Үш бәйтерек түркі дүниесіне танылды
Үш бәйтерек түркі дүниесіне танылды
919
оқылды

Алматыдағы Жазушылар одағының кітапханасында биылғы 125 жылдық мерейтой иелері Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровті еске алу кеші өтті. Қазақтың үш бәйтерегі атан­ған арыстарымыз туралы жы­лы естеліктер айтылып, есімдері ұлықталды. Шын­ды­ғы­на келгенде, үш арыс­тың бұ­дан бұрын да мерей­той­ла­ры аталып өткен.

Дегенмен дәл биыл мерейтой­лық шаралардың асқан ықылас­пен ұйымдастырылғаны елдің риза­шы­лығын тудырды. Алыптарға арнап ақындар айтысы өтті. Олар­­дың тек туған жерінде емес, елі­міздің әр өңірінде, мек­­теп­тер­де түрлі мерекелік шара­лар ұйым­дас­тырылды. Бұл мерей­той­­дың тағы бір есте қалар сәті – Қостанай облысы Таран ауда­ны­ның биылдан бастап Бейімбет Майлин атындағы аудан аталуы. Осылайша, Би-ағаңа жерлестері үлкен тарту жасады.

– Ең қуанарлығы – 14 түр­кі­­­тектес мемлекеттің басын қос­­қан Түрксой ұйымының бас­­та­масымен Түркияда қазақ хал­­қының үш алып шынары, үш алып бәйтерегі тақырыбында Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің 125 жыл­­дығына орай жиын өтті. Осы шара арқылы аталарымыздың аты түр­кі дүниесіне танылды. Өлеңдері оқылды. Олардың шығармалары түрік тіліне аударылып жатыр. Таяу­да армян тілінде «Қазақ әде­бие­тінің антологиясы» атты үл­кен кітап басылып шықты. Онда Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Бұқар жыраудан бастап, ХІХ ғасырдағы Абай, Шоқан, Ыбырай, Шә­кәрімді қамтып, содан ке­йін кеңестік кезеңдегі қазақ әде­­биеті дегенде осы үш алып бәй­­теректің шы­ғар­­машылығы таныс­ты­ры­ла­ды. Мұ­ның бәрі керемет игі істер, – дейді ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орын­­басары Бауыржан Жақып. – Үш атамыз небәрі 44 жас ғұ­мыр кешкен. Ілияс атамыз осы ғұ­мырында 40-тан астам, Сә­кен атамыз 50-ден астам кітап шы­ға­­рыпты. Ал Бейімбет атамыз 69 кітап жазып, жариялапты. Не де­ген жанкештілік! Аз ғана ғұ­мы­рын­­да олардың әрқай­сы­сының елге жасаған еңбегі орасан зор. Ақталғаннан кейін тек 1958 жылдан бастап қана ол кісілердің еңбектері оқырмандарға жете бастады. Сол жылдары әдебиетті оқыған қауым Сәкен, Бейімбет және Ілиястың жазған дүниелерінің рухында тәр­биеленді. Ол –Жүсіпбек Ай­мауы­тов, Мағжан Жұмабаев, Шә­кәрім Құдайбердіұлы, Әли­хан Бөкейханов, Ахмет Байтұр­сы­­новтар ақталмай тұрған кез. Олар бертінде 1989 жылдары ғана ақталды. Сондықтан қазақ әде­бие­тінде, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуде үш бәйтеректің еңбегі ұшан-теңіз.

Бұл күні айтулы шараға Бе­йім­бет Майлин мен Ілияс Жан­­сүгіровтің ұрпақтары да қатыс­ты. Петропавл қаласынан ар­найы келген Бейімбет Майлин­нің не­ме­ресі Дәмен Әбіл­қасым­қы­зы­ның естелігі көпшілікті бейжай қалдырмады.

– Халқымыздың үш арысы өмірде дос, жолдас болған. Бейім­бет атамыздың кенже қызы өмірге кел­генде оның атын Гүлсім деп Сәкен атамыз қойған екен. Оларды «халық жауының отбасысыңдар» деп үйлерінен шығарып жібер­ген­де бір бөлмеде біздің әжеміз Гүлжамал, бір бөлмеде Фатима анамыз балаларымен тұрады. Ілияс атамызды алып кеткенде Фатима анамыз баласы Болатты босанады. Гүлжамал әжем оның кіндігін кеседі. Бейімбет ата­мыздың балалары Мереке, Рәзия, Еділ үшеуін Семейдегі «Балалар үйіне» алып кеткенде, Фатима анамыз қолынан кел­ген бар көмегін көрсетеді. Гүлжамал әжем Карлагта болған кезінде Фатима анамыз оның балаларын суретке түсіріп салып жіберген. Сол сурет қазір Алжир мұражайында сақтаулы. Үш отбасы қиындықта бірге болып, бір-біріне көмек береді. Менің анам Рәзия «Балалар үйінен» шығып, Қарағанды облы­сына Карлагқа шешесін іздеп барады. Бірін-бірі бес жыл көр­меген. Шешесі танымастай бо­лып өзгерген. Қой бағады екен. Еңбекпен түзеу лагерінің бас­ты­ғына барып, «Шешем ауыра­ды екен, оған көмектесейін» деп жанында бір ай қалады. Анам ол кезде небәрі 12 жаста бол­ған. Жастығына қарамай, ол да Кар­­лагтың өмірін көреді. Сол жыл­дары Карлагта 3 000 ана болыпты. Кейіннен ол «Менің әкем мен шешем халық жауы емес» деп Мәскеуге қайта-қайта хат жаза­ды. 1957 жылы ақталғаннан кейін Майлиннің балалары жи­на­ла­ды. Бейімбет атамыздың кен­же қызы Гүлсімді 15 жасында Талды­қорған облысынан табады. Оның аты-жөні Майлина Галина Бейімбетовна болып жазылып кеткен екен, – дейді Дәмен апа.

Осы кешті ұйымдастыруда Бейімбет Майлин қоғамдық қоры аса белсенділік танытты. Қор директоры, жазушының шөбересі Салтанат Мұстафинаға жиналған қауым ерекше алғысын білдірді.