1979 жылғы 16 маусымда бүгінгі елорда, сол кездегі Целиноград қаласында болған халықтың қарсылық шеруіне – «Ақмола көтерілісіне» биыл қырық жыл толды. Бұл көтеріліс туралы жиі айтыла бермейді. Содан болса керек, ел мен жердің тұтастығын сақтап қалған тарихи оқиғаның қырық жылдығы да елеусіз өте шықты. Біз осы көтеріліске тікелей қатысқан және осы оқиғаның ақтаңдақтарын ашқан, «Ақмола көтерілісі» атты деректі эссе жазған белгілі журналист, жазушы Жылқыбай Жағыпарұлын әңгімеге тарттық.
– «Желтоқсан көтерілісі» туралы жиі айтамыз, ал «Ақмола көтерілісі» ауызға алынбайды. Бүгінгі жас буын біле қоймайтын халық күресі қалай басталып еді? Өзіңіз қырық жыл бұрынғы көтеріліске қалай қосылдыңыз?
– 1979 жылдың он алтыншы маусымы сенбі болатын. Таңмен таласа Ленин атындағы орталық алаңға аяқ бастым, себебі мұнда жылдағы дәстүр бойынша облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасының оқу бітіруші түлектеріне салтанатты жағдайда куәлік тапсыру рәсімі өткізілмек. Редакция тапсырмасы бойынша осы мерекелік шарадан репортаж жазуға тиіс едім. Ол кезде Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетінде кіші әдеби қызметкер ретінде еңбек жолымды бастағаныма бір жылдың өрмегі ауған. Кенет орталық алаңға Ленин және Бейбітшілік көшелерінің бойымен тәртіппен шеру тартқан екі топ үнсіз келіп кірді. Бастапқыда оларды кәсіптік-техникалық училище түлектері екен деп ойладым. Бірақ алаңға келгендер училище түлектеріне еш ұқсамайтын еді. Олар алаңға кірісімен шиыршықтап оралған транспаранттарын жазып, көтере бастады. Менің көзім екі қыз екі шетінен ұстап көтерген, үлкен ақ ватман қағазға жазылған «Біз автономияға қарсымыз!» деген жазуға түсті. Одан әрірек қалың топтың ортасынан жігіттер бастарынан асыра көтерген «Велика Республика Казахстан, но она для всех одна!», «Советтік Қазақстан бөлінбейді!» деген ұрандар Арқаның таңғы самалымен асқақ тербеліп тұрды. Басында түсіне қоймадым. Сәлден кейін тас түйін болып келген топтың ортасынан үш-төрт адам бөлініп, алдын ала құрылып қойған мінберге көтерілді. Сұңғақ бойлы, қияқ мұртты, келбетті келген жас жігіт қолына дыбыс күшейткішті алып, жиналғандарға мән-жайды баяндап берді. Оның айтуынша, Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы Саяси бюросының ұйғарымы бойынша, Қазақ КСР-інің территориясында орталығы Ерейментау қаласы болатын неміс автономиялық облысы құрылмақ екен. Жақында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы Коркин бастаған министрлер Ерейментау қаласында болып, ұйымдастыру шараларын белгілепті. Содан кейін ол халықтың атынан жазылған «Қарсылық үндеуін» оқыды. Орысша жазылған үндеудің мағынасы Қазақстан территориясында Неміс ұлттық автономиялық облысын құру туралы ой, халықтың ерекше ашу-ызасын келтіріп, жергілікті тұрғындар қазақтар арасында наразылық туғызып жатыр. Осыған байланысты халық Қазақстан территориясында неміс ұлттық автономиялық облысын құруға қарсылық білдіреді және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінен өтінішті қанағаттандыруын сұрайды. Сол үшін қол қоямыз дегенге саяды.
Фото: Ж.Жағыпарұлының жеке архивінен алынды
«Қарсылық үндеуін» тыңдаған соң маңдайым тасқа соғылғандай есеңгіреп кеттім. «Бұл қалай, Қазақстанды бөлшектей бастағаны ма? Бүгін неміс автономиясы, ертең ұйғыр автономиясы, одан ары тау халықтары да қарап қалмас. Тіпті, сығандардың да үлес сұрауы мүмкін-ау?! Себебі сол кезеңде Целиноград қаласының «Лесозавод» аумағында сығандардың үлкен диаспорасы көптеген үй салып, сатып алып отырықшылыққа көше бастаған». Өз ойымнан өзім шошып кеттім.
Мінберге шыққан студенттердің тағы бірі сөз алып, «біз неміс ұлтының Қазақстанда тұруына ешбір қарсылық білдірмейміз. Бірақ «үй ішінен үй тігіп», республика территориясында автономия құрып, бөлектенуіне қарсымыз» деді. Кенет топтың ортасынан: «Маған сөз беріңіздерші?!» деп саңқ еткен дауыс шықты. Сөйткенше болмай, мінберге қара торы қазақ қызы жұлқына шықты: «Ерейментау – қасиетті де киелі атамекеніміз. Бұл жерден қалмақтарға қарсы соғыста қол бастаған Бөгенбай батыр бабамыз шыққан, қазақ жерін жат-жұрттық басқыншылардан қорғаған басқа да атақты адамдар шыққан. Бұл жер – бізге бабаларымыздан қалған киелі атамекен! Қазақ халқы тірі тұрғанда, бұл жерді ешкім ала алмайды. Неміс халқының өз республикасын қалпына келтіріп, Волга бойындағы жерлерін берсін. Егер Ерейментауда неміс автономиялық облысын құру туралы жарлық шығатын болса, сол күні мен осы орталық алаңға келіп, өзімді-өзім өртеймін!» – деді. Қаршадай қыздың жүрекжарды сөзі алаңдағы мыңдаған жас жүректің қосыла айтқан ащы үкіміндей болды. Автономияға қарсы пікірді айтушылар арасында неміс ұлтының да өкілдері болды.
– Қарсылық шеруі кезінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан қандай да бір реакция болды ма?
– Жастар ұрандатып жатқанда алаңға төбесінде дауыс күшейткіші бар радиоавтобус келіп кірген еді. Сол автобустың келуін күтіп тұрғандай, алаңға үш-төрт адамды бастаған облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Зейнолла Шайдаров келді. Ол радиоавтобустың дауыс күшейткіші арқылы шеруге шыққан жастарға арнап сөз сөйледі. Оның айтуынша, облыс басшыларына автономиялық облыс құру жөнінде ешқандай нұсқау келмеген. Тіпті, бұл туралы Алматыда да, Мәскеуде де ешқандай құжат қабылданбаған. Сондықтан ешбір алаңдамай-ақ, үйді-үйге тарау керек. Бірақ оның сөзі шындыққа жанаспайтын еді.
Фото: Ж.Жағыпарұлының жеке архивінен алынды
Өзімнің орталық алаңға не үшін келгенімді ұмытып, қылышынан қан тамған Қызыл империяның қысас шешіміне қарсы шыққан қандастарымның ортасына кіре бердім. Ереуілге шыққан топтың қақ ортасында жерлестерім мен достарымды көрдім. Сол қапталдағы бір шоғыр топтың ортасынан газетіміздің белсенді авторы, «Целинглавснаб» басқармасының инженері Майра Керейбаева көзге жылы ұшырады. Майрадан алаңдағы қайсар қыздың ерейментаулық Алтыншаш Бейсембаева екенін, Ауыл шаруашылығы институтында сырттай оқитынын білдім. Сәлден кейін шеру тартқан колонна екіге бөлініп, бірінші топ Ленин көшесінің бойымен «Жастар» сарайына қарай бет алды. Екінші топ Бейбітшілік көшесіне түсіп, теміржол вокзалына қарай тартты. Мен қарасы мол осы топқа қосылдым. Шерудің алдыңғы легінде келе жатқан топ бастаушылар дауыс күшейткіш рупормен: «Бауырлар, ешқандай тәртіп бұзушылық болмасын! Сақ болыңдар, арамызда арандатушылардың жүруі де мүмкін! Тосыннан килігіп, төбелеске шақыратындарға жауап бермеңдер! Әсіресе, арақ ұсынатындардан сақ болыңдар!» деп кезек-кезек, қайта-қайта ескертіп жүрді. Вокзал маңайындағы биік үйлердің балкондарынан шеруге шыққан жастарды суретке түсіріп жүрген бірнеше бейтаныс адамды көзім шалды.
Вокзал алдындағы алаңда әдеттегідей адам қарасы көп көрінді. Дәл осы сәтте Целиноград стансасында ұзақ тұратын бір-екі жолаушылар пойызы келіп тұр екен. Вокзал алдындағы алаңда жеделдетілген митинг басталды. Оған вокзалдағы және тоқтап тұрған пойыздардың жолаушылары да қатысты. Митинг бас-аяғы жарты сағатқа созылды, айналасы оншақты минуттың ішінде алаңда болған митингінің ізі де қалмады. Автобус ішінде пединститутта оқитын Мәмет досыммен ұшырасып қалдым. Ол маған митингіде оқылған үндеуді аударуға журналист ретінде көмек беруімді сұрады. Мен осылайша қарсылық шеруін ұйымдастырушылар тобына қосылдым. 16 маусымдағы шеруден нәтиже шығарылмаса, 19 маусымда үлкен шеру өткізу жоспарланған екен, енді біз соған дайындықты бастап, жертөлелерде үлкен транспаранттарды жазуға кірістік.
– Алғашқы шеруден кейін ұйымдастырушыларға қысым жасалды ма?
– Бізге жеткен қауесет бойынша, институтта барлық кафедраның меңгерушілерін жинап, шұғыл жиналыс өткізіліпті. Институтқа облыстық және қалалық партия комитеттерінің жауапты қызметкерлері мен үгітшілерінен құралған арнайы топ келіп жұмыс істеген. Барлық студент тізім бойынша тексеріліп, кімнің қайда жүргені қатаң бақылауға алынды. Бүгінгі қарсылық шеруге тікелей қатысқан студенттердің тізімі жасалып жатыр деді. «Үш әріптің» тыңшылары барлық жатақхананы тексеруге кірісіпті. Қатаң жазалау шаралары ойластырылып жатқан көрінеді деген үрей шақырған қауесеттер сағат сайын сан құбылып, үздіксіз естіліп жатты. Жертөлеге жиналған жастар советтік биліктің темірдей тәртіп орнатқан жазалау машинасының кешікпей іске қосылатынын жақсы түсінді. Бірақ таразы басында бөлшектену қаупі төнген атамекеннің, тұтастығынан айырылатын туған жеріңнің тағдыры тұр ғой. Біз неміс автономиясы құрылуы мүмкін екенінен шалғай аудандардың қазақтары да құлақтанса, үлкен демеу болар еді деген оймен қаланы өндірістік аймақпен жалғастыратын «бүкір көпірдің» жанындағы «АТП-3» автокөлік мекемесін бетке алдық. Себебі шалғай аудандарға жүк таситын «ЗИЛ-130» машиналарының бәрі – осы мекеменің иелігінде. Алыс аудандарға баратын машиналар сенбі күні жүктерін тиеп қойып, жексенбі күні ертелетіп жолға аттанады. Біз «АТП-3»-тің атшаптырым ауласының ту сыртынан ішіне кіріп, үндеу парақшаларын жәшіктердің сырттан көрінбейтін жақтарына жапсырып, кенеп қаптар буылған арқандар арасына жасырдық. Біздің неміс автономиясына қарсы үндеулеріміз алыс ауылдарға осылай жетті.
– Аға, осы тұста кішкене шегініс жасасақ, Қазақ КСР аумағында неміс автономиялық облысын құру идеясы қайдан шыққан еді?
– 1941 жылғы 22 маусымда неміс-фашист басқыншылары КСРО-ға тұтқиылдан басып кіруіне байланысты кеңестік немістерге деген көзқарас күрт өзгереді. Соғыс басталғаннан кейін екі айдың ішінде, яғни 1941 жылдың 28 тамызында «Еділ жағалауындағы аудандарда тұратын немістерді жер аудару» туралы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығы шықты. Сөйтіп, РКФСР құрамындағы неміс халқының мемлекеттік құрылымы жойылды. 1941 жылдың 8 қыркүйегінде Иосиф Сталиннің неміс ұлтының барлық офицері, сержанттары мен солдаттарын алдыңғы шептегі әскери бөлімшелерден шұғыл кері шақыртып алып, құрылыс батальондарына жіберу туралы директивасы шықты. Кеңес Одағында тұратын неміс халқының маңдайына басылған «қара таңба» соғыс аяқталғанына дейін жеңілдетілмеді. Соғыстан кейін олар комендатуралық аймақтарға қоныстандырылды. 1948 жылы 26 қарашада комендатуралық аймақтардан рұқсатсыз қоныс аударғандарды 20 жыл мерзімге соттау туралы арнайы жарлық шықты.
Фото: Ж.Жағыпарұлының жеке архивінен алынды
Кеңестер дәуіріндегі еліміздің бодандық тарихының талай-талай ақтаңдақтарын ашқан, «Ақмола көтерілісінің» шежіресін алғаш рет жан-жақты зерттеп, бірнеше кітап жазған қарымды қаламгер Амантай Кәкен «Шырғалаң немесе тағы да неміс автономиясы туралы» атты кітабында: «Соғыс біткен соң арнайы жер аударылған халықтар бұрынғы атамекендеріне қайта бастады. Тек немістер мен Қырым татарларына еліне оралуға рұқсат берілмеді. 1964 жылдың 29 тамызындағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің құпия жарлығында немістерді қуғын-сүргінге түсіру дұрыс болмағаны, бұл Сталиннің жеке басына табыну кезіндегі зорлық-зомбылықтың көрінісі екені атап өтілді... Неміс ағайындар мұндай «қамқорлықты» жарым-жартылай ақталу деп есептеді. Өйткені құжатта бұрынғы республиканы қалпына келтіру туралы бір ауыз сөз жоқ... Әділетсіздік көзге ұрып-ақ тұр. Енді іште тынған наразылық шиыршық атып, белсенді қарсылыққа ұласып, шыдамы таусылған белсенді азаматтар Еділ жағалауындағы орынсыз жойылып кеткен мемлекеттілікті тірілтіуіміз керек деген күреске кірісіп кетті. Арыз-шағым жазды, Мәскеуге жөңкілді» деп жазды.
Кеңестік неміс халқы өзінің тарихи отанына көшу мәселесін күн тәртібіне қойды. 1972 жылы «Шетелге кететін немістердің бірлестігі» деген ұйым құрылды. Жағдай барған сайын ушыға берді. КСРО-ның халықаралық дәрежедегі беделіне орасан зор нұқсан келді. КСРО-дағы неміс халқының мемлекеттік құрылымын қалпына келтірмейінше жағдай түзелмейтініне Кремльдің көзі жетті. Бұл өзекті мәселе Саяси бюроның арнаулы отырысында қаралып, оны жан-жақты шешу міндеті Юрий Андропов басқаратын арнаулы комиссияға тапсырылады. Ақыры ұзақ зерттеліп, жан-жақты қарастырылған неміс автономиясын құру туралы Саяси бюроның арнаулы қаулысы шығады. Қаулыда Қазақ КСР-інің құрамында республикалық органдарға тікелей бағынатын Неміс автономиялық облысын құру орынды деп есептелсін. Неміс автономиялық облысын құруға байланысты нақты ұсыныстарды жасау Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне тапсырылсын делінген жолдар болды. Осылайша, Неміс автономиялық облысын ұйымдастыру мәселесі Қазақстан Компартиясы ОК-ның екінші хатшысы Александр Коркин бастаған арнайы комитетке тапсырылды. Болашақ автономиялық облыстың территориясына Целиноград, Павлодар және Қарағанды облыстарының бірнеше ауданы, Көкшетау облысынан Уәлиханов ауданы және Ерейментау, Екібастұз, Степногорск қалалары кіретін болды. Автономиялық облыстың бірінші хатшысы лауазымына сол кезеңде Целиноград облысы Краснознамен ауданының бірінші хатшысы болып қызмет атқарған неміс ұлтының өкілі Андрей Браун сайланатын болып белгіленіпті. Александр Коркин бастаған комитеттің бұл ұсыныстарын Кремль толық қолдаған.
Міне, осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатымен маусым айының басында Қазақстан КП ОК-нің екінші хатшысы А.Коркин бастаған республиканың 11 министрі Ерейментау қаласына келіп, жұмыс жүргізеді. Сөйтіп, Ерейментау ауданының орталығы Еркіншілік селосына көшіріліп, ал Ерейментау қаласындағы барлық ғимарат болашақ облыстың еншісіне беріледі. Кремльдің құзырымен тапсырылған барлық міндетті тап-тұйнақтай орындаған арнайы комиссия КОКП ОК Бас хатшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Леонид Бреждневтің 19 маусымда Жарлыққа қол қоюын ғана күтіп, 13 маусымда Ерейментаудан Алматыға аттаныпты. Алайда ойламаған жерден 16 маусым күні Целиноград қаласында неміс автономиясын құруға қарсылық білдірген қазақ жастарының ереуілі бұрқ ете қалады.
