9 желтоқсан күні Мемлекеттік орталық музейде қазақ халықының үш бәйтерегі, сталиндік зобалаң құрбандары, артына өшпес рухани мұра қалдырған қазақтың жыр құлагері, қоғам қайраткері – Ілияс Жансүгіров, жалынды ақын, жазушы, драматург Сәкен Сейфуллин мен әңгіме жанрының хас шебері, жазушы Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойына орай «Құрбан болған тұлғалар» атты көрме ашылады.
«Тарихи деректерге сүйенсек, 1930-1953 жылдар аралығында 40 миллионнан астам Кеңес азаматы репрессияға ұшырады. Осы кезеңде қазақ халқының 40 пайызы қаза тапты. Әсіресе, бұл заңсыз жазалауға Кеңес Одағы құрамында болған барлық халық пен ұлттардың беткеұстар зиялы қауым өкілдері ұшырады. Бар өмірін қазақ халқының руханиятына арнаған тұлғалардың 125 жылдығына арналған іс-шаралар көптеп ұйымдастырылып жатыр», – дейді Мемлекеттік орталық музейдің өкілі Гүлсара Жапақова.
Көрмеге Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлиннің орталық музей қорындағы жеке заттары қойылады. Сонымен қатар келушілер назарына XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі зиялы қауымның жұмыс кабинетінің көрінісі мен Сәкен Сейфуллиннің жеке мөрі, алтын сағаты, портсигары, саквояжы және басқа да заттары ұсынылады.
Көрмені Президент архиві, Орталық мемлекеттік мұрағат және «Ғылым ордасы» орталық ғылыми кітапханасы ұйымдастырып отыр.