«Абай жолына» 120 актер шақырылды» – режиссер Мұрат Есжан
«Абай жолына» 120 актер шақырылды» – режиссер Мұрат Есжан
383
оқылды
– «Абай жолы» сериалы қанша уақыт түсірілді? – Сценарийге нақты кіріскен уақытымыз биылғы ақпан айы. Ортаға карантин килігіп, жоба кейінге қалатын болып, біраз үзілістен соң жазға салым жұмысты қайыра күшейттік. Түсірілім жұмыстары қыркүйектің ортасында басталып, қарашаның соңына қарай аяқталды. – Абай. Мұхтар Әуезов. Қайым Мұхамедханов. Үш тұлғаның өмірін қатар ұштастыру идеясы  қалай келді? – Есіңізде болса, былтыр жаздың кезінде Абайдың 175 жылдығына арналған кино, сериалдардың концепциясына байқау жарияланды. Басында тамызға дейін деп еді, лайықты жоба болмады ма, Абайға баруға көп адамның жүрегі дауаламады ма, қыркүйекке, одан қазанға созды. Жүрегі дауаламағанның бірі мен едім. Шыны керек, «Абайды түсіру қайда?» деген ойда жүрдім. Бірақ «егер түсіре қалсам, Абай атама қарай тіке шаппай, Мұхаң арқылы, оның роман жазу процесі арқылы жанамалай көтерілер ем» дегенді ойға түйіп жүрдім. Питчингтің мерзімі ұзарған сайын осы концепция ойымда жетіле түсті де, қазанда ма, қарашада ма, тәуекел деп ұсынып көрдім. Тұп-тура бір жыл бұрын, осы желтоқсанның 30-ы күні «Хабардан» министрлік сіздің жобаны құптады деген хабар келді. Ағылшындар: «Шектеулер шығармашылыққа жол ашады» дейді. Идея қайдан келді деген сұраққа жауап сол, «Абай тақырыбы – тым ауыр тақырып, оған бару үшін драматургиялық көмекші құрал керек» деген ішкі шектеуім осы идеяға алып келген шығар деп ойлаймын. Абай жолы Сериалдағы бұл үштікті жаңашылдық деп қабылдауға болады. Дегенмен мұндай форма Нарымбетовтың «Аманатында» да кездесті. Бекмаханов пен Кенесарыны қатар көрсету арқылы режиссер тарихшының өмірін алып шықты. «Аманатқа» ұқсап кетті деп ойламайсыз ба? – Ұқсаса ұқсап кеткен шығар. Сатыбалды ағаға ұқсадың дегенге қуанбасақ, ренжімейміз. Дегенмен шегініс, шегіністің ішіндегі шегініс, параллель желі деген секілді тәсілдер әлемдік кинода бұрыннан бар. Еске түскендерін санамаласақ, мысалы, Ник Кассаветистің «Күнделігі», Мартин Скорсезенің «Ирландығы», Том Фордтың «Түнгі жануарлары», Брайан Клагман мен Ли Стернталдың «Сөздері», орыстардың «Троцкий» сериалы, және т.б. Кез келген өнер туындысы форма мен мазмұннан тұрады ғой. Форма – құрал. Ал мақсат – мазмұн. Кей кейіпкерлерді ойнаған актерлердің болмысы ұқсамай қалған секілді. Жалпы, актерлерді іріктеу қалай жүрді? – Алты серияда бас-аяғы 120-ға жуық актер қамтылған екен. Кастинг уақыты карантин кезіне түссе де, шама келгенше рөлдерді мұқият таңдауға тырыстық. Іріктеу алдымен фото, сосын видеосынақ түрінде өтті. Сосын ұнаған актерлерді офиске шақырып, бетпе-бет кастингтен өткіздік. Айтылып жатқан көп пікірлерге қарағанда, негізгі образдардан шатаспаған секілдіміз. Ал қосалқы рөлдерде кемшілік болуы немесе барлық адамның ойынан бір деңгейде шыға қоймауы – өте заңды құбылыс. Сәкен Қалымов – әнші. Мұхтар Әуезов бейнесіне ұқсатқан да дұрыс шығар. Дегенмен тым «жасықтау», әлсіз көрінді бізге. Әлде, қателесеміз бе? – Осы сериалға кастинг барысында Мұхтар Әуезовтің бет-әлпеті өте ерекше кісі болғанына көзім жетті. Кейбір кескіні көп адаммен ортақ антропологиялық типтер болады ғой: актердің шашын, көзілдірігін сәйкестеп, сол құсатып киіндірсе, ұқсап шыға келетін. Әуезов ондай емес. Ол кісіге ұқсайтын қазақ жоқтың қасы. Ал ұқсатпасаң, екінің бірі Әуезовтің түрін біледі ғой, көрерменді сендіре алмайсың. Көрерменді сендіре алмаған шығарма құмға ағызған су секілді далаға сіңіп жоғалмай ма? Сол тұрғыдан келгенде, Сәкен ағаның түрі де, даусы да, сөйлеу ырғағы да Әуезовке «жата қалды». Ең бастысы, Әуезовтің аузынан шығатын сала-құлаш мәтіндерді ішінен шығарып айта білді. Ал енді «жасықтау», «қаралау» деген субъективті сындар бола береді. Қолдан жасамасақ, жүз пайыз Әуезовті қайдан табамыз? – Сценарий қалай жазылды? Үш тарихи тұлғаның бейнесін бір сериалға қиюластыру да оңай емес. Шешім қалай қабылданды? – Өзім АҚШ-та дәл осы сценаристика мамандығын оқығандықтан, оның талаптарына баса мән берем. Біздің құлағымызға Флобердің «Жазу дегеніміз – қайта жазу», Хемингуейдің «Бірінші драфт дегеніміз – нәжіс», Кингтің «Аяулыларыңды аяма» деген сөздерін құйып тастаған. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде сценарийдің алты драфын жазып шықтық. Тағы уақыт болғанда тағы ұштай түсер едік, түсірілім басталып кетіп, алтаумен тоқтадық. Өкінішке қарай, біздің елдегі көп жобалар сценарийдің бірінші драфымен түсіріліп кете барады.

Айым Бектұр