Әскердегі әлімжеттік

Әскердегі әлімжеттік

Тарихшылар қазақ армиясында ежелден «дедовщина», яғни тәжірибелі жауынгерлердің бозбалаларға тізе батырып, күн сайын қорлау оқиғалары болмағанына ек­пін түсіреді. Өйткені Ұлы далада тұрақты әскери қосын-база­лар тұрғызылмады: соғыс-шайқас біткесін, жаудың беті той­тарылып, жеңіске қол жеткесін, батырлар өз қолын ертіп, төл ауыл­дарына тарасатын болған.

Әскердегі теріс қоғамдық құ­былыс сарапшылардың айтуын­ша, ХХ ғасырдың екінші жарты­сында өршіген. Бастапқыда ол ізгі сипатта дамыпты: Ұлы Отан соғысынан оралған майдан­гер­лердің біразы армия құрамында қалып, жеңістен кейін шақы­рылған жас буынға аға болып, ұрыс жүргізу тәсілдеріне бау­лыған, темірдей тәртіп орнатқан. Артынша, 1960 жылдары олар­дың орнын басқан соғыс көр­ме­гендері де бұл дәстүрді қабылдап, өз білгенінше бұрмалап, жаңа шақырыл­ғандарға әмір етудің бейресми қағидасына, жазыл­маған заңдылығына айналдырып жіберген.

Себебі ол кезде азаматтар ар­мияда 3 жыл бойы әскери қыз­мет­тен өтетін. Нәтижесінде, жаңа ша­қырылғандар жеткенше, бұ­рын кі­ріс­кендер «қартайып» қалады: олар өздерін әбден ысылған, тісқаққан жауынгер са­нап, командирлер рұқсатымен жас солдаттарға көрген-білгенін үйретеді. «Сабақ» үстінде зорлық әдістері де қолданылады.

Кеңес Одағы заманында «де­довщина» (теңізшілер арасында «годковщина») құрбандарының ресми есебі жүргізілмеді. Ресей­лік әлеуметтанушы, әскердегі жарғыдан тыс қарым-қатынастар туралы еңбектердің авторы Руслан Альмухаметовтің дерегін­ше, жыл сайын 2-3 мыңға дейін солдат зорлық-зомбылықтан және суицидтен мерт болып отырған. Бұл «індет» жаппай белең алғаны және жұртшылық арасында үрей туғызғаны сонша, онымен ресми күрес басталды. Мысалы, Орал әскери округінде кейінгі шақырылым (младший призыв) солдаттары кәсіподаққа ұқсас ұйымын құрып, қолбас­шылықтың қолдауымен қиянат­шыл «кәрі» жауынгерлерді жаза­латып отырды. Бірақ бұл бастама кең таралмады.

1967 жылы КСРО-да әскери парызды өтеу мерзімі құрлық әс­керлері үшін 3 жылдан 2-ге, теңіз­шілер үшін 4 жылдан 3-ке азай­тылды.

Ұлттық армиядағы «қарттықпен» күрес

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан әскердегі әлімжеттікпен күрес мақсатында өз Қарулы Күштеріндегі мерзімді әскери қызметке шақыру уақытын 12 айға дейін азайтып тастады. Бұл ретте армияда «дед» атану үшін 1,5 жыл уақыт өтуі талап етілгені мәлім.

2015 жылы Қорғаныс ведом­ствосы әлгі теріс құбылыстың жо­йылғаны туралы байлам жа­сады. Ал бір солдаттың екіншісіне күш көрсетуінің жекелеген оқи­ғалары «казармалық бұзақылыққа» жатқызылады.

– 2013-2015 жылдарға арналған Қарулы Күштердегі құқықбұзу­шы­лықтың алдын алу бағдарламасын жүзеге асыру жеке құрамда кез келген құқықбұзушылыққа «нөл­дік төзбеушілікті» қалыптастыруға, қызметтің қауіпсіз және жайлы өтуін қамтамасыз етуге, Отан қор­ғаушы имиджін көтеруге септесті. Әскери тәртіп пен құқықтық тәр­тіпке жүргізілген талдау көр­сет­кендей, жарғыдан тыс қарым-қатынастар мейлінше төмендетілді және заманауи Қарулы Күште­рімізде сирек кездеседі, – деп мәлімдеді министрлік.

2016 жылы қорғаныс және әскери қызмет мәселелері жөнін­дегі жаңа заң жобасы Парламентте талқыланғанда, жауынгер өз шеберлігін кемеліне жеткізе ұштап үлгеруі үшін депутаттар әскери борышты өтеу мерзімін 2 жылға дейін көтеруді ұсынды. Алайда Қорғаныс министрлігі бұдан үзілді-кесілді бас тартты. Себебі онда әскери қызметшілер ара­сындағы бейресми иерархия қайта түлеуі ықтимал.

