– Сериалдағы бұл үштікті жаңашылдық деп қабылдауға болады. Дегенмен мұндай форма Нарымбетовтың «Аманатында» да кездесті. Бекмаханов пен Кенесарыны қатар көрсету арқылы режиссер тарихшының өмірін алып шықты. «Аманатқа» ұқсап кетті деп ойламайсыз ба?
– Ұқсаса ұқсап кеткен шығар. Сатыбалды ағаға ұқсадың дегенге қуанбасақ, ренжімейміз. Дегенмен шегініс, шегіністің ішіндегі шегініс, параллель желі деген секілді тәсілдер әлемдік кинода бұрыннан бар. Еске түскендерін санамаласақ, мысалы, Ник Кассаветистің «Күнделігі», Мартин Скорсезенің «Ирландығы», Том Фордтың «Түнгі жануарлары», Брайан Клагман мен Ли Стернталдың «Сөздері», орыстардың «Троцкий» сериалы, және т.б. Кез келген өнер туындысы форма мен мазмұннан тұрады ғой. Форма – құрал. Ал мақсат – мазмұн.
– Кей кейіпкерлерді ойнаған актерлердің болмысы ұқсамай қалған секілді. Жалпы, актерлерді іріктеу қалай жүрді?
– Алты серияда бас-аяғы 120-ға жуық актер қамтылған екен. Кастинг уақыты карантин кезіне түссе де, шама келгенше рөлдерді мұқият таңдауға тырыстық. Іріктеу алдымен фото, сосын видеосынақ түрінде өтті. Сосын ұнаған актерлерді офиске шақырып, бетпе-бет кастингтен өткіздік. Айтылып жатқан көп пікірлерге қарағанда, негізгі образдардан шатаспаған секілдіміз. Ал қосалқы рөлдерде кемшілік болуы немесе барлық адамның ойынан бір деңгейде шыға қоймауы – өте заңды құбылыс.
– Сәкен Қалымов – әнші. Мұхтар Әуезов бейнесіне ұқсатқан да дұрыс шығар. Дегенмен тым «жасықтау», әлсіз көрінді бізге. Әлде, қателесеміз бе?
– Осы сериалға кастинг барысында Мұхтар Әуезовтің бет-әлпеті өте ерекше кісі болғанына көзім жетті. Кейбір кескіні көп адаммен ортақ антропологиялық типтер болады ғой: актердің шашын, көзілдірігін сәйкестеп, сол құсатып киіндірсе, ұқсап шыға келетін. Әуезов ондай емес. Ол кісіге ұқсайтын қазақ жоқтың қасы. Ал ұқсатпасаң, екінің бірі Әуезовтің түрін біледі ғой, көрерменді сендіре алмайсың. Көрерменді сендіре алмаған шығарма құмға ағызған су секілді далаға сіңіп жоғалмай ма? Сол тұрғыдан келгенде, Сәкен ағаның түрі де, даусы да, сөйлеу ырғағы да Әуезовке «жата қалды». Ең бастысы, Әуезовтің аузынан шығатын сала-құлаш мәтіндерді ішінен шығарып айта білді. Ал енді «жасықтау», «қаралау» деген субъективті сындар бола береді. Қолдан жасамасақ, жүз пайыз Әуезовті қайдан табамыз?
– Сценарий қалай жазылды? Үш тарихи тұлғаның бейнесін бір сериалға қиюластыру да оңай емес. Шешім қалай қабылданды?
– Өзім АҚШ-та дәл осы сценаристика мамандығын оқығандықтан, оның талаптарына баса мән берем. Біздің құлағымызға Флобердің «Жазу дегеніміз – қайта жазу», Хемингуейдің «Бірінші драфт дегеніміз – нәжіс», Кингтің «Аяулыларыңды аяма» деген сөздерін құйып тастаған. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде сценарийдің алты драфын жазып шықтық. Тағы уақыт болғанда тағы ұштай түсер едік, түсірілім басталып кетіп, алтаумен тоқтадық. Өкінішке қарай, біздің елдегі көп жобалар сценарийдің бірінші драфымен түсіріліп кете барады.
Айым Бектұр