Шымкенттегі алаяқтық
Шымкенттегі алаяқтық
233
оқылды

Алаяқтықтың өмір сүру салтымызға соңғы 15 жылдың көлемінде дендеп еніп алғаны сонша бұл терминге елдің құлағы үйрене бастады. Прокуратура және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қайта-қайта дабыл қағып, азаматтарды сақтандырып-ақ келеді. Бірақ арбауға түсіп, алданып қалатындар әлі азаяр емес.

Биыл интернет алаяқтар кө­бей­ді. Ақпараттық технологиялар арқылы жасалатын қылмыстың бұл түрі  карантин кезінде жиі­леген. Шымкент қалалық По­лиция департаменті Тергеу бас­қарма­сының басшысы, полиция пол­ков­нигі  Дәулеткелді Әбдр­аманов  алаяқтықтың бұл түрін табу бір­шама қиындық туды­ратынын ай­тады. «Қиын болғанда қылмыс­керді ұстау жұмыстары  бірнеше сатыдан өтіп барып басталады. Біреудің жеке мүлкі саналатын телефонды тексеру үшін санкция, яғни құзырлы органнан рұқсат ке­рек. Біршама уақыт ұстайтын осындай тірліктері болмаса, мұны да заң талаптарында көрсетілген уақыт ішінде реттеуге болады. Алайда адамдардың бір-бірімен кез­десуі арқылы жасалған қыл­мыс­тың ашылуы  неғұрлым оңай.  Қазір елдің көзі ашық, ин­тернет дүкеннен зат алмас бұрын ол ту­ралы ақпаратты толық біліп алуға болады. Оның басшысы кім, қан­ша жылдан бері жұмыс істеп келе­ді, осының бәрін тексеруге бо­лады. Бір күн ашылып, ертесіне жа­былып қалатын алаяқ фирмалар кө­бейген. Олардың сайттары бел­гілі болып тұрады. Сондықтан әр­бір тұрғынның абай болуын үне­мі айтып жүреміз», – дейді ол. Шымкент қаласында жалпы тір­келген қылмыстардың 30 па­йызы – алаяқтық. Яғни, қазір алаяқтық бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысынан кейінгі орында тұр. Мәселен, жыл басында рес­публика деңгейінде   қоғамда үл­кен наразылық тудырған «Лом­бард-24», «Выгодный займ» және «Эстейт Ломбард» компаниялары шымкенттіктерді де айналып өтпеді. Шымкент қаласы бойынша осынау алаяқ фирмалардан алдан­ған  11 мыңға жуық жәбірленуші бар. Оларға келтірілген шығын  – 3 млрд 74 млн 586 мың теңге. Тергеу басқармасының басшысы алдан­ғандардың арасында белгілі аза­мат­тар да бар екенін айтады. «Не­гізі, Ақтөбе қаласының тұр­ғын­дары фирманы Алматы қала­сынан ашқан. Бұл ком­пания­лар Шым­кент қаласындағы көп­шілік ең көп жүретін Қонаев, Жел­тоқсан кө­шелерінде өз фи­лиал­дарын құра­ды. Сөйтіп, адамдарды ақ­шалай да, заттай да сазға отыр­ғызған. Тұрғындар автокөліктері мен жеке тұрғын үйлерін және жер учаскелерін кепілге қойғанымен,  ол басқа тараптарға сатылып кеткен. Одан бөлек, несие алып ақша салғандар да көп», – дейді ол. Бұдан бөлек,     GOLD  LTD  –   1 200 жә­бірленушіні, «Бай бо­лу­ға мил­лион мүмкіндік» – 2 300, «Индиго 24 Эволюшн» – 700, «Гепард Ломбард» – 2 және «Ай­лин Форе­вер» 180 жәбір­ленушіні алдап соқ­қан. «Жәбірленушілер полицей­лерге неге алаяқтардың алдын алмадыңыздар, неге олардың жұмыс істеуіне рұқсат бердіңіздер деп ренжіп жатады. Негізі, олар Әділет департаментіне тіркеліп, қолдарындағы лицензиясымен келіп, заңды жұмысын бастайды. Ал жеке кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жарияланғанын біле­сіз­дер. Біз өздігімізден ешқандай кәсіпкерлердің жұмысына киліге алмаймыз. Егер арыз-шағым түсіп жатса,  дер кезінде жұмысты бас­тап кетер едік. Жалпы, қыл­мыс­тың тез ашылуына да оқиғаның дер кезінде хабарлануы үлкен ма­ңыз ойнайды», – дейді басқарма бас­шысы Дәулеткелді Әбдр­аманов. Жалпы, Шымкент қаласында жыл басынан бергі 11 айда тергеу басқармасының өндірісінде қар­жы­лық пирамидасын құру бойын­ша 32 қылмыстық іс тіркеліп, оның 18-і аяқталған. Қал­ғанына тергеу амалдары жүру­де. Өткен жылдың осы уақытымен салыс­тырғанда, алаяқтық қылмыс 2 420-тан 3 125-ке, яғни 705 дерек­ке көбейіп отыр. Ал 