Үдемелі салыққа дайынсыз ба?
Үдемелі салыққа дайынсыз ба?
169
оқылды

Биыл 2 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке салық жүйесін заман талабына сай жаңартуды, оның ішінде ұлттық табыстың әділ бөлінуіне баса мән беруді тапсырғаны белгілі. Бұған басты себеп ретінде ол қоғамның табыс деңгейіндегі айырманың өсуін көр­сеткен болатын. Президент айтып отырған «әділ салық» туралы естігенде алдымен үдемелі салық жүйесі ойға оралады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, дәл осы жүйе қазір біздің елдегі салықтан «әділ» болып саналатын секілді. Бірақ бұл әдіс қағаз жүзінде ғана тиімді көрініп, іске келгенде кей тұлғалардың айлық табысын жасыруына алып келуі мүмкін. Бұдан өтімдірек әдістер қатарына байлыққа салық салу мен еңбекақы төлеу қорына жеңілдіктер енгізуді жатқызуға болады. Сонымен Қазақстандағы «әділ» салық қандай болады? Біздің қоғам бұл жүйеге дайын ба?

Алдымен салықтың негізгі екі түрі бар екенін айта кеткен жөн. Біріншісі – бірыңғай шкала бо­йынша, екіншісі – үдемелі әдіс­пен салынады. Салықтың бірың­ғай шкаласы бойынша табыстың көлемі қандай болса да, салық пайызы өзгермейді. Қазір айлы­ғы­ңыз 100 мың теңге болса да, 1 мил­лион теңге болса да, табы­сы­ңыз­дың 10 пайызын салық ре­тінде бюджетке төлейсіз. Бұл есептеуге оңай, өте қарапайым жүйе. Бас­тысы, баршаға түсінікті. Ал үдемелі шкала бойынша табыс көлеміне қарай салық мөлшері де артып отырады. Бұл жүйе батыс елдерінде жолға қойылған. Мә­селен, АҚШ-та бұл көрсеткіш 10 пайыз бен 39,6 пайыз арасында. Төменгі мөлшер­леме бойынша жылдық табысы 9,2 мың доллар­дан аспайтындар төлесе, ең жоға­ры мөлшерлеме жы­лына 418 мың доллар кіріс кір­гізетін байларға тиесілі. Францияда да салық көлемі осыған қарайлас. 5,5 пайыз бен 49 пайыз арасында. Жоғарғы мөлшерлеме жылдық табысы 500 мың еуро болатын азаматтар­ға арналған. Сондай-ақ салықтан босатылған тұлғалар бар. Ол үшін азамат жылына 6 011 еуро­дан аз табуы керек.

«Әділ салық жүйесінің» басты мақсаты – елдегі әлеуметтік топ­тардың арасындағы табыс айыр­масын азайту. Ал Қазақстан қо­ғамында осындай теңсіздік бар ма? Бұл туралы да деректер екіге жарылып тұр. Әлем бойынша халықтың әл-ауқатын, қаржының жекелеген топтарының қолында шоғырлануын есептейтін арнайы алгоритм бар. Ол Джини коэффи­циенті деп аталады. Бұл алго­ритмге сәйкес көрсеткіш нөлден алшақтаған сайын қоғамда әлеу­меттік теңсіздік күшейе түскенін білдіреді. Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, Қазақ­станда Джини коэффициенті 2001 жылы 0,36-ға тең болса, 2010 жылы 0,28-ге дейін төмен­депті. Ал 2017 жылы 0,275 санын көр­сеткен. Бұл деректерге қарап отырып, еліміздегі жағдай түзеліп келе жатыр деп ойлауға болады. Мысалы, KPMG халықаралық желісі жүргізген Private equity market in Kazakhstan зерттеуінде 162 азаматтың дәулеті 50 млн дол­лар көлемінде екенін анықтаған. Бұл ел қазынасының 55 пайызы. Ал республика тұрғындарының 96,6 %-ның әл-ауқаты 10 мың долларға жетпейді. Президенттің арнайы тапсырма беруіне түрткі болған да дәл осы көрсеткіш болса керек. Өйткені елдегі әлеу­меттік ахуал осы бетімен кете бер­се, байлар мен кедейлер арасы мүлдем алшақтап, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша үшінші әлем елдерімен теңесуі ғажап емес еді.

