Тұрғындардың талап-тілегін тыңдады
Тұрғындардың талап-тілегін тыңдады
146
оқылды
Nur Otan партиясының Республи­калық қоғамдық қабылдау бөлме­сінде Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев азамат­тарды қабылдады.

Қабылдауға Nur Otan партиясының елордалық филиалы басшысының бiрiншi орынбасары Ерлан Қаналимов, Nur Otan партиясы Республикалық қо­ғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Сақтаған Сәдуақасов, Nur Otan партиясы жанын­дағы Балалар құқықтарын қорғау кеңесі төрағасының орынбасары Динара Закиева қатысты.

Азаматтар кездесу барысында емде­луге көмек көрсету, дәрі-дәрмекпен қамта­масыз ету, кәсіп ашу, оған берілетін көмек түр­лері мен жеңілдіктер туралы және басқа да мә­селелер бойынша өтініш-тілегін айтты. Қа­былдауға өтінішпен келген­дерден бөлек, Елбасына сыйлық әкелгендер де болды. Атап айтқанда, Айгүл Саитова Тұңғыш Президент Н.Назарбаевқа арнап салған суретін, ал Сұлтан Картоев бірнеше кіта­бын сыйға тартты.

Орталыққа келген Мәдина Айтбаева соңғы кездері денсаулығының сыр бер­генін, көзіне 3 ай ішінде операция жасау керегін айтты.

– Көзім 3 жылдан бері ауырады. Дәрігерлерге бірнеше рет қаралдым. «Көзіңізге тез арада ем жасалмаса со­қыр болып қалуыңыз мүмкін» деді дәрі­герлер. 300 мың теңге тұратын дәріні көзіме бірнеше рет егу керек. Оған ме­нің жағдайым жетпейді. Соған жәрдем­дессеңіздер екен, – деді ол.

Өтініш иесінің әңгімесіне Әсет Исекешев Nur Otan партиясының елор­далық филиалы басшысының бiрiншi орынбасары Ерлан Қаналимовқа осы мәселені жақын арада шешуге және жағ­дайды бақылауда ұстауды тап­сырды.

Қабылдауға жазылған Батыс Қа­зақстан облысының тұрғыны Нұрбол Серіков өз кезегінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директорына Елбасымен өткен форумда барлық облыстарда үлкен спорт кешендерін салу ту­ралы ұсыныс айтқанын жеткізді. Самбодан әлем чемпионы атанған Нұрбол қазақ спортының дамуы үшін бірінші кезекте өңірлерге спорттық ны­сандардың көптеп тұрғызылуы, спорт­тық үйірмелердің ашылуы керек деп есептейді. Осы орайда, ол Орал қаласына 1 500-2 000 адамдық спорт кешенін салса деген тілегін білдірді.

– БҚО әкімдігіне жобаңды көрсетіп, ұсынысыңды жеткіземін. Алдағы уа­қытта бұл мәселе бойынша өзіңмен жеке кездеседі, – деп жауап берді Әсет Исекешев.

Қабылдаудың тағы бір қонағы армрес­тлингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 6 дүркін әлем чемпионы Еркін Әлімжанов әлем чемпионаттарын жеңіп алғаны үшін ақшалай ынталандырудың төленбегенін айтып шағымданды. Ол, сондай-ақ ынталандырудың Үкіметтің қаулысымен қарас­ты­рылғанын баяндады. Ал Балжан Тәтібекова перинаталды патологиядан кейін­гі балалардың өмір сүру сапасын жақ­сарту бойынша ұсынысын ортаға салды. Атап айт­қанда, перзентханаларда бақылау орталы­ғын енгізу, созылмалы патологиясы бар ба­лаларды бақылау туралы ойымен бөлісті.

Әсет Өрентайұлымен кездесу бары­сында Мәдина Қарымбаева екі мәселені сөз етті. Бірі – Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларында «Алтын батыр» бишілер тобының жұмысын жалғастыруға, екіншісі – көпбалалы аналарға арналған «Кәсіпкер ана» әлеуметтік жобасын дамытуға көмек сұрай келіпті. Ләйлә Мұхамеджанова да жеке шығармашылық мәселесі бойынша қабылдауда болды. Наталья Теміржанова фитнес-орталықтың «Life +» стартап-жобасын жүзеге асыру, Нұргүл Балтабайқызы аутизм диагнозы бойынша оқулық шығару туралы айтты. Өз кезегінде Ақан Зенулла спортты дамыту туралы ұсынысын білдірсе, Гүлжан Жақсылықова ұлының еміне қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алу үшін көмек сұрады.

Қоғамдық қабылдау бөлмесінде 2,5 сағат бойы тұрғындардың барлық өтініш-тілегі мен ұсыныстарын тапжыл­май тыңдаған, әр мәселеге жіті назар аударған Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев тиімді ұсы­ныстар мен орынды өтініштер бойынша тапсырмалар берілетінін, олардың бәрі бақылауға алынатынын жеткізді.