700 ақпараттық жүйені пай­далану арқылы, яғни интернет алаяқтық қылмысының 202-і өнді­ріс­тен аяқталып, 170-і айып­тау актісімен сотқа жолданған. «Жалпы, алаяқтық – ықылым заманнан бері келе жатқан қылмыстың түрі. Бірақ соңғы 15 жыл көлемінде бірден өсті. Елі­мізде дағдарыс, ақша тапшылығы болған тұстары елді алдап, қи­тұрқы әрекеттермен пайда көру­шілердің қатары көбейді. Әр кезең­ге қарай алаяқтықтың түрі мен әдістері өзгеріп келеді. Біздің қа­зақ негізі сенгіш, аңғал халық. Жо­ғарыда айтып өткен «Лом­бард-24», «Выгодный займ»   сын­ды компаниялар осыдан 10 жыл бұрын Ресейде болып кеткен. Біз­дің елімізге енді келді», – дейді тағы бірде басқарма басшысы. Ұйым­дасқан қылмыстық топтар қалада 1-1,5 жыл көлемінде жұмыс істеген. Басқарма басшысының айтуынша, жыл басында құрық­талған қылмыстық топтың жәбір­ленушілері одан кейін тіркеле бастапты. Қалада соның есебінен алаяқтық қылмыс көбейгенін ай­та­ды. Алайда биыл наурыз айынан бері созылып келе жатқан каран­тин жағдайында мұндай іспен айналысушылар аз болған. Есе­сіне, интернет алаяқтық әрекеттер көп. Әр заманның өзіне лайық қылмысы сияқты, балапан басы­мен болып кеткен кезеңде алаяқ­тар енді интернет арқылы алдап түсіруге көшкен. Жалпы, алаяқтықтың түрі көп. «Үй алып беремін», «нотариустан рәсімдеп беремін», «команда жи­нап ақша салсаң, бірнеше пайы­зын аласың» деген сияқты сызба­лары да бар. Жоғарыда атап өткеніміз­дей, жәбірленушілердің ба­сым бөлігі екінші деңгейлі банк­терден несие алып, ақша құйған. Енді олар «мемлекет осы несиені жа­уып берсе» деді. Бұл тұрғыда Поли­ция департаменті тарапынан қа­зір біршама жұмыс ат­қарылған. «Банк өкілдерін ша­қырып, тү­сін­діру жұмыстарын жүр­гізіп жа­тырмыз. Соттың өн­діру туралы шешімі  шықпай банк  еш нәрсе істей алмайды.Тым бол­мағанда несиенің пайызын тө­мен­дету ша­ра­ларын қарас­тыруды сұрадық. Жал­пы, арыз жазушылар үлкен үмітпен келеді. Оларға қылмыс­кердің сотталғаны, жазасын өтегенінен көрі өздерінің ақшасын өндіріп бергені маңызды. Түрлі адам бар, ашуланып, айқай­лап, дөрекі  сөйлеп келеді. Жаны қи­налған соң мұндай әрекеттерге баратынын түсінеміз. Бәріне де көмектескіміз келеді. Бірақ біз заң шеңберінен асып кете алмаймыз. Жәбірленушілерге арыз жазып жатқанда міндетті түрде қаулыны алып алуы керек екенін ескерткім келеді.  Қаулыны банкке апарып өткізсе де болады. Ал сотқа талап-арыз жазғанда ақшаны өндіру туралы арызды қоса тіркетуі тиіс. Сонда іс бірге қаралып кетеді. Барынша мұқият болатын кез келді деп ойлаймын», – дейді бас­қарма басшысы. – Қазір ұйымдасқан қылмыс­тық топтан 56 азамат қамауға алынған. Бүгінде қылмыстық іс аяқталып, жан-жақтағы барлық іс біріктіріліп,  Ішкі істер министр­лігіне тапсырылыпты. Ішкі істер министрлігімен тергеу амалдары аяқталып, айыпталушы тараптан қылмыстық  іс-құжаттарымен танысу жүргізіліп жатыр. Одан соң жә­бірленушілер тарапынан танысу болады. Алайда жәбір­ленушілер іс-құжаттарымен та­нысу үшін  Ақтөбе қаласына ба­руға қиналып отыр, – дейді тер­геу­шілер.   Жалпы, алаяқтық қылмыспен күрес жұмыстарына басым бағыт берілген. Ол үшін 3 жедел тергеу тобы құрылып, 15 тергеуші 10 жедел уәкіл және 8 учаскелік по­лиция инспекторы жұмыл­дырыл­ған. Күн сайын селекторлық жиын­да да осы мәселе міндетті түрде сөз болады. Демек, қазір алаяқ­тық күйіп тұрған тақырып. Айта кетейік, 3 жылдан 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айырылу жауапкершілігін жүк­тейтін бұл қылмысқа бұрын не­гізінен әйелдер көп баратын. Ал қазір ер-азаматтарымыз да алаяқ­тықпен айналысудан алдына жан салар емес. Демек, олардың да осы деңгейге түскені жанға батады...

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы