Жылқыбай Жағыпарұлы: «Ақмола көтерілісі» тұтастықты сақтап қалды
Жылқыбай Жағыпарұлы: «Ақмола көтерілісі» тұтастықты сақтап қалды
668
оқылды

1979 жылғы 16 маусымда бүгінгі елорда, сол кездегі Целино­град қаласында болған халықтың қарсылық шеруіне – «Ақмола көтерілісіне» биыл қырық жыл толды. Бұл көтеріліс туралы жиі айтыла бермейді. Содан болса керек, ел мен жердің тұтастығын сақтап қалған тарихи оқиғаның қырық жылдығы да елеусіз өте шықты. Біз осы көтеріліске тікелей қатысқан және осы оқиғаның ақтаң­дақтарын ашқан, «Ақмола көтерілісі» атты деректі эссе жаз­ған белгілі журналист, жазушы Жылқыбай Жағыпарұлын әңгімеге тарттық.

– «Желтоқсан көтерілісі» туралы жиі айтамыз, ал «Ақмола көтерілісі» ауыз­­ға алынбайды. Бүгінгі жас буын бі­ле қоймайтын халық күресі қалай бас­­талып еді? Өзіңіз қырық жыл бұ­рын­­ғы көтеріліске қалай қосылды­ңыз?

– 1979 жылдың он алтыншы мау­­сы­мы сенбі болатын. Таңмен та­ласа Ленин атындағы орталық алаң­ға аяқ бастым, себебі мұнда жыл­дағы дәстүр бойынша облыстық кәсіптік-техникалық білім беру бас­қар­масының оқу бітіруші түлек­те­ріне салтанатты жағдайда куәлік тап­сыру рәсімі өткізілмек. Редак­ция тапсырмасы бойынша осы мерекелік шарадан репортаж жазуға тиіс едім. Ол кезде Целиноград об­лыс­­тық «Коммунизм нұры» газетін­де кіші әдеби қызметкер ретінде еңбек жолымды бастағаныма бір жыл­дың өрмегі ауған. Кенет орта­лық алаңға Ленин және Бейбітшілік көшелерінің бойымен тәртіппен шеру тартқан екі топ үнсіз келіп кірді. Бастапқыда оларды кәсіптік-техникалық училище түлектері екен деп ойладым. Бірақ алаңға келген­дер училище түлектеріне еш ұқса­май­тын еді. Олар алаңға кірісімен шиыршықтап оралған транспарант­та­рын жазып, көтере бастады. Ме­нің көзім екі қыз екі шетінен ұс­тап көтерген, үлкен ақ ватман қағазға жазыл­ған «Біз автономияға қарсы­мыз!» деген жазуға түсті. Одан әрі­рек қалың топтың ортасынан жігіт­тер бастарынан асыра көтерген «Вели­ка Республика Казахстан, но она для всех одна!», «Советтік Қа­зақ­стан бөлінбейді!» деген ұран­дар Арқаның таңғы самалымен асқақ тербеліп тұрды. Басында түсіне қоймадым. Сәлден кейін тас түйін болып келген топтың ортасынан үш-төрт адам бөлініп, алдын ала құры­лып қойған мінберге көтерілді. Сұң­ғақ бойлы, қияқ мұртты, келбет­ті келген жас жігіт қолына дыбыс күшейткішті алып, жиналғандарға мән-жайды баяндап берді. Оның айтуынша, Кеңестер Одағы Комму­нис­тік партиясы Саяси бюросының ұйғарымы бойынша, Қазақ КСР-інің территориясында орталығы Ерейментау қаласы болатын неміс автономиялық облысы құрылмақ екен. Жақында Қазақстан Компар­тия­сы Орталық Комитетінің екінші хатшысы Коркин бастаған ми­нистр­лер Ерейментау қаласында бо­лып, ұйымдастыру шараларын бел­гілепті. Содан кейін ол халықтың аты­нан жазылған «Қарсылық үнде­уін» оқыды. Орысша жазылған үн­деу­дің мағынасы Қазақстан тер­риториясында Неміс ұлттық авто­номиялық облысын құру тура­лы ой, халықтың ерекше ашу-ыза­сын кел­­­тіріп, жергілікті тұрғын­дар қа­зақ­тар арасында наразылық туғы­зып жатыр. Осыған байланысты ха­лық Қазақстан территориясында неміс ұлттық автономиялық облы­сын құруға қарсылық білдіреді және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінен өті­нішті қанағаттанды­руын сұрай­ды. Сол үшін қол қоямыз дегенге саяды.


