Сіз кімсіз, Бэнкси мырза?
Сіз кімсіз, Бэнкси мырза?
327
оқылды

Адамның жеке мәліметі, өміріндегі өзгеріс, жұмысындағы жаңалық қоғамға әп-сәтте мәлім болатын бүгінгі ақпараттық заманда анонимдік сақтау оңай шаруа емес. Алайда тек өзінің бет-әлпетін ғана емес, шынайы есімін де жасырып, туындысы әлем­ге танымал болған бір шығармашыл тұлға бар. Ол – ағыл­шын­ның Бристол қаласынан шыққан стрит-арт шебері Бэнкси.

Бэнкси Англияның көптеген қаласында көше қабырғаларына граффити салып, танымал болды. Ол салған суреттердің көпшілігінің саяси не әлеуметтік астарлы мәні бар. Кейде танымал тұлғаларды не қоғамдағы кейбір құбылыстарды әзілмен сынға алады. Әрине, тек граффити арқылы. Осы себепті де оның шығармашылығы жұртқа қызық. Ал қанша уақыт өтсе де, оның шын есімі, бет әлпеті құ­пия болуы – оның стрит-арт жан­рындағы туындыларының таны­малдығын арттыра түсуде. Оның ең соңғы граффитилерінің бірі Порт Толбот қаласындағы экологиялық мәселеге арналған. Себебі Уэльстің осы шаһарында Еуропадағы ең ірі болат зауыты орналасқан. Граффитиде жас қыз аузын ашып, қар жұтып тұр. Ал қабырғаның екінші жағында контейнерде от жануда. Қыздың қар дегені — күл.

Оның туындыларын Брэд Пит, Анджелина Джоли және Кристина Агилера сияқты таны­мал кино, сахна жұлдыздары сатып алған. Бүгінде Бэнкси кім болуы мүмкін деген сұрақтың үш нұсқасы бар. Олар: Роберт Бэнкс, Робин Каннингем немесе Роберт Дель Ная. Дель Ная – Бристол қаласынан шыққан Massive Attack тобының әншісі. Себебі аталған топ өнер көрсеткен қалаларда Бэнксидің граффитилері салы­на­тын болған. Бірақ әнші Бэнк­сиге қатысы жоқ екенін айт­қан. Бұдан бөлек, Бэнксидің туын­ды­лары суретшілер тобының жұ­­мысы деген де болжам бар. Алай­­­да Бэнксидің Instagram-да жеке аккаунты бар. Сол жерден Бэн­кси салған граффитилерді көруге болады. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, саяси, әлеуметтік тақырыпта кез келген адам көше қабырғаларына сурет сала алады. Ал Instagram-дағы ак­каунт арқылы тек Бэнкси қолы­­­нан шық­қан туындыларды ба­қы­лау­ға болады.

Бэнксидің ерекшелігі тек сая­си, әлеуметтік тақырыпқа граф­­фити салуында ғана емес, ол кө­ке­йіндегі ойын еркін жеткізеді. Шектеулерді бұзудан аяқ тарт­пай­ды. Көп жағдайда оның ой­ла­ры қоғамда ашық айтылмаса да, кең таралған пікірмен сәйкес келеді. Мәселен, 2004 жылы 10 фунттық банкноталарды басып, ондағы Елизавета II патшайымның ор­­ны­­на ханшайым Диананың суре­тін салған. Ал ақшадағы әдетте Bank of England деп жазылатын сөз­дің орнына Banksy of England сөз­­дерін жаз­ған. Бұл Англия хал­қы­­ның Диа­наға деген құрметі мен сүйіс­пен­шілігін көрсеткен бір туын­ды еді.


Жоғарыда айтылғандай, Бэнк­­си саяси, әлеуметтік мәні бар граф­фити салуға жақын. Оның су­реттерінен соғысқа қар­сы­лық, бейбітшілікке шақыру, сая­сат­­керлерді айыптау, жануар­лар­ құқын қорғау сияқты мес­­седждерді байқауға болады. Бэнк­си жақында өз туындысының жа­на­­шырларын таңғалдырды. Осы жылдың қазан айында атақ­ты Sotheby’s аукционында Бэн­ксидің «Шары бар қыз» атты су­ре­ті 1,4 млн долларға сатылған ме­зетте картина өздігінен жойы­ла бастады. Бэнкси кейін мән-жайды өзінің Instagram-дағы жеке парақшасында түсіндірді. Ол су­рет­ті салған кезде-ақ оның ауыр ағаш жақтауларының астына шре­дер­ді (қағазды жоюшы аппа­рат) орнатқан екен. Картина сатылған сәтте шредер автоматты түрде іске қосылған.

Бэнкси алғашқы туынды­лары­ның бірін туған қаласы Бристолда салған еді. Граффити жергілікті жыныстық ауытқуы бар науқастарды емдейтін аурухана қабырғасында салынған. Граф­фитиде күйеуінің көзіне шөп салған әйел, оның ашулы кү­йеуі және одан жасырынып, терезеге асылып тұрған ашынасы са­лын­ған. Аталған суреттің дәл сол ау­ру­ханада салынғаны да бекер емес шығар. Әдетте, Бэнк­­си­дің туындыларын қала қа­быр­ға­­­ларында қалдыру немесе өші­­­руге қатысты жергілікті тұр­ғын­­дар мен қала мэрияларының арасында үлкен дау туындайды. Себебі ол граффитилер рұқсат етіл­­меген сурет әрі вандализм бо­лып қарас­ты­рылуы мүмкін. Көп жағ­дай­да граффитилер өшіріл­мейді.

Бэнкси суреттерін тек Бри­та­ния жерінде салмайды. Мәселен, Венецияда ол құтқару жилеті мен факелін ұстап тұрған жас қыз­дың граффитиін салды. Яғни, ми­грация тақырыбы көтерілді. Ал 2015 жылы Газа секторына ба­рып, Бейт-Ханун қаласындағы бом­быланған қабырғалардың бірі­не алқызыл бант таққан мы­­сық­тың кескінін сызып кетті. Бэнк­­си осы арқылы Газа сек­то­­рын­да­ғы ха­лық­тың мүш­кіл жайы­на әлем на­зарын ау­дар­ғысы келген сы­ңай­лы.

Бэнкси граффитилерін 1990 жылдан бері салып келеді. Алайда оның шын есімі, бет-әлпеті әлі күнге дейін құпия. Бәлкім осы жағдай оның суреттерінің құнын арттырып отырған болар? Мүмкін оның беймәлім қала бергені де дұрыс шығар?