Биыл еліміздің руханияты үшін Әбіш Кекілбаев жылы болды десек, қателеспейміз. Бұл – халықтың аяулы перзентіне деген шексіз құрметі мен биік бағасы
Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы
Биыл еліміздің руханияты үшін Әбіш Кекілбаев жылы болды десек, қателеспейміз.
Бұл – халықтың аяулы перзентіне деген шексіз құрметі мен биік бағасы.
Баршаңыз білесіз, кемеңгер жазушының 80 жылдығы туған жерінде ғана емес, ұлан-ғайыр еліміздің өзге өңірлерінде де кеңінен аталып өтуде.
Осы орайда Әбіш ағаның тарихи тұлғасы мен біртуар болмыс-бітімін айқындай түсетін мерейлі іс-шараларға куә болдық.
Ақтау қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен еңселі ескерткіш орнатылып, облыстық өлкетану музейі Әбіш ағамыздың атымен аталды.
Сөз зергерінің туған жерінде халықаралық театр фестивалі өтті.
Өнегелі өмірінің басым бөлігі өткен Алматы қаласындағы көшелердің біріне Әбіш Кекілбаевтың аты берілді.
Алғашқы «Әбіш оқулары» және «Әбіш әлемі» атты оқу конгресі мәресіне жетті.
Елордадан бастап, алыс-жақын өңірлерге дейін алқалы жиындар, ғылыми конференциялар жүйелі ұйымдастырылды.
Әрине, Әбіш Кекілбайұлының қайраткерлік келбеті мен ойшыл бейнесі туралы саналы сөз, пайымды пікір осы 80 жылдықпен тоқтамайды.
Егемен елі барда Әбіш феномені туралы айтыла бермек.
Өткен ғұмырында Әбіш аға туған жұртын жырласа, ендігі жерде халқымыз әйгілі Әбішін жырлайды деп ойлаймын.
Шын суреткердің қолына қалам алғандағы асыл арманы туған халқын әлемге таныту болатыны белгілі. Бұл тұрғыда Әбіш аға борышы өтелген бақытты жазушы.
Еуропадағы бірнеше әдеби ұйым оны тұтас ғасырдың тұғырлы тұлғалары Толстой, Әуезов, Достоевский, Чехов, Маркес, Хемингуэй, Паустовский, Айтматов, Ғамзатовпен бірге арнайы портрет-плакатқа шығарып, жүзжылдықтың үздік жүз қаламгері санатына қосты.
Осылайша, оймақтай Оңдыдан шығып, қазақ әдебиетіне алғашқы қадамынан «Алтын шуақ» әкелген Кекілбаев көзі тірісінде әлем әдебиетінің көрнекті өкіліне айналды.
Оның ұлттық интеллектуалдық қазынамызға айналған тамаша туындылары дүниежүзінің алуан тіліне аударылып, халқымыздың талайлы тағдырын, мұңы мен сырын төрткүл дүниеге танытуда.
Алаштың алауын өшірмеген ғұлама қаламгер Мұхтар Әуезовтен бата алған дегдар аға – дарқан даладай даңғайыр дарын, теңіздей терең тұлға еді.
Кенді түбектің жомарт табиғаты оған әулиелі Маңғыстаудың өзгеге ұқсамайтын ғажабындай ғаламат шабыт пен сарқылмас қуатты аямай берген.
Сонымен қатар ол мемлекетшіл қайраткер, ақиқаттың алдаспаны еді. Әбекең ел алдында сөйлесе ағынан жарылып, адалынан сөйлейтін, аудиторияны ұршықтай иіріп, уыздай ұйытатын шешен еді.
Ол баяндағанда анықтың өзі айқынданып, дұрыстың өзі түзуленіп кеткендей көрінетін. Дәлелді әрі дәйекті айтылған әр сөзі тыңдаушыны әсерлендірмей қоймайтын еді.
Өйткені Кекілбаев кеңістігі тыңдаушы көкейіне ізгілік ұялатып, рухани кемелдендіріп жіберетін.
Ел Парламентінің төрағасы, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы болған Әбіш Кекілбаев Отанға қалтқысыз қызмет етудің өшпес өнегесін көрсетті.
Тәуелсіздіктің елең-алаңынан Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің біріне айналған ол ұлттық идеологияның қалыптасуында өз қолтаңбасын қалдырды.
Осылайша, халқына жасаған қызметі жоғары бағаланып, Қазақстанның Еңбек Ері атанды.