– Бірақ 16 маусымдағы қарсылық шеруінен қорытынды шықпады. 19 маусымда екінші рет ереуілге шықты ғой?
– Иә, 19 маусым күнгі ереуілге халық өте көп жиналды. Себебі алғашқы студенттер шеруінен бергі өткен төрт күн ішінде Қазақстан аумағында, қазақ жерінде неміс автономиялық облысы ашылғалы жатқанынан хабардар болып үлгерген зауыт-фабрикалардың жұмысшылары, қарапайым қала тұрғындары келді. Орталарында кеуделері ордендер мен медальдарға толған абыз ақсақалдар мен ардақты аналар да баршылық. Жергілікті атқарушы органдар да қарап қалмаған екен. «Мелодия» дүкені алдындағы алаңнан орталық алаңға қарай өтетін Ленин және Карл Маркс көшелері көлденең қойылған автобустар және әскери жүк машиналарымен жабылды. Көшелердің ұзына бойында қызыл жағалылар мен халық сақшылары қойылды. «Кеңестер үйінің» сыртындағы қалтарыста 10-15 автобусқа лық толған ішкі әскер жауынгерлері мен бірнеше өрт сөндіргіш машиналар тұрды.
Енді бір сәтте алаң толы халықтың ортасынан қолына дауыс күшейткіш мегафон ұстаған Целиноград облыстық атқару комитетінің төрағасы Абылайхан Жолмұхамедов көрінді. Ол тәртіп сақшылары мен солдаттар ешкімді де Орталық алаңға өткізбейтінін, бостан-босқа қақтығысқа ұрынып, жазаға тартылатынымызды ескертті. «Талаптарыңызды облыстық кәсіподақтың мәжіліс залына кіріп айтыңыздар» деді. Бірақ кенеттен топты киіп-жарып, жүзі өрт сөндіргендей қызыл жейделі жас жігіт А.Жолмұхамедовтің қолындағы мегафонды алып, жарықшақ дауыспен жиналған жұртқа айғай салды: «Бауырлар, бүгін таңертең ерте Ерейментау қаласынан осы жиынға қатысу үшін соғыс және еңбек ардагерлері бастаған екі-үш автобус адам шығып едік. Жарты жолда қаптаған милиция автобусымызды тартып алып, адамдарды жаяу айдап алып кетті... Мен жол бойымен тығылып, кездейсоқ бір көлікпен зорға жеттім. Бұл не деген сұмдық?!» деп айқай салды. Алаң толы халық буырқанған теңіздей толқып кетті. Шымыр денелі ширыққан жігіттер тосқауылға қойылған автобустардың тежегіштерін ағытып, қаңбақтай жол жиегіне итеріп шығарды. Көлденең тұрған жүк машиналарын да көтеріп, адамдар тасқынына бөгет болмайтындай бұрып тастады. Жолдың қос қанатында қаздай тізіліп тұрған қызыл жағалылар нөпір халыққа қарсы тұра алмай кейін серпілді. Ереуілшілер арасынан екі жас жігіт билік өкілдері тұрған биік сатыға көтерілді. Олар алаңға жиналған жұрттың атынан Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николий Морозовтың халықтың алдына шығуын талап етті. Алаңды тұмшалаған тыныштық тым қорқынышты еді. Жұрт осылай түнеріп тұра берсе, бір жарға ұрынары анық. Дәл осы сәтте алаң толы адамдардың қалың ортасынан бір әсем қоңыр дауыс Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін әуезіне келтіре бастап жіберді. Сол-ақ екен, бүкіл алаң қазақтың ұлттық ұранына айналған қасиетті әнді мыңдаған дауыспен қосыла шырқап кетті. Ал Н.Морозовтың жұрттың алдына шығатын түрі жоқ. Кенет дауыс күшейткіш ұстаған жігіттердің бірі «Морозов» деп айқай салды. Жұрт оны іліп әкетті. Н.Морозов бірден шыға қоймады. Біршама уақыттан кейін шығып, «Қымбатты жолдастар! Кеше бейбітшілік сүйгіш еліміздің қоғамдық өмірінде...» деп халықаралық оқиғаны айта бастап еді, «Неміс автономиясы бола ма, жоқ па? Нақты жауап беріңіз!» «Біз енді алдағанға төзбейміз!» деп ел айқайлай кетті. Н.Морозов халық қаһарынан шын қаймықты. Сосын «Қадірлі жолдастар! Мен сіздердің алдарыңызға бірден шыға алмадым, Жоғарғы жақтың нақты жауабын күттім. Жаңа ғана, сіздердің алдарыңызға шығар алдында Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Димаш Қонаевпен тікелей телефон арқылы сөйлестім. Сіздер маған сеніңіздер! КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы ретінде Қазақстанда ешқашан және ешқандай неміс автономиясын құру туралы мәселенің күн тәртібіне қойылмайтындығын ашық айтамын!» деді.
Жұрт бір сәт сілтідей тынып қалды. Қалың топтың ортасынан біреулер дуылдата қол соғып жіберді. Оларға қосыла бүкіл алаң дүбірлете қол соқты. Біреулер «Уралап» айқайлап жатты. Бұл, шын мәнінде, үлкен жеңіс еді! Қылышынан қан тамған Қызыл империяның қысастығына қарсы тұрған қазақ халқының алғашқы жеңісі болды!
– «Ақмола көтерілісін» жоғарыда қызмет еткен ұлт жанашырлары ұйымдастырған деген болжам бар. Бұған не айтасыз?
– 1979 жылғы Маусым ереуілін кімдер ұйымдастыруы мүмкін деген мәселе төңірегінде де қауесет көп. Одақты ойсырата ойландырған осы оқиғадан кейін қырық жыл уақыт өтсе де бұл қауесеттердің ақиқаты айқындалып, нақты нүктесі қойылған жоқ. Төрт күнге созылған осы көтерілістің бел ортасында жүрген куәгер ретінде бұл бүкілхалықтық шерудің ұйымдастырылуына және оның қорытындысының нәтижелі болуына сол кездері Қазақ КСР басшылығының, оның ішінде Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Димаш Қонаевтың және сол күндері Ақмола қаласына еңбек демалысын сылтауратып, Шымкенттен арнайы келген халқымыздың біртуар перзенті, қазақ жерінің тұтастығын талай рет сақтап қалған тұлға Жұмабек Тәшеневтің тікелей қатысы бар деп есептеймін. Оған 16 және 19 маусым күндердегі шерулер мен митингілердің жоғары тәртіп, шынай сауаттылық пен үлкен мәдениеттілік жағдайында өткізілуі, сол күні Целиноград теміржол стансасына бір мезгілде бірнеше жолаушылар пойызының келіп тоқтауы, митингіден кейін студент жастардың жедел тарап кетуі үшін қала бағыттарында жүретін бос автобустардың ұйымдастырылуы сияқты өзім көзіммен көрген жағдайлар куә. Егер жоғары жақтың тікелей нұсқауы болмаса, тоталитарлық жүйенің дәуірлеп тұрған кезінде КОКП ОК Саяси бюросының шешіміне қарсы шыққан ереуілге тікелей қатысқан облыстық партия газеті қызметкерінің жазаға тартылмай қалуы да қалыпқа сыймайтын құбылыс.
Қалай десек те, 1979 жылғы Маусым көтерілісінің бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін өлшеусіз тағдыршешті әсері болғаны даусыз. Егер Мәскеу шешімін өзгерткен маусым оқиғасы болмаса, қазір тәуелсіз Қазақстанның қақ төрінде, ел астанасының дәл іргесінде дербес Неміс автономиялық республикасы өмір сүретін еді... Егер сол бір 1979 жылдың маусым күндері КОКП ОК Саяси бюросының солақай шешіміне дер кезінде тойтарыс берілмегенде, халықтар достығының «лабораториясына» айналған советтік Қазақстанда келесі кезекте ұйғыр автономиялық облысын ұйымдастыру күн тәртібіне қойылатын мәселе еді. Ал қабылданып кеткен шешімінің қателігін түзеу орны толмас ойранға ұрындыратынын Әзірбайжандағы Таулы Карабах автономиялық облысының, Молдовиядағы «Днестр жағалауы республикасының» ащы мысалдары арқылы уақыттың өзі көрсетіп отыр. Тарих таразысы азаттық сүйгіш адал халықтың мүддесін қорғап, әділет салтанат құрды. Қасиетті қазақ жерінің тұтастығы сақталып қалды. Міне, 1979 жылғы «Ақмола көтерілісінің» Тәуелсіз Қазақстан шежіресіндегі тарихи да, саяси да маңызы осында.
Сұхбаттасқан
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