Жинақтағы қаржы емге де жарайды
Жинақтағы қаржы емге де жарайды
214
оқылды

Қазақстандықтар келесі 2021 жылдан бастап зейнет­ақы жинағындағы қаржыға ем­деле алатын болды. Тиісті заң жобасын Парламент қа­был­дады. Денсаулық сақтау министрлігі «Емделуге бері­летін біржолғы зейнетақы тө­лемдерін пайдалану қағи­да­ларының» жобасын жария­лады. Ел енді оның тезірек іске қосылуын күтуде.

Президент Қ.Тоқаевтың зей­нетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануға рұқсат ету туралы бастамасын халық қызу қолдады. Бұл миллионға жуық азамат үшін жаңа мүмкіндік ашпақ: олар қаражатын баспана алуға және емделуге бағыттай алады. Осы мақсатта уәкілетті оператор ретінде «Отбасы банкі» құрылды.

Жинақ денсаулықты қазір қорғауға керек

Тек баспана емес, БЖЗҚ-дағы жинақтарды емделуге жұмсау ба­ғыты да қазақстандықтар арасында кең сұранысқа ие болатыны бай­қа­лады. Жұртшылық шетелдік клиникалардың қымбат әрі сапа­лы ме­дициналық қызметін пайда­лануға құлшынып отыр. Соған қарағанда пандемия аяқ­талып, шекаралар ашылса, меди­циналық туризм соны серпін ала­тын түрі бар. Атырау тұрғыны Людмила Товкач жұбайы екеуі Қ.Тоқаевтың осы бастамасының жүзеге аса бастайтын күнін асыға күтіп жүр. Себебі күйеуі Михаил Товкач өз жинағын денсаулығын жақсарту үшін пайдалануға ынтық. «Ол ІІ топтағы мерзімсіз мү­гедек деп танылды. 64 жаста. 8 жыл бұрын Атырау облыстық ауру­ханасында жүрегіне аса күр­делі ота – аортокоронарлық шун­тирлеу операциясы жасалды. Операция кезінде клиникалық өлім тіркелді. Кең көлемді ише­миялық инсульт болды, миының бір бөлігі өліп қалған. Бұл жадын жоғалтуына әкеліп соқтырды. Жүйкесі жұқарып кетті. Тосыннан долданып шыға келеді, агрессия танытады», – дейді Людмила Владимировна. Оның күйеуі өз бетімен қозғала алмайды екен. Өзгенің, әйелінің көмегінсіз тіршілігі қиын. Науқас ауруханадан шығарылғаннан кейін ұзақ жылдар емделуге, неврологиялық тексеруге мұқтаж болған. «Өкінішке қарай, оның бар­лығы бірдей Қазақстанда жасала бермейді. Мысалы, дәрігердің ақыл-кеңесі бойынша Ресейдің Петерборында, РФ ғылым акаде­миясының «Н.П.Бех­терева атын­дағы Адам миы инс­­­титутында» зерт­теуден өтіп, ем­делді. Михаил – мамандығы бойын­ша геолог. Бү­кіл өмірін дала­дағы экспедицияларда өткізді. Мем­лекетіміз табиғи қазба байлық­тарды ел игілігіне жаратуы үшін қызмет етті. Бұл кәсіптің ыс­тығына күйіп, суығына тоңа жүріп, денсаулығынан айырылды. Тәуел­сіздік жылдары, 1995 жылдан бері Атырау мұнай өңдеу зауытында жұмыс істеді. Өз ісінің білгірі деп танылып, 2005 жы­лы «Үздік қыз­меткер» атанды. Өмір бойы дала кезген адам қазір үйден сыртқа ат­тап баса алмай, қамалуға мәж­бүр», – дейді оның жұбайы. Михаил Товкач үйінде емделуде. Бұл сауығуға ықпал етпейтін көрі­неді. Сондықтан әйелі оны Невро­логия орталығына жатқызып, миы­ның функцияларын қалпына кел­тіріп, невропатологиялық, кардио­логия­лық ұзақ сауықтырудан өткіз­гісі келеді. Бірақ оған қаражаты тапшы. «Ақша ештеңеге жетпейді. Еш­кімнен қаражат сұрағымыз келмейді. Оны емдеуге күйеуімнің зейнетақы жинағы жетер еді. Үкімет соны алуға жәрдемдессе дейміз. Заң бойынша зейнетақы жинағын бірреттік төлем түрінде алуға болады деп жатыр», – дейді Людмила Владимировна. Үкімет мүшелеріне өзге де ауыр сырқаттарға ұшыраған жандардан осындай өтініштер көптеп түсуде. Мысалы, Қазақстанда 180 мыңға жуық онкологиялық ауруға ұшыра­ған адам есепке алынды. Жыл сайын шамамен 35 мыңдай адамнан қатерлі ісік табылады. Яғни, әрбір жүзінші қазақстандық осы дертпен күресуде. Жыл сайын бұл аурудан 15 мың адам көз жұмады. Егер зейнетақы жинағы жетсе, олар оны қосымша сауықтыру ша­раларына жұмсай алар еді.

Қандай аурудан емделуге мүмкіндік бар?