Кезінде Парламент Сенатында қызметтес болып, жақын сыйласқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш мерейтойының шымылдығын ашқан сөзінде сан қырлы суреткер туралы «Әбіштану дәуірі енді басталды» деген еді. Ал қаламгердің ойшылдығын арқау еткен Сауытбек Абдрахмановтың «Абыз Әбіш» атты зерттеу кітабының алғысөзінде Мемлекет басшысы: «Әбіш Кекілбаев – біздің халқымыздың рухани әлеуетін әлем алдында айқара ашуға мүмкіндік беретін алып тұлғаларымыздың бірі де бірегейі» деп айшықты айтты.
Түптеп келгенде, Әбішті тану – оның терең ой-парасатына сүйсіндіретін, отансүйгіштік рухын түйсіндіретін ғибраты мол шара.
Әбіштанудың терең тағылымы осында жатыр.
Дана да дара суреткер Әбіш Кекілбаев шығармаларын қайталап оқып тұру бәрімізді рухани шыңдалуға, кемелденуге үндейді.
Себебі кемеңгер Кекілбаев кеңістігі – өзінше бөлек әлем.
Бұл кеңістікке кездейсоқ болса да бас сұққан адам абыз жазушының кітаптарында қатталған, көкейлерде жатталған парасатты пайымдарына еріксіз оралып соғып отырады.
Өйткені ол оқырманын баурап алатын тұңғиық дүние. «Әбіш әлемі» дейтін жаңа терминнің қалыптаса бастауы осының дәлелі.
Өзіміз де осы мерейтойға қатыса жүріп, аяулы Әбекеңмен қайта бір дидарласып, сырласқандай әсерде болдық. Біз Әбіштей данагөймен таныс-біліс ғана емес, аралас-құралас ғана емес, рухтас бауыр ретінде қарым-қатынас жасау бақытына, сөйлесу, пікірлесу, ақыл-кеңесін есіту бақытына, ал егер әр нәрсені өз атымен атар болсақ, ұлы адамды көру бақытына ие болғанымызды мына өмірдегі баға жетпес байлығымыз деп білеміз.
Асау теңіздегі алып кеменің байсалды жүзгені сияқты Әбіш Кекілбаевтың ақыл-ой тебіренісі де ешбір толқын бетінен қайтара алмайтын салмақты құбылысқа ұқсайды.
Сөз сардары Әбекең киелі әдебиет табалдырығын өрелі өлеңмен аттап, көсемсөз, сын, сапарнама, күй мен сан алуан көркем өнердің өрісті табиғатын саралаған зерттеулер жазып, артына өнегелі мектеп қалдырды.
Бүгілмес берік, бөгелмес байыпты Әбекең – ғажап суреткер, сұңғыла саясаткер, білікті басшы, қай қалыпқа салсаң да қайыспас қара нар болатын.
«Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем. Суреткер болмасам, күрескер де болмас ем» деген сөзі Әбіш Кекілбаевтың өмірлік кредосы, айнымас ақиқаты еді.
Сондықтан ол асқан жауапкершілік пен ыждаһаттылықты талап ететін мемлекет ісінен қол үзбей жүріп, әдебиетімізге шоқтығы биік шоғыр-шоғыр шығармалар берді.
Абыройлы міндеттің салмағын санамен, ауырлығын армен, өлшемін өремен көтере білді.
Әйтпесе, оның мемлекеттік басқару ісіндегі жетістігі мен белсенділігінің өзі бір адамның ғұмырына жететіндей еді.
Мемлекеттік қызметтегі міндеті мен суреткерлік мұратын бір арнаға тоғыстырған ғұлама жазушы халқына қай салада болмасын өлшеусіз пайдасын тигізді.
Әбіш-абыз әдебиет пен өнердің барлық саласында жасампаздықпен еңбек етті.
Көптеген қаламгер сияқты Әбіш ағаның да әдебиетке өлеңмен келгені белгілі. Ол жан түкпіріндегі сырларын, көкейіндегі көркем ойларын өлеңмен өрнектеді.
Кемеңгер Кекілбаев келе-келе көшелі проза мен кесімді көсемсөз саласында кеңінен көсілер шаққа жеткенде өлеңді жанынан тастаған жоқ, қасиетті де киелі өнермен арасын суытқан емес.
Әрине, Әбіш аға – ең әуелі қара сөздің қасиетін терген жампоз жазушы. Ол «Күй» хикаяты арқылы сонау 1966 жылы әлемдік әдебиет кеңістігіне философиялық-әлеуметтік терең мағынаға ие болған Мәңгүрт образын алғаш рет әкелді.
Ол Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романын, Шекспирдің «Король Лир» драмасын, Ги де Мопассанның «Өмір» романын аударып, болашақ қаламгерлік сапардағы шеберлік нақысын шыңдады.
Кино және театр өнерінде де өшпес із қалдырып, қазақ драматургиясының дамуына айрықша үлес қосты.
Тарихи дарабоздарымыздың есімдерін жаңғыртуда ұшан-теңіз еңбек етті. Сөйтіп әдебиет әлеміне рухы мұқалмайтын, ар-намысқа адал кейіпкерлер галереясын сыйлады.