DSC_6605.JPG

Фото: Ж.Жағыпарұлының жеке архивінен алынды

«Қарсылық үндеуін» тыңдаған соң маңдайым тасқа соғылғандай есең­гіреп кеттім. «Бұл қалай, Қазақ­станды бөлшектей бастағаны ма? Бүгін неміс автономиясы, ертең ұйғыр автономиясы, одан ары тау халықтары да қарап қалмас. Тіпті, сығандардың да үлес сұрауы мүм­кін-ау?! Себебі сол кезеңде Цели­но­г­рад қаласының «Лесозавод» ау­ма­ғын­да сығандардың үлкен диас­­­по­расы көптеген үй салып, са­тып алып отырықшылыққа көше бас­таған». Өз ойымнан өзім шошып кеттім.

Мінберге шыққан студенттердің тағы бірі сөз алып, «біз неміс ұлты­ның Қазақстанда тұруына ешбір қарсылық білдірмейміз. Бірақ «үй ішінен үй тігіп», республика терри­то­риясында автономия құрып, бөлектенуіне қарсымыз» деді. Кенет топ­тың ортасынан: «Маған сөз бері­ңіздерші?!» деп саңқ еткен дауыс шық­ты. Сөйткенше болмай, мін­бер­ге қара торы қазақ қызы жұлқы­на шықты: «Ерейментау – қасиетті де киелі атамекеніміз. Бұл жерден қалмақтарға қарсы соғыста қол бастаған Бөгенбай батыр бабамыз шық­қан, қазақ жерін жат-жұрттық бас­қыншылардан қорғаған басқа да атақты адамдар шыққан. Бұл жер – бізге бабаларымыздан қалған киелі атамекен! Қазақ халқы тірі тұр­ғанда, бұл жерді ешкім ала ал­май­ды. Неміс халқының өз респуб­ли­касын қалпына келтіріп, Волга бойындағы жерлерін берсін. Егер Ерейментауда неміс автономиялық облысын құру туралы жарлық шы­ға­тын болса, сол күні мен осы ор­та­лық алаңға келіп, өзімді-өзім өр­­тей­­мін!» – деді. Қаршадай қыз­дың жүрек­жарды сөзі алаңдағы мың­да­ған жас жүректің қосыла айтқан ащы үкіміндей болды. Автономияға қарсы пікірді айтушылар арасында неміс ұлтының да өкілдері болды.

– Қарсылық шеруі кезінде жер­гі­л­ікті атқарушы органдар тарапынан қандай да бір реакция болды ма?

– Жастар ұрандатып жатқанда алаңға төбесінде дауыс күшейткіші бар радиоавтобус келіп кірген еді. Сол автобустың келуін күтіп тұрған­дай, алаңға үш-төрт адамды баста­ған облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Зейнолла Шайда­ров келді. Ол радиоавтобустың да­уыс күшейткіші арқылы шеруге шыққан жастарға арнап сөз сөйледі. Оның айтуынша, облыс басшыла­рына автономиялық облыс құру жөнінде ешқандай нұсқау келмеген. Тіпті, бұл туралы Алматыда да, Мәс­­кеуде де ешқандай құжат қа­был­­данбаған. Сондықтан ешбір алаң­дамай-ақ, үйді-үйге тарау керек. Бірақ оның сөзі шындыққа жа­нас­­пайтын еді.


DSC_6607 .jpg

Фото: Ж.Жағыпарұлының жеке архивінен алынды

Өзімнің орталық алаңға не үшін келгенімді ұмытып, қылышынан қан тамған Қызыл империяның қысас шешіміне қарсы шыққан қандастарымның ортасына кіре бердім. Ереуілге шыққан топтың қақ ортасында жерлестерім мен достарымды көрдім. Сол қапталдағы бір шоғыр топтың ортасынан газеті­міз­дің белсенді авторы, «Целин­главс­наб» басқармасының инженері Майра Керейбаева көзге жылы ұшы­рады. Майрадан алаңда­ғы қай­сар қыздың ерейментаулық Алтын­шаш Бейсембаева екенін, Ауыл шаруа­шылығы институтында сырт­тай оқитынын білдім.   Сәлден кейін шеру тартқан колонна екіге бөлініп, бірінші топ Ленин көшесінің бойымен «Жастар» сарайына қарай бет алды. Екінші топ Бейбітшілік көшесіне түсіп, теміржол вокзалына қарай тартты. Мен қарасы мол осы топқа қосылдым. Шерудің алдыңғы легінде келе жатқан топ бастаушы­лар дауыс күшейткіш рупормен: «Бауырл­ар, ешқандай тәртіп бұзу­шы­лық болмасын! Сақ болыңдар, арамызда арандатушылардың жүруі де мүмкін! Тосыннан килігіп, төбе­лес­ке шақыратындарға жауап бер­мең­дер! Әсіресе, арақ ұсынатындар­дан сақ болыңдар!» деп кезек-ке­зек, қайта-қайта ескертіп жүрді. Вок­­зал маңайындағы биік үйлердің бал­кондарынан шеруге шыққан жа­с­тарды суретке түсіріп жүрген бір­неше бейтаныс адамды көзім шалды.

Вокзал алдындағы алаңда әдет­те­гі­дей адам қарасы көп көрінді. Дәл осы сәтте Целиноград стан­са­сында ұзақ тұратын бір-екі жолау­шы­лар пойызы келіп тұр екен. Вок­зал алдындағы алаңда жедел­де­тіл­ген митинг басталды. Оған вок­зал­дағы және тоқтап тұрған пойыз­дар­дың жолаушылары да қатысты. Митинг бас-аяғы жарты сағатқа со­зылды, айналасы оншақты ми­нут­тың ішінде алаңда болған ми­тин­гінің ізі де қалмады. Автобус ішін­де пединститутта оқитын Мә­мет досыммен ұшырасып қал­дым. Ол маған митингіде оқылған үндеуді аударуға журналист ретінде көмек беруімді сұрады. Мен осылайша қарсылық шеруін ұйымдастыру­шы­лар тобына қосылдым. 16 маусым­да­ғы шеруден нәтиже шығарылмаса, 19 маусымда үлкен шеру өткізу жос­парланған екен, енді біз соған дайын­дықты бастап, жертөлелерде үлкен транспаранттарды жазуға кіріс­тік.

– Алғашқы шеруден кейін ұйым­дас­тырушыларға қысым жасалды ма?

– Бізге жеткен қауесет бойынша, инс­титутта барлық кафедраның меңгерушілерін жинап, шұғыл жи­на­лыс өткізіліпті. Институтқа об­лыстық және қалалық партия ко­митеттерінің жауапты қызметкер­ле­рі мен үгітшілерінен құралған ар­найы топ келіп жұмыс істеген. Бар­лық студент тізім бойынша тек­се­ріліп, кімнің қайда жүргені қатаң бақылауға алынды. Бүгінгі қарсы­лық шеруге тікелей қатысқан сту­дент­тердің тізімі жасалып жатыр деді. «Үш әріптің» тыңшылары бар­лық жатақхананы тексеруге кірі­сіп­ті. Қатаң жазалау шаралары ойлас­ты­рылып жатқан көрінеді деген үрей шақырған қауесеттер сағат сайын сан құбылып, үздіксіз естіліп жатты. Жертөлеге жиналған жастар советтік биліктің темірдей тәртіп орнатқан жазалау машинасының кешікпей іске қосылатынын жақсы түсінді. Бірақ таразы басында бөл­шек­тену қаупі төнген атаме­кен­нің, тұтастығынан айырылатын туған жеріңнің тағдыры тұр ғой. Біз неміс автономиясы құрылуы мүмкін еке­ні­нен шалғай аудандардың қазақ­тары да құлақтанса, үлкен демеу болар еді деген оймен қаланы өнді­ріс­тік аймақпен жалғастыратын «бүкір көпірдің» жанындағы «АТП-3» ав­токөлік мекемесін бетке ал­дық. Се­бебі шалғай аудандарға жүк таси­тын «ЗИЛ-130» машиналары­ның бәрі – осы мекеменің иелігінде. Алыс аудандарға баратын машина­лар сенбі күні жүктерін тиеп қойып, жексенбі күні ертелетіп жолға атта­на­ды. Біз «АТП-3»-тің атшаптырым ауласының ту сыртынан ішіне кіріп,   үндеу парақшаларын жәшіктердің сырттан көрінбейтін жақтарына жапсырып, кенеп қаптар буылған арқандар арасына жасырдық. Біздің неміс автономиясына қарсы үндеу­ле­ріміз алыс ауылдарға осылай жетті.  

– Аға, осы тұста кішкене шегініс жа­­сасақ, Қазақ КСР аумағында не­міс автономиялық облысын құру идея­сы қайдан шыққан еді?

– 1941 жылғы 22 маусымда не­міс-фашист басқыншылары КСРО-ға тұтқиылдан басып кіруіне байла­ныс­ты кеңестік немістерге деген көз­­қарас күрт өзгереді. Соғыс бас­тал­­ғаннан кейін екі айдың ішінде, яғни 1941 жылдың 28 тамызында «Еділ жағалауындағы аудандарда тұратын немістерді жер аудару» туралы КСРО Жоғарғы Кеңесі Прези­диумының жарлығы шықты. Сөйтіп, РКФСР құрамындағы неміс халқының мемлекеттік құрылымы жойыл­ды. 1941 жылдың 8 қыркүйе­гін­де Иосиф Сталиннің неміс ұлты­ның барлық офицері, сер­жант­тары мен солдаттарын алдың­ғы шеп­тегі әскери бөлімше­лер­ден шұ­ғыл кері шақыртып алып, құры­лыс ба­тальон­дарына жіберу туралы директивасы шықты. Кеңес Ода­ғында тұратын неміс халқының маңдайына басылған «қара таңба» соғыс аяқталғанына дейін жеңіл­де­тіл­меді. Соғыстан кейін олар комен­да­туралық аймақтарға қоныстан­ды­рылды. 1948 жылы 26 қарашада ко­мендатуралық аймақтардан рұқ­сат­­сыз қоныс аударғандарды 20 жыл мерзімге соттау туралы арнайы жар­лық шықты.


DSC_6609 .jpg

Фото: Ж.Жағыпарұлының жеке архивінен алынды

Кеңестер дәуіріндегі еліміздің бодандық тарихының талай-талай ақтаңдақтарын ашқан, «Ақмола көтерілісінің» шежіресін алғаш рет жан-жақты зерттеп, бірнеше кітап жазған қарымды қаламгер Амантай Кәкен «Шырғалаң немесе тағы да неміс автономиясы туралы» атты кіта­бында: «Соғыс біткен соң ар­найы жер аударылған халықтар бұ­рын­ғы атамекендеріне қайта бас­тады. Тек немістер мен Қырым татар­ларына еліне оралуға рұқсат беріл­меді. 1964 жылдың 29 тамы­зын­дағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің құпия жарлығында немістерді қуғын-сүргінге түсіру дұрыс болма­ға­ны, бұл Сталиннің жеке басына табы­ну кезіндегі зорлық-зомбы­лық­тың көрінісі екені атап өтіл­ді... Неміс ағайындар мұндай «қам­қорлықты» жарым-жартылай ақталу деп есептеді. Өйткені құжат­та бұрынғы республиканы қалпына келтіру туралы бір ауыз сөз жоқ... Әділетсіздік көзге ұрып-ақ тұр. Енді іште тынған наразылық шиыршық атып, белсенді қарсылыққа ұласып, шыдамы таусылған белсенді азамат­тар Еділ жағалауындағы орынсыз жойылып кеткен мемлекеттілікті тірілтіуіміз керек деген күреске кірі­сіп кетті. Арыз-шағым жазды, Мәс­кеуге жөңкілді» деп жазды.

Кеңестік неміс халқы өзінің тарихи отанына көшу мәселесін күн тәр­тібіне қойды. 1972 жылы «Ше­тел­ге кететін немістердің бірлестігі» деген ұйым құрылды. Жағдай барған сайын ушыға берді. КСРО-ның халықаралық дәрежедегі беделіне орасан зор нұқсан келді. КСРО-да­ғы неміс халқының мемлекеттік құры­лымын қалпына келтірмейінше жағ­дай түзелмейтініне Кремльдің көзі жетті. Бұл өзекті мәселе Саяси бюроның арнаулы отырысында қаралып, оны жан-жақты шешу міндеті Юрий Андропов басқаратын арнаулы комиссияға тапсырылады. Ақыры ұзақ зерттеліп, жан-жақты қарастырылған неміс автономиясын құру туралы Саяси бюроның арнау­лы қаулысы шығады. Қаулыда Қ­а­зақ КСР-інің құрамында респуб­ли­ка­лық органдарға тікелей бағына­тын Неміс автономиялық облысын құру орынды деп есептелсін. Неміс автономиялық облысын құруға бай­ла­нысты нақты ұсыныстарды жасау Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне тапсырылсын делінген жолдар болды. Осылайша, Неміс авто­номиялық облысын ұйымдас­ты­ру мәселесі Қазақстан Компар­тия­сы ОК-ның екінші хатшысы Александр Коркин бастаған арнайы комитетке тапсырылды. Болашақ авто­номиялық облыстың терри­то­риясына Целиноград, Павлодар және Қарағанды облыстарының бір­неше ауданы, Көкшетау облы­сы­нан Уәлиханов ауданы және Ерей­мен­тау, Екібастұз, Степногорск қа­ла­лары кіретін болды. Автоно­мия­­лық облыстың бірінші хатшысы лауазымына сол кезеңде Целиноград облысы Краснознамен ауданының бірінші хатшысы болып қызмет ат­қар­ған неміс ұлтының өкілі Андрей Браун сайланатын болып бел­гіленіпті. Александр Коркин бас­таған комитеттің бұл ұсыныс­та­рын Кремль толық қолдаған.


Міне, осы міндеттерді жүзеге асы­ру мақсатымен маусым айының ба­сында Қазақстан КП ОК-нің екін­ші хатшысы А.Коркин бастаған рес­публиканың 11 министрі Ерей­мен­тау қаласына келіп, жұмыс жүр­гі­зеді. Сөйтіп, Ерейментау ауда­ны­ның орталығы Еркіншілік селосына көшіріліп, ал Ерейментау қаласын­да­ғы барлық ғимарат болашақ облыстың еншісіне беріледі. Кремль­дің құзырымен тапсырылған бар­­лық міндетті тап-тұйнақтай орын­даған арнайы комиссия КОКП ОК Бас хатшысы, КСРО Жоғарғы Ке­ңесінің төрағасы Леонид Брежд­нев­тің 19 маусымда Жарлық­қа қол қоюын ғана күтіп, 13 маусымда Ерей­ментаудан Алматыға атта­нып­ты. Алайда ойламаған жерден 16 маусым күні Целиноград қала­сын­да неміс автономиясын құруға қарсы­лық білдірген қазақ жастары­ның ереуілі бұрқ ете қалады.  

– Бірақ 16 маусымдағы қарсылық ше­руінен қорытынды шықпады. 19 маусымда екінші рет ереуілге шықты ғой?

– Иә, 19 маусым күнгі ереуілге ха­лық өте көп жиналды. Себебі ал­ғаш­қы студенттер шеруінен бергі өткен төрт күн ішінде Қазақстан аумағында, қазақ жерінде неміс автономиялық облысы ашылғалы жатқанынан хабардар болып үлгер­ген зауыт-фабрикалардың жұмыс­шы­­лары, қарапайым қала тұрғын­да­ры келді. Орталарында кеуделері ордендер мен медальдарға толған абыз ақсақалдар мен ардақты ана­лар да баршылық. Жергілікті атқа­ру­шы органдар да қарап қалмаған екен. «Мелодия» дүкені алдындағы алаңнан орталық алаңға қарай өте­тін Ленин және Карл Маркс көше­ле­рі көлденең қойылған автобустар және әскери жүк машиналарымен жа­былды. Көшелердің ұзына бо­йында қызыл жағалылар мен халық сақшылары қойылды. «Ке­ңестер үйінің» сыртындағы қалтарыста 10-15 автобусқа лық толған ішкі әскер жауынгерлері мен бірнеше өрт сөндіргіш машиналар тұрды.

Енді бір сәтте алаң толы ха­лық­тың ортасынан қолына дауыс кү­шейт­кіш мегафон ұстаған Цели­ног­рад облыстық атқару комитетінің төрағасы Абылайхан Жолмұхамедов көрінді. Ол тәртіп сақшылары мен солдаттар ешкімді де Орталық алаңға өткізбейтінін, бостан-босқа қақ­тығысқа ұрынып, жазаға тарты­ла­тынымызды ескертті. «Талап­та­ры­ңызды облыстық кәсіподақтың мәжіліс залына кіріп айтыңыздар» деді. Бірақ кенеттен топты киіп-жарып, жүзі өрт сөндіргендей қы­зыл жейделі жас жігіт А.Жол­мұха­медовтің қолындағы мега­фон­ды алып, жарықшақ дауыспен жинал­ған жұртқа айғай салды: «Бауырлар, бүгін таңертең ерте Ерейментау қал­асынан осы жиынға қатысу үшін соғыс және еңбек ардагерлері бас­та­ғ­ан екі-үш автобус адам шығып едік. Жарты жолда қаптаған мили­ция автобусымызды тартып алып, адамдарды жаяу айдап алып кетті... Мен жол бойымен тығылып, кез­дей­соқ бір көлікпен зорға жеттім. Бұл не деген сұмдық?!» деп айқай салды. Алаң толы халық буырқанған теңіздей толқып кетті. Шымыр дене­­лі ширыққан жігіттер тосқауыл­ға қойылған автобустардың теж­е­гіш­­терін ағытып, қаңбақтай жол жие­гіне итеріп шығарды. Көлденең тұр­ған жүк машиналарын да көте­ріп, адамдар тасқынына бөгет бол­май­тындай бұрып тастады. Жолдың қос қанатында қаздай тізі­ліп тұрған қызыл жағалылар нө­пір халыққа қарсы тұра алмай кейін серпілді. Ереуілшілер арасы­нан екі жас жігіт билік өкілдері тұрған биік сатыға кө­терілді. Олар алаңға жиналған жұрт­­тың атынан Целиноград об­лыс­тық партия комитетінің бірінші хатшысы Николий Морозовтың халықтың алдына шығуын талап етті. Алаңды тұмшалаған тыныштық тым қорқынышты еді. Жұрт осылай түнеріп тұра берсе, бір жарға ұры­нары анық. Дәл осы сәтте алаң толы адамдардың қалың ортасынан бір әсем қоңыр дауыс Шәмші Қал­дая­қовтың «Менің Қазақста­ным» әнін әуезіне келтіре бастап жіберді. Сол-ақ екен, бүкіл алаң қазақтың ұлттық ұранына айналған қасиетті әнді мыңдаған дауыспен қосыла шырқап кетті. Ал Н.Морозовтың жұрттың алдына шығатын түрі жоқ. Кенет дауыс күшейткіш ұстаған жігіттердің бірі «Морозов» деп айқай салды. Жұрт оны іліп әкетті. Н.Морозов бірден шыға қоймады. Біршама уақыттан кейін шығып, «Қымбатты жолдастар! Кеше бейбітшілік сүйгіш еліміздің қоғамдық өмірінде...» деп халықаралық оқиғаны айта бастап еді, «Неміс автономиясы бола ма, жоқ па? Нақты жауап беріңіз!» «Біз енді алдағанға төзбейміз!» деп   ел айқайлай кетті. Н.Морозов халық қаһарынан шын қаймықты. Сосын «Қадірлі жолдастар! Мен сіздердің алдарыңызға бірден шыға алмадым, Жоғарғы жақтың нақты жауабын күттім. Жаңа ғана, сіздердің алда­ры­ңызға шығар алдында Қазақстан Ком­партиясы ОК-нің бірінші хат­шы­сы Димаш Қонаевпен тіке­лей телефон арқылы сөйлестім. Сіз­дер маған сеніңіздер! КСРО Жо­ғар­­ғы Кеңесінің депутаты ретінде, об­лыстық партия комитетінің бірін­ші хатшысы ретінде Қазақстанда ешқашан және ешқандай неміс ав­то­номиясын құру туралы мәселе­нің күн тәртібіне қойылмайтын­ды­ғын ашық айтамын!» деді.

Жұрт бір сәт сілтідей тынып қал­ды. Қалың топтың ортасынан бі­реулер дуылдата қол соғып жібер­ді. Оларға қосыла бүкіл алаң дүбір­ле­те қол соқты. Біреулер «Уралап» айқайлап жатты. Бұл, шын мәнінде, үлкен жеңіс еді! Қылышынан қан там­ған Қызыл империяның қысас­ты­­ғына қарсы тұрған қазақ хал­қы­ның алғашқы жеңісі болды!

– «Ақмола көтерілісін» жоғарыда қыз­мет еткен ұлт жанашырлары ұйым­­дастырған деген болжам бар. Бұған не айтасыз?

– 1979 жылғы Маусым ереуілін кім­дер ұйымдастыруы мүмкін деген мәсе­ле төңірегінде де қауесет көп. Одақты ойсырата ойландырған осы оқиғадан кейін қырық жыл уақыт өтсе де бұл қауесеттердің ақиқаты айқындалып, нақты нүктесі қойыл­ған жоқ. Төрт күнге созылған осы кө­терілістің бел ортасында жүрген куәгер ретінде бұл бүкілхалықтық шерудің ұйымдастырылуына және оның қорытындысының нәтижелі болуына сол кездері Қазақ КСР бас­шы­лығының, оның ішінде Қа­зақ­стан Компартиясы ОК бірінші хат­­шысы Димаш Қонаев­тың және сол күндері Ақмола қа­ла­­­сына еңбек демалысын сылтау­ра­тып, Шым­кенттен арнайы келген халқы­мыздың біртуар перзенті, қазақ жерінің тұтастығын талай рет сақтап қалған тұлға Жұмабек Тәше­нев­тің тікелей қатысы бар деп есеп­тей­мін. Оған 16 және 19 маусым күн­­дердегі шерулер мен митингі­лер­­дің жоғары тәртіп, шынай сауат­т­ылық пен үлкен мәдениеттілік жағдайында өткізілуі, сол күні Цели­ноград теміржол стансасына бір мезгілде бірнеше жолаушылар пойы­зының келіп тоқтауы, митингі­ден кейін студент жастардың жедел тарап кетуі үшін қала бағыттарында жүретін бос автобустардың ұйым­дас­тырылуы сияқты өзім көзіммен көрген жағдайлар куә. Егер жоғары жақтың тікелей нұсқауы болмаса, тоталитарлық жүйенің дәуірлеп тұрған кезінде КОКП ОК Саяси бюросының шешіміне қарсы шық­қан ереуілге тікелей қатысқан об­лыс­­тық партия газеті қызметке­рі­нің жазаға тартылмай қалуы да қалыпқа сыймайтын құбылыс.

Қалай десек те, 1979 жылғы Мау­­­сым көтерілісінің бүгінгі тәуел­сіз Қазақстан үшін өлшеусіз тағдыр­шеш­ті әсері болғаны даусыз. Егер Мәскеу шешімін өзгерткен маусым оқиғасы болмаса, қазір тәуелсіз Қазақстанның қақ төрінде, ел аста­на­сының дәл іргесінде дербес Неміс авто­номиялық республикасы өмір сүре­тін еді... Егер сол бір 1979 жыл­дың маусым күндері КОКП ОК Сая­си бюросының солақай шеші­мі­не дер кезінде тойтарыс беріл­ме­ген­­де, халықтар достығының «лабо­ра­­­то­риясына» айналған советтік Қа­­зақстанда келесі кезекте ұйғыр авто­­­номиялық облысын ұйымдас­ты­­ру күн тәртібіне қойылатын мә­се­ле еді. Ал қабылданып кеткен шеші­мі­нің қателігін түзеу орны толмас ойранға ұрындыратынын Әзірбай­жан­дағы Таулы Карабах авто­номиялық облысының, Молдо­вия­дағы «Днестр жағалауы респуб­ли­­касы­ның» ащы мысалдары арқы­лы уақыттың өзі көрсетіп отыр. Тарих таразысы азаттық сүйгіш адал халықтың мүддесін қорғап, әділет сал­танат құрды. Қасиетті қазақ жері­нің тұтастығы сақталып қалды. Міне, 1979 жылғы «Ақмола көтері­лі­­сі­нің» Тәуелсіз Қазақстан шежіре­сін­дегі тарихи да, саяси да маңызы осында.


Сұхбаттасқан 
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