Қырғыз суына қашанғы тәуелді боламыз?
Қырғыз суына қашанғы тәуелді боламыз?
128
оқылды

Нәсібін  қара жерден тауып жүрген шаруаларға қажеттісі – ағын судың келуі. Алайда бүгінге дейін Жамбыл облысы қырғыз суына тәуелді болып келгені жасырын емес. Сол себепті де жергілікті билік осы мәселеге айрықша мән беріп, қоймалар мен каналдардың құрылысын  бастаған-ды.  Алайда мұндай шаралар қырғыз суына тәуелділіктен арылта ала ма?

«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кә­сіпорнының облыстық филиалы директоры Қазыбек Бедебаевтың айтуынша,  бүгінде мекеменің теңгерімінде 7 су қоймасы, 11 су торабы, 2 бөгет және жалпы ұзындығы 3 342 шақырымды құрайтын  491 канал бар екен. – Биыл Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы 5 ауданда 310 каналды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Ал «Суармалы жер тиімділігін арттыру мақсатында «Ирри­гациялық-дренаж жүйелерін жетілдіру» жоба­сының 2 кезеңі бойынша Жамбыл және Қор­дай аудандарында қолға алынған  құрылыс жұ­мыстары 2021 жылы  толығымен аяқталады. Жос­парлы жұмыс діттеген межесіне жеткенде  10 мың гектар жер айналымға қосылады. Дәл сон­дай  Шу ауданындағы каналдардың құ­рылысы да келер жылы бітеді деп күтілуде, – дейді директор. Шу мен Мойынқұм аудандарын ағын су­мен қамтамасыз ететін Тасөткел су қоймасы қа­зір 57 пайызға толған. Келер жылдың суы көп­жылдық орташа көрсеткішке сәйкес болса су тапшылығы болмайды. Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы  сыйым­дылығынан 17 пайызға ғана толып отыр. Қордай ауданындағы Қарақоңыз су қоймасы да 25 пайызға толған. Қақпатас су қоймасы бол­са, 10 пайыздық  межені ғана  көрсетіп тұр. Ақкөл көлі 21 пайызға жетсе, Ынталы, Бүр­кітті және Жартас су қоймаларында су тапшылығы болмайды деп жоспарланып отыр. «Әрине, аталған су қоймаларына жина­латын су көлемі жауын-шашын мен таудан келетін қар суына да байланысты. Алайда  келер жылы құрылысы аяқталатын  каналдар ағын судың мол қорын жинауға көмектеседі дегенге сенім мол», – дейді филиал директоры. Облыс әкімдігі Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековтің сөзіне сүйенсек,  коммуналдық меншіктегі су қоймаларының  жағдайы алаңдатарлық күйде екен. – Коммуналдық меншіктегі 106 су қой­масы арқылы суғарылатын жер көлемі 8 100 гектарды құрайды. Бүгінде су қоймаларында 5,35 миллион текше метр су жиналған. Жал­пы,  қоймалардың жобалық сыйымдылығы – 132,3 миллион текше метр. Көктемге дейін 96,4 миллион текше метр су жиналады деп күтілуде. Алайда 9 су қоймасына су жиналмау қаупі бар. Мәселен, Жамбыл ауданындағы Сұлукөл су қоймасы қазір құрғап жатыр. Биыл шілде-қыркүйек айларында құрыл­ған жұмысшы топ су қоймалары маңындағы 2 110 гектарды пайдалануға болатынын анық­тады. Бірақ аталған жерлер қойма деңгейінен жоғары тұрғандықтан, оған су үнемдеу технологиясын пайдалану керек. Міне, осы жұмысқа аудан әкімдері көңіл бөлмей, 106 су қоймасының тек Ақсу, Сарғау және Береке сияқты үшеуінде ғана  су үнемдеу тех­нологиясы орнатылып отыр. Жалпы, су қоймаларының бүгінгі жағ­дайына келер болсақ, 41-нің техникалық жағ­дайы жақсы, 40-ы орташа және 25-де тө­мен. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы» аясында 130 миллион теңгеге 10 су қой­масы ағымдағы жөндеуден өтті. Сонымен қатар 5 су қоймасын жөндеуге 50 миллион теңге бөлінді. Осы жерде айта кетерлігі, соңғы 2 жылда жөнделген 32 су қоймасына 220 миллион теңге қазына қаржысы жұмсалды. Яғни, 1 қойманы жөндеуге 6,9 миллион теңге жұм­салуда. Егер «Жамбыл су қоймасы» мекемесіне 1 экскаватор мен 15 тонналық жүк көлігін алып берсе, шығын 50-60 пайызға дейін азаяр еді. Оған дәлел Майтөбе су қоймасын жөндеу сметасы 6 миллион теңгені құраса, оған өз күшімізді салып цемент, жанармай және темір бұйымдарына бар-жоғы 500 мың теңге шы­ғындадық. Осы жүйені қазір біз жоғары жаққа ұсынып отырмыз, – дейді басқарма басшысы.  Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жөнделген Жуалы ау­данындағы бұрын су мүлде жиналмаған Қай­рат, Береке, Жарбұлақ және Шетбұлақ су қой­маларына су жинау мүмкіндігі туса, 6 су қой­масында дамбыларды нығайту жұмыстары жүргізілген. Осының есебінен келер көктемде ағын су мол болады деп күтілуде. Мұны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңын­да өткен брифингте айтып, алдағы жыл­дары Жамбыл облысы қырғыз суына тәуел­діліктен арылатынын хабардар еткен. Әсіресе, аймақ басшысы  биыл күрделі жөндеу көр­ген Ақкөл су қоймасы мен келер жылы қо­сымша жаңартудан өтетін Тасөткел су қой­масына айрықша сенім білдірді. Сондай-ақ Бердібек Машбекұлы құрылысы келер жылға өтпелі нысандар да ағын судың мол қорын жинауға септігін тигізетініне үміт артты. Әрине, қоймаларды жаңартып, канал­дарды тазалау ағын суды шаруаларға жеткізуде көп септігін тигізетіні анық. Алайда  бұл қыр­ғыз суына тәуелділіктен толықтай арылтады дей алмаймыз. Ал айыр қалпақты ағайын Жам­был облысын көктем сайын ағын сумен қы­сатыны баршаға белгілі. Сондықтан бізге сыйым­дылығы жоғары су қоймасы қажет еке­ні айдан анық. Бұл жөнінде облыс әкімі Бер­дібек Машбекұлы Қордай мен Байзақ ау­дандарынан үлкен су қоймаларын  салу ту­ралы бастамасынан хабардар еткен. Енді тек осы жобалардың  жүзеге асуын  күтейік.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы