Еліміз тәуелсіздік алған бірінші күннен-ақ ядролық қарусыздану саясатын жүргізіп келе жатқаны белгілі. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Семей сынақ полигонын жабу және ядролық қарудан бас тарту туралы тарихи шешімін көзсіз ерлікке балауға болады. Осылайша, 40 жыл бойғы «ядролық геноцид» толығымен жойылған еді. Содан бері пайдаға жарамсыз болып қалған үлкен аумақтың тиімділігін арттыру мәселесі күн тәртібінен түспей келеді.
Ах-ау, Семей!
1949 жылдың 29 тамызы күні таңғы сағат 7-де қазақтың сайын даласының бір пұшпағында дүниені дүр сілкіндірген, дүмпуі алапат ең алғашқы ядролық жойқын жарылыс болған еді. Содан 1989 жылға дейін ұлы Абайдың туған топырағы – Семей өңірін атом бомбасының заһары улап келді. Осы уақыт аралығында мұнда жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылыстар жасалған екен. Олардың 116-сы ашық жағдайда, яғни жер бетінде немесе әуекеңістігінде сыналған. Егер 1989 жылы сол кездегі Қазақ ССР Министрлер кеңесі Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық сынақтарды тоқтату туралы Мәскеуден табандап тұрып талап етпегенде, экологиялық апаттың әлі қашанға дейін жалғасары белгісіз еді. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев биыл жазда берген сұхбатында Елбасының Семей ядролық полигонын жабу арқылы әлемнің ядролық қарусыздану процесіне теңдессіз үлес қосқанын атап өтті. «Қазақстанның ядролық қарусыздану саясатын жүргізуі өте орынды. Себебі біз оның қасіретін де, қаупін де, зардабын да білетін халықпыз. Полигонды жабу 29 тамызда өтті. Сол кезде мұндай шешім қабылдау үшін үлкен батылдық керек болды. Көрші мемлекетте әскери өндірістік комплекстің басшылары осы полигонды сақтап қалуға мүдделі болғанын да қазір сарапшылар, тарихшылар жазып жүр. Сол мүдделерге қарамай Нұрсұлтан Назарбаев батыл қадамға барып, халықтың мүддесіне сай келетін үлкен стратегиялық шешім қабылдады», – деді Мәулен Әшімбаев. Тұтастай халықтың ғана емес, бірнеше ұрпақтың денсаулығын улап, тағдырына балта шапқан Семей ядролық сынақ полигонының қасиетін Қазақстан халқына қарсы жасалған қылмыс деп бағалауға болады. Алдағы келе жатқан жаңа 2021 жылы Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толмақ.Бүлінген аумақ үлкен еді
Елімізде Семей өңірі мен Арал аймағы табиғи экологиялық жүйесі бұзылған, флорасы мен фаунасы деградацияға түскен, содан туындаған қолайсыз ахуалдан халқының денсаулығы нашарлап, аурудан азап шегіп отырған «экологиялық апатты аймақ». Бұл жағдай елімізде өткен ғасырдың ортасынан бері жалғасып келеді. Сол себепті де бұл апаттың салдарын зерделеп, оның еліміздің аумағын одан әрі ластауына жол бермей, «экологиялық апатты аймақтың» қайта қалпына келер және пайдаға асар тұстарын анықтау – өзекті мәселе. Осы мақсатта бас ғимараты Курчатов қаласында орналасқан «Ұлттық ядролық орталық» РМК құрылған болатын. Семей полигоны қазіргі Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының ортасында, Семей қаласынан солтүстік-батыста 130 шақырым жерде, Ертіс өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Үкіметтің 1996 жылғы 7 ақпандағы қаулысымен СЯСП-ның аумағы, яки Қарағанды облысынан – 131,7 мың, Павлодар облысынан – 706 мың, Шығыс Қазақстан облысынан 978,9 мың гектар жер запастағы жер санатына