Темір тордың ар жағындағы үйлену тойы
Темір тордың ар жағындағы үйлену тойы
281
оқылды

Темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатқандар өз бақытын табудан үмітті. Қоғамнан алшақталғандар сыңарын кездестіріп,бас құрау үшін түрлі амалға барады.

Қарағанды облысында жазасын өтеп жатқан азаматтар қалыңдық табу жолдарымен бөлісті. Олар шаңырақ көтеру үшін өз жұбын таңдауға белсене кіріседі екен. Сотталушы үшін өзін күтетін, іздейтін жанның болуы өмірге құлшындырады дейді олар. Сотталушы әуелі өзінің ескі таныстары мен қалыңдығына іздеу салады. Туыстары мен достарына таксофон арқылы хабарласып, бұрынғы сүйіктілерінің жағдайын сұрастырады. Тамыр-таныстарының арасында тұрмыс құрмаған немесе ажырасқан нәзік жандылар туралы ақпарат жинайды. Кейде болашақ қалыңдық пен жарастыруға сотталушының туыстары дәнекер болады. Сотталушылар арасында ең танымал әдіс – басылымдар арқылы танысу. Газеттердің соңғы бетінде өз бақытын кездестіргісі келетіндердің хабарландыруы жиі жарияланады. Егер қалыңдық хабарландыруға қызығушылық білдірсе, жазасын өтеу мекемесі мен топ мекенжайы көрсетіледі. Танысудың бұл әдісі өте танымал десе де болады. Себебі аталмыш мекенжайға қыз-келіншектер тарапынан түсетін хаттар толастаған емес. Еркіндікте өз бақытын таппаған нәзік жандардың темір тордың ар жағына телміруі жазасын өтеу мекемелері үшін таңсық емес. Бұл хаттардың мазмұнында ортақ дүниелер бар. Хат сымбатты, кінәсіз, келешегі жарқын ер жігіттің кенеттен, күтпеген жайттың килігуімен түрмеге жабылғанын баяндаумен басталады. Хаттың өн бойы жасаған қателігіне аһ ұрған, бәрін жаңадан бастағысы келетін жанның өкінішіне тұнып тұрады. Егер бұл хатқа қыз-келіншектер тарапынан жауап келсе, бұл 80% жеңіске қол жетті дегенді білдіреді. Өз өмірінің көлеңкелі тұсына аяныш тудырып, қиындықты бірге еңсеретін нәзік жанның махаббатына мұқтаж екеніне сендіре алғаны. Келесі хатқа сотталушы фотосын салып, қалыңдықтан сурет жолдауды өтінеді. Егер сотталушының фотодағы бейнесі көңілінен шықса, жауаппен бірге қыздар өздерінің суретін жолдайды. «Бұл таныстықтың сәтті басталғанының белгісі», – дейді сотталушылар. Бұдан кейін таксофон арқылы тілдеседі, ал бірнеше айдан кейін үйленуге ұсыныс жасалады. «Некеге тұру тәрбие процесінің ажырамас бөлігі, сотталғандарда қайта әлеуметтенудің жедел процесіне ықпал ететін заңға бағынушылық мінез-құлық қалыптасады. Егер сотталушы үйленгісі келсе, жазасын өтеп жатқан мекеменің әкімшілігі барлық қажетті құжатты беруге және ресімдеуге заң көмегін көрсетеді. Осыдан кейін біз АХАТ қызметкерін шақырамыз. Жабық үлгідегі мекемелердегі неке қию салтанатына тек күйеу, қалыңдық және қызметкерлер қатысады», – деді АК159/11 мекемесінің бастығы, әділет полковнигі Ерлан Апаханов. Жас жұбайлар неке құрғаннан кейін олар мекеме аумағында ұзақ уақыт кездесуге құқылы. Жиһазбен жабдықталған асүй, душ және дәретхана бар. Ерлі-зайыптылар 2 күнді бірге өткізе алады. Кездесу саны жазаны өтеу жағдайына байланысты. «Біз 2019 жылы АК-159/20 ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде таныстық. Екеуміз де сүрініп, қазіргі уақытта қоныс колониясында жазамызды өтеп жатырмыз. Бір-бірімізді ұнатқан соң үйленуге шешім қабылдадық, оған мекеме әкімшілігі көмек көрсетті және көп ұзамай бізді бақылаушылардың сүйемелдеуімен қаланың АХАТ-на алып келді. Басқа сотталғандар маған костюм табуға көмектесті, ал қалыңдық көйлегін сатып алдық. Сақинаға ақшаны 2 ай жинадық. Үйлену рәсіміне анам мен әпкем қатысты. Бізге неке туралы куәлік берілді. Басқа сотталғандар арасында дастарқан жайып, некемізді шаймен, тортпен атап өттік», –дейді АК159/20 мекемесінің сотталушысы. «Неке – бұл ерлі-зайыптылардың әрқайсысы үшін маңызды сәт. Әрине, біздің қызметкерлер асықпауға кеңес береді және бәрін мұқият ойластырады, бірақ ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасты заңдастыруға деген ұмтылысы жоғалмаса, біз құжаттарды реттейміз. Биыл біздің мекемемізде 10 неке тіркелді», – деді Қарағанды облысындағы АК-159/20 мекемесі бас тығының орынбасары, әділет майоры Елгелді Жылқыбай. Ал биыл АХАТ деректері бойынша, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданында сотталғандардың 4 некесі бұзылған. «Бас бостандығынан айыру орындарында жасалған одақтың қаншалықты берік болуы ерлі-зайыптылардың өздеріне байланысты, ажырасулар да бар. Егер сотталған адам үйленсе және оның жұбайы босатылуын күтсе, сотталған адам үмітін ақтауға тырысады», – дейді Қарағанды облысы бойынша ҚАЖ аға психологі, әділет капитаны Екатерина Чернышова.

Ләззат ҚОЖАХМЕТ,  Қарағанды облысы