- Сонымен бірге большевиктердің жұмысы туралы түрік, ағылшын және француз тілдерінде лекция оқып, Парижде Түркістан ұлттық бірлестігіне жетекшілік еткен.
- Тіпті, ІІ дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан қиын-қыстау кезеңнің өзінде мақала жазу әдетін тастамаған. Тұтқындар лагеріндегі жұмысы кезінде де естеліктер мен алған әсерін қағазға түсіріп отырған.
- 1941 жылы 27 желтоқсанда қайраткер өмірден өтті. Ресми анықтамада «сүзектен қайтыс болды» деп көрсетілген. Әйтсе де, жұбайы Мәрия Шоқай Мұстафаның Түркістанда сүзекпен ауырғанын, сәйкесінше онда бұл ауруға иммунитет болуы тиіс екенін айтыпты. Жұмбақ әрі күмәнді өлім деп айтатын себептің бірі – осы.
- Бүгінде Мұстафа Шоқайдың денесі Берлиндегі мұсылман бейітінен орын тапқан.
- Түркістан көсемі Францияның Ножан-Сюр-Марн қаласында 20 жылдай тұрды. Қазір Шоқай тұрған үйдің жанына мемориал тақта орнатылған.
Қайраткердің даналығы
Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп-дамиды, жемiс бередi.***
Ұлттық рухтың негiзi – ұлттық тiл.***
Бiз құл болып тұра алмаймыз. Бiз ұлт азаттығымызды аламыз.***
Ағалар, қыпшақ деген ұлт болмайды, қазақ деген ұлт бар. Егер әрқайсысымыз бөлiнiп, қыпшақтың көсемi, арғынның көсемi, үйсiннiң көсемi болып жатсақ, бiздiң халық азады.***
Төлқұжат деген нәрсе «ұлт» бермейдi, оның «ұлтын» өзгерте алмайды. Төлқұжат деген нәрсе сол төлқұжат иесiнiң оны берушi үкiметке тәуелдi екенiн ғана куәландырады.***
Ылғи да Отаныма қайту ойында жүремiн және соған жету үшiн тырысамын. Демек, атамекенiмдi құтқару үшiн күресемiн.***
Қазақпын деп мақтануды ар көретiн, қазақтың тiлiнде сөйлеудi масқаралық көретiн салт қайдан шығып отыр? Балалардың көбi не қазақ, не орыс болып тәрбиеленбей, шөре-шөре бiрдеме болып өсiп жатқанын неге көрмейсiңдер?***
Өзiнiң iшкi бiрлiгiн нығайта алған халықтар ғана тәуелсiздiгiне қол жеткiзе алады және оны қорғап қала алады.***
Жалпы, адамгершiлiк және философиялық тұрғыдан алғанда жақсы халық, жаман халық деген ұғым жоқ, болмайды да.***
Тарих – рақымсыз. Ол – ғұламаны да, бiлгiрдi де, өнер иесiн де, хандар мен патшаларды да аямайды. Ол өз заңына қарсы келгендердiң бәрiн езiп-жаншып жүре бередi. Тарих заңдары керi қайтуды бiлмейдi және оны жаратпайды.***
Атамекендi сүю – оның тұтас мүддесiне қызмет ету, осы жолда әрқашан қызмет етуге, керек болса жан пида қылуға дайын тұру.Дайындаған Айша ЕРСҰЛТАН