«Сергектің» сергектігі

«Сергектің» сергектігі

Таңертең көзімді тырнап ашып, әлеуметтік желіге кі­ріп қалсам, Алмас Тоқабаев деген қу тілді бло­гердің жаз­басы алдымнан жарқ ете түсті. «Қайсысы қымбат: адам өмірі ме, «Сер­гектің» айып­пұлы ма?» де­ген сауал тастап­ты заман­да­сымыз.

Басында бір жымиып алдым да, ар­тынша ойланып қалдым. Алмас әзілмен астарлап отырып, өте өзекті мәселе көтеріпті. Шынында да, адам өмірі мен «Сергектің» айыппұлы бір-бірі­мен тығыз байланысты. Мәселен, елордада ақылды камералар іске қосылғалы жолдағы өлім-жітім екі есе азайған. 2017 жылы Нұр-Сұл­тан қаласында жол апатынан 60 адам көз жұмса, 2018 жылы 34 адам ажал құшқан. Ал қоғам­дық орындарда ауыр қылмыс саны 39 пайызға және аса ауыр қылмыс саны 18 пайызға төмен­деген.

Нұр-Сұлтан қаласы Инвес­тициялар және кәсіпкерлікті да­мыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмұрзаевтың хабар­лауын­ша, елордада жиыны 6 мың­нан астам «Сергек» каме­расы ор­на­тылған. Жыл басынан бері бейне­бақылау арқылы көлік жүр­гізу­шілері 6 млрд теңгеден астам айыппұл төлепті.

Постқа пікір жазғандардың басым көпшілігі бір ауыздан «Иә» деп жауап беріпті. «Бұл – халық­тың қанын теспей сору», «Бұл – халықты қанау», «Бұл – ортайған бюждеттің орнын айыппұлмен толтыру» дегендей пікірлер жан-жақтан жаңбырша жауған.

Алайда бұған қарсы тараптың айтуынша, «Сергекке» бюджеттен ақша бөлінбеген. Сондықтан айыппұлдан түскен ақша камера­ларды орнатқан жекеменшік ком­панияның қоржынына құйы­лады-мыс.

Біз бал ашып, бас қатырғанша, өз бетімізбен анық-қанығына көз жеткізейік деп шештік. Сөйтсек «Сергектің» қожайындарына ас­та-төк айыппұлдың шектеулі мөлшері тиесілі екен. Яғни, әкім­дік оларға салынған айыппұлдан түскен ақшаның бір бөлігін ғана аударады. Мысалы, компания бел­гіленген төлем жүйесі бойын­ша бір айда 100 теңге көлемінде айыппұл жиналуы керек десе, әкімдік сол сома жиналған жағ­дайға ғана 100 теңгені кәсіп­кер­лердің қалтасына салады. Ал бір ай ішінде жүргізушілер ережені көп бұзбай, бюджетке тек 70 теңге түс­се, компания сол 70 теңгені қа­нағат тұтады. Егер 200 теңге айып­пұл төленсе, 100 теңге – «Сергек­тікі», қалғаны түгел – бюд­жеттікі.

«Сергектің» сергектігі кейбір жүр­гізушінің ашуына тиетіні рас. Қазан айында Өскемен қа­ла­сының 28 жастағы тұрғыны бағанға өр­мелеп шығып, камера­ны қызыл «скотчпен» орап таста­ған. Кейін ұсталып, әкімшілік жауап­қа тар­тылды. Түсінген адам­ға бұл да наразылық та­ны­ту­дың бір түрі.


Бірақ бізге жақпайтын нәрсе­нің барлығы жаман деген қағида жоқ. Өткен ғасырдың алпысын­шы жылдары Еуропа жолдарында алғашқы камералар пайда бол­ған­да көлік иелері билікке мінез көр­сетіп, бейнебақылау құрыл­ғы­ларын әдейі сындыруды әдетке айналдырған. Уақыт өте келе оған да үйренді.

«Сергектің» әлеуметке ұнамай қал­ған тағы бір қыры – «алдыңыз­да камера бар» деп ескертетін ақ­параттық тақтайшалардың жоқ­тығы. Жүргізушілердің көбі мұны заңсыздық дейді. Негізі, заң бойынша бейнебақылау каме­ра­лары орнатылғанын ескерте ме, жоқ па – оны жергілікті әкімдік өзі шешеді екен. Өйткені заңда нақ­ты ереже жоқ.

«Сергектің» ең тиімді жері – жем­қорлықтың азаюы. Себебі айыппұл төлеу кезінде адам фак­торы жойылады. Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің төрағасы Алик Шпек­баев­тың өзі бейнебақылау жүйесін оң ба­ғалаған.

Дегенмен былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалада ор­на­тылған «Сергек» камера­ла­ры­ның жұмысын сынады.

«Сергекті» бақылауға алдық. 200 камераның тек 29-ы ғана жұ­мыс істейтіні анықталды. Мақ­тан­дыңдар, бірақ нәтиже жоқ. Жалпы, жол-көлік оқиғасы және т.б. көрсеткіштер бойынша қол жет­кізген жақсы нәтижелерің бар. Бірақ 200 бейнебақылау ка­ме­расы болса, оның барлығы жұ­мыс істеуі керек», – деген еді Елбасы.

Биыл Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев та елорданы цифр­­лан­дыру жұмысы ақсап жатқанын тілге тиек етіп, көше­дегі «Сергек» камераларын «айып­пұл жинаумен ғана шек­теледі» деп сөкті. Адам­ның түр-тұлғасын жазбай тани­тын қы­тайлық бақылау камера­ла­рын мақтаған Президент үкі­мет­ке осы бағытта жұмыс істеуді тап­сырды. Ал sergek.kz сайтында жа­­рия­ланған мәліметтерге сен­сек, бейнебақылау жүйесінің мұн­дай мүмкіндігі бар.

Мамандар «ақылды камера­ның» мықты технологиямен жабдық­тал­ғанын, өте сирек ша­та­сатынын айтады. Бірақ сирек болса да, шатасады. Өткенде Өс­кеменде «Сер­гек» жүйесі эвакуа­торға тиел­ген көлікке айыппұл салды. Са­ғатына 60 шақырым жылдам­дық­пен жүретін жерде 77-мен жүйт­кіп бара жатқан эвакуатор­дың нөмірін танымаған камера 12 625 теңге айыппұлды өз-өзімен борт­та тұрған жеңіл көліктің ие­сіне тіркеп жіберіпті.

Айтпақшы, «Сергек» шетелдік нө­мірлерді танымайды деген қауе­сет бар. Шенеуніктердің айтуын­ша, бұл сөз шындыққа жа­нас­пайды. Осы уақытқа дейін шет­елдік көлік иелерінен 26 мил­лион теңге өндірілген. Мұндай заңбұзушылықтарды анықтау үшін полицейлерге арнайы план­шет берілген. Тәртіп сақ­шы­лары құрылғының көмегімен заң­бұзу­шының қайда жүргенін онлайн-режимде анықтайды.

Сонымен, «Сергек» сенімді ақ­тады ма, жоқ па?


Еркебұлан НҰРЕКЕШ