Қайраткер тұлға Мұстафа Шоқай
Қайраткер тұлға Мұстафа Шоқай
493
оқылды

Биыл көрнекті қоғам қайраткері, қазақтың біртуар азаматтарының бірі Мұстафа Шоқайдың 130 жылдығы. Ел тәуелсіздігінің тарихында ерекше орны бар тұлғаның ерлігі мен еңбегі бізге де, бізден кейінгі ұрпаққа да – үлгі. Күллі қазақ халқының болашағы үшін жанын берген ұлы тұлға туралы қанша айтылып, жазылса да артық емес.

Мұстафаның  мұраты

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихы­ның айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, ты­ны­сын сезінеміз. Сондықтан халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсін­ген, қандай да қиын-қыстау жағ­дайда оны адал орын­даудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дүйім жұртының азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай ке­зеңінде болсын, олар өз ұлтының бетке­ұстар мақтанышы болып келген», – дейді. Дүйім жұрттың баласы деген атаққа әбден лайық азаматтың бірі де бірегейі — Мұстафа Шоқай. Осыдан 130 жыл бұрын 25 желтоқсанда сол кездегі Сырдария губерниясы Ақмешіт уезі Наршоқы ауы­лында, қазіргі Қызылорда облысы Шие­лі ауданында дүниеге келген. Мұста­фаның өмір сүрген уақытында хат танып, беделді жерде білім алу сирек болған. Алдымен Сұлутөбе стансасындағы орыс мектебінің бастауыш сыныбында оқып, кейін Таш­кенттегі гимназияға түседі. Оны үздік бі­тірген болашақ қайраткер Санкт-Петер­бор универ­ситетінің заң факультетіне оқуға мүмкіндік алады. Міне, білімге құш­тар, саналы, көзі ашық болатыны сол кезден-ақ байқалса керек. Оның қайраткерлігі сонау университет қабырғасынан басталған. Себебі студент шағынан түркі-мұсылман студент жас­тарының қозғалысына қатысады. 1917 жылы сәуірдің 16-21-і аралығында Таш­кентте өткен Түркістан өлкесі мұсыл­мандарының І съезіне қатысып, оның төралқасына мүше болып сайланды. «Бір­лік туы» газетінің негізін қалап, оның алғашқы редакторы болады. Түркістан өлкесіндегі жергілікті халық мүддесін қор­ғауды мақсат еткен қоғамдық-саяси ұйым­дардың қызметін үйлестіру үшін құрылған «Түркістан өлкесі мұсыл­мандарының ор­талық кеңесіне» төраға­лық етті. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысып, Бүкілре­сейлік құрылтай жина­лысына депутаттық­қа кандидат ретінде ұсынылады. Ол аздай, университет бітірген кезде, 1917 жылы Түркістан өлкесі мұсыл­­ман­дарының төтенше IV съезінің төрал­қасына басшылық етіп, осы съезд шеші­мімен құрылған Түркістан (Қоқан) автоно­миясының 54 адамнан тұратын Уақытша халық кеңесі құрамына сай­ланды және жаңа Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі болады. Уақытша үкіметтің тө­раға­сы М.Тынышбаев қыз­метінен кеткен­нен кейін оның орнына Мұстафа Шоқай сайланған. Сол кезден кейін Шоқай бел­сенді түрде бел буып кірісіп, біртұтас авто­номия құру мәселесін көтереді. Осы қа­дам­дарына байланысты ол қудаланып, шетелге эмиграцияға кетуге мәжбүр бола­ды. Қанша қиындық көрсе де, табандылық соңына дейін күресті. 1940 жылы Парижге неміс әскері кіргенде, Мұстафа Шоқай тұтқынға алынып, бірнеше ай конц­лагерьде оты­рып шығады. Көп ұзамай Мұстафа Шо­қай Берлиндегі «Виктория» ауру­хана­сында күмәнді жағдайда көз жұмып, қа­ла­дағы мұсылмандар зиратына жер­ленді.

