Мектеп асханасы санитарлық талапқа сай ма?
Мектеп асханасы санитарлық талапқа сай ма?
573
оқылды
Бала денсаулығын нығайтудың бір жолы —  мектепте тамақтануды дұрыс ұйымдастыру. Оқушыларды тамақтандыру жұмысы барлық санитарлық талапқа сай болуы керек. Өткен жылы 166 мектептің ас даярлайтын жерінен ерекше тәртіп бойынша зертханалық сынамалар алынып, тексерілген. Ақтөбе облысы бойынша тамақ өнімінен алынған 415 сынама микробиологиялық көрсеткіш бойынша зерттелсе, оның ішінде 30 сынамадан ішек таяқшасы анықталған. Сондай-ақ дайын тағамдардың құнарын зерттеуге 553 сынама алынған. Оның 19-ы талапқа сай келмепті. Ал тексерілген 2010 шайындының 218 –і санитарлық талапқа  сәйкес емес. – Тексеру кезінде тағамның дайындалу технологиясы бұзылған және бекітілген мәзірге сәйкес дайындалмаған. Кейбір білім беру орындарында тоңазытқыш пен өзге де технологиялық жабдықтардың тозығы жеткен. Ас блогында желдеткіштер жұмыс жасамайды.  Осындай кемшіліктер анықталды. Санитарлық талапты бұзған жауапты азаматтарға  1 262 500 теңге көлемінде  50 айыппұл салынды. Сондай-ақ анықталған 44 заң бұзушылықты жою жөнінде ескерту  берілді. Оның ішінде  41-і орындалды. Қазір қалған азаматтар кемшіліктерді көрсетілген мерзімге дейін түзетуі керек,– деді Ақтөбе облысынық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, балалар мен жасөспірімдер арасында инфекциялық емес ауруларды бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы Нұргүл Өтешова. Мамандар ас даярлайтын жерлердің талапақа сай келмеуі, түрлі инфекциялық аурулардың өршуіне әкелетінін, бала денсаулығына зиянын тигізетінін айтады. Сондықтан білім беру ұйымдары осы мәселеге жауапсыздық танытпауы тиіс.