жатқызылды. Осылайша, Жер кодексінің 143-бабына сәйкес, бұл жерлерді ауыл шаруашылығы және тағы да басқа мақсаттарға пайдалануға болмайды. «Құрылып іске кіріскен жылдардан бері Ұлттық ядролық орталық сынақ зардаптарын жою мақсатында спектрометрикалық және радиохимиялық түрлі өлшем бойынша тексерулер жүргізіп, Дегелең тауындағы штольнялар мен Балапан алаңындағы ұңғылар бітеді. Радионуклейдтердің изотоптарымен бүлінген жерлер мен бүлінбеген жерлерді анықтап, оларды одан әрі консервациялау немесе пайдалануға беру тәртібін нақтылады. Одан да басқа атқарылып жатқан жұмыстар көп. Мәселен, 1998 жылы «Полигон» геоақпараттық жүйесі құрылып, жылдан-жылға мәліметтер базасы толығып келеді. Бүгінде радиациялық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда полигонның аумағы тым үлкен деп айтуға болады», – дейді «Ұлттық ядролық орталық» РМК «Радиациялық қауіпсіздік және экология институты» филиалының жетекшісі Асан Айдарханов.Кәдеге асар телім көп
Бүгінде мамандар полигон аумағының 56%-ын толық зерттеуден өткізген. 10 410 шаршы шақырым ауданды құрайтын бұл жер көлемі Ливан мемлекетінің аумағымен пара-пар деуге болады. Мұндағы радиациялық ахуал алдағы 300 жылға дейін қалай өрбуі мүмкін екеніне болжам жасаған мамандар бүгінде анағұрлым көп бүлінген «Тәжірибе алқабы» және «Дегелең» аудандарына рекультивация жасауда. Жүргізілген кешенді тексерулер шамамен 10 мың шаршы шақырымға жуық жердің шаруашылық мақсатта, 485,2 шаршы шақырым жердің өндірістік мақсатта пайдаланылуға болатынын анықтап беріп отыр. Ал радиоактивті бүлінген 88,6 км2 жерді запаста қалдыру керек. «Полигонның жалпы аумағы 18 мың шаршы шақырымды құрайды. Оның бүгінде жартысынан астамы пайдалануға жарамды деген ұйғарым жасалып отыр. Еш қорықпастан шөп шауып, мал жаюға болатын мүлдем бүлінбеген жерлер көп. Одан бөлек, кен қазу мақсатында ғана пайдалануға болатын жерлер бар. Мамандардың пайымдауынша, мұнда бүгінде Менделеев таблицасының 100-ден астам элементін кездестіруге болады. Одан бөлек, полигон аумағынан тыс жерлерде бүлінген телімдер бар. Керісінше, соларды полигон аумағына қосып, бүлінбеген телімдерді полигон аумағынан шығару қажет. Оны тек Үкімет қана шешеді. Ал ұсынысты қоғам болып біз беруіміз керек», – дейді ІІМ Қарағанды академиясының жалпы заң пәндері кафедрасының оқытушысы Мейрамгүл Балтабасова. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Семей полигонының жері белгіленген кезде ғалымдар ядролық сынақтан кейін оның зардабының ауқымы мен радиацияның таралу аймағы бүгінгідей шағын жерлерді алып жататынын нақты білмесе керек. Қазір мұнда қатты уланған 4 алаң ғана қалып отыр. Ол жерлер мемлекеттің қорғауына алынған. Осы жерлерге ешкімді жіберуге болмайды. Ал қалған жерлерді ел экономикасына пайда әкелетін игілікке жаратқан жөн. Ядролық сынаққа дейін мұнда 40 шақты қыстау болған екен. Мамандар сол қыстауларды қайта жандандыруға болатынын айтады. Мұндағы зерттеулер келер жылы толық аяқталып, келесі жылы Семей полигонының 80%-ын пайдалануға болады деген тұжырым үкіметке ұсынылмақ. Сонымен қатар полигон аумағынан тыс жатқан Шығыс Қазақстан облысы Шаған өзенінің сағасында орналасқан бүлінген аумақ ауылшаруашылық пайдаланудан алынып, запас жер санатына қайтарылуы тиіс.Нұрлан ҚОСАЙ