Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмысын бастайды.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың басты бағыты мемлекеттің, жұмыс берушінің және әрбір адамның ортақ жауапкершілігіне негізделген.
Медициналық сақтандыру қорына жарналарын аудару арқылы азаматтар дәрігердің тегін қабылдауынан бастап толыққанды тексерулеріне дейін және МӘМС пакеті шеңберінде қымбат операцияларға, кез-келген емханада медициналық қызметтердің барлық түрлеріне қол жеткізе алады. Мысалы, өзін-өзі қамтитын санаттағы азамат ең төменгі айлық жалақысының 5 пайызын, демек жылына 25 500 теңге (айына 2 125 теңге х 12 айға) жарна аударса, онда сырқаттанып қалған жағдайда бүгінгі таңда белгіленген 44 000 теңгеден бастап 4 500 000 теңге аралығындағы қаржыға ем қабылдауға мүмкіндігі болады.
Сол сияқты, үйімізге немесе жұмыс орнымызға жақын орналасқан емханаларда немесе жеке медициналық ұйымдарда медициналық көмек алуға болады.
Яғни, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде мемлекетіміздің әрбір азаматы уақытылы, қолжетімді, сапалы медициналық және дәрі-дәрмектік көмекті тегін ала алады.
Міндетті медициналық сақтандыруды таңдау – тұрғындардың қажеттіліктеріне жауап беретін заманауи қолжетімді медицинаға жол ашады.
Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады.
- жедел жәрдем және санитариялық авиация;
- әлеуметтік мәні бар аурулар кезіндегі медициналық көмек;
- шұғыл жағдайлар кезіндегі медициналық көмек;
- амбулаториялық-емханалық көмек;
- стационарлық көмек;
- стационарды алмастыратын көмек;
- жоғары технологиялық медициналық қызметтер.
Амбулаториялық-емханалық, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету арқылы мына мәселелер шешімін табады:
- Амбулаториялық дәрі-дәрмектік қамтамасыз ету желісін кеңейту арқылы халықтың қызметтерге қолжетімділігін арттыру
- Сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі деңгейін арттыру
- Азаматтардың денсаулығын жақсарту және өмір сүру ұзақтығын арттыру
Бұдан бөлек, қорға аударылған жарнаға қатысты мәліметтер ашық дерек көздерде жарияланады. Сақтандыру жарнасын төлеген азаматтар арнайы желідегі «жеке кабинетінен» төлемдердің барлығын ашық түрде көре алады. Қорда жиналатын қаржы емделетін әрбір азаматқа тікелей бағытталады.
С.К. Беккужинов,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»
коммерциялық емес акционерлік қоғамының
Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры.
Ж.М.Агишанова,
«Шымкент теміржол ауруханасы» ЖШС
Басқарушы директоры.