Есмұқан Обаев, Қазақ КСР халық артисі: Театрға сілкініс керек!
Есмұқан Обаев, Қазақ КСР халық артисі: Театрға сілкініс керек!
347
оқылды

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Рахманқұл Бердібаев атындағы халық университетінде кезекті дәріс өтті. Қонақта театр режиссері, Қазақ КСР халық артисі, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, профессор Есмұқан Обаев болды. Басқосудың модераторы – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов. Осы күні Есмұқан Несіпбайұлының «Бәрі... бәрі... есімде» атты кітабының тұсауы кесілді.

Бәрі де, бәрі де есімде

– Ұлылар дәріс өткізген жерге келіп, жақсы мен жайсаңдарды көріп, шәкірттерімнің алдын­да дәріс оқуға мүмкіндік жаса­ған­да­рыңызға үлкен рақмет! Мұнда келгенде шәкірттеріме «Мынау– ұлы Мұхаңның тұрған үйі! Қазір Мұхаң үйін Мұхаң театрымен шатастырады. Қарағым-ау, ұлының шаңырағы бұл, ал ұлы театр бас­қа!» деп жатырмын. Мұндайда ұлылар еске түседі. Кітабымның атын қойғанда, оны жазғанда ұлыларға қарыздар сезім болды. Бақытты режиссермін, әлі де жұмыс істеймін, кеше ғана «Анна Каренина» спектаклін қойдық. Әлі тұғырдан түсе қойғамыз жоқ. Дегенмен жағаласып, елге тізгін бермейтіндердің қатарынан да емеспін...

Алпыс жыл режиссерлікпен ай­налысу – Құдайдың маған бер­ген бағы деп ойлаймын! Бірін­ші – денсаулық, екінші – еліміз, үшін­ші – өнерге, өмірге деген тал­пыныс пен құлшыныс!

Менің шофер ағам болды, өнерге келуіме сол кісінің септігі тиді. Әкеме: «Жібер оны, олар ақша алмайды!» дейді. Соның арқасында ауыл «университетін» бітіріп, Алматыдағы консерваторияға келдік. А.Тоқпановтың арқасында театрға кірдік, ол кісі болмаса, не болар едік?!. Алғаш қазақ ре­жиссурасын жасау керек бол­ды, сонда іріктеу жүргізілді. Ре­жис­серлікті 26 адам бітіріп едік. Солардың ішінен 6 халық ар­тисі шықты, ал қазір жалғыз мен ғана қалдым. Шырақшысы сияқты шәкірттеріме солардың шы­ғармашылығынан дәріс оқи­мын. Аңсаймын, сағынамын, нәтижесінде жаңағы қолдарыңызға ұстап отырған естелік кітабым жазылды.

 

Бақытты сары шалмын

– Чеховтың «Дядя Ваня» пьеса­сынан диплом қорғап шыққам. Әуезов театрына жолдамамен барған күні Нұрмұхан Жантөрин Шәкен (Айманов) ағамен сөйлесіп келеді екен. Жантөрин:

– Әй, әлгі келетін бала сен­бі­сің? – деді.

– Иә.

– Бері кел. Асанәлі мен Сә­бит айтты, өзің музыкальный көрі­не­сің. Жаяу Мұсаны білесің бе?

– Білемін!

– Несін білесің?

– Өлеңдерін түгел білемін, 26 өлеңі бар!

– «Жаяу Мұса» пьесасын тү­гел оқып шық, ертең маған жа­уап бересің, – деді. Бұрыла бе­ріп ем, Шәкен аға шай ішіп тұр екен: «Слушай, ты абсолютно перевоплотился» деді. Осы сөз өмірлік бағам болды ғой деп ойлаймын. Сөйтіп, театрға барып «Жаяу Мұсаны» қойдым. Бірде кешігіп келдім, сонда Серағаң (Серке Қожамқұлов): «Әй, Обаев, он бірден кешікпей кел, әйтпесе күтпеймін» деді. Міне, осы бір-ақ сөз тағы да менің өміріме ықпал етті. Күні бүгінге дейін театрға жарты сағат бұрын келемін.