Сонымен, Денсаулық сақтау министрлігі біржолғы зейнетақы төлемдерін емделуге пайдалану тәр­тібін айқындады. Ол бойынша бірін­шіден, БЖЗҚ-да жеткілікті сомасы бар азаматтар оны өзінің ғана емес, сондай-ақ ата-анасының, туған және асырап алған балалары­ның, ата-анасы бір немесе бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарын­дастары), сондай-ақ ата-әжесі, немерелері денсаулығын жақсартуға қолдана алады. Ал бөгде адамдарға пайызбен қарызға беру немесе сый­лау қарас­тырылмаған. Екіншіден, жинақ алушының қолына ақша түрінде берілмейді: қызмет көрсеткен клиникаға қолма-қолсыз аударылады. Үшіншіден, БЖЗҚ-дан аудары­латын біржолғы зейнетақы төлем­дерін (БЗТ)  осы қағидаларға 1-қо­сымшада бекітілген медици­налық қызметтер түрлерінің тізбесіндегі медқызметтерге ғана жұмсауға рұқ­сат етіледі. Сонда ол тізбеге қан­дай аурулар жатады? БЗТ есебінен ақысы төленетін медқызмет түрлерінің тізбесіне бірінші кезекте орфандық ауруларды емдеу (дәрі-дәрмекпен қамтуды, сондай-ақ емдеу тактикасын ай­қындауға арналған диагностикалық зерттеулерді қоса алғанда) енгізілген. Екіншіден, зейнетақы жинағы арқылы Қазақстан аумағында орна­ласқан медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қыз­меттер алуға болады. Үшіншіден, пластикалық опе­рацияларға да зейнетақы жинағының қаржысын пайдалануға болады. Соның ішінде  операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды, организмнің жұмсақ тіндеріне кос­метологиялық, түзету мақса­тын­да реконструктивті және қалпына келтіру операциялары да әлгі есепке  кіреді. Төртінші, радионуклидті және радиойодты терапияны талап ететін аурулар. Бесінші болып ра­диохи­рургиялық емдеуді қажет ете­тін ауру­лар (гамма-пышақ, кибер-пышақ) медқызмет тізбесіне енгі­зілді. Ал­тыншы, протонды терапия­ны қажет ететін аурулар. Жетінші, отан­дық медициналық ұйымдарда, оның ішін­де санаторий-курорттық жағдайларда меди­циналық оңалту үшін зейнетақы қорындағы  қаржы­ны пайдалануға болады. Осы қағида күшіне енбес бұрын 2021 жылдың 6 қаңтарына дейін қоғамдық талқылауда болады. Со­ның барысында халықтан ұсыныс-тілектер түссе, бұл тізімге енетін қызметтер саны артуы мүмкін. Сырқат адам жинағын осы ті­зімдегі бірнеше аурудан емделуге жарата алады, медқызметтер түрлері бойынша шектеу жоқ, тізбеде болса болғаны. Бірақ 2 ай ішінде талап етілмесе, есепшоттағы ақша БЖЗҚ-ға кері қайтарылады.

БЖЗҚ-дан қаражат алу қадамдары

ДСМ ұсынып отырған қағидалар жобасында алушы азаматтың, БЖЗҚ-ның және уәкілетті опе­ра­тордың өзара іс-қимыл алгоритмі көрсетілген. Осыны қадам-қадам бойынша түсіндіріп өтсек. 1-қадам. Зейнетақы жинағына емделгісі келетін адам (алушы) өзі тіркелген медициналық ұйымға – емхана-клиникаға жүгініп, тиісті формада толтырылған анықтаманы беруге өтініш жазуы керек. Ол құжат «жеке тұлғаны біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен емделуге бағыт­тау туралы дәрігерлік комиссияның қорытындысы» деп аталады. 2-қадам. Өтініштер бойынша осындай қорытынды беру үшін медұйымның басшысы өз бұйры­ғымен дәрігерлік комиссия құрады. Оның құрамына емхананың құры­лымдық бөлімшелерінің меңге­рушілері, кем дегенде 3 дәрігер-маман кіреді. Сондай-ақ оған басқа да медұйымдардың мамандарын, ЖОО, ҒЗИ, зерттеу орталықтары кафедраларының қызметкерлерін тартуға жол ашық. Комиссия оты­рысына мүшелер көзбе-көз немесе онлайн қатыса алады. Азаматқа өз жинағына емделуіне келісім беру немесе одан бас тарту жинал­ған­дардың көпшілік дауысымен қабыл­данады. Егер дауыстар тең түссе, комиссия төрағасының дауысы шешуші деп танылады. Комиссияның шешімі отырыс өткен күннен бастап 3 күн ішінде өтініш иесіне табысталуы тиіс. 3-қадам. Оң қорытынды берілсе, алушы электронды цифрлы қол­таңбасымен уәкілетті опера­тордың интернет ресурсында авториза­цияланады және өзінің жеке ка­бинетін ашады. Сонда емделуге БЗТ алу туралы өтінішті толтырып, оны ЭЦҚ-сымен растайды. Ко­миссия қорытындысын қоса тіркейді. 4-қадам. Электронды өтініш БЖЗҚ-ға келіп түседі. Уәкілетті опе­ратор мен БЖЗҚ арасында ақпарат алмасу олардың ақпараттық жүйе­лерін интеграциялау арқылы жүзеге асырылады. Яғни, азамат солардың арасында өзі жүгірмейді. БЖЗҚ өтінішті алған күннен бастап 5 жұ­мыс күні ішінде БЗТ-ның сұ­ра­тыл­ған сомасын уәкілетті опера­торға аударады. Оператор ол соманы алу­шының арнайы шотына жол­дайды. 5-қадам. Тараптар жеке каби­нетте біржолғы зейнетақы төлем­дерін беру туралы келісім жасасады, ол ЭЦҚ-мен куәландырылады. Алушы адам артынан ол қара­жаттың нысаналы жеріне, яғни ем­делуге жұмсалғанын құжат жүзінде растауы тиіс. Егер растай алмаса, жинақты БЖЗҚ-ға кері қайтаруға тура келеді.

АйханАйхан ШӘРІП