Игерілмеген гранттар
Игерілмеген гранттар
348
оқылды

3 000-ға мыңға жуық студент грант иегері атанды. Иә, иге­рілмей қалған гранттар қайта бөлініп, мереке қарсаңында бір жасап қалдық. Бірақ ел арасында мұны «қосымша білім беру гранты» деп түсінгендер бар. Оның үстіне, кейбір қазақша ақпарат тарататын БАҚ өкілдері «Серпін» бағдарламасы бойынша грантқа ие болғандардың тізімі жарияланды» деп жазды. Бұл – қате. Ал дұрысы қайсы? Мұндай гранттар қалай бөлінеді?

Бұл мәселені көтеруімізге ата-аналардан түскен өтініш себеп болды. Мәселен, ҰБТ-дан 99 балл алған талапкер Сүлеймен Демирел атындағы университетке түсе ал­ма­ған соң Жұбанов атындағы Өнер академиясына тапсырған. Кейін игерілмеген грантқа ие бол­­ған­дар­дың тізімінен 85 балмен аталған оқу орнына түскендерді көр­ген. Содан талапкерде «неге қалаған универ­ситетке түсе алма­дым?» деген сұрақ туған. Айта ке­терлігі, әңгіме­лес­­ке­німізде ата-аналар бұл грант түрін қо­сымша грант деп түсінген. Жал­­пы, олар иге­­­рілмеген грант­­тарды қайта қа­рауға болатыны ту­ралы кеңінен ақпарат таратыл­мағанына қа­палы.

Игерілмей қалған грант бағдарлама бойынша бөлінген жоқ

Сонымен, ата-аналар сауалын Білім және ғылым министрлігіне жолдадық. Ә дегеннен Мем­ле­кеттік білім беру тапсырысын қа­­­лып­­­тастыру басқармасының бас­­шысы Жанна Уақасқызы бұл гранттардың «Серпін» бағдар­ламасы бойынша бөлінбегенін айтты. Өйткені елімізде бірнеше сайт грантқа ие болған талап­керлердің тізімін жоғарыдағыдай жариялаған. Оған қоса, бұл грант­тарды «қосымша грант» деп атау­дың қажеті жоғын еске салды. Жанна Уақасқызының айтуынша, игерілмеген гранттар 4 бағыт бойын­ша қайта бөлінген. Атап айтқанда, «Педагогика ғы­лым­дары», «Ақпараттық ком­муни­ка­циялық технологиялар», «Ин­женерлік өңдеу мен құрылыс са­лалары», «Ауыл шаруашылық жә­не биоресурстар». Естеріңізде болса, 2020-2021 оқу жылына барлығы 53 мыңнан астам грант бөлінген-ді. Конкурс бойын­ша шамамен 44 мың грант иесін тапты. Жауапты қыз­мет­кердің айтуынша, игерілмей қал­ған грант­тардың дені «Серпін» бағдарла­­масының еншісінде. Бі­рақ бұл игерілмей қалған грант­тар аталған бағдарлама бойынша үлес­тірілді деген сөз емес. Ал «Сер­пін» құ­зы­рында 5 мың грант барын есеп­­тесек, биыл біршамасы бос қалған. Жауапты орган бұған пан­демия жағдайы себеп деп отыр. Бас­тысы, Мемлекеттік білім беру тап­сы­рысын қалыптастыру бас­қар­масы Үкіметке гранттарды қай­­тарып бер­мей, студенттердің оң жам­басына келетін ұсыныс жасаған. «Шамамен тамыз айының соңында игерілмеген гранттар бойын­ша хабарландыру болған. Біз «Серпін» бағдарламасынан қалған гранттарды бірден жалпы кон­курсқа жібермейміз. Оған арнайы рұқсат керек. Сол өзгеріс енгізу бойынша жұмыстар жүр­гізілді. Қуан­тарлығы, талап­кер­лердің кон­курсқа қайта қа­тысуының қажеті жоқ. Барлық ақпарат жүйе­де бар. Авто­маттандырылған жүйе арқылы бәрін реттедік. Бірін­шіден, қаулыға өзгеріс еніп, заңды кү­шіне ие бо­луын күттік. Мерзімі белгілі болған соң қайтадан рес­пуб­ликалық кон­курстық ко­миссия отырысы өтті. Комиссия шеші­мімен бос қалған 2 763 грант иесін тапты» – дейді бас­қарма басшысы Жанна Уақасқызы. Дәлірек айтқанда, «Педагогика ғылымдары» бойынша – 1 690, «Ақпараттық комуникациялық тех­нологиялар» бойынша – 597, «Инженерлік өңдеу мен құрылыс салалары» – 391, «Ауыл шаруа­шылығы және биоресурстар» ма­мандығы бойынша 85 грант та­ғайындалды.