ҚМ тұжырымдауынша, әлім­жеттіктің азаюына контрактілі қыз­меттің енгізілуі де түрткі бол­ған. Қазір Қазақстан Қарулы Күш­тері 70%-ға контрактниктерден қалыптастырылады. Яғни, оларға жалақы төленеді. Тиісінше, бұ­лар – әскери борышын өтеп, үйге аман-сау қайтуды армандайтын солдаттар емес, бір жұмыс берушіге бағынатын, соның талаптарын орындау жолында бірге тер төгетін әріптестер.

Мерзімді әскери қызметтегі солдаттар саны бүгінде азшылық. Сондықтан әскерге шақырыл­ғандардың барлығы бірдей армияға жолдама алмайды, военкоматтарға тек білімі жоғары, денесі шымыр, психикалық дерттері жоқ, есірткі тұтынбайтын жігіттерді іріктеп алу жүктелген.

Қазір Қарулы Күштердегі «қарт­тықпен» күрестің тағы бір тәсілі енгізілді. Өзін әлжуаз сезі­нетін, жабық бөлімшеде әркімнен қорлық көретінін түсінетін 24 және одан ересек жастағы жігіт­терге әскерге бармаудың заңды тетігі іске қосылды: олар бюджетке 263 мың теңгеден асатын тиісті төлемін төлесе, шақырудан бір­жола босатылады. Рас, бұл үшін бәрібір «жас жауынгердің» айлық курсынан өтуі – міндет. Әйткенмен бір ай автомат ұстау ойын-сауыққа көбірек ұқсайды.

 

Қоғам әскердегі әлімжеттікке алаңдаулы

Жауынгерлердің өз-өзіне қол салуы Қарулы Күштерде әлімжет­тік тамырына балта шабылмаға­нын көрсетеді. Оның үстіне бұл мәселе бір ушығып, бір басылып тұратыны аңғарылады. Мысалы, 2010 жылы әскерде 17 суицид оқи­ғасы тіркелсе, 2011 жылы бұл сан 21-ге дейін өскен. Оның тек төр­теуі ғана – жарғыдан тыс қарым-қатынас салдары деп танылды.

2012 жылғы маусымда ШҚО-да қазақ-қытай шекарасындағы «Терісайрық» бекетін қараусыз қалдырып, қаруларын тастай қаш­қан 11 шекарашыға қатысты Бас әскери прокуратура қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Себебі олар бекетті қасақана емес, шектен шық­қан әлімжеттік пен қысымға шыдай алмағандықтан тастап кет­кен жәбірленуші ретінде танылды.

Бұдан бөлек, 2015 жылы – 11, 2016 жылы – 6, 2017 жылы 6 жа­уын­гер өз өмірін өзі қиған. Жауап­ты орган өткен жылы осы себептен солдаттардың өмірмен қоштасу оқиғасы тіркелмегенін хабарлады.



Былтыр №2018 әскери бөлімде жас солдат Б.Мырзамбеков қаза тапты. Тергеу анықтағанындай, бұрын шақырылған екі жауынгер бір топ жасты 40 градус аптапта арамтерін шығарып, физикалық дайындықпен айналысуға мәж­бүрлеген. Кейбір жауынгердің жағдайы нашарлайды, бірақ оларға дәрігер шақырылмаған. Сот-ме­дициналық сараптама қорытын­дысына сәйкес, 15 шілдеде дүние салған Б.Мырзамбековтің өлімі физикалық ауыртпалықтан, ба­сынан күн өтуден болған.

Запастағы полковник Бауыр­жан Өтепов офицерлердің өздері кейде осы кері құбылысқа дем беретініне тоқталды.

«2003 жылғы сәуірде Жамбыл облысындағы гарнизонның Әске­ри-тергеу басқармасының сардар­лары менің солдаттарымды соқ­қыға жықты. Әділдікке қол жеткізу үшін қанша күрессем де, айып­тылар өз өкілеттіктерін теріс пайдаланып, жазадан құтылып кетті. Мен Отардағы әскери бөлім командирі ретінде жауынгерлеріме қол жұмсаған капитан мен аға лейтенантқа қатысты қылмыстық іс қозғау үшін табандадым. Бірақ олар кінәсіз деп танылды. Ке­рісінше, олардың қамқоршылары қиянатшыл сардарлар мен сар­баздарды жазалау мәселесін көтере берсең, тұтқындаласың деп менің өзіме доқ көрсетті. Мұны көрген жас солдаттар не бәріне құлша көнеді, әділдік іздемейді, не өздері заң бұзуға барады», – дейді Бауыржан Өтепов.

Жұртшылық өкілдері отандық армияда «аюға әліп үйреткен таяқ» қағидатының қолданылмайтынын паш ету үшін бұл істе жариялылық керегін алға тартуда. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа хат жазған қоғам белсендісі Асқар Құсайынов биылғы 25 қазанда Ресейде болған тосын оқиға – Байкал өлкесіндегі әскери бөлім­дердің бірінде жаңа шақырылған жауынгер Рамиль Шамсут­диновтың өзіне тізесін батырған қаруластарына оқ жаудырып, сегіз адамды, соның ішінде екі офицерді өлтіруі тек көршінің ғана емес, Қазақстан қоғамына бұл мәселенің аса маңыздылығын көрсеткенін ескертті.

«Бұл әскерде реформаларға серпін берсе керек. Жалпы, әскери борышын өтеуге шақырылған жігіттерді қоғамнан оқшаулаудың қаншалықты қажеті бар? Кеше ғана бала болған бозбалаларды бөлек қамайтындай ешқандай қылмыс жасаған жоқ қой. Қыл­мыскерлер қатарлы қоғамнан аластау армияда «өзімбілемдік» пен адамгершілікке жат тірліктерді туындатады. Егер жабық ұжымы қысымға құрылса, майдан жағ­дайында олардың бір-біріне қол­ғабыс етуінен, үйлесімді қимыл­дауынан қалай үміттенеміз?!» – дейді хат авторы.

Ол министрге бірнеше ұсыныс­пен шықты: біріншіден, оның байламынша, «солдаттар оқудан және дайындықтан бос уақыты кезінде казармадан еркін шығу және еркін кіру мүмкіндігіне ие болуы» керек. Егер кешіксе, тәртіп бұзса, әңгіме басқа: онда жазасы дайын. Екіншіден, даладағы жат­тығуларды айтпағанда, өзге уа­қытта өз үйінде қонуына да рұқсат берілгені жөн көрінеді.

«Мерзімді әскери қызметке шақырылған солдаттар үйінен алыс емес жерде борышын өтеуі, күніне 8 сағат оқып, жаттығуы, ап­тасына 2 рет демалуы және жылына бір рет кепілді әрі ұзақ­мерзімді демалыс ала алуы қажет деген сенімдемін. Жауынгерлердің басты міндеті – оқу және жаттығу: ол қару түрлерін және әскери техниканы орынды қолдана білуі тиіс. Бұдан басқа кез келген жұ­мысты орындағаны үшін еңбек нормасы бойынша ақысы тө­ленгені жөн» деген А.Құсайынов әскерде адам төзбес ахуал орна­тудың артық екенін жеткізді.

 

Министр бұған не дейді?

Бұл ұсынысқа қорғаныс ве­домс­твосының басшысы Нұрлан Ер­мек­баевтың өзі жауап қайтарды.

– Конституцияға сәйкес, Қа­зақ­станды қорғау – әрбір азамат­тың қасиетті парызы және міндеті. Азамат ант бере отырып, әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын табандылық­пен көтеруге ант етеді. Ал азамат­тың мерзімді әскери қызметтен өту арқылы Отан алдындағы қасиетті парызын орындауды қандай да бір қылмыс үшін сот үкімімен бас бос­тандығынан айырумен салыс­тыр­ған дұрыс емес деп санаймын, – деді министр.

Ол әскери қызмет тек оқу-жат­тығудан тұрмайтынын еске салды.

«Жас жігіттер ұрыс жүргізуге дайындалумен шектелмейді. Ар­мия оларды әскери ұжымда бірлесе өмір сүруге, сондай-ақ тау, дала, шөл секілді әртүрлі жағдайларда және застава, полигон сияқты шалғай жерлерде аман қалу әдіс-тәсілдеріне үйретеді. Осы арқылы әскери қызметшілердің Отан қорғау үшін әскери іс-қимылдарға қатысуына және бөлімшелердің үйлесімді қимылдауына қол жет­кізіледі», – деп түйді Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.

Ол азаматтардан келіп түскен ұсыныстар ары қарай жан-жақты зерделенетінін және орындылығы анықталған жағдайда тиісті өзгерістер түрінде Қазақстанның нормативтік-құқықтық актілеріне енгізілуі мүмкін екенін мәлім етті.

Өткен жылы осы лауазымға тағайындалғанда, Нұрлан Бай­ұзақұлы БАҚ өкілдеріне әскери жарғыдан тыс қарым-қатынаспен күресті жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Айтқандай, дамыған елдер де әскердегі әлімжеттікті жеңе ал­мады. АҚШ-та оны hazing немесе bullying деп атайды және ол жас жауынгердің денесі мен жүйкесін құрыштай шынықтырудың бір тәсіліне, қатал сынақ түріне жата­ды. Мәселен, жаңа шақырылған­дарға намысқа тиетін лақап ат тағу, таң атпай ұйқыдан ояту, еш себеп­сіз жер-жебіріне жету, бірнеше күн тамақ татырмау қалыпты саналады. Әлсіздері сынға шыдамай, сынады. Соның кесірінен өзіне қол жұм­сағандар саны да артуда. 2018 жы­лы Америка Қарулы Күштерінде 325 әскери қызметші өзін-өзі өл­тір­ген. 2017 жылы оларда 285 суи­цид оқиғасы тіркелді.


Елдос СЕНБАЙ