Таңертең көзімді тырнап ашып, әлеуметтік желіге кіріп қалсам, Алмас Тоқабаев деген қу тілді блогердің жазбасы алдымнан жарқ ете түсті. «Қайсысы қымбат: адам өмірі ме, «Сергектің» айыппұлы ма?» деген сауал тастапты замандасымыз.
Басында бір жымиып алдым да, артынша ойланып қалдым. Алмас әзілмен астарлап отырып, өте өзекті мәселе көтеріпті. Шынында да, адам өмірі мен «Сергектің» айыппұлы бір-бірімен тығыз байланысты. Мәселен, елордада ақылды камералар іске қосылғалы жолдағы өлім-жітім екі есе азайған. 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында жол апатынан 60 адам көз жұмса, 2018 жылы 34 адам ажал құшқан. Ал қоғамдық орындарда ауыр қылмыс саны 39 пайызға және аса ауыр қылмыс саны 18 пайызға төмендеген.
Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмұрзаевтың хабарлауынша, елордада жиыны 6 мыңнан астам «Сергек» камерасы орнатылған. Жыл басынан бері бейнебақылау арқылы көлік жүргізушілері 6 млрд теңгеден астам айыппұл төлепті.
Постқа пікір жазғандардың басым көпшілігі бір ауыздан «Иә» деп жауап беріпті. «Бұл – халықтың қанын теспей сору», «Бұл – халықты қанау», «Бұл – ортайған бюждеттің орнын айыппұлмен толтыру» дегендей пікірлер жан-жақтан жаңбырша жауған.
Алайда бұған қарсы тараптың айтуынша, «Сергекке» бюджеттен ақша бөлінбеген. Сондықтан айыппұлдан түскен ақша камераларды орнатқан жекеменшік компанияның қоржынына құйылады-мыс.
Біз бал ашып, бас қатырғанша, өз бетімізбен анық-қанығына көз жеткізейік деп шештік. Сөйтсек «Сергектің» қожайындарына аста-төк айыппұлдың шектеулі мөлшері тиесілі екен. Яғни, әкімдік оларға салынған айыппұлдан түскен ақшаның бір бөлігін ғана аударады. Мысалы, компания белгіленген төлем жүйесі бойынша бір айда 100 теңге көлемінде айыппұл жиналуы керек десе, әкімдік сол сома жиналған жағдайға ғана 100 теңгені кәсіпкерлердің қалтасына салады. Ал бір ай ішінде жүргізушілер ережені көп бұзбай, бюджетке тек 70 теңге түссе, компания сол 70 теңгені қанағат тұтады. Егер 200 теңге айыппұл төленсе, 100 теңге – «Сергектікі», қалғаны түгел – бюджеттікі.
«Сергектің» сергектігі кейбір жүргізушінің ашуына тиетіні рас. Қазан айында Өскемен қаласының 28 жастағы тұрғыны бағанға өрмелеп шығып, камераны қызыл «скотчпен» орап тастаған. Кейін ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылды. Түсінген адамға бұл да наразылық танытудың бір түрі.
Бірақ бізге жақпайтын нәрсенің барлығы жаман деген қағида жоқ. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Еуропа жолдарында алғашқы камералар пайда болғанда көлік иелері билікке мінез көрсетіп, бейнебақылау құрылғыларын әдейі сындыруды әдетке айналдырған. Уақыт өте келе оған да үйренді.
«Сергектің» әлеуметке ұнамай қалған тағы бір қыры – «алдыңызда камера бар» деп ескертетін ақпараттық тақтайшалардың жоқтығы. Жүргізушілердің көбі мұны заңсыздық дейді. Негізі, заң бойынша бейнебақылау камералары орнатылғанын ескерте ме, жоқ па – оны жергілікті әкімдік өзі шешеді екен. Өйткені заңда нақты ереже жоқ.
«Сергектің» ең тиімді жері – жемқорлықтың азаюы. Себебі айыппұл төлеу кезінде адам факторы жойылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың өзі бейнебақылау жүйесін оң бағалаған.
Дегенмен былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалада орнатылған «Сергек» камераларының жұмысын сынады.
«Сергекті» бақылауға алдық. 200 камераның тек 29-ы ғана жұмыс істейтіні анықталды. Мақтандыңдар, бірақ нәтиже жоқ. Жалпы, жол-көлік оқиғасы және т.б. көрсеткіштер бойынша қол жеткізген жақсы нәтижелерің бар. Бірақ 200 бейнебақылау камерасы болса, оның барлығы жұмыс істеуі керек», – деген еді Елбасы.
Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та елорданы цифрландыру жұмысы ақсап жатқанын тілге тиек етіп, көшедегі «Сергек» камераларын «айыппұл жинаумен ғана шектеледі» деп сөкті. Адамның түр-тұлғасын жазбай танитын қытайлық бақылау камераларын мақтаған Президент үкіметке осы бағытта жұмыс істеуді тапсырды. Ал sergek.kz сайтында жарияланған мәліметтерге сенсек, бейнебақылау жүйесінің мұндай мүмкіндігі бар.
Мамандар «ақылды камераның» мықты технологиямен жабдықталғанын, өте сирек шатасатынын айтады. Бірақ сирек болса да, шатасады. Өткенде Өскеменде «Сергек» жүйесі эвакуаторға тиелген көлікке айыппұл салды. Сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүретін жерде 77-мен жүйткіп бара жатқан эвакуатордың нөмірін танымаған камера 12 625 теңге айыппұлды өз-өзімен бортта тұрған жеңіл көліктің иесіне тіркеп жіберіпті.
Айтпақшы, «Сергек» шетелдік нөмірлерді танымайды деген қауесет бар. Шенеуніктердің айтуынша, бұл сөз шындыққа жанаспайды. Осы уақытқа дейін шетелдік көлік иелерінен 26 миллион теңге өндірілген. Мұндай заңбұзушылықтарды анықтау үшін полицейлерге арнайы планшет берілген. Тәртіп сақшылары құрылғының көмегімен заңбұзушының қайда жүргенін онлайн-режимде анықтайды.
Сонымен, «Сергек» сенімді ақтады ма, жоқ па?
Еркебұлан НҰРЕКЕШ