Мұстафа Шоқай туралы деректер

  • Ата-бабасы қыпшақ руының белді әулетінің адамдары болған. Атасы Торғай датқа Сырдария облысындағы бірнеше ауылды басқарған, ал әкесі ауыл-аймаққа белгілі әділ би болған. Туыстары да талай қудалау көрген. Торғай датқадан – Шоқай, Шоқайдан – Сыздық, Мұстафа, Нұртаза туады. Інісі Нұртаза мен Торғай датқаның тағы бір ұлы Қалымбеттің Мырзеке атты ұлы 1937 жылдың аяғында Шымкентте атылып кетеді. Шоқаймен бірге туған Әліш, Қалымбет, Оспандардың балалары да қасіретке толы 1937 жылдың тауқыметін көп тартқан. Туған ағасы Сыздықтың екі ұлы Мүсілім мен Ерғали ІІ дүниежүзілік соғыста қаза тапқан. Қазір Қызылорда об­лысында Сыздық, Әліш, Қалымбеттен тараған ұрпақтар бар.
  • Мұстафа Шоқай ана тілінен бөлек, бірнеше тілде сөйлей алатын полиглот болған. Атап айтқанда, ағылшын, фран­цуз, түрік, өзбек, орыс тілдерінде еркін сөй­леген.
  • Қоқан қаласында құрылған «Түр­кістан автономиясын» большевиктер «заңсыз» үкімет деп жариялаған соң, оның басшыларын тұтқындау туралы қаулы шығады. Автономия басшысы болған Мұс­тафа Шоқайдың басы үшін 1 000 сом сыйлық тағайындалған.
  • Қайраткердің екі әйелі болған. Бірін­шісінен ұрпақ сүймеген. Екінші әйелі Мәрия Шоқайдан екі қыз, үш ұлы болған. Мәрия Яковлевна-Шоқай жары туралы былай деген екен: «Ол әрдайым: біздің Түр­кістан үшін ең қорқыныштысы – ха­лықтың бірлігінің болмауы. Мен өзіміз­дің әлсіз екенімізді жақсы білемін. Мен хал­қымның тыныштығын және бірлігін қа­лаймын. Сондықтан да Швей­цария мем­лекетінің үлгісімен федера­циялық мем­лекет құрғым келеді» дейтін.
  • Эмиграцияда жүріп «Таймс», «Ша­фак», Journal of Royal Central Asian Society сынды белді ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынаста болған. «Жаңа Түр­кістан», «Жас Түркістан» атты басы­лым­дарды шығарып тұрған.
  • Сонымен бірге большевиктердің жұмысы туралы түрік, ағылшын және фран­цуз тілдерінде лекция оқып, Па­­рижде Түркістан ұлттық бірлестігіне жетекшілік еткен.
  • Тіпті, ІІ дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан қиын-қыстау кезеңнің өзінде мақала жазу әдетін тастамаған. Тұтқындар лагеріндегі жұмысы кезінде де естеліктер мен алған әсерін қағазға түсіріп отырған.
  • 1941 жылы 27 желтоқсанда қайрат­кер өмірден өтті. Ресми анықтамада «сү­зектен қайтыс болды» деп көрсетілген. Әйтсе де, жұбайы Мәрия Шоқай Мұста­фаның Түркістанда сүзекпен ауырғанын, сәйке­­сінше онда бұл ауруға иммунитет болуы тиіс екенін айтыпты. Жұмбақ әрі күмәнді өлім деп айтатын себептің бірі – осы.
  • Бүгінде Мұстафа Шоқайдың денесі Берлиндегі мұсылман бейітінен орын тап­қан.
  • Түркістан көсемі Францияның Но­жан-Сюр-Марн қаласында 20 жылдай тұрды. Қазір Шоқай тұрған үйдің жанына мемориал тақта орнатылған.

Қайраткердің даналығы

Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рух­тың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азат­­­тығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп-дами­ды, жемiс бередi.

***

Ұлттық рухтың негiзi – ұлттық тiл.

***

Бiз құл болып тұра алмаймыз. Бiз ұлт азаттығымызды аламыз.

***

Ағалар, қыпшақ деген ұлт болмайды, қазақ деген ұлт бар. Егер әрқайсысымыз бөлiнiп, қыпшақтың көсемi, арғынның көсемi, үйсiннiң көсемi болып жатсақ, бiздiң халық азады.

***

Төлқұжат деген нәрсе «ұлт» бермейдi, оның «ұлтын» өзгерте алмайды. Төлқұжат деген нәрсе сол төлқұжат иесiнiң оны берушi үкiметке тәуелдi екенiн ғана куәландырады.

***

Ылғи да Отаныма қайту ойында жүре­мiн және соған жету үшiн тырысамын. Демек, атамекенiмдi құтқару үшiн кү­ресемiн.

***

Қазақпын деп мақтануды ар көретiн, қазақтың тiлiнде сөйлеудi масқаралық көретiн салт қайдан шығып отыр? Бала­лардың көбi не қазақ, не орыс болып тәрбие­ленбей, шөре-шөре бiрдеме болып өсiп жатқанын неге көрмейсiңдер?

***

Өзiнiң iшкi бiрлiгiн нығайта алған халықтар ғана тәуелсiздiгiне қол жеткiзе алады және оны қорғап қала алады.

***

Жалпы, адамгершiлiк және филосо­фиялық тұрғыдан алғанда жақсы халық, жаман халық деген ұғым жоқ, болмайды да.

***

Тарих – рақымсыз. Ол – ғұламаны да, бiлгiрдi де, өнер иесiн де, хандар мен патша­ларды да аямайды. Ол өз заңына қарсы келген­дердiң бәрiн езiп-жаншып жүре бередi. Тарих заңдары керi қайтуды бiлмейдi және оны жаратпайды.

***

Атамекендi сүю – оның тұтас мүддесiне қызмет ету, осы жолда әрқашан қызмет ету­ге, керек болса жан пида қылуға дайын тұру.

Дайындаған Айша ЕРСҰЛТАН