Әлімғазы Сұмағұлұлы Райымбеков қазақ киносының тарихында «Тақиялы періште» көркем фильміндегі Тайлақ бейнесімен танылды. Кәсіби актерлік білім алмаған оның киноға келуіне қазақ күресіндегі жетістігі себеп болды. Әлімғазы Райымбековтің өмір жолы ауылдағы еңбек, спорт, кино, ұстаздық және қоғамдық қызмет секілді бірнеше саланы қамтиды. 1936 жылы туған актердің биыл туғанына тура 90 жыл. Осыған орай, қазақ киносында елеулі із қалдырған жан жайлы оқырманға еске салуды жөн көрдік.
Әлімғазы Райымбеков еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласында бастады. Өзінің сұхбаттарында жүргізуші болып жұмыс істегенін, К-700 тракторын басқарғанын айтқан. Күнделікті еңбекпен қатар қазақ күресімен де тұрақты айналысқан.
1965 жылы ол қазақ күресінен өткен республикалық жарысқа қатысады. Райымбековтің естелігі бойынша, жарысқа дейін балуандар Алматы мен Талғар қалаларында арнайы дайындықтан өткен. Соңғы бәсеке Оңтүстік Қазақстандағы Темірлан елді мекенінде ұйымдастырылған. Он алты команда қатысқан жарыста Әлімғазы Райымбеков ауыр салмақта Қазақстан чемпионы атанып, қазақ күресінің шебері атағын алған.

"Ән қанатында" (1967) фильмінен
Қазақ күресіндегі жеңіс Әлімғазы Райымбековтің өміріндегі жаңа кезеңнің басталуына ықпал етті. Чемпионаттан кейін ауылға оралған оған «Қазақфильм» киностудиясынан жеделхат келеді. Жеделхатта «Ән қанатында» фильміне сынаққа қатысу үшін Алматыға келу қажеттігі жазылған. Киностудияда оған мәтін беріліп, рөлге байланысты сынақтар жүргізіледі. Ол костюм және грим сынағынан өтіп, фильмнің түсіріліміне қатысады. Осы жұмыс барысында Әлімғазы Райымбеков режиссер Шәкен Аймановтың назарына ілігеді.
Кейіпкер бір сұхбатында өзінің кәсіби актер емес екенін айтып, ұсынысқа күмәнмен қарағанын айтады. Алайда режиссер оның табиғи болмысы мен сыртқы келбеті болашақ кейіпкерге сәйкес келетінін аңғарған.
Кейін Әлімғазы Райымбеков киноға келуіндегі Шәкен Аймановтың орнын бірнеше рет атап өткен:
«Ең алғаш рет мені қалың елге танытқан — Шәкен Айманов».
1968 жылы көрерменге ұсынылған «Тақиялы періште» фильмінде Әлімғазы Райымбеков география пәнінің мұғалімі Тайлақтың рөлін орындады. Фильмнің оқиғасы ұлын үйлендіруге тырысқан ананың әрекеттері мен Тайлақтың Айшаға деген сезімі төңірегінде өрбиді. Естеліктерде Ә. Райымбеков актерлік мектептен өтпегендіктен, рөлді режиссердің нұсқаулары мен өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып орындағаны айтылды.
Ол актерлік жұмысы жөнінде: «Ең бастысы, жүрекпен ойнадым» деп айтқан екен.
«Тақиялы періште» фильмінде Айша рөлін сомдаған Шолпан Алтайбаева да әріптесінің өмірдегі мінезі мен экрандағы Тайлақ бейнесінің арасында ұқсастық болғанын еске алған. Оның айтуынша, Әлімғазы Райымбеков адамдармен ашық қарым-қатынас жасаған, өзгеге кек сақтамаған. Бұл естелік Тайлақтың сабырлы және адамға жақын бейнесінің актердің табиғи болмысымен сабақтас болғанын көрсетеді.

«Тақиялы періште» Әлімғазы Райымбековтің ең танымал шығармашылық жұмысы болғанымен, оның кино саласындағы қызметі бір ғана фильммен шектелмеді. Ол жоғарыда жазылған «Ән қанатында», «Қилы кезең», «Көгілдір такси», «Қан мен тер», «Егер сен он екі жаста болсаң» және басқа да көркем фильмдерге түсті.
Әртүрлі дереккөздерде актер қатысқан фильмдердің саны әрқалай көрсетіледі. Десе де, оның оннан астам кинотуындыда рөл орындағанын нақты айтуға болады. Алайда Әлімғазы Райымбеков өмірін толықтай кино саласымен байланыстырған жоқ. Өзінің айтуынша, шамамен он жыл бойы фильмдерге түсіп, кейін ауылға оралған.

Ауылға оралғаннан кейін Әлімғазы Райымбеков мұғалім болып қызмет атқарған. Ол ұстаздық жұмыстан зейнетке шыққан. Осылайша, көпшілікке актер ретінде танылғанымен, оның негізгі еңбек өмірінің елеулі бөлігі ауылдағы жұмыс пен білім беру саласында өтті. Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық қызметтен шет қалмаған. Ардагерлер ұйымының жұмысына қатысып, түрлі кездесулерде жастармен жүздескен. Сұхбаттарында білім алу, ел тарихын білу, ұлттық салт-дәстүрді сақтау мәселелеріне назар аударған.
Әлімғазы Райымбеков жұбайы Гүлжауармен 60 жылдан астам бірге өмір сүрген. Отбасында бес ұл және бес қыз тәрбиелеген. Ол сұхбаттарының бірінде:
«Он баламыз бар. Бес ұл, бес қыз» деп айтқан.
Экрандағы Тайлақ ұзақ уақыт үйленбей жүрген бойдақ жігіт ретінде көрсетілсе, Әлімғазы Райымбековтің өмірдегі отбасы мүлде басқа болды.

2019 жылы Райымбеков «Тайлақтың тақиясы» фильмінде Тайлақ бейнесіне қайта оралды. Алғашқы фильмде анасы Тайлаққа жар іздесе, кейінгі туындыда қартайған Тайлақ немересін үйлендіруге әрекет етеді. Осы арқылы бұрынғы кейіпкердің бірнеше онжылдықтан кейінгі өмірі көрсетілді.
Райымбековтің айтуынша, фильмді түсіру жөніндегі ұсыныс бірнеше жыл бұрын айтылып, түсірілім жұмыстары кейін жүзеге асқан. Жасына байланысты көлемді мәтіндерді есте сақтау қиындағанын режиссерге алдын ала ескерткеніне қарамастан, ол Тайлақтың егде жастағы бейнесін сомдауға келіскен.
Әлімғазы Райымбековтің кәсіби актер болмаса да, қазақ киносынан өз орнын алды. Көрерменнің есіңде "Тайлақ" болып қалып, қазақы болмыс көрініп тұрған адам ретінде тарихта қалды. Осы болмысының арқасында ел арасында беделді бола алды. 2021 жылғы 19 қаңтарда 85 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
