Белгілі экономист, UIB бизнес мектебінің директоры Мақсат Халық 2021 жылы Қазақстан экономикасында болатын өзгерістерге қатысты өз болжамын айтты. Оның айтуынша, қазір ел экономикасында белгілі бір дәрежеде дағдарыс бар. Тамыздың соңында дағдарыстың минус үш дәрежесін көрдік. Қазір минус екі дәрежесіне жақындап келеміз. Сонымен осы жылды аяқтаймыз.Егер халық күрескер болып, тың идея, тетіктермен дағдарыспен күрессе, іскерлік белсенділік артып, экономикада жандану туады. Сондықтан бәрі санадағы дағдарысты жеңуге байланысты.
«Коронавирус мемлекеттерге әртүрлі әсер етті. Еуропада пандемия салдарынан қатты зардап шеккен мемлекеттер – Италия мен Испания. Оларда ЖІӨ 10-12%-ға дейін төмендеген. Сондай-ақ Еуропаның көптеген елдерінде, АҚШ, Жанония секілді алпауыттардың экономикасы -5 дәрежеде құлдыраған. Бізде салыстырмалы түрде алғанда жағдай тәуірірек. Азияда жалғыз мемлекет – Өзбекстан жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтады. Оларда да құлдырау бар. Десе де олар оң көрсеткіштерге қол жеткізген. Қазақстанда да өзге елдермен салыстырғанда құлдырау қатты емес. Десе де, бұл арқаны кеңге салатын уақыт емес. 2021 жыл жаңа мүмкіндік, тың идеяларды пайдаланып, шынайы іске кірісетін, аянбай еңбек ететін уақыт болуы тиіс»,- дейді ол.Сарапшының пайымынша, 2021 жылы тауарлар қымбаттап, теңге әлсірейді.
«2020 жылдың басында ақша массасы 21 триллион теңге болатын. Қазір қарасақ, 24 триллион 700 миллиард теңге болып тұр. Ақша массасы 3 триллионнан астам теңгеге ұлғайып отыр. Ақша массасының артуы тауарлардың бағасы қымбаттайтынын білдіреді. Бұл процесс келесі жылы да жалғасын табуы мүмкін. Өйткені біздің бюджетте тапшылық бар. Бұл тапшылықтың орнын толтыру үшін Ұлттық қордан көмек келеді. Биыл Ұлттық қордан бұл мақсатқа 4 триллион 700 миллион теңге аударылған болатын. Келесі жылы 3 триллион теңге аудару жоспарлануда. Сондай-ақ 2021 жылғы бюджетті толықтыру үшін Азия даму банкінен 1,5 миллиард евро қарыз алынды.Осы қаражат жетпеген жағдайда Ұлттық банк қосымша ақша массасын басып шығарады. Бұндай жағдайда еліміздегі өнеркәсіп кәсіпорындарының шығаратын тауары сондай қарқынмен өсе қоймайды. Тауардың аздығынан, ақша массасының көптігінен ақша құнсызданады.Нәтижесінде азық-түліктен бастап тауарлардың бағасы қымбаттайды», - дейді Мақсат Халық.Экономист 2021 жылы мұғалімдер мен дәрігерлер жалақысының Жаңа жылдан бастап өсуі тауарлардың қымбаттауына әсер етеді деп есептейді. Мәселен мұғалімдердің жалақысы 25%, дәрігерлердің жалақысы 30%-дан 3 жыл бойы өседі. Соған қарап кәсіпкерлер де тауарларын қымбаттатады. Бұл нарықтың заңы.
«Азық-түлік биыл қатты қымбаттады. Оған пандемия, төтенше жағдай режимі әсер етті. Төтенше жағдай кезінде азаматтардың үйден шыға алмай қаламыз деген қаупі тауарларды жаппай сатып алуға әкеп соқты. Енді бұндай жағдай қайталанады деп ойламаймын. Десе де азық-түліктің бағасы белгілі бір дәрежеде қымбаттайды. Өйткені Ұлттық банк келесі жылға болжаған 4,6% инфляция болатынына кепілдік жоқ»,- дейді ол.Сондай-ақ экономист келесі жылы қай валютананың ықпалды болатынын айтты.
«Шетелдік валюталарға басымдық бола береді. Өйткені теңге тез құнсызданып жатқанын көріп отырмыз. Оған қарағанда шетел валютасы әлдеқайда тұрақты. Сондықтан ұзақмерзімде қаражатты осы шетел валютасында сақтаған дұрыс. Доллар, евро, франк, рубль, юань секілді валюталармен сақтаған тиімді деп ойлаймын. Осылай бірнеше валютада сақтаған дұрыс. Алтынмен де сақтауға болады. Өзін-өзі ақтайтын бірден-бір құнды металл. Үш жылда өз бағасын екі еселеп қайтарады. Сонымен қатар теңгемен да ақша сақтауға кеңес беремін. Өйткені ол сіздің бүгінгі күніңіз үшін керек. Алты айға дейін өзіңізге азық болады»,- деп кеңес берді сарапшы.Мақсат Халық пандемия салдарынан кәсіпкерлердің табысы ортайып, көп азамат жұмыссыз қалғанын да айтты. Айтуынша, бұл тенденция келесі жылы да жалғасады.
«Пандемия кезінде қоғамдық тамақтану, ойын-сауық, көлік, сауда саласы үлкен шығынға ұшырады. Еліміздің Статистика агенттігінің мәліметінше, 100 мыңға жуық шаруашылық субъектісі банкротқа ұшыраған. Аудиторлық компаниялардың мәліметінше, бұл көрсеткіш 3 есе көп. Шындығында банкротқа ұшырағандар саны әлдеқайда көп. Көп кәсіпкер банкротқа ұшырады, кейбіреуі нарықта қалу үшін қызметкерлерін қысқартып, ақысыз демалысқа жіберіп жатыр.Оның әлеуметтік салдары ауыр болуы мүмкін. Кедейшілік, халық арасында жұмыссыздық артады»,- дейді экономист.