«Абай» мен «Абай жолы» – екі арнаның хакім Абайдың 175 жылдығына арнап түсірген туындысы. «Абай» сериалын ұлттық арна Тәуелсіздік мерекесі күні, яғни 16-17 желтоқсанда ұсынса, «Хабар» арнасы 26-27 желтоқсан күндері экранға шығарды. «Біткен іске сыншы көп» дегендей, сериал төңірегінде сын да, оң пікірлер де айтылып жатыр.
«Абай» сериалын ұсынған – режиссер Мұрат Бидосов. Режиссердің тарихи шығармаларға қадам басуы бірінші рет емес. Бұған дейін Алашорда төңірегінде түсірген «Тар заман» мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің батыры, атақты мерген Нұрмағанбет Көкенбайұлы туралы «Кейкі мерген» сериалын түсіріп, көрерменімен қауыштырған. «Абай» телехикаясы туралы режиссер: «Кез келген тарихи шығарманың астары болады. Өткен тарихты баяндап айтып шығуды мақсат етсек, ол, әрине зерттеу деңгейіндегі публицистикалық сарындағы шығарма болып қалар еді. Тарихи шындықты арқау еткен көркем дүниенің астарында бүгінгі күннің қайшылықтары көрініс табуы керек. Осы тұрғыдан «Абай» сериалында да бүгінгі өмірімізде болып жатқан біраз шындықтар астармен айтылған», – дейді. Сериалды тұшынып көрген адам болса, мұны бірден аңғаратынын айтып отыр. «Цензура жоқ деп кейде біз айта саламыз. Кез келген кезеңнің өз цензурасы болады. Оның үстіне Тұрсын Жұртбай ағамыздың бір сөзі бар: «Абай кез келген идеология үшін қауіпті деген». Осы сөздің астары да талай дүниені аңғартпай ма? Өткір мәселелерді, саяси мәні бар тақырыптарды, бүгінгі қазақ қоғамындағы сынауға тұрарлық көріністерді жеткізуге тырыстық. Әр кезеңнің өзіне тән тақырыбы болады. Әр кезеңде айтылуы керек сөз болады. Ал оны дәл сол сәтінде айта алмасаң, уақыт өте келе ол тақырып ескіруі мүмкін. Тіпті, бүгінгі өмірімізге жарамсыз болып қалады. Сондықтан да цензураны алға тартып, өткен заманда болған оқиғаларды көтере беруге де болмайды. Екшеу керек» деген пікірде. Киногерлер Абай тақырыбын Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынсыз қозғамайтыны анық. Кез келген фильм, телехикая болсын, Әуезовтің романына соқпай кетпейді. «Абай» телехикаясын түсірген шығармашылық топ та «Абай жолына» көбірек сүйенгені анық. Әрине, 6 серияда бүкіл төрт томды қамту мүмкін емес. Қажетті дүниелер ғана сериалға арқау болары сөзсіз. Сериал несімен құнды? «Абай» – ұлы ақын туралы түсірілген тұңғыш сериал. Бұған дейін бірлі-жарым фильм, спектакльдер болмаса, хакім бейнесін көрсететін толыққанды сериал түсірілген емес. Бұл – бір. Екіншіден, Абай тақырыбы кез келген қалам сүйкей салатын да оңай дүние емес. Бұл тақырыпқа бару үшін де жүрек керек. Үлкен тәуекел қажет. Үшіншіден, алғашқы сериал болғандықтан, түрлі баға беріледі. Сериалды көргенде көрерменнің көпшілігі «отандық кинода театрализм басым» деп ойын айтты. Ал режиссер «театрализм» деген пікірге мүлдем қарсы. Ол: «Отандық сериалдардың бәрінде театр актерлері ойнайды. Әр көрерменнің өз ойы, өзінің талғам-таразысы бар. Көпшілігі «кейіпкерлер өмірдегідей сөйлемейді, бұлай айтпаған, бұлай айтқан...» деген секілді сан алуан пікірлер айтып жатады. Көбі тарихи дүние мен бүгінгі өмірді арқау еткен туындыларды салыстырады. Екеуі екі басқа, мүлдем бөлек әлем. Сондықтан кез келген көркем туынды көрерменнің деңгейіне түспеу керек, керісінше көрерменнің талғамын өзгертуге бағытталған дүниелерді жасау керек сияқты. Шынын айту керек, көрерменнің деңгейін түсіріп алдық», – дейді. Сериалдарға айтылатын тағы бір сын – актерлер құрамын таңдау. Бұл «Абай» мен «Абай жолы» сериалына да қатысты. Бірінде күңіренген, күрсінген, қабағында тек мұң басым Абайды (Болат Әбділманов) көреміз. Екіншісінде, актерді жайбарақат қалпында, хакім бейнесінде қабылдауға болады. Ал ызаланса, Айдос Бектемірдің ғана бейнесін көргендей боласың. Режиссерлерге тағылатын келесі сын – жаңа бейне қалыптастыруға тырыспау. Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаевтың артықшылығы неде? Олар әр фильмінде жаңа бейнелерді көрерменге таныстырды. Көрерменге мүлде беймәлім Қожа (Нұрлан Сегізбаев), Жібек (Меруерт Өтекешова), Алпамыс (Ермек Төлепбаев), «Тақиялы періштедегі» Тайлақ (Әлімғазы Райымбеков) және т.