Қытай туристері үшін талас
Қытай туристері үшін талас
630
оқылды

ҚХР Туризм академиясының баяндамасына жүгінсек, 2018 жыл қорытындысында бұл елдің саяхатшылары шетелге 149 миллион сапар жасаған. Олар барған елінде 130 миллиард доллар қаржы шығындапты. 2017 жылмен салыстырғанда, қос көрсеткіш тиісінше 14,7% және 13% өсіп отыр. Биылғы көрсеткіші одан да жоғары. Алайда бұдан Қазақ­станға келген табыс мардымсыз.

Қытай туристері арқасында көптеген ел төл туризмін түлетуде. Сонымен бір­ге оларды өздеріне көптеп тарту үшін күрес күшейген. Мысалы, испан ас­танасы Мадридтің әуежайы шың елінің сая­хатшылары үшін өзгеріп жатыр: оның бір қанаты толығымен солардың пай­да­лануына бөлінді. Яғни, VIP-залдар тек қытай ас мәзірін ұсынады және осы ел азаматтарын жеке қабылдайды. Бұ­дан бөлек, ұшақты күту кезінде өз бетін­ше кеспе мен шай әзірлеп ішуі үшін жолау­шы­лар отырғызылатын терминалдар жа­нына су қайнататын құрылғылар қойыл­мақ. Әуежайдағы бренд заттар сататын дүкендер ҚХР азаматтарына үйреншікті WeChat Pay арқылы төлем қабылдайды.

2015 жылдан бері Франция мен Ита­лияның туристік ірі қалаларында ҚХР-дан ауысып келген полицейлер кө­ше қауіпсіздігін күзетуге тартылуда. Бұл тосын қадам осы мемлекеттен ке­летін саяхатшылар өзін қауіпсіз әрі жай­лы сезінуі үшін жасалыпты. Тәртіп сақ­шылары отандастары жазбай тануы үшін Қытайдағыдай униформа киіп жүреді.  

Ұлыбритания VisitBritain Ұлттық ту­ризм агенттігінің бастамасы бойынша Қы­тайдан келушілердің айтуына ыңғай­лы болсын деп, жергілікті көрнекі орын­дар­дың қосымша атауын енгізді. Мысалы, Эдинбург қаласына «Ай дин бао» атауы бе­кітілді. Лондон тұрғындары «қияр» деп әзілдейтін атақты Gherkin заңғар ғи­мараты қытайша «Ся хуангуа» (қияр) деп тәржімаланды. Бұл шара Қытай аза­маттарының қызығушылығын оятып, олар­дың сапар санын 40%-ға арттырған.

Бәсеке көрігі барған сайын қыза түс­пек. Халықаралық сарапшыларға сіл­теме жасаған британдық Daily Mail-дің ха­барлауынша, 2021 жылға қарай қытай туристерінің саны 200 миллионға жетеді.

Сарапшылар байламынша, шың елі бұл салада дүниежүзілік драйвер, демек, туристік секторда шешуші рөл атқаратын болады. Қытай Туризм академиясының дерегінше, биыл тек 6 айда шетелге саяхат саны 81 миллионнан асып кеткен. Жатжұрттарға сапар барысында ҚХР аза­маттары жұмсаған қаражат көлемі 127,5 миллиард долларды құрады. Бұл был­тырғы бір жыл бойғы көрсеткішке же­те­ғабыл.

Валюта бақылау органының ақ­па­рын­ша, осы соманың жартысынан ас­­тамын (54%-ын) қытай азаматтары Азия құрлығында қалдырған. 24% үлес – АҚШ-қа, 13% – Еуропаға тиесілі. Олар­ға тартымды елдер қатарында Азияда – Оңтүстік Корея, Тайвань, Жапония, Гон­конг, Тайланд, Сингапур, Вьетнам, Ма­лайзия және Индонезия, ал батыс елдері арасынан – АҚШ, Франция, Италия, Швейцария, Германия, Австралия бар.

Kazakh Tourism ұлттық компаниясы бас­қарма төрағасының орынбасары Ти­мур Дүйсенғалиев шығыс көршіміздің азаматтары республикамызға саяхаттауға көп құлшынбайтынын жасырмады.

– 2014 жылы Қазақстанға Қытайдан 228 мың турист келді. 2015 жылы бұл көр­сеткіш – 111 мың, 2016 жылы – 117 мың, EXPO жаһандық көрмесі өткен 2017 жы­лы – 94 мың, ал 2018 жылы небәрі – 51 мың адамды құрады. Неге көрсеткіш кері кетуде? Себебі бүгінде әлемдік нарық қы­тай туристеріне әлдеқайда қызықты әрі орасан зор көлемде ұсыныс білдіруде, – дейді Тимур Дүйсенғалиев.

Туризм және қонақжайлылық сала­сы­ның маманы Аря Малиновская бұл елдің саяхатшыларынан ел экономикасына, жер­гілікті бизнеске түсер пайда шамалы еке­нін қаперге салды.

– Негізінен, өз бетінше, жеке саяхат­та­ған туристерден көбірек табыс келеді. Өйт­кені ол қайда түстенетінін, қайда көңіл көтеретінін, не көріп, не қызықтайтынын өзі шешеді. Алайда ҚХР туристері Қазақ­станға негізінен топ-тобымен келеді. Біріншіден, жеке келсе, виза рә­сімдеуі қиынға түседі. Екіншіден, олардың арасында «қазақтар қытайша сөйлегеніңді естісе, жабыла ұруы мүмкін» деген негізсіз қауіп тараған. Үшіншіден, арнайы оқыған маман болмаса, елімізде ешкім, тіпті полицейлер мен дәрігерлер де қытайша біл­мейді. Осыдан кейін іргедегі қазақ елі­не сапарлауға көңілі құлаған ҚХР азаматы қы­тай туристік фирмасының кеңсесіне бет алады, – дейді сарапшы.

Турист жұмсайтын қаржыдан Қазақ­стан экономикасының қағылуы осы жерде басталады. Саяхатшы қазақ жеріндегі жатын орны, тасымалы, тамақтануы, гид қызметі үшін ақыны тегіс ҚХР аумағында төлейді. Турфирма топ сайлайды. Мұндай топтарда туристер толығымен қытай ги­дінің бақылауында: қонақтарын елімізде ҚХР азаматтары ашқан қонақүйлерге түсіруге мүмкіндігі бар. Солар иелік ете­т­ін дәмхана-мейрамханаларда тамақ­тандыруы да өз құзырында. Осылайша, қаражаттың басым бөлігі қытай бизнесінің айналымында қалады.

Мұндай проблемаға солтүстік көр­шіміз де маңдай соқты. 2018 жылы Орыс-қытай туризміне жәрдемдесу қауым­дастығы В.Путинге хат жол­дады. Мамандар Қытайдан Ресейге тас­қындаған, 2010 жылғы 158 мыңнан 2017 жылы 1,5 миллионға дейін артқан турис­тер ағынынан экономикаға көп пайда келмегенін мәлімдеді. Олар ҚХР саяхатшы топтары сапарынан бірінші кезекте қытай бизнесі байып жатқанын дәйектеді. Жергілікті бизнес еншісіне тек кәдесый-сувенир мен азық-түлік сату ғана қалатын көрінеді. Әрине, егер кірсе, музейлерге азды-кем кіріс түседі. Топтан бөлініп, әлдекімнің өз бетінше ақша жұм­сауы неғайбыл: қатысушылардың әр қадамы гид қадағалауында.  

Сондықтан сарапшылар қай елден бол­сын, топтық емес, жеке туристерді не­ғұрлым көп тартуға мән берген жөн дейді. Мәселен, осы мақсатта Қытаймен ортақ шекарасы жоқ Беларусь 2017 жылдан бері ҚХР тұрғындарына 30 күндік визасыз режим ұсынды. Ал Қазақстан Үкіметі шы­ғыс көршісінің азаматтарына 2020 жы­лы бір жылға 120 сағаттық, яғни 5 күн­дік визасыз режим енгізуге шешім қа­былдады.

Дамыған елдерде топтық турлар – өткеннің еншісіне айнала бастаған үрдіс. Онда смартфонға жүктелген жол нұс­қағышпен жеке саяхаттап жүрген ҚХР аза­матын көптеп ұшырастыруға болады.

Ресей де Қытайдың жеке саяхат­шы­сы­ның ынта-ықыласын тудыруға күш салу­да. Бірнеше жыл бұрын төл тарихи орындарының мән-маңызын, бірегейлігін қытай тілінде сауатты түсіндіре алатын экскурсия жетекшілерін даярлау ісін қолға алды. Қазір қытай топтарын да тиісті сер­тификаты бар жергілікті гидті жалдауға мін­деттеген.

 

Елдос СЕНБАЙ