Соңғы үміт Лозаннадағы соттың шешімінде
Соңғы үміт Лозаннадағы соттың шешімінде
203
оқылды

Жақында футболдан Қа­зақ­стан ұлттық құрамасы­ның капитаны, «Әл-Айн» клу­бы­ның ойыншысы Бауыржан Исламхан тыйым салынған метилгексанамин пре­пара­тын қолданғаны үшін 2 жыл­ға спорттан шеттетілді.

Жалпы, еліміз үшін допинг дауы айтарлықтай жаңалық емес. Олимпиадада үздіктердің қата­рына еніп, кейіннен допинг та­был­ғанына байланысты жүлде­сінен айырылған елдердің тізі­мінде Қазақстан 4-орынға жай­ғас­қан.  Дегенмен Бауыржан қа­зақ футболы тарихындағы до­пинг­пен ұсталған алғашқы фут­бол­шы. Сондықтан бұл жаңалық көпшілікті бірден елең еткізді. Елі­міз­дің маңдайалды футбол­шыларының біріне баланған, болашағынан зор үміт күттірген талантты футболшымыздың ке­леңсіз жағдайға ұшырауы, жаза­лануы қазақ футболы үшін ауыр соққы болды. Допингке қарсы Қазақстан ұлттық орталығының директоры Майра Бақашева АФК Тәртіптік комитетінің Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Бауыр­жан Исламханды допинг қолдан­ғаны үшін 2 жылға дис­квалификация­лау туралы шеші­мі­не қатысты пікір білдірді. Ол «Қай­раттың» бұрынғы капитаны­на бұдан да қатаң жаза қолдануға болатынын, қайта 2 жыл жеңіл­детілген жаза екенін айтты. – Бізде Дүниежүзілік допинг­ке қарсы кодекс бар, ол барлық спорт түріне қатысты. Ереже мен талап – бәріне бірдей. Егер спортшы тәртіпбұзушылықтың қасақана жасалғанын дәлелдейтін болса, онда оның жаза мерзімін қысқартуға мүмкіндігі бар. Олай болмаса, жазаға мойынсұнады. Сондықтан қабылданған ше­шімге таңғалудың еш қажеті жоқ,– деді Майра Бақашева. Әлемдік анти-допинг агенттігі аталған препаратты 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолдануға тыйым салды. Соған қарамастан, 2011 жылы әлемде метилгек­санаминді 718 спортшы қол­дан­ған. Ал елімізде бұл препаратты пайдаланғаны үшін бірнеше спортшы жазаға тартылды. Отандық анти-допинг орталығы­ның мәліметі бойынша, 2020 жылы 24 қазақстандық спортшы допингке байланысты спорттан белгілі бір мерзімге алшақ­татылды. Метилгексанамин – дене күшінің тез қалпына келуіне, тө­зімділіктің артуына, шаршамауға көмектесетін дәрмек. Мұндай тыйым салынған препаратты 2016 жылы Алжир футболшысы Хей­реддин Мерзуги қабылдап, фут­болдан 4 жылға шеттетілген еді. 2012 жылы Авангард хоккейшісі Антон Беловтың да допинг сынама­сынан метилгексанамин препараты табылып, үш ай сынақ мерзімі тағайындалды. Бұл дәр­мекті команда дәрігері хоккейші жарақат алғаннан кейін қолдану­ды ұсынған. Соған сай жаза мер­зімі де жеңілдетілді. Ямайкалық желаяқ Неста Картер де дәл осы дәрмекті қолданды деген айып­пен 2008 жылы Бейжің Олим­пиадасында алған медалінен айырылды. Яғни, 2017 жылы Кар­тер және барша Ямайка ұлт­тық құрамасындағы желаяқтар Картердің допинг-сынамасы оң нәтиже бергенінен кейін жеңіс­терінен бас тартты. Өкініштісі, спорт тарихындағы осы тектес оқиғалар жетіп артылады. Анығы допинг қабылдағандардың еш­қайсысы да жазадан тыс қалған емес. Енді Қазақстан ұлттық құ­рама­сының футболшысына да допинг қабылдады деген айып тағылып, спортшы футболдан 2 жылға шеттетілді. Өз кезегінде Бауыржан Исламхан бұл үкіммен келіспейтінін айтып,  апел­ляциялық шағым түсіретінін жет­кізді. –  Спорттық карьерамда еш­қашан допинг қолданған жоқпын және спорт режимін бұзбадым. Сондықтан мына жағдай мен үшін ауыр соққы болды. Кінәсіз екенімді дәлелдеуді жалғас­тырамын және бұл шешімге міндетті түрде шағым түсіремін. Лозанна сотындағы төрешілер менің дәлелдерімді тыңдай­тынына сенімдімін, –  деп ағынан жарылды футболшы. Қазір футболшыға көптеген спорт журналистері мен футбол­шылар қолдау білдіруде. Солар­дың бірі – танымал спорт ком­мен­таторы   Амангелді Сейітхан. Ол Лозаннадағы соттың дұрыс шешім қабыл­дайтынына күмән келтірмейтінін айтып қалды. –  Осынау қиын сәтте отан­дасымызға сенім артып, қолдау білдіргеніміз  абзал. Егер ол кінәлі, айыпты болса, көпшілікке тура сөзін айтып жар салмас еді. Бауыржанның қазақ футболын­дағы орны, ұлттық құрамадағы атқаратын рөлі ерекше екені де сіздерге мәлім. Ақырғы шешімді күтейік. Бәрі оңынан болуына тілекшіміз, –  дейді Амангелді Сейітхан. Бахтиер Зайнутдинов баста­ған Жамбыл футболының түлек­тері мен «Тараз» командасының футболшылары Баториге жылы сөздерін арнап, мықты болуға шақырды. Аталған жағдайға Қазақстан Премьер лигасында ойнайтын футболшылар да үн қатты. Мұның өзі де футбол­шының жанына демеу болары анық. Бастысы болған іске болаттай берік болып, барынша төзімділік танытқан жөн. Оның үстіне, таяу күндері Исламхан мен «Әл-Айн» командасы ара­сындағы келісімшарт даулы жағ­дайға байланысты үзілуі ықтимал. Бірақ Батори қолдаусыз қалған жоқ. Алматылық клубтың бас­шысы Қайрат Боранбаев та фут­бол­шыға көмек қолын созуда. Осыған орай, Қазақстан ұлттық құ­рамасының капитаны «Қайрат­тың» сапында дайындық жұмы­сын жалғастыратыны белгілі бол­ды. Бұл туралы спорт жур­налисі Айдын Қожахмет хабар­лады. – Бауыржанның бұрынғы клубы «Қайрат» командасының бас­шылығы футболшыға қаңтар айында командамен жаттығу жасау туралы ұсыныс жасады. Исламхан дисквалификацияға бай­ланысты өтініші сотта қа­ралғанға дейін алматылықтармен бірге жұмыс істейді, – делінген хабарламада. Әзірге бәрі соттың соңғы сөзін, үкімін тыңдауға асық. Жыл­дың басы жағымды жаңа­лығы­мен, әділ әрі жеңіл ше­шімімен қуантсын дейміз. Бауыр­жанның тезірек футболға орал­уын барша қазақ жанкүйерлері асыға күтеді.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