Айтулы тарихи тұлғалардың ішкі әлеміне психологиялық қырағылықпен, математикалық дәлдікпен үңіліп, оқырманына шытырман мінезді шынайы образ етіп ұсынды.
Осылайша, ол оқырманын зерлі сөзбен тұрғызған жауһар ескерткіштер секілді Шыңғыс хан, Әмір Темір, Әбілқайыр хан, Абылай хан бейнелерімен тарихтың қайталанбас қатпар-қатпар қойнауларында бетпе-бет кездестіргендей әсерге бөлей алды.
Сөз сардары Әбекең киелі әдебиет табалдырығын өрелі өлеңмен аттап, көсемсөз, сын, сапарнама, күй мен сан алуан көркем өнердің өрісті табиғатын саралаған зерттеулер жазып, артына өнегелі мектеп қалдырды.
Дарабоз суреткер рухани кемелдік ретінде ар тазалығын, сезім шынайылығын және биік мұратты таңдады.
Әбіш әлемінің мінсіз құнарлы құрылысы да, феномендік құбылысы да оның жүрек тазалығының жұпар шырайында еді. Ол кісі не жазса да, не айтса да, немен шұғылданса да ақиқаттан айналып өтпеуді мұрат ететін.
Әбіш аға осы ұстанымы мен жазудағы адалдық кредосын мемлекеттік қызметте де қатаң сақтады.
Ақиқат жолын таңдаған жазушы мемлекет қызметінде отырып та абыздық саф мінезінен айныған емес.
Оның «Біздің ешқайсымыздың заңнан асқан қатал, не заңнан асқан кеңпейіл болуға хақымыз жоқ» деп жазғаны сондықтан еді.
Шындық пен шынайылықты, адалдық пен ақиқатты тұғыр еткен турашыл тұлға әрдайым халықтың үдесі мен мемлекеттің мүддесін биік қоятын.
Әбіш – бар қазаққа ортақ тұлға.
Сондықтан Қазақстанның барша аймағы Әбішті өз ұлдарындай құрметтейді, мақтан тұтады.
Суреткердің өзі де қазақ даласын жанындай жақсы көрді, әр өңір оған өзінің туған топырағындай, асыл тұмарындай ыстық болды.
Сондықтан болса керек, Әбіш ағамыз тұтас қазақ тарихын, оның өткен өмірін терең білетін сұңғыла еді.
Әбіш рухы қазақтың мәңгі жанында һәм жадында.
Қаламға – қанат, ғаламға – ғаламат, кемге – тілек, елге – тірек, ұлтқа жүрек болған болмыс иесі ұрпақты жебеген бабасы Қорқыт, атасы Пір Бекеттей енді өзі де ұлтына ұран болары анық. Сол арқылы жұртының жүрегінде, елінің есінде мәңгі жасай береді.
«Тарихта адамзат алдындағы қадір-қасиеті тек бір ғана ғұмырдың ауқымымен өлшенбейтін елден ерек ересен тұлғалар болады» деп өзі айтқандай Әбіш аға туы жығылмайтын тау тұлғаға айналды.
Өйткені «өлмейтұғын артында сөз қалдырған» Әбіш Кекілбаевтың мол мұрасы адамзат өміріне әлі де мыңдаған жылдар бойы қызмет ете берері сөзсіз.
Әбіш жазарын жазып, айтарын айтып кетті. Уақыт алдындағы, тарих алдындағы, халық алдындағы сынақтан абыроймен өтті. Ендігі сынақ біздің өзімізге түседі. Қазақтың ұлттық рухының әлемге Әбіш арқылы қалай жетуі енді бізге байланысты. Әбіш сөзінің тереңін өзіміздің тереңірек тануымыз, басқаларға танытуымыз, сол сырлы әлемнің жұмбағын ашуымыз біздің халықтық өремізге сын болмақ. Бұл сынақтан да сыр бермейміз деп сенгіміз келеді. Тиісті жұмысты жүйелі жүргізе білсек, біз Әбішті әлем алдында маңдайымызға ұстай аламыз. Әбіш Кекілбаевта арғы-бергідегі ұлы жазушыларға, ұлы ойшылдарға тән қасиеттердің бәрі де бар.
Әбіш – тек қазақтың ғана емес, түбі бір түркі жұртының ортақ мақтанышы ретінде де ардақталуға лайықты тұлға.
Абыз – аңызға айналды.
Алаштың алыбы – Әбіш Кекілбаев жұртының жүрегінде, елінің есінде мәңгі жасай береді!
Әдебиет тойы, руханият мерекесі құтты болсын!
Әбіш рухы асқақтай берсін, ағайын!