Биыл Қазақстандағы автомобиль нарығы көптеген өзгеріске ұшырады. Қолданылған көліктердің құны құбыла түсті, ал жаңа машиналар саудасында жаңа ойыншылар шықты да, бәсекелестік артты. Енді алдағы жылы автонарықты не күтіп тұр? Көліктердің бағасы қандай болады?
2020 жыл отандық автоөнеркәсіпке қиын тиді. Індет басталғанда көлік сатылымы бір сәтке тоқтап қалды. Алайда содан кейін тұтынушылар тарапынан жоғары сұраныс байқалды. Сарапшылардың пікірінше, адамдар шетелге бара алмағандықтан, қалтасындағы артық ақшасын жылжымайтын мүлік пен көлікке жұмсауды ұйғарған. Сондықтан жаңа көліктердің бағасы біршама өсті, ал айдалған көліктердің бағасы тіптен аспандады. Бұған не әсер етті? Әрине, бірінші кезекте – пандемия. Жұмыс орындары қысқарды. Армян көліктерінің мәселесі автомобиль құнының күрт көтерілуіне септесті. «Бипэк-авто» зауытының айналасындағы жанжал да автонарыққа ықпалын тигізді. Автосалондарда машина тапшылығы туындады. Отандық нарыққа Chevrolet бренді шығып, халыққа қолжетімді көліктерді ұсынды. Сонымен қатар 4 пайыздық жеңілдікпен автонесиелеу бағдарламасы сұранысты еселеді. Эпидемияға дейін жағдай тұрақты еді, бастапқы нарықтағы сату біртіндеп өсті. Содан кейін карантин жарияланып, дауыл алдындағы тыныштық орнады. Наурыз айында дилерлер екінші жартыжылдық үшін аз мөлшерде көліктерге тапсырыс бере бастады. Бірақ ұсыныстан сұраныс артық болды да, диллерлер қолда барын сатып жіберді. Әсіресе, Қостанайда өндірілетін Chevrolet маркалы автомобильдерге сұраныс орасан. Көліктер «сөреде» көп тұрмай, дереу сатылып жатыр. Мысалы, күзде су жаңа Volkswagen Touareg сатып алғысы келген адамдар оны көктемге дейін күтуге мәжбүр. Автонарықты валюта бағамы да айналып өткен жоқ. Өйткені барлық тауар бізге шетелден және шетел ақшасымен әкелінеді. Мамандардың ойынша, егер пандемия болмаса, армян көліктерінің мәселесі халықты отандық өнімге ынталандырып, өзімізде құрастырылған жаңа машиналар сатып алуға итермелейтін еді. Жаһанды коронавирус жайламаған күнде де көлік сатылымы көтерілер еді. Себебі бұл көрсеткіш бізде жылына 15-20 пайызға артады.Айдар ДӘУІТҰЛЫ