Қызылорда облысында аударылған автобус техникалық байқаудан өтпеген
Қызылорда облысында аударылған автобус техникалық байқаудан өтпеген
5,281
оқылды

«Астана» арнасының хабарлауынша, Қызылорда облысындағы жантүршігерлік жол апатына ұшыраған автобус техникалық тексеруден өтпеген.

Телеарнаның мәліметінше, жол апатынан 8 адам қайтыс болды. 13 жолаушы хал үстінде жатыр. Зардап шеккендердің барлығы вахталық тәсілмен жұмыс істеген мұнайшылар. Автобуста Құмкөлден қайтқан «СаутсОйл» компаниясының 36 жұмысшысы болған.

Қызылорда облыстық ТЖД басшысы Омар Бержанов: «Жарты сағаттың ішінде 3, одан кейін 15 минуттан кейін 4 мәйіт табылды. Артынан біздің қызметкерлер құтқару құралдарымен сол автобустын ішінен тірі, әртүрлі жарақат алған 9 жұмысшыны шығарып, жедел-жәрдем автокөліктеріне салуға көмектесті. Сол автобустың ішінен және қасынан мәйіттер тапты. Сол 08.45-та автокранның көмегімен автобусты көтеріп, тұрғызу кезінде жетінші мәйіт автобустың ішінен табылды. Аварийно-құтқару құралымен соңғы мәйіт екі отырғыштың ортасында қыстырылып төменде қалып қойған, – деді.

Телеарнаның мәліметінше, тайғақ жолда аударылып қалған автобус биыл наурыз айында соңғы рет техникалық байқаудан өткені белгілі болды. Бірақ ережеге сәйкес, бұл тектес транспорттар алты ай сайын тексерілуі тиіс.