Қазір кәрілерден үшеу-ақ қал­дық. Ең үлкеніміз – Сәбит Оразбаев, екінші – Асанәлі Әші­мов, үшіншісі – мен. Адамға жас алжу үшін берілмейді! Мін­­де­тіміз – оқыту және «қор­қы­ту», бірі – кәсібіміз, бірі – кә­рі­лі­гі­міз. Шәкірттеріміз – Ға­зиза Әб­дінәбиева, Тілектес Мей­ра­­мов, Досхан Жолжақсынов. Құдайға шүкір, олардың алды Қазақстанның халық артисі. Орта буында – Берік Айтжанов, кейін­гілерден – Бауыржан мен Еркебұлан, айта берсем көп. Кейбіреуінің бірін танып, бірін танымаймын, он екі бала­сын шатастырып отыратын шешей­ле­ріміз сияқты. Сондай халге жет­тік. Тағы да жалғыз сөз – ұстам. Өзім­ді лайықты ұстап жүру үшін. Менің режиссер ретінде жақсы көретін кәсібім актер даярлау, ал режиссер дегеннің мысы басып тұрады. Қазір Қазақстанның 58 театрына барсаң, соның 38-інде оқушыларым бар. Бақыт деген сол екен! Олардан кәмпит жемейсің, сорпа ішпейсің, тек жемісін жей­сің! Сондықтан бақытты сары шалмын!

 

Бұл – режис­су­ра­дан бақыт тапқан театр. Әзір­байжан Мәмбетовтей тұлға отыз жылдай қызмет атқарды. Соның бәрін ұстап тұрған ре­жис­сура. Ал біздің кезімізде ре­жиссура сәл-пәл ақсаңқырап тұрды. Жас, талантты балаларды баулып, театрға шақы­рамыз. Спектакль береміз. Мыса­лы, бұрын­ғы қойылған «Қара қыпшақ Қобыланды» қазір ондай емес.


Жар, дос, білім тапқан жиырма жыл

– Әуезов театрынан кейін ме­ні екі жылға Мәскеуге жі­бер­ді. Сонда Кемеров деген ақса­қал­дан оқып келіп, қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы Қа­зақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында ре­жис­сер боп жұмыс істеп жатқанмын. Ол жерде Б.Майлиннің «Шұға», С.Мұқановтың «Ботагөз», М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнін» қойдым. Атағым бар, ол уақыт­та атақты ерте береді. Содан Мәде­­­ниет министрі Жексенбек Ер­кім­беков «Шығыс Қазақстан облыс­тық Абай атындағы Қазақ музыкалық-драма театрына бір жылға барып келесің» деді. Жиналдым да кеттім. Ақыры он­да жиырма жыл, бір күн жұ­мыс істедім. Әуелі үш алып: Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған жерге тәу еттім. Барғаннан қазақ клас­си­касына кірістім. Мұхаңның пьеса­ларын түгел сахналадық. Содан соң Сәбең, Ғабең, Сафуан, Қалтай шығармалары репертуарға енді. Жас драматургтердің бірлестігін аштым. Ол кезде Оралхан, Нұрлан, Асқарлар келе бастады. Сөйтіп, тағы бір сөзбен айтқанда, жиырмажылдық қызметімді түйіндеп: бала Обаев боп кеп, шал емес, дана Обаев боп қайттым. Қазақстан Гимнінің авторы Қайым Мұқаметханов ағамыз шығарып салды. Бір че­моданмен барып, бір «Ка­мАЗ»-бен қайтып келдік. Ұт­қаным – сол жақта жүріп ша­мам келгенше әдебиетпен айн­а­лыстым. Оқымайтын сағат десем артық болар, оқымайтын күндер болған жоқ. «Біссімілләсі аузында бар адам алдымен Семей­ге барып табынып, содан соң жұмыс істеу керек» деген сөз қал­дырдым. Ол жақтағы ұлы дәс­түр ғажап! Полигон жарылып жатыр, бірақ таза өнер шайқалған жоқ. Сол жерде бақытымды таптым, балаларымның анасын жолықтырдым. Өмірлік қосағым­ның дүние салғанына он екі жыл болды. Семейге бір жылға барған Обаев сол кісінің арқасында жиыр­ма жылға қалып қойды. Жар, дос, білім, ғылым тапқан табаны күректей жиырма жыл!

Жаңалықтың бастауында болғаныма қуанамын

Сол әкімшілік қызметім Абай­дың ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен 150 жылдық мерей­тойы­мен сәйкес келді. Таңды-таңға ұластырған үлкен істер, шаруалар, мәдени шаралар, оған дайындықтың өзіне бір жыл кетті, міне, осындай қауырт та қар­ба­лас әрі жауапты жұмыстың бел ортасында жүруге тура келді. Абыроймен атқарып шықтық. Ол – ұзақ әңгіме. Қазір Абаймен айна­лыспайтын адам жоқ. Кім көрінген Абайды айтатын болды. Бір ауыз сөзін, бір ауыз қарасөзін біл­мейді, абайтану дегеннен хаба­ры жоқ!