б. Біз «Абай» мен «Абай жолы» сериалынан жаңа бейнелер көре алдық па? Әй, қайдам... Режиссерлер пандемияның кесірінен әрі уақыт, қаржы тапшылығына байланысты кең көсіле алмады ма, актерлерді іріктеу қиын болды ма, ақпарымыз жоқ. Дегенмен әр режиссердің қолтаңбасын көрсететін дүние – мүлдем жаңа Абай бейнесі болуы керек еді деген ойдамыз. Әрине, «Абай жолы» – жас режиссер Мұрат Есжанның қолтаңбасын ерекшелеп тұр. Мұнда жаңашылдық бар. Абай-Мұхтар-Қайым. Үш бейне арқылы «Абай жолын» көрсетуге тырысқан. Абай бейнесі, Мұхтар образымен қатар Қайым Мұхамедхановты көре алдық. Бұл – сериалдың ең ұтымды тұсы. Жас режиссердің Қайым тақырыбына барғанының өзі жаңалық дер едік. Кей көрермен «Абай жолында» жаңа форма бар деген пікір айтып жатыр. Біз бұл пікірмен келіспес едік. Бұған дейін мұны кино әлемінде режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың пайдаланғанын жақсы білеміз. «Аманат» – Бекмахановтың өмір жолын бейнелейтін шоқтығы биік туынды. Мұнда да өткен тарих пен жаңаны байланыстыра отырып, режиссер тарихшының образын алып шыққан. Ең бастысы, «Абай жолында» Қайым бар. Еркебұлан Дайыровты қандай рөлге салса да, өз кейіпкерін шебер ойнап шығады. Еркебұланның бұл жолғы Қайымы мүлдем бөлек, көрерменін сендіре алады. Көпшілік те қазақ экранына Қайым Мұхамедхановтың шығуын жақсылыққа балап жатыр. Қайым – көп зерттелмей жатқан тақырып. Ол туралы жеке фильм түсірсе де, артық емес. «Абай жолында» жетістік бар. Кемшілік те жоқ емес. Ең бастысы, Қайым, Шәукімбай, Әбіш, Мағаш, Кәкітай, Оспан, Оразбай – өз рөлін дәл тапқан актерлер. Ал Әуезов бейнесіне Сәкен Жақсылықұлын таңдауы – режиссер айтқандай, «жіңішке дауысты» кейіпкер қажет болғандықтан, бекітілген секілді. Әйтпесе, сериалдағы Әуезов бейнесі тым «жасық», әлжуаз көрінді. Салмақты Әуезов бейнесі байқалмады, тарланбоз таланттың қайсар рухы, қанша азап көрсе де, қажымас ішкі жігері тұтас ашылмай қалған тәрізді. Журналист Серік Әбікенұлы Facebook парақшасында: «Күлген Абай, күйген Абай, күңіренген Абай... Хакімді түр-түрімен сипаттап жатыр. Тек қазіргі жастарға керегі Қодар мен Қамқа, Құнанбай мен Абайдың қарым-қатынасы ма еді? «Ақынның ХІХ ғасырда қай әйелін қалай сүйіп алғаны қай балаға қызық?», – дейді ішкі ойым. Абайдың ұлылығын, өмірбаянын езіп айта беру арқылы ұқтырамыз деу бекер. 175 жылдыққа 175 фильм түсірсек те, балаларымыз көрмесе, пайдасы жоқ. Ал өзін абайтанушы санайтын азғантай топтың «иә, иә, ана Абай күшті бопты, аумайды, ал ана Абай нашар, ұқсамайды» деп хакімді қасынан көрген пендедей бөскенінен қазаққа келер пайда шамалы» деп жазады. Журналистің сөзінің жаны бар. Мақсат – «Абай» сериалын түсіру емес. Сериал арқылы хакім бейнесін жаңғырту, Абай ойын насихаттау, яғни ағартушылық қызмет атқару. Осы тұрғыдан келгенде, бұл телехикаялар өз миссиясын орындай алды ма, мәселе – осында. Бағасын көрермен береді. Не болғанда да, биылғы Абай жылы рухани өмірімізде бірталай тың серпін бергені анық. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Абай жылы – той тойлау емес, ой ойлау жылы болуы» керек деген ұстанымы осылайша қолдау тапқанын көреміз. Абай тақырыбына кезінде Шәкен Айманов та барғысы келген екен. Сол Шәкен Абайды түсіріп үлгерген болса, қандай болатын еді?! Шәкен бізден гөрі Абай заманына жақын адам. Бүкіл тарихты, Абай өмірін, көшпелі қазақтың тұрмыс-салтын жақсы білетін тұлға өз арманына жете алмай кетті... Дегенмен қазіргі жас киногерлердің Абай тақырыбына баруын қолдау керек. Бәлкім, сәттілік серік болар. Тәжірибе жинақтар. Соның бәрі Абайдан басқа талай тарихи тұлғамыздың бейнесін киноэкранға алып шығудың оңды қадамына бастасын деп тілейік. Абай – бір немесе бірнеше сериалдың адамы емес. Абай – адамзаттың Абайы. Абай мұрасын терең зерделеу, оны тәуелсіз қазақ елінің ертеңгі ұрпағының санасына сіңіру – біздің өнерпаз қауым өкілдерінің асыл мұраты.Айым БЕКТҰР