Жуырда Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Қазақстан Қарулы Күштерінің 2013 жылдан бері пилотсыз ұшатын құрылғыларды қолдана бастағанын айтты. Қазақстан армиясы барлау бөлімдерін осы құралмен жарақтандырып, түрлі жаттығулар да өткізіпті. Мамандар да даярлап жатса керек. Ал қоғам әлі де болса түріктің BayraktarTB2 дрондарының Таулы Қарабақтағы «өнеріне» тамсанумен келеді. Дегенмен 2020 жылдың ең басты қаруына айналған пилотсыз ұшатын құралдар шынымен мінсіз бе, олар қандай жағдайда қолданылды, біз осы сауалдардың астарына үңіліп көрдік.
102 мемлекетте дрон пайдаланады
2020 жылды шартты түрде «дрон жылы» деуге болатын сыңайлы. Жыл бастала бергенде, 3 қаңтар күні АҚШ әскерилері пилотсыз ұшатын құралдан атқан зымыран арқылы Иранның «Ислам төңкерісі сақшылары» корпусының командирі, генерал Касем Сулейманиді өлтірді. Одан кейін ақпан мен наурызда, тіпті сәуірге дейін түріктер осынау заманауи құралдың ұрыс жағдайында тиімді екенін бірнеше мәрте көрсетті. Түрік әскерлері Сирияда BayraktarTB2 және Anka S дрондарының «үйірін» тиімді пайдаланғаны сонша, «орыс қаруы» делінетін мифке алғашқы соққы берілгендей болды. Сонымен қатар пилотсыз ұшатын құралдар арқылы Түркия әскері Ливиядағы генерал Халифа Хафтардың күштеріне соққы жасады. Бұл ұрыстарда ең алдымен ресейлік «Панцир С1» зениттік зымыран кешендерінің ондаған данасы қиратылғаны айтылады. Кейін Түркия мен Израильден сатып алған дрондар арқылы Әзербайжан армиясы Таулы Қарабақта қарсыластарына бас көтертпеді. Әлеуметтік желілерде пилотсыз ұшатын қондырғылардың соққысы түсірілген видеолар күнде тарап жатты. Бұқара соғысты компьютер ойынындағы бейнелер деңгейінде қабылдаған сыңайлы. Таулы Қарабақта әскери дрондар атышулы С-300 зениттік зымыран кешенін де талқандаған. Одан бөлек кеңестік және ресейлік модификациядағы өзге де зениттік кешендерді жойған еді. Сөйтіп, қоғамға әскери дрондардың теңдессіз қару екені жайлы түсінік қалыптасып үлгерді. Тіпті, әскери дрондар нарығында Түркия көш бастап тұрғандай түсінік те пайда болды. Әлеуметтік желілерден «Қазақстан армиясында да бірнеше BayraktarTB2 болса ғой» деп армандаған жазбаларды көзіміз шалды. Пилотсыз ұшатын құралдарға қарсы тұрар күш жоқ дегенге саятын пікірлер де қалыптасты. Бірақ оларды басқарудың бірнеше түрі бар екені, дрондарды атып түсірумен қатар, мықты радиоэлектронды қорғаныс құралдары арқылы оларды «арқандауға», яғни қондырып алуға болатынына назар аударғандар сирек. Шамасы түрік пен израилдік дрондар Таулы Қарабақта әйгілі «Катюша» тәрізді беделге ие болған сыңайлы. Екінші дүниежүзілік соғыс тағдырын БМ-13 «Катюша» дүркіндетіп ататын реактивті қондырғы шешкендей сыңайдағы әңгіме бертінге дейін ел арасында жүретін. Дрондарға қатысты да сондай түсінік қалыптасты. Іс жүзінде Ливияда да, Сирияда да, Таулы Қарабақта да ұрыс тағдырын білікті мамандар мен түрлі техниканың үйлесімді жұмысы шешкен еді. Ал әлемде 102 мемлекетте әскери мақсатта қолданылатын пилотсыз ұшатын құрал бар. Олардың 36-сында дрондар шабуылдауға, әуеден соққы беруге қабілетті.АҚШ-та 11 мың дрон бар
Негізі, пилотсыз ұшатын құралдарды ұрыста алғаш рет Израиль мемлекеті шынайы ұрыс жағдайында қолданды. 1973 жылғы араб-израиль соғысында Израиль әскерлері алғаш рет дрон пайдаланған. Бірақ тым тиімді бола қоймаса керек, кейін оларды қолдануды доғарды. Дегенмен бұл қаруды дамыта түсуден бас тартқан жоқ. 1982 жылдан бастап Тель-Авив әскери дрондарды барлау мақсатында ұдайы пайдаланып келеді. Демек, пилотсыз ұшатын құралдар ХХІ ғасырдың жаңалығы емес. Тек ғылым мен техниканың дамуына байланысты жетіліп, өзін жаңа қырынан танытқан құрал ғана. Кейін израилдіктердің дрондарды пайдалану тәжірибесін АҚШ әскерилері қабылдады да, бұл қаруды тіптен жетілдірді. Америкалықтар шабуылдаушы дрондарды алғаш рет 2001 жылы қолданды. Қазір АҚШ армиясында 11 мыңнан астам пилотсыз ұшатын құрал бар. Олардың көбі барлау мақсатында қолданылғанымен әуеден соққы жасауға арналған дрондар да аз емес. 2015 жылға дейін әскери дрон жасауда әлемде бірінші орында тұрған Израиль позициясынан айырылып, алға АҚШ-ты шығаруға мәжбүр болған. Америкалықтар бүгінде дыбыстан жылдам ұшатын дрондар жасауға ұмтылуда. Сонымен қатар жасанды зейін орнатылған дрондар құрастыру ісіне де ерекше көңіл бөлген. Әрі бұл техникаға арналған қаражаты да қомақты. Айталық, 2019 жылы АҚШ қарулы күштері 9,39 млрд долларды тек пилотсыз ұшатын құрылғылар сатып алуға бағыттады. Пентагон ірі пилотсыз ұшатын құралдармен қатар шағын квадрокоптерлерді де көптеп сатып алыпты. Сөйтіп, армияның барлық бөлімшесін осы техникамен жарақтандырып жатыр. Ал Израиль дрондарды экспорттаумен де айналысып келеді. Былтыр израильдіктердің қару-жарақ экспортынан түскен табысының 10 пайызын дрон сатудан түскен пайда құраған. Таулы Қарабақта Әзербайжан әскері қолданған «камиказде-дрондар» да, тағы бірнеше шабуылдаушы дрондар да осы Израиль өнімі. Яғни, Тель-Авив әскери дрондарды тек қорғаныс құралы ғана емес, тәуір табыс көзі ретінде өндіріп жатыр. Әрі Израиль дрон жасауға маманданған бірлескен зауыттарды әлемнің бірнеше елінде ашты. Тіпті, Түркияның пилотсыз ұшатын құрал өндірісінің бастауында да осы израилдіктер тұр. Ал лицензия бойынша израильдік кейбір әскери дрондарды құрастыратын зауыттар Испанияда, Ресейде, Әзербайжанда бар. Қазақстан да израилдік Elbit Systems компаниясымен бірлесіп, дрон жасауға келіскен. Бірақ әзірге ондай құрал жасала қоймады.Түріктер үшінші орында
Әскери дрон жасау ісінде үшінші орында Түркия тұр. Түріктер жасаған техникалар дәл америкалықтардың құралдарындай тым жетілдірілмесе де, BayraktarTB2, Anka S, Akıncı тәрізді құралдардың бір артықшылығы бар. Ол – бағасының арзандығы. Сонымен қатар түріктер бірқатар дронды жер серігі арқылы басқаруға қол жеткізді. Өйткені Түркияның Göktürk -1 және 2 делінетін екі әскери жер серігі бар. Анкара аталған ғарыш аппараттарының игілігін көріп отыр. Түріктер дрондарын Катар, Тунис, Украина, Әзербайжан елдеріне сатты. Сонымен қатар Сербия, Мысыр, Сауд Арабиясы мен Пәкістан да бұл құралдарды сатып алу үшін келіссөз жүргізіп жатыр. Анкара әдетте BayraktarTB2 дрондарын сатады. Ал әскери дрон өндірісіне белсене кірісіп, АҚШ-тан қалып қоймау үшін жанталасып жатқан Қытай бүгінде бұл салада төртінші орынға тұрақтапты. Қытай әскерилері дрондарды көбіне америкалық үлгіге ұқсатып жасауға құмар екені байқалады. Алайда Қытай дрондарының нақты қуаты, мүмкіндігі жайлы деректер аз. Өйткені 2015 жылдан кейін шабуылдаушы дрондарды экспорттауға тыйым салынғаны жайлы мәлімет бар. Бірақ Қазақстан Қарулы Күштерінде қытайлық WingLoong дронының екі данасы бар екенін ескерсек, экспорт тыйымы жайлы шешім 2015 жылы емес, одан кейін қабылданған сыңайды. Өйткені Қазақстан армиясынның 2015 жылғы әскери шеруінде мұндай қару көрсетілмесе, 2017 жылғы шеруде WingLoong-ты тиеген көлік елорда көшесімен жүріп өтті. Демек, отандық әскерилер 2016 жылы өткен KADEX-2016 көрмесінен кейін WingLoong-тарды сатып алуға келіскен сыңайлы. Қалай болғанда да, біздің Қарулы Күштерімізде қытайлық барлаушы-шабуылдаушы дрон бар. Олардың әскери тиімділігі жайлы мәлімет аз. Дегенмен қытайлық дрондар алғаш рет 2015 жылы әскери қақтығыстарда қолданылғаны жайлы мәлімет кездеседі.Қазақстан да көштен қалғысы келмейді
Сөз басында Қазақстан армиясының да пилотсыз ұшатын құралдарды пайдалануға кіріскенін айттық. Министр Н.Ермекбаев 2013 жылдан бері әскерлеріміздің барлаушы дрондар қолданып жүргенін айтты. Қарулы Күштер Бас штабының мәліметтеріне қарағанда, барлаушы дрондарды түрлі оқу-жаттығуларда қолданып келе жатырмыз. Арыстағы жарылыс кезінде де осы дрондардың көмегіне сүйендік. Сонымен қатар пандемия кезінде блок-бекеттерді күзетуге де қолданылды. Қазір қазақ әскерилері дрондарды жер серіктері арқылы басқару мәселесін қарастырып жатыр. Алайда біздің білуімізше, Қазақстанда екі түрлі әскери дрон ғана бар. Біреуі қытайлық WingLoong болса, екінші түрі SkyLark немесе «Бозторғай» дейтін дрондар. Қытайлық аппарат барлау жасаумен қатар шабуылдауға да қабілетті. WingLoong-қа «әуе-жер» сипатындағы зымырандар орнатуға да болады. Ал «Бозторғайлар» барлауға ғана қолданылады. Бұларды израилдік Silver Arrow фирмасы жасайды. Бұл компания Elbit Systems компаниясының еншілес кәсіпорны. Дегенмен әскери дрондар дамыған сайын оған қарсы қолданылатын құралдардың да жетіле түсетінін ескеру керек. Сондықтан аяқталып келе жатқан жылда жұрт назарын аударған техниканың мүлдем жаңа үлгілері пайда болуы мүмкін.Амангелді ҚҰРМЕТ