 

Театрды режиссура «ауруы» ұстап тұр

– Айналып-айналып ақырын­да Әуезов театрына келдік. Осы театрдан «кетсек» арман жоқ. Бұл бір Құдайдың ықыласы түс­кен театр деп ойлаймын. Мұнда артистердің ішінде адам сыйлау, жауапкершілік, сосын өзінің ұлттық болмысына қызығу процесі дәстүр деңгейінде қалыптасқан. Шетінен патриот, шетінен өз кәсібін жақсы көреді, шетінен театрға «біссіміллә!» деп кіріп, шы­ғатын халдегі адамдар. Бір-бірін дауыс ырғағынан тани­тын, бауырмал театр. Бұл – режис­су­ра­дан бақыт тапқан театр. Әзір­байжан Мәмбетовтей тұлға отыз жылдай қызмет атқарды. Соның бәрін ұстап тұрған ре­жис­сура. Ал біздің кезімізде ре­жиссура сәл-пәл ақсаңқырап тұрды. Жас, талантты балаларды баулып, театрға шақы­рамыз. Спектакль береміз. Мыса­лы, бұрын­ғы қойылған «Қара қыпшақ Қобыланды» қазір ондай емес. Бір қателік бар. Өзіміз бір жерде олқылық жіберіп жатырмыз, ол тәрбиеден бе, басқадан ба, әйтеуір, бір құпия «ауру» – ре­жиссура «ауруы» театрды «ұстап» тұр. Қазақстанның 58 театрының мынау режиссерлік театр дейтінін білмеймін. Сондықтан режис­сер­лік кадрды шет мемле­кеттен дайындау керек пе екен?!

Қазір министрдің бұйрығы бойынша «кеңесші» деген қыз­мет­темін. Мұнайдың кеңесшісі емеспіз, біздікі режиссердің кө­мек­шісі десек болады. Кеше театрға барып жылап қайт­тым, өтірік айтсам, түн тұр. Т.Әбді­ков­тің «Ұлы мен ұры» пьесасын көрсем маған басқаша әсер ете­ді. Режиссура ғаламат! Бізге бас­­­қа актерлік мектеп пен бас­қа ре­жиссерлік бағыт керек. Қа­зір­гі жарқ-жұрқ еткен 3D дей ме, соны қоссаңыз, Еділ патша екеу болып кетпесе де, бұл енді режиссура. Мен де былтыр бір кәсіпкер туралы пьеса қойғанда, бұл ғаламатты пайдаландым. «Мы­на шал алжыған екен» десе де, сахнаны түтіндетіп көрдім. Кеңес­шіні тыңдап отырсаңыздар, айтайын, театрға сілкініс керек! Мысалы, орта жастағы 45 пен 65-тің арасын айырбастайтын адам жоқ. Осы екі ортаны жоғалтып алдық. Азамат Сұрапбаев кетті, Берік Айтжанов киноға ауысты. Енді осылардың орнын толтыру керек. Былтыр Асанәліден, Тұң­ғыш­байдан, менен бітіргендер олар­дың орнын ауыстыра алмай­ды. Оларда әлі тәжірибе жоқ. Бұлар өскенше уақыт керек. Тағы бір мәселе, біздің Әуезов театрында қыздарымыз «көбейіп» кетіп жатыр. Бала табады, сөйтіп, көпбалалы ана атанып шыға келеді. Үш жыл, бес жыл отырады, бітті – кәсібін жоғалтады. Маман дайындаудың біздің саладағы машақаты осындай, қайтесің енді, бір жағынан табиғатқа қарсы тұра алмайсың. Былай тартсақ арба сынып, былай тартсақ өгіз өле­ді­нің кері.

Шетелге көп шығамыз, бүгінгі техниканың мүмкіндігін көргенде өзіміздегіге қарның ашады. Бәрі де күрделі жөндеуге барып тіреледі. Бірақ тарихи ескерткіштерді сақтау деген мәселе тағы бар. Мысалы, «Әуезовтің ескерткішін алып тастап, орнына гүл егіп қойыңдар» дейтіндер де табылады. Театрдың іші-сыртын өзгертуге болмайды, бірақ сахнаға керек техникалық құрылғылар жаңаруы тиіс. Алдағы уақытта жоба-жоспар әзірленіп, театрға жөндеу жұмысы жүргізілмек.