Жалпы әлем бойынша халық­тың назары әлеуметтік мәселе­лерге ауып келеді. Бұл үрдіс біздің елде де көрініс тапты. Мысалы, елордада бірнеше рет күнкөрістің қиындап кеткенін айтып Үкіметке шағынуға жиылған көпбалалы аналарды айтуға болады. Нәти­жесінде, жәрдемақы мөлшері өсіп, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар ашылды. Бірақ бұл шаралар қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешуге қауқарсыз еді. Сондықтан Президент Үкі­метке салық жүйесін жаңғырту туралы тапсырма берді. Ұлттық экономика министрлігі 2020 жыл­дың ақпанында жобаны таныс­тыруы керек. Министрліктің мә­лімдемесіне сенсек, салық жү­йесіндегі өзгерістерден соң мін­детті төлем тек еңбекақылардан ғана емес, басқа да табыс көздері­нен алынбақ. Бұл қатарда түрлі акциялар мен мүлікті жалға беру­ден түсетін қаражат бар. Сондай-ақ қымбат көліктер мен үйлерге, бағалы өнер туындылары мен асыл бұйымдарға да салық са­лынбақ. Бірақ бұл әзірге тек жоба деңгейіндегі өзгерістер. Үкімет алдымен азаматтардың кірістері мен шығындарын есепке алуды енгізуді қолға алған. Оны 2021 жы­лы шенеуніктер мен квазимем­лекеттік мекемелер қызмет­кер­лерінен бастамақ. Ал бұл үрдіс 2025 жылы ғана жалпыхалықтық сипатқа енеді. Сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігі өзгерістер кешенді түрде болатынын айтып отыр. Яғни, тек салықтық мөл­шерлемелерге ғана емес, басқа да жеңілдіктерге қатысты түзетулер енгізілмек.

Үдемелі салықты Қазақстан үшін жаңа жүйе деп айтуға кел­мейді. КСРО құрамында болған кезеңді есепке алмаған күннің өзінде, 2007 жылға дейін елімізде салықтың прогрессивті түрі жұ­мыс істеп тұрды. Бірақ кейін бір­гелкі салық жүйесіне ауысты­рылды. Басты себептердің бірі – көлеңкелі бизнеспен күрес. Сол реформадан бастап 2019 жылға дейін әр қазақстандық табыс көлеміне қарамастан айлығының он пайызын салық ретінде төлеп келді. Бірақ осы жылдың басында табыс салығының шкаласы екі сатылы жүйеге көшті. Бұл өзге­ріске 2018 жылдың көктемінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың табысы төмен аза­маттарды қолдау туралы баста­масы себеп болды. Елбасы айлық табысы 25 АЕК, яғни 63 125 тең­геден төмен қызметкерлердің та­быс салығын 1 пайызға түсіруді ұсынды. Ал сол жылдың жазында Ұлттық экономика министрлігі тиісті механизмді дайындап ұсын­ды. Олар пайыздық мөлшерлемені емес, салық салынатын табыс көлемін азайтқан. Яғни, еңбека­қының 90 пайызы салықтан бо­сатылып, қалған бөлігінен әуелгі 10 пайыз табыс салығын алады. Осылайша, 1 пайыз шығады. Ұлт­тық экономика министрлігінің айтуынша, бұл шара 2 миллионға жуық отандасымыздың табысын орта есеппен 29 миллирд теңгеге ұлғайтпақ. Бір жағынан, бұл да үдемелі салық шкаласының бір түрі деуге болады. Енді мемлекет халықтың аз қамтылған бөлігіне жеңілдік жасаумен шектелмей, ауқатты азаматтарға салмақ салуды көздеп отырғаны түсінікті болды. Бірақ біздің қоғам бұл өзгеріске дайын ба?


Үдемелі салықты Қазақстан үшін жаңа жүйе деп айтуға кел­мейді. КСРО құрамында болған кезеңді есепке алмаған күннің өзінде, 2007 жылға дейін елімізде салықтың прогрессивті түрі жұ­мыс істеп тұрды. Бірақ кейін бір­келкі салық жүйесіне ауысты­рылды.


Жоғарыда айтқанымыздай, 2007 жылғы салық реформасына көлеңкелі экономика себеп бол­ды. Мемлекеттік органдар жасы­рын табыс көздерімен әлі күнге күресіп келеді. Ал прогрессивті шкала ен­гізілетін болса кірісін жасыру­шылар саны күрт өсу қаупі жоқ емес. Тіпті, салық түсімі аза­йып кетуі мүмкін деген де бол­жам бар. Яғни, мемлекет бұл саланы жіті қадағалауы тиіс. Сонымен қатар қызметкерлермен қолма-қол есеп айырысатын жұмыс берушілер мәселесі әлі толық ше­шілген жоқ. Парламент Мәжілі­сінің депутаты Аманжан Жамалов мәлімдемесінде 10 трлн теңге көлеміндегі еңбекақы са­лықтан тыс қалып отырғанын айт­қан болатын. Яғни, бұл – бюд­жетке түсуі тиіс 1 трлн теңге тасада қалып қойды деген сөз. Сондай-ақ мәжілісмен жаңа салық жүйесін енгізсек, бақуатты адамдар елден ауа көшуі де мүмкін деген ойын жеткізді. Бірақ де­путаттың бұл қорқынышына негіз бар деуге келмейді. Өйткені Ұлт­тық эконо­мика министрлігі да­йындап жат­қан жобада кірісі 500 мыңнан жо­ғары азаматтар үшін салық мөл­шерін 15% қылу көзделіп отыр. Бұл – әлем бо­йынша аса жо­ғары көрсеткіш емес. Шығыс Еуропа мен КСРО құрамында болған елдерде салық айтарлықтай төмен және біргелкі салық шкаласымен жұмыс істейді. Бұған халық саны­ның аздығы мен ірі өндіріс ошақ­тарының болмауы себеп. Сондай-ақ ең жоғары айлық мөлшерінің салыстырмалы түрде төмендігі де прогрессивті салық­тың бюджетке әсерін азайтып тұр.

Мамандар осы орайда жаңа салық жүйесін енгізуді жан-жақ­ты ақпараттандырудан бастауды ұсынып отыр. Өйткені жоба тура­лы мәліметті жауаптылардан то­лыққанды ала алмаған қоғам ақпаратты басқа жолдармен із­дейді. Ал ол, көп жағдайда, кү­мән­ді ақпарат болуы мүмкін. Ес­теріңізде болса, қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловтың салықтан жалтарып жүрген кә­сіпкерлерді анықтау үшін ақша аударымдарды тексеру жайында мәлімдемесі қызу пікірталас ту­ғыз­ған болатын. Кәсіпкерлер он­лайн банкингтен бас тартып, тұтынушылар әбігерге түсті. Ха­лық арасында отбасы мүшелерінің бір-біріне жолдаған көмек ақша­сынан да салық алы­нады деген қа­уесет тарап, соңында бұл мәсе­леге Мемлекет басшысы арала­суы­на тура келді. Президент атал­ған жобаны тыңғылықты зерт­теуді тапсырып, бұл сауалды күн тәртібінен мүлде алып тас­тау­ды тапсырған болатын. Осы «сәт­сіз» тәжірибе жаңа жобаларды да­йындау барысында ескерілсе, біздің қоғам кез келген маңызды өзгерісті қабылдай алмақ. Бұл – бір. Ал жаңа ұсыныстардың өзек­тілігі, жан-жақты зерттелуі, орын­далуы мен сапасы – бөлек әңгіме.