Тетігі қандай?

Маман пікірін оқи отырып, сізде де сұрақ туындады, білемін. Байқағаныңыздай, биыл игерілмей қалған гранттар 4 бағыт бойынша қайта бөлінді. Ал мұндай грант­­­тарды тағайындау талапкер таң­даған соңғы мамандық бойынша жүргізіледі. Бұл қалай? Мысалы, басқармаға ҰБТ-дан 98 балл алған талапкер хабарласқан. Оның таң­дау пәні – ағылшын тілі. Өз­деріңізге белгілі, оқушы ҰБТ-дан соң 4 білім беру бағдарламасы мен соған сай университеттерді таң­дайды. Мә­селен, жоғарыдағы талапкер бі­­рін­шіге «Шет тілі мұғалімдерін дайын­дау» бағытын, екіншіге «Халық­аралық қа­тынастарды», үшіншісіне «Аударма ісін», төртіншіге «Түр­кологияны» таңдап тұр. Ал иге­рілмей қалған гранттар бөлінген тізімге мән берсеңіз, «Түркология» мамандығы жоқ. Неліктен «Түр­­кологияны» қадап айтып отырмыз? Өйткені игерілмей қалған гранттар талап­кердің төртінші таңдаған маман­дығы бойынша конкурсқа түседі. Егер ол қайта конкурсқа түскен 4 мамандықтың бірін таң­дағанда, грантқа ие болуы мүмкін еді. Әри­не, талапкерлердің ара­­сында 4 ма­мандық емес, 2 не 3-еуін белгі­лейтіндер бар. Соған қара­мастан игерілмей қалған гранттар меха­низмі оқушының соңғы бел­гілеген мамандығы бойынша жү­реді. Есте ұстарлығы, мұнда да жи­наған ұпайыңыз үлкен рөл ой­­найтынын есте ұстаңыз. Жи­наған ұпайыңыз бен бос грант орнына сай тізімге іліге аласыз. Ал игерілмей қалған грант есе­бінен оқуға қабылданғандар 1 қаң­тардан бастап оқуға кіріседі. 1 се­местрде ақылы бөлімде оқыған болса, студентке оқу ақысы қай­тарылмайды. Себебі ол осы уақыт аралығында сол оқу орнынан білім алды. Сәйкесінше, 1 қаңтарда жаңа университетке ауысып, сти­пендия алатын болады.

«Мерзімі ертерек белгілі болса-шы...»

Игерілмей қалған грант жайын қозғағанда бірден Joo.kz қосым­шасының директоры Қанат Өк­сікбаев ойға оралады. Себебі та­лапкерлермен жиі әңгімелесетін ол игерілмей қалған гранттар жай­лы ақпарат оларға кеш же­тетінін ай­тады. Әрі осы тура­сында БАҚ бе­тінде біршама мә­селе көтерген-ді. «Жалпы, 53 мың грант бөлінді. Жазда соның 44 мыңы таратылды. Қалғаны бірнеше фактор бойынша сәйкес келмеді. Өйткені көбі елдегі жағдайға байланысты қалай оқуға тапсыратынын білмеген. Одан кейін игерілмей қалған 9 мың грант­тың 4 мыңы – «Серпін» бағ­дарламасының иелігінде. Соған сай белгілі бір комиссия құрылып, гранттарды қайта бөледі. Осының алдында ұсынып жүргенімдей, ко­миссия шешімін күтпей-ақ, иге­рілмей қалған гранттарды қайта бөлу­дің арнайы мерзімі болсын. Керек болса, оқушылар қайтадан кон­курсқа қатыса алатындай меха­низм іске қосылсын. Жоғары­дағы оқи­ғадағыдай ата-аналар сансырап қалмай, бәрін ертерек білгені дұ­рыс»,– дейді Қанат Өксікбаев. Иә, талапкерлер де, ата-аналар да игерілмей қалған гранттарды қайта иеленуге болатынын әрі шарт­­тарын білгенімізде бәрі бас­қаша болар ма еді деп отыр. Өйт­кені талапкерлер 4 білім беру бағ­дар­ламасын таңдар тұста үшін­ші мен төртіншісін «көз жұмып» бел­­­гілейді. Бұл – шындық. Кө­бінің көкейінде «алғашқы екеуіне ілігіп кетсем ғой» деген арман бар. Сон­да осындай түсініспеушілікке тү­лекті ертерек құлақтандырмаған ми­нистрлік кінәлі ме? Әлде, білім бе­ру бағдарламасын таңдарда жеті рет өлшеп кеспеген талапкер кі­нәлі ме?

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