3 000-ға мыңға жуық студент грант иегері атанды. Иә, игерілмей қалған гранттар қайта бөлініп, мереке қарсаңында бір жасап қалдық. Бірақ ел арасында мұны «қосымша білім беру гранты» деп түсінгендер бар. Оның үстіне, кейбір қазақша ақпарат тарататын БАҚ өкілдері «Серпін» бағдарламасы бойынша грантқа ие болғандардың тізімі жарияланды» деп жазды. Бұл – қате. Ал дұрысы қайсы? Мұндай гранттар қалай бөлінеді?
Бұл мәселені көтеруімізге ата-аналардан түскен өтініш себеп болды. Мәселен, ҰБТ-дан 99 балл алған талапкер Сүлеймен Демирел атындағы университетке түсе алмаған соң Жұбанов атындағы Өнер академиясына тапсырған. Кейін игерілмеген грантқа ие болғандардың тізімінен 85 балмен аталған оқу орнына түскендерді көрген. Содан талапкерде «неге қалаған университетке түсе алмадым?» деген сұрақ туған. Айта кетерлігі, әңгімелескенімізде ата-аналар бұл грант түрін қосымша грант деп түсінген. Жалпы, олар игерілмеген гранттарды қайта қарауға болатыны туралы кеңінен ақпарат таратылмағанына қапалы.Игерілмей қалған грант бағдарлама бойынша бөлінген жоқ
Сонымен, ата-аналар сауалын Білім және ғылым министрлігіне жолдадық. Ә дегеннен Мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру басқармасының басшысы Жанна Уақасқызы бұл гранттардың «Серпін» бағдарламасы бойынша бөлінбегенін айтты. Өйткені елімізде бірнеше сайт грантқа ие болған талапкерлердің тізімін жоғарыдағыдай жариялаған. Оған қоса, бұл гранттарды «қосымша грант» деп атаудың қажеті жоғын еске салды. Жанна Уақасқызының айтуынша, игерілмеген гранттар 4 бағыт бойынша қайта бөлінген. Атап айтқанда, «Педагогика ғылымдары», «Ақпараттық коммуникациялық технологиялар», «Инженерлік өңдеу мен құрылыс салалары», «Ауыл шаруашылық және биоресурстар». Естеріңізде болса, 2020-2021 оқу жылына барлығы 53 мыңнан астам грант бөлінген-ді. Конкурс бойынша шамамен 44 мың грант иесін тапты. Жауапты қызметкердің айтуынша, игерілмей қалған гранттардың дені «Серпін» бағдарламасының еншісінде. Бірақ бұл игерілмей қалған гранттар аталған бағдарлама бойынша үлестірілді деген сөз емес. Ал «Серпін» құзырында 5 мың грант барын есептесек, биыл біршамасы бос қалған. Жауапты орган бұған пандемия жағдайы себеп деп отыр. Бастысы, Мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру басқармасы Үкіметке гранттарды қайтарып бермей, студенттердің оң жамбасына келетін ұсыныс жасаған. «Шамамен тамыз айының соңында игерілмеген гранттар бойынша хабарландыру болған. Біз «Серпін» бағдарламасынан қалған гранттарды бірден жалпы конкурсқа жібермейміз. Оған арнайы рұқсат керек. Сол өзгеріс енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді. Қуантарлығы, талапкерлердің конкурсқа қайта қатысуының қажеті жоқ. Барлық ақпарат жүйеде бар. Автоматтандырылған жүйе арқылы бәрін реттедік. Біріншіден, қаулыға өзгеріс еніп, заңды күшіне ие болуын күттік. Мерзімі белгілі болған соң қайтадан республикалық конкурстық комиссия отырысы өтті. Комиссия шешімімен бос қалған 2 763 грант иесін тапты» – дейді басқарма басшысы Жанна Уақасқызы. Дәлірек айтқанда, «Педагогика ғылымдары» бойынша – 1 690, «Ақпараттық комуникациялық технологиялар» бойынша – 597, «Инженерлік өңдеу мен құрылыс салалары» – 391, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» мамандығы бойынша 85 грант тағайындалды.Тетігі қандай?
Маман пікірін оқи отырып, сізде де сұрақ туындады, білемін. Байқағаныңыздай, биыл игерілмей қалған гранттар 4 бағыт бойынша қайта бөлінді. Ал мұндай гранттарды тағайындау талапкер таңдаған соңғы мамандық бойынша жүргізіледі. Бұл қалай? Мысалы, басқармаға ҰБТ-дан 98 балл алған талапкер хабарласқан. Оның таңдау пәні – ағылшын тілі. Өздеріңізге белгілі, оқушы ҰБТ-дан соң 4 білім беру бағдарламасы мен соған сай университеттерді таңдайды. Мәселен, жоғарыдағы талапкер біріншіге «Шет тілі мұғалімдерін дайындау» бағытын, екіншіге «Халықаралық қатынастарды», үшіншісіне «Аударма ісін», төртіншіге «Түркологияны» таңдап тұр. Ал игерілмей қалған гранттар бөлінген тізімге мән берсеңіз, «Түркология» мамандығы жоқ. Неліктен «Түркологияны» қадап айтып отырмыз? Өйткені игерілмей қалған гранттар талапкердің төртінші таңдаған мамандығы бойынша конкурсқа түседі. Егер ол қайта конкурсқа түскен 4 мамандықтың бірін таңдағанда, грантқа ие болуы мүмкін еді. Әрине, талапкерлердің арасында 4 мамандық емес, 2 не 3-еуін белгілейтіндер бар. Соған қарамастан игерілмей қалған гранттар механизмі оқушының соңғы белгілеген мамандығы бойынша жүреді. Есте ұстарлығы, мұнда да жинаған ұпайыңыз үлкен рөл ойнайтынын есте ұстаңыз. Жинаған ұпайыңыз бен бос грант орнына сай тізімге іліге аласыз. Ал игерілмей қалған грант есебінен оқуға қабылданғандар 1 қаңтардан бастап оқуға кіріседі. 1 семестрде ақылы бөлімде оқыған болса, студентке оқу ақысы қайтарылмайды. Себебі ол осы уақыт аралығында сол оқу орнынан білім алды. Сәйкесінше, 1 қаңтарда жаңа университетке ауысып, стипендия алатын болады.«Мерзімі ертерек белгілі болса-шы...»
Игерілмей қалған грант жайын қозғағанда бірден Joo.kz қосымшасының директоры Қанат Өксікбаев ойға оралады. Себебі талапкерлермен жиі әңгімелесетін ол игерілмей қалған гранттар жайлы ақпарат оларға кеш жететінін айтады. Әрі осы турасында БАҚ бетінде біршама мәселе көтерген-ді. «Жалпы, 53 мың грант бөлінді. Жазда соның 44 мыңы таратылды. Қалғаны бірнеше фактор бойынша сәйкес келмеді. Өйткені көбі елдегі жағдайға байланысты қалай оқуға тапсыратынын білмеген. Одан кейін игерілмей қалған 9 мың гранттың 4 мыңы – «Серпін» бағдарламасының иелігінде. Соған сай белгілі бір комиссия құрылып, гранттарды қайта бөледі. Осының алдында ұсынып жүргенімдей, комиссия шешімін күтпей-ақ, игерілмей қалған гранттарды қайта бөлудің арнайы мерзімі болсын. Керек болса, оқушылар қайтадан конкурсқа қатыса алатындай механизм іске қосылсын. Жоғарыдағы оқиғадағыдай ата-аналар сансырап қалмай, бәрін ертерек білгені дұрыс»,– дейді Қанат Өксікбаев. Иә, талапкерлер де, ата-аналар да игерілмей қалған гранттарды қайта иеленуге болатынын әрі шарттарын білгенімізде бәрі басқаша болар ма еді деп отыр. Өйткені талапкерлер 4 білім беру бағдарламасын таңдар тұста үшінші мен төртіншісін «көз жұмып» белгілейді. Бұл – шындық. Көбінің көкейінде «алғашқы екеуіне ілігіп кетсем ғой» деген арман бар. Сонда осындай түсініспеушілікке түлекті ертерек құлақтандырмаған министрлік кінәлі ме? Әлде, білім беру бағдарламасын таңдарда жеті рет өлшеп кеспеген талапкер кінәлі ме?Айзат АЙДАРҚЫЗЫ