Тұштаңдаған Тышқан кезінде барлық аң-құстың ауыздарын аңқитып, сазға отырғызып кеткен зәмдем ғой. Түйенің құлағына жармасып, шығып келе жатқан Күнді өзгелерден бұрын көріп, Жыл басы болып тағайындалғаны белгілі. Тапқан-таянғанын тырмысып ініне таситын Тышқан туысымыздың енді Құдай сүйер қылығы жоқ. Құдай сүйер қылығы болмаған соң айналасына жұғымы және жоқ. Бірақ, былығы көп.
Осы Тышқан тышқаншылап 2020 жылды толайым иеленгені соншама, топалаң етіп жіберді. Жыл иесі өзі болғаннан соң аянсын ба, былықтары мен шылықтары көбейіп кетті. Жыл иесін патшаңыз да үркіте алмайды. Мерзімі бітпей Жыл егесі де кетпейді. Мығым отырып алады. Керек деп тапса қиғылығық салады.
Тағы қандай ойран ойластырып жүргенін өзі біледі, Тышқан төбе басында тыпырлап жүрді де қойды. Өріске шыққан Өгіз оны ойламаған жерден кездестірді.
– Оу, Тышқанбысың?
– Тышқанбыз!
– Түріңіз келіспей тұр.
– Онда неге сасып тұрсың?
– Сасығаны несі? Баяғы әдетіме басып тұрмын.
– Міне, мұның шындық. Баяғы әдетіне басып тұрсын, сондықтан сасып тұрсың.
– Оны немен дәлелдемексің?
Сиыр сілкінді.
– Келтірмеші күлкімді. Саған керегі дәлел ғой. Онда тында.
Тышқан тымырайып жер таянып отырды. Сиыр сөйлеп кетті.
Жемқорлық салдарынан Қазақстан экономикасына жыл сайын 3,8 млрд доллар шығын келеді екен. Бұл жалпы ішкі өнімнің 2 пайызына тең. Биыл жыл басынан бері елімізде 2140 коррупциялық қылмыс тіркелген. Соның ішінде пара алу бойынша 993 дерек анықталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,4 пайызға артық. 555 дөкей пара алып дөңгелеп түскен. 404 жанынан безген қу пара беруге оқталыпты. 34 делдал дайын асқа тік қасық боламын деп далбасалап қалған. Осылардан мемлекетке 39,5 миллиард теңге өндірілген. Тышқан жыл басынан былықтырды. Жаңа жылды тойлап үлгермей жатып Павлодар облысының әкімі Ерлан Арыновтың соңынан боз-боранды бұрқасын тұрды. Оның көмекшісі Төлеген Бәстенов 9 миллион теңге пара алып жатқаны жерінде құрықталған. Артынша осы облысқа әкім болған Болат Бақауов туралы да жайсыз хабар тарады. Текелі қаласының әкімі Бахтияр Өнербаев, Зеренді ауданының әкімі Берікжан Әбутәліков жайлы да жайсыз «слух» бар. Павлодар облысы Қалқаман ауылдық округінің әкімі бас маманмен бірігіп, әкімдік ғимаратына төлем терминалдарын қою бойынша келісім-шарт жасасу кезінде 50 мың теңге пара алған.
Маң-маң басқан, шүйделерін шаң басқан министрліктегілер де мәз емес. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бірдеңені бүлдірген-ау шамасы, қызметінен кетті. Тегі, Денсаулық сақтау мекемелерінің дендерінің саулығына күмән бар. Айталық, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Павлодар облысы бойынша департаменті Медициналық қызмет бойынша комитетінің облыстық департаменті басшысын пара алып жатқан жерінен құрықтады. Осы департаменттің тағы екі қызметкері пара алып жатқан жерінен құрықталған.
Түңілдіретін, толғандыратын, тітіркендіретін түйткілдер тасқындай түсуде. Елге қорған болады, айналасы толған орман болады дейтін сот саласындағылардың алақандары жыбырлап тұратын болған соң өзгелерге не жорық? Айталық, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті ҚР Жоғарғы Сотының Ішкі қауіпсіздік бөлімімен бірлесіп, Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасының судьясы Әшірбек Рақымбаевтың сыбайлас жемқорлық әрекетінің жолын кесті.
Ішкі істер органдарының қызметкерлері де жең ұшынан жалғасудан ешкімнен кем түспейді. Айталық, биыл жыл басынан ішкі істер органдарының 221 қызметкеріне сот үкімі шыққан. Тегеуірінді тергеушілер күдіктіні жазаға тартпау үшін, учаскелік инспекторлар әкімшілік айыппұл салмау үшін және пробациялық қадағалауды жұмсарту үшін пара сұраған. Жол-патрульдік қызмет инспекторлары жол-қозғалыс ережелерін бұзғандарды пара беруге итермелеген. Биыл 801 түрлі деңгейдегі полицияның басшы- қызметкері тәртіптік жазаға тартылып, 36-сы жұмыстарынан қоштасқан. 128-і лауазымдық қызметтерінен босатылған. Ішкі қадағалау кезінде 194 «қызыл жағалының» қызметтерін атқарып жүріп ішімдік ішіп, көлік басқарған. Соның 31-і есіргені соншалық, есірткіге елтіпті. Полиция қызметкерлерінің арасында пара алғаннан бөлек, бюджет қаржысына қол сұғатындар да бар. Мәселен, Алматы облыстық полиция департаментінде аса ірі көлемде қаржы жымқырған. Бұл қылмыс іссапар шығындарын, сыйақыны, қызметтік көліктерді жөндеуге және оларды жанар маймен қамтамасыз етуге арналған шығындарды төлемеу арқылы жасалған. «Өлі жандарға» заңсыз еңбекақы төлеу деген сұмдық төбе көрсетті. Бір ғана аудандық полиция бөлімінде осындай қитұрқы әрекеттер арқылы 365 миллион теңге жымқырылған.
– Мұнымен де қоймай, биыл коронавирус деген іріңді індетіңді жалпақ елге жайып жібердің. Қаншама боздақтар қыршын кетті. Тышқан емес Мыстан болдың ғой өзің, - деп Өгіз жер тарпыды.
Тышқан тым-тырыс томсырайды. Тұрып-тұрып тайып тұрды. Барсын! Барлық жамандық атаулы сонымен кетсе бөркімізді аспанға атуға біз